Кәсіпкерлік қызмет: мәні, сипатты белгілері және түрлері
Алғаш рет кәсіпкерлік және кәсіпкер терминін XVII ғасырдың аяғы XVIII ғасырдың басында ағылшын экономисі Ричард Кантильон (1650-1734 ж.ж) енгізді. Ол кәсіпкер деп тәуекел негізінде пайда табу мақсатында өндірісті ұйымдастыратын адамды айтты.
Кәсіпкерлік теориясының қалыптасуына өз үлесін қосқан экономистер қатарына А.Смит, Ж.Б.Сэй, Йозеф Шумпетерлерді жатқызуға болады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде кәсіпкерлік қызметке мынадай анықтама берілген. Кәсіпкерлік - меншік түріне қарамастан, азаматтар мен заңды тұлғалардың тауарларға (жұмысқа, қызметке) сұранысты қанағаттандыру арқылы пайда немесе жеке табыс табуға бағытталған және жеке меншікке (жеке кәсіпкерлік) немесе мемлекеттік кәсіпорындарды шаруашылық басқару құқығына (мемлекеттік кәсіпкерлік) негізделген ынталы қызмет.
Кәсіпкерлік дамыған нарықтық экономикада кәсіпорын ұйымдарының, жеке кәсіпкерлердің жиынтығы ретінде бірнеше қызметтерді атқарады: жалпы экономикалық, шығармашылық ізденіс (инновациялық), ресурстық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық.
· Жалпы экономикалық қызмет -бұл кәсіпкерлік ұйымдар мен жеке кәсіпкерлердің нарық субьектісі ретіндегі рөліне негізделеді. Бұл қызмет тауар (қызмет көрсету, жұмыстарды орындау) өндіруге және оны нақты тұтынушыларға жеткізуге бағытталады.
· Ресурстық қызмет- бұл қызмет кәсіпкерліктің дамуы үшін ресурстардың барлық түрін тиімді пайдалануды талап етеді. Кәсіпкер өз ісіне ғылыми-техникалық идеяларды, жаңалықтарды енгізіп, біліктілігі жоғары жұмыс күшін, ресурстарды тиімді пайдалана білсе жоғары табысқа қол жеткізеді.
· Шығармашылық ізденіс- мұнда кәсіпкер қызметінде жаңа идеяларды қолданып қана қоймай, алға қойған мақсатына жету үшін жаңа құралдар мен факторларды жасауы қажет.
· Әлеуметтік қызмет -бұл қызмет адамдардың жаңа топтарының дербес шаруашылық-экономикалық қызмет атқаруға тырысатын, өз ісін ұйымдастырып, алға қойған мақсатына жете алатын адамдардың қалыптасуынан көрініс табады.
· Ұйымдастырушылық қызмет -бұл қызметке кәсіпкерлердің өз ісін ұйымдастыруда дербес шешім қабылдауы, кәсіпкерлік басқарудың қалыптасуы, күрделі кәсіпкерлік құрылымдарды құруы және т.б. жатады. Ұйымдастырушылық қызмет шағын және орта кәсіпкерліктің тез дамуынан, сондай-ақ ұжымдық кәсіпкерлікте айқын көрініс табады.
Кәсіпкерліктің шаруашылық қызметтің бір түрі ретінде негізгі ерекше сипатты белгілерін бөліп көрсетуге болады:
- шаруашылық субьектілерінің еркіндігі және тәуелсіздігі;
- пайда табуға бағытталуы;
- инновациялық және шығармашылық ізденісі;
- шаруашылық жүргізуде нар тәуекелге баруы.
Кәсіпкер қабылданған заңға қайшы келмейтін қызметтің кез келген түрімен айналыса алады. Олар: өндірістік, коммерциялық, қаржылық, сақтандыру, делдалдық.
Өндірістік кәсіпкерлік -оның негізін кез келген бағыттағы материалдық, интеллектуалдық, шығармашылық өндіріс құрайды. Мұнда кәсіпкер фактор ретінде өзінің жеке немесе сатып алған құралдары мен еңбек заттарын, жұмыс күшін қолдана отырып, тұтынушыларға немесе сауда ұйымдарына сату үшін өнім, қызмет, ақпарат, рухани құндылықтар өндіруді ұйымдастырады.
Коммерциялық кәсіпкерлік -мұнда басты рөлді тауар-ақша, сауда-айырбас қатынастары атқарады. Мұнда бизнесмен басқа тұлғалардан сатып алған дайын тауарларды қайта сата отырып, саудагер немесе коммерсант рөлін атқарады.
Қаржылық кәсіпкерлік -бұл коммерциялық кәсіпкерліктің ерекше бір түрі ретінде несиеге ақша беру, шет ел валюталарын, бағалы қағаздарды сату, сатып алу операцияларымен айналысады.
Сақтандыру кәсіпкерлік -мұның мәні кәсіпкер сақтанушыны кездейсоқ жағдайлардың нәтижесінде мүлікке, құндылықтарға, өмірге зиян келген жағдайда белгілі бір мөлшерде төлем төлеуге кепілдік береді. Қызметтің бұл түрін қаржы кәсіпкерлігінің бір түрі ретінде қарастыруға болады. Мұнда кәсіпкер сақтандыру жарнасын алады және оны тек сақтандыру жағдайы болған кезде ғана қайтарады.
Делдалдық кәсіпкерлік -кәсіпкер - делдал өндірушілерден сатып алушыларға қажетті тауарларды өткізу шарттары туралы ақпарат алады және ол мәліметті сатып алушыға береді. Егер де өндіруші мен сатып алушы мәміле жасасса, делдал кәсіпкерге сый ақы төленуі тиіс.
Дата добавления: 2016-04-11; просмотров: 14393;