Дәріс. ГРАММАТИКАЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР
Жоспары:
1. Грамматикалық категория туралы түсінік
2. Грамматикалық мағына
3. Грамматикалық форма
Әдебиеттер: №2,§43-45, 99-103бб, №3,§6.17-6.18, 338-343 бб
Тіл механизмдерінің аса маңызды бір түрі болып табылатынграмматикалық категориялар жалпы тіл жүйесінде ерекше орын алатындықтан, тіл білімі әдебиеттерінде оған айрықша мән беріледі.
«Грамматикалық категория» терминінің ұғымы жайында тіл білімінде әр түрлі пікір орын алып келеді.Л.И.Баранникова: «Грамматикалық категория деп сөзде және сөйлемде көрініс табатын, тілдің сипатын білдіретін жалпы грамматикалық ұғымдарды атайды». Д.А.Штелинг: «Грамматикалық категория дегеніміз мағыналары жағынан бір-бірінен мүлде өзгеше екі қатардағы (топтағы) формалардың қарама-қарсы қойылуы» дейді. 1970 жылғы академиялық грамматикада: «Сөздердің формалды түрде білдіретін жеке грамматикалық мағыналарының грамматикалық категорияларға бірігіп жинақталуы» делінген.
Б.Н.Головин грамматикалық категориялар жайындағы бұл анықтамалардың бәрінде де грамматикалық категорияның бір компоненті – грамматикалық мағынаның ашылмағанын көрсетеді. Ол бұл мәселеде орыс тіл білімі классиктерінің пікірлерін қолдайды. А.М.Пешковский мысал ретінде алты түрлі тұлға арқылы жасалған бұйрық рай категориясының тууына тірек болған олардың бәріне тән бұйрық мағынасы екенін көрсете отырып, грамматикалық категория туралы мынадай анықтама береді: «Сөздердің формалды категориясы (қазіргі терминология бойынша - грамматикалық категория) дегеніміз мағынасы жағынан біріккен формалардың, болмаса солардың жеке бөліктерінің өзіне тән таңбалық сипатын білдіретін қатары. Одан әрі А.М.Пешковский формалардың мағына жағынан бірігуі: 1) біртұтас мағынадан, 2) бір типтес мағыналардың біртұтас жиынтығынан, 3) әр бір формада қайталап отыратын әр типтес мағыналардың біртұтас жиынтығынан көрінетінін айтады.
Л.В.Щерба: «Кез келген грамматикалық категорияның жасалуына оның мағынасы мен барлық формалды белгілерінің тығыз байланысы себеп болады. Мағынасын білмей тұрып, формалды белгілерін анықтауға болмайды, өйткені категорияның болуының өзі оның нені білдіретініне тікелей байланысты» дейді. Грамматикалық категория жөнінде осындай пікірлерді орыс ғалымдары В.В.Виноградов, А.И.Смирницкий де қостайды.
Орыс тіл білімі классиктерінің жоғарыдағыдай пікірлеріне сүйене отырып, Б.Н.Головин: «Грамматикалық категория дегеніміз грамматикалық мағыналар мен оның формалды сыртқы көрінісін білдіретін құрадардың, көрсеткіштердің бірлігі»деп анықтама береді.
Тіл біліміндегі неғұрлым соңғы пікірге сүйенсек, «грамматикалық категория дегеніміз мағынасы бір типтес грамматикалық тұлғалардың бір- біріне өзгеше жүйесі». Бұл анықтамада грамматикалық категория мағына мен тұлғаның бірлігі ғана емес, әрі сондай бірліктен жасалған жүйе екені және осылай туған жүйелер бір-бірінен ерекше екеніне мән берілген. Грамматикалық категорияны анықтауда категорияландыратын басты белгі ретінде жинақты мағынаны бірінші қатарға шығару тіл білімінде кең тараған. Мәселен, шақ, жақ, етіс т.б. категориялардың жинақты мағыналары соларға сай формалар жүйесін қалыптастыратын категориялық белгі болып тұр. Мысалы, қазақ тіліндегі бұйрық рай әр түрлі формада кездеседі: етістік түбірлер түрінде (бар, кел, тұр, оқы), -ла-ле жұрнағы арқылы (тыңда, балтала, күректе, сығала), -ы-і жұрнағы арқылы (таны, жаны(пышақты), -қа-ке жұрнағы арқылы (иіске, таңырқа), -қар-кер жұрнағы арқылы (атқар, ескер), -ын-ін жұрнағы арқылы (жуын, киін), -сын-сін жұрнағы арқылы (тепсін, менсін, паңсын) т.б. Әр түрлі формадағы осы етістіктердің бәріне де бұйрық мағынасы тән. Осы мағына арқылы әр түрлі тұлғадағы етістіктердің басы бірігіп, бұйрық рай категориясы жасалып тұр.
Сөйтіп, грамматикалық категорияның қалыптасуы грамматикалық тұлға және грамматикалық мағынамен тікелей байланысты екенін көрдік. Бұлар кез келген тілдің грамматикалық сипатын білдіретін ең негізгі ұғымдар. Грамматикалық категорияны жете түсіну үшін, оның өзара бірліктегі құранды бөліктері болып табылатын грамматикалық тұлға мен грамматикалық мағынаның табиғатын білген жөн.
Грамматикалық тұлға дегеніміз грамматикалық мағынаның қалыпты (стандартты) көрінісін, үлгісін білдіретін тілдік белгі. Грамматикалық мағынаны білдіретін грамматикалық тұлғалар суффикстер (оның ішінде нөлдік), дыбыстық алмасулар («ішкі флексия»), қайталау, көмекші сөздер, сөздердің орын тәртібі, интонация, екпін т.б. арқылы көрінеді. Сөздері түрленетін тілдердегі грамматикалық (морфологиялық) тұлғаларға сөз таптарындағы сөздердің үнемі өзгеріп отыруы да жатады.
Грамматикалық формалардың сырт тұлғасы мен мағынасы бірқатар жағдайда бір-біріне сәйкеспейді. Мысалы, түбір тілдерде грамматикалық мағына негізінен сөздердің синтаксистік тіркесімділігі арқылы беріледі.
Грамматикалық мағына дегеніміз тілде қалыпты сипаты бар (стандартты) сөздер тобы мен сөз тұлғаларына, синтаксистік құрылымдарға тән жинақты, дерексіз тілдік мағына. Морфология саласында сөз таптарының жалпы мағыналары болсын, сөз тұлғалары мен сөз тобының жеке мағыналары болсын, морфологиялық категориялар деңгейіне сай бір-бірінен өзгеше болып келеді. Синтаксис саласында грамматикалық мағына предикативтілікпен, сондай-ақ сөз тіркестері мен сөйлем компоненттерінің әр түрлі қатынасын білдіретін дерексіз грамматикалық құрылымдардан көрінеді. Грамматикалық мағына сөзге немесе сөздердің белгілі бір топтарына ғана тән дерексіздігі әлсіз, лексикалық мағыналардан өзгеше.
Грамматикалық мағыналар жүйесі болмыстағы заттар мен құбылыстардың және олардың өзара байланыстары мен қатынастары туралы ұғымдардың дерексізденуі арқылы қалыптасады.
Грамматикалық құрылыстың тілдік бірлігі (единицасы) деген ұғым грамматикалық категориямен тікелей байланысты. Бұл мәселе жайында қазіргі тіл білімінде әр түрлі көзқарас бар. Бірқатар ғалымдар грамматикалық құрылыстың тілдік бірлігі (единицасы) морфема деп, енді бірсыпырасы –сөз деп байымдайды. Ал, А.М.Пешковский, Л.В.Щерба, В.В.Виноградов, А.И.Смирницкий еңбектерінде грамматикалық құрылыстың тілдік бірлігі грамматикалық категориялар деген пікір қалыптасқан.
Тілдің грамматикалық механизмі морфемалардан немесе сөздерден жасалмайды, «грамматикалық категория» деп аталатын тіл бірліктерінен (единицаларынан) жасалады. Тілдік грамматикалық механизмін грамматикалық категорияларға қарап білуге болады. Грамматикалық категориялар сөз топтарын, сөз формаларының тобын, сөйлеу позициялары мен сөйлеу конструкцияларынан біріктіріп отырады. Сөздер мен сөз формаларынан жасалған грамматикалық категориялар жүйесі морфологияға, ал, сөйлеу позициялары мен сөйлеу конструкцияларынан жасалған грамматикалық категориялар синтаксиске тән. Әрбір синтаксистік категорияның грамматикалық мағынасы морфологиялық категорияның грамматикалық мағынасына қарағанда жалпы, жинақты болып келеді. Грамматикалық категориялар ішкі құрылымы жағынан біркелкі емес, жай немесе күрделі болуы мүмкін. Сөздердің лексика-грамматикалық үлкен топтарын білдіретін сөз таптары грамматикалық категориялардың ірі, күрделі түрі болып табылса, ал, солардың құрамына кіріп, соларды жасайтын түрлері шағын жай категориялар болып есептеледі. Мысалы, зат есім категориясының құрамындағы септік, жіктік, көптік, тәуелдік, тек (род); етістік категориясының құрамындағы жақ, шақ, рай, етіс, есімше, көсемше шағын категориялар болып табылдаы.
Тілдерде грамматикалық категориялардың мөлшері біркелкі емес. Мысалы, орыс тіліндегі вид, род категориялары қазақ тілінде жоқ. Грамматикалық категориялар ұғымына байланысты әлем тілдері бір-бірінен : 1) грамматикалық категориялардың саны мен құрамына қарай, 2) белгілі бір грамматикалық категорияның әр түрлі құрамда кездесуіне қара й (мысалы, септік жалғаулары орыс тілінде – 6, қазақ тілінде – 7, эстон тілінде – 14), 3) грамматикалық категориялардың сөз таптарына қатысына қарай жіктеледі.
Дата добавления: 2016-02-20; просмотров: 10473;