Тақырып 3. Автокөлік тасымалының даму кезеңі мен бағыты
Даму кезеңдері. Көлік кешенінің басқа секторлары сияқты автокөлік саласы да өзара тәуелді екі қосалқы жүйеден: инфроқұрылымнан (жол желісінен және оған қызмет көрсетуші, тасымалды қамтамасыз етуші нысандар кешені) және жылжымалы құрамдардан тұрады.
Қазіргі автожол желісін қалыптастырудың тарихи бастамасы ХIХ ғасырдың соңына қарай салынды, сол кезде сауда және әкімшілік орталықтарды жалғастыратын мемлекеттік және пошта жолдарының негізінде тас жолдар салудың алғашқы қадамдары жасалынды. Республикадағы қазіргі автокөлік жолдарының желісі негізінен кеңес кезеңінде қалыптасты.
ХХ ғасырдың 20 жылдарында республиканың автокөлік жолдарында алғашқы пошта-жолаушы маршруттары ұйымдастырылды. Олар: Орынбор-Орал-Ақтау; Алматы-Фрунзе; Алматы-Жаркент; Алматы-Қорғас; Семей-Сергиполь-Қарқаралы. Республиканың ірі қалаларында (Алматы, Семей, Петропавл, Орал) қалаішілік автобус маршруттары ашылды.
Осы жылдарда қолданыстағы жолдар жаңартылып жөнделді және жаңадан жолдар салынды. Автокөлік жол желісінің құрамында 1940 жылға дейін 100 мың км-ге дейін жететін қатты жамылғы төселген жол іске қосылды. Одан кейін тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде тағы да 100 мың км-ден асатын автокөлік жолдары жөнге келтірілді және салынды.
1970 жылдары жайлы жолдарды салу қарқындылығы 3-3,5 мың км-ді құрады. 1980 жылға қарай республика бойынша қатты жамылғы төселген жолдардың үлесі жалпы жолдардың 70% құрады.
Ресми статистикалық деректер бойынша 1991 жылы елдегі жалпы пайдаланылатын жолдардың ұзақтығы 86 мың км-ден асты. Осы жолдардың 81 мың км-ден асатын аралығына қатты жамылғы төселсе, оның 66 % жетілдірілген категорияға сай болды. Одақтық дәрежедегі жолдар – 14,5 мың км-ді, республикалық дәрежедегі жолдар – 37,7 мың км-ді, ал облыстық және жергілікті дәрежедегі жолдар – 34,6 мың км-ді құрады.
Республиканың автокөлік паркін қалыптастыру автожол желісін қалыптастырумен бір мезгілде өткен ғасырдың 20 жылдары қолға алына бастады да 60-70 жылдары автопарктердің өсу қарқындылығы жеделдеді.
Қайта құру қарсаңында 1990 жылы Қазақстандағы автопарк жалпы алғанда 1,4 млн-ға жуық автокөлікті құрады, оның 0,4 млн жүк, 0,8 млн жеңіл автокөліктер ал 0,2 млн. арнайы автокөліктер мен автобустарды құрады.
Тәуелсіздік алған жылдары экономикалық дағдарыстың тереңдеуіне байланысты автобус парктерін сақтап қалу, олардың шығындарын өтеу мүмкіндіктері барынша төмендеді. Қажетті қосалқы бөлшектер мен жылжымалы құрамдарды жеткізу бағыттары жабылып, автокөлік мекемелері қиын сәттерді бастан өткеріп жатты. Бұл жағдай жолаушы көлігінің жүйесін реформалаудың қажжеттілігін тудырды, ол 1994 жыл басталды.
Реформалау қаладағы жолаушы көлігінің әлеуетін американ және француз компаниялары консорциумының басшылығымен, ҚР көлік және коммуникациялар министрлігімен және өзге де мүдделі мекемелермен, көлік кәсіпорындарының басшыларымен ортақ келісімге келу арқылы Дүниежүзілік қайта құру және даму банкінен қарыз алу арқылы қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру жобалары іске асырылды. Жобада техникалық, ұйымдастыру және қаржы мәселелерін түбегейлі шешуді көздеген қысқа және ұзақ мерзіміді шаралар айқындалды.
Жобаның қысқа мерзімді міндеттері ретінді автокөлік кәсіпорындарының қызметтік мүмкіндіктерін қалпына келтіру, оның жұмыс тиімділігін арттыру шаралары алынды. Ол үшін жаңадан жылжымалы құрамдарды қосалқы бөлшектерімен бірге сатып алу және автобустарға техникалық қызмет көрсету жүйесін қалпына келтіру, заманауи жабдықтармен жабдықтау шаралары іске асты.
Жобаның ұзақ мерзімді міндеттеріне қалаішілік жолаушы көлігінің жұмысының жаң үлгісін әзірлеу және оны тәжірбие жүзінде іске асыру әрекеттері кірді. Дамығын елдердегі тәрізді жолаушы тасымалын ұйымдастырудың нарықтық экономикадағы ашық бәсекелестіктің негізінде көлік қызметінің сапасын жақсартуға бағытталған жекеменшік басқару түріне өту керек болды.
Нарықтық үлгіні тиімді іске асырудың ең басты шарттарының бірі – бәсекелестік ортаның болуы. Ол белгілі бір тасымалдау қызметін тендер өткізу арқылы ұйымдастыру тәжірбиесі мен қаржылық мүмкіншіліктері жоғары кәсіпорындарға беру арқылы тасымалдау қызметінің барынша жақсаруына жол ашты.
Реформалаудың нәтижесінде қаладағы жолаушы көлігі жұмыс істеудің жаңа талаптарына бейімделді. Егер реформаға дейін автобус парктерінің кірістері олардың пайдалану шығындарының үштен бірінен кемін жапса, ал реформалау жобаларын іске асырғаннан кейін көлік мекемелерінің 80-100% шығындары олардың табыстарының есебінен жабыла бастады.
Даму бағыттары. Автокөліктің мүмкіндіктерін толық пайдаланып республика аймағы бойынша жан-жақты тең дәрежеде дамуына, ашық бәсекелестікке жол ашу өндіруші күштердің ықпалын арттырып, өткізу нарығын кеңейтеді. Автокөлік тасымалын жетілдіру мен дамыту түптеп келгенде мемлекеттік мүдделі қажеттілік болып саналады. Өйткені, көлік өндірушілер мен тұтынушыларды өзара байланыстырушы экономикалық әрі саяси маңызды тетік. Сондықтан автокөлік тасымалын дамыту тұжырымдамасын келесі маңызды шаралармен бекітуге болады:
Ø республиканың барлық аймақтарын көлік тәуелсіздігімен қамтамасыз ету, яғни адамдардың жолаушы тасымалдаушы көлік қызметін ұсынушы бір ғана мекемеге немесе бір ғана көлік түріне тәуелді болмауы және көлік қызметінің қаржылық тұрғыдан қол жетімді және жеткілікті болуы;
Ø автокөлік нарығын сан және сапа тұрғысынан жетілдіру;
Ø әлемдік көлік жүйесіне интеграцияланып бірігудің негізгі шарттарының бірі ретінде республикадағы транзитті-көлік кешені автокөлік кешенінің тартымдылығын арттыру;
Ø тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бағасында көлік құрауышын барынша азайту;
Ø автокөлік қызметінде шағын және орта бизнес саласын кеңейту;
Ø автокөлік нарығының әлеуметтік маңызды сегменттерін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау.
Осы міндеттерді шешу үшін автокөлік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидалары осы саланы жетілдіруге қатысты шаралар кешенін жүзеге асыруға негізделуі тиіс:
1. Техникалық тұрғыда:
- жол инфроқұрылымын дамыту және оңтайландыру;
- жылжымалы құрам паркін жаңалау және оның оңтайлы құрылымын жасау.
2. Ұйымдастыру бағытында:
- автокөлік қызметінің тиімді ортасын анықтау және оның қажетті бағыттағы дамуын ынталандыру;
- саланы ақпараттандыруға және соның негізінде автокөлікті пайдалануды жақсарту мен оның қоршаған ортаға жағымсыз әсерлерін барынша азайтуды қамтамасыз ететін тиімді телекоммуникациялық және көліктік логистикалық технологияларды енгізуді қолға алу.
3. Нормативтік құқықтық тұрғыда:
- халықаралық құқықтық талаптармен үйлестірілген, тасымал үрдісіне қатысушылардың барлығының өзара ортақ ұстанымдарын қанағаттандыратын және қазіргі көлік технологияларын қолдануды құқықтық негізде қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру;
- автожол саласын қаржыландырудың құқықтық механизімін жетілдіру;
- жеке инвестициялар тарту және жеке инфроқұрылым нысандарының (жолдар, терминалдар, сервистік нысандар) жұмыс істеуі үшін құқықтық негіз жасау;
- тасымал қызметінің жеке түрлерін лицензиялау және тасымалдардың қауіпсіздігі мен сапасын арттырудың негізгі шарттарының бірі ретінде автокөлік техникасы мен сервистік қызмет түрлерін сертификаттау жүйесін заңдастыру;
- автокөлік саласымен байланысты өзге де салалардың құқықтық байланысын қамтамасыз ету.
Дата добавления: 2016-06-24; просмотров: 3368;