Нарықтың мәні және нарық механизмінің элементтері: сұраныс, ұсыныс, баға және бәсеке

Нарықтық жүйе меншік үстемдігі, қоғамдық еңбек бөлінісі, ақша арқылы жүзеге асырылатын айырбас қатынасының кеңінен дамуымен сипатталады. Бұл жүйе аз шығын жұмсау арқылы жоғары нәтижеге жетуге негізделеді. Нарықтық экономика -өндірушілер мен тұтынушылар нарық арқылы әрекет ететін шаруашылықты ұйымдастыру нысаны.

Нарық – бұл өндіріс, бөлу, айырбас және тұтыну аясында сату және сатып алу арқылы жүзеге асырылатын ұйымдық – экономикалық қатынастар жүйесі.

Нарықтың мәні оның қызметтерінде толық көрінеді. Нарық өзара байланысты мынандай маңызды қызметтерді атқарады: реттеу қызметі, делдалдық қызмет, баға белгілеу, ақпараттық қызмет, ынталандырушылық қызметі:

· реттеушілік - тауар өндірісінің өзін-өзі реттеу қызметі, яғни не өндіру керек, кім үшін өндіру керек және қалай өндіру керек деген мәселелер шешіледі;

· баға белгілеу - өндірушілер мен тұтынушылардың тауар мен қызметке деген сұранысы мен ұсынысының өзара әрекетінің нәтижесінде нарықтық баға қалыптасады;

· делдалдық - нарық өндірушілер мен тұтынушылар арасында делдал бола отырып, оларға сауда саттықтың тиімді нұсқасын табуға мүмкіндік береді;

· ынталандырушылық - баға төмендеген кезде өндірушілер өнім өндіруді қысқартып, жаңа техника-технология енгізу, еңбекті ұйымдастыруды жетілдіру арқылы шығындарды азайтуға ұмтылады;

· ақпараттық - баға арқылы тауар өндірудің технологиялық дәрежесі мен шығындары, шаруашылық әрекеттің неғұрлым тиімді бағыттары туралы экономикалық ақпарат беріп отырады;

Сонымен қатар нарықтың өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері де бар:

Артықшылықтары:

-ресурстарды тиімді орналастыру;

- өзгеретін жағдайларға тез бейімделу және икемділік;

- ҒТП – жетістіктерін шығындарды төмендету мақсатында пайдалану;

- нарықтық үрдіске қатысушылардың таңдау және әрекет еркіндігі;

- бағаны төмендету мақсатында бәсекенің дамуы;

- әр түрлі қажеттіліктерді қажетті мөлшерде және жоғары сапамен қанағаттандыру қабілеті.

Кемшіліктері:

- өндірістің үйлесімсіз дамуының мүмкін болуы;

- қоғамдық проблемаларды шешпейді;

- қоғамның бай және кедей топтарға бөлінуінің күшеюі;

- баға тұрақтылығы мен табыстың алынуына кепілдік бермейді;

- іргелі зеттеулерді қамтамасыз етпейді.

Нарықтың сипаты оның субьектілері мен олардың іс-әрекетін талдаумен байланысты. Нарықтық шаруашылықтың субьектілері: үй шаруашылығы фирма және мемлекет ретінде қарастырылады:

- үй шаруашылықтары -тауар мен қызметтерді сатып алады, өндіріс факторларына ие, өз меншіктерін фирмалар мен үкіметке сатады;

- фирмалар -тауар мен қызметтерді өндіреді, өндіріс факторларын тартады және пайдаланалады;

- мемлекетзаңдық және саяси билікті жүзеге асыратын үкімет мекемелері.

Нарықтық шаруашылықтың обьектілеріне – тауарлар мен қызмет көрсетулер, өндіріс факторлары, ақша, бағалы қағаздар және т.б. жатады.

Нарықтың күрделі экономикалық жүйе ретінде өзіндік құрлымы бар. Нарықтың құрлымы бұл – нарықтың жекелеген элементтерінің ішкі құрлымы. Нарықтың құрлымы әр түрлі белгілері бойынша көптеген түрлерге бөлінеді. Олар:

· Экономикалық мүдделері бойынша - тауар мен қызмет нарығы; өндіріс факторларының нарығы; қаржы нарығы.

· Географиялық орналасуы бойынша - жергілікті нарық; ұлттық нарық; дүниежүзілік нарық.

· Бәсекенің шектелу деңгейі бойынша - монополиялық нарық; олигополиялық нарық; жетілдірілген бәсеке нарығы; монополиялық бәсеке нарығы.

· Сала бойынша - автомобиль нарығы; компьютерлік нарық, т.б.

· Сатылу сипаты бойынша - көтерме сауда нарығы; бөлшек сауда нарығы; фьючерстік сауда нарығы.

· Заң нормаларына сәйкестігі бойынша- ресми нарық; «жасырын» нарық.

Қазіргі кезде нарық – дамыған инфрақұрылымсыз, яғни қосалқы, көмекші салалар мен ұйымдарсыз орын алуы мүмкін емес.

Нарықтың инфрақұрлымыбұл нарықтық қатынастардың қызмет етуін қамтамасыз ететін мекемелер, мемлекеттік және коммерциялық фирмалардың жиынтығы.

Нарықтық инфрақұрылымдардың төрт негізгі түрі бар. Олар: тауар нарығы, қаржы нарығы, еңбек нарығы және ақпараттық нарық.

Ал оның негізгі элементтері:

- несие жүйесі және коммерциялық банктер;

- тауар, қор, валюта биржалары;

- жәрмеңкелер, аукциондар;

- мемлекеттік және мемлекеттік емес еңбек биржалары;

- ақпараттық технологиялар және бұқаралық ақпарат құралдары;

- салық жүйесі және салық инспекциясы;

- сақтандыру жүйесі;

- кеден жүйесі;

- коммерциялық көрме кешендері;

- қоғамдық және мемлекеттік қорлар;

- еркін арнайы экономикалық аймақтар.

 

Нарықтық экономиканың қызмет етуі, нарықтың белгілі элементтерінің болуын талап етеді. Олардың жиынтығы нарық жүйесін құрайды. Нарықтың негізгі элементтері: өндіруші мен тұтынушы, баға, сұраныс, ұсыныс және бәсеке.

· Өндіруші мен тұтынушы - бұлар қоғамдық еңбек бөлінісі үрдісінде қалыптасады, бірі тауарды өндіреді, екіншісі тұтынады;

· Баға - баға тауарға деген сұраныс пен ұсынысқа байланысты нарықта еркін қалыптасады;

· Сұраныс - бұл тауарларға қажеттілік, яғни сатып алушылардың өздеріне қажетті тауарлар мен қызмет түрлеріне ақша төлеу қабілеттілігі;

· Ұсыныс - бұл өндірушілердің белгілеген бағалар бойынша сатуға дайындаған тауарларының жиынтығы;

· Бәсеке - нарықтық қатынасқа қатысушылардың тауар өндіру, оны сату, сатып алудың ыңғайлы жағдайлары үшін экономикалық сайысы.

Бәсекенарықтың негізгі элементтерінің бірі. Ол шаруашылық жүргізудің ең қолайлы жағдайлары мен жоғары пайда алудың ең жақсы мүмкіншіліктері үшін тауар өндірушілердің арасындағы экономикалық күрес. Сонымен қатар, бәсеке тауарды өндіру мен өткізуде, сондай-ақ капитал салу шеңберіндегі нарықтық субьектілердің әрекет ету бағыттарын анықтайтын нарықтық механизмнің элементі болып табылады.

Бәсеке экономикалық үрдіс ретінде белгілі бір іс-әрекеттердің жиынтығы болып табылады. Бұл іс-әрекеттер ұлғаймалы ұдайы сатылардан тұрады:

1. Өндіріс үшін қажет құрал жабдықтар, ғимараттар және еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету.

2. Өндірісті ұйымдастыру, шикізат пен материалдар және қаржы-несиемен қамтамасыз ету.

3. Бәсекеге қабілетті өнім шығару.

4. Өнімнің сатылу көлелемін, орнын, уақытын анықтау.

5. Пайданың бір бөлігін инвестициялық қорға аудару және оны өндірісті ұлғайтуға жұмсау.

Нарықтағы жағдайларға байланысты бәсеке әртүрлі нысанда көрініс табады. Бәсекенің жетілген және жетілмеген нысандары бар, яғни нарықтық мәмлеге қатысушылардың әрекеттері еркін бәсекеге және монополияға негізделеді. Қазіргі кезде, нарық субъектілері аралас нысандағы нарықтық типте әрекет етеді. Өйткені, ешбір елде еркін бәсеке де, монополия да таза күйінде қолданылмайды.

Жетілген бәсеке -өзара ұқсас, көлемі шамалас көптеген тауар өндірушілердің арасындағы күрес. Оның белгілері: нарықтағы сатушылар мен сатып алушылардың саны шексіз, нарыққа ену және шығу кедергілері жоқ, өндіріс факторларының қозғалысы жоғары, нарықтағы бағаға әсер ету тетіктері жоқ, ақпарат алу мумкіншіліктері бәріне бірдей.








Дата добавления: 2016-04-11; просмотров: 17303;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.011 сек.