Дәріс. ТІЛДІҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ, ЖҮЙЕЛІК СИПАТЫ. ТІЛ ДЕҢГЕЙЛЕРІ

Жоспары:

1. Жүйе және құрылым ұғымдары

2. Тілдің жүйелік, құрылымдық сипатының белгілері

3. Тіл құрылымындағы синтагмалық, парадигмалық, иерархиялық қатынастар

4. Тіл деңгейлері туралы көзқарастар

5. Тіл деңгейінің түрлері

Әдебиеттер: [№ 2, § 35-42, 86-99 бб]; [№ 3, § 2.4-2.5, 62-76 бб ] [№ 2, § 41-42, 95-98 бб];

 

Құрылым, жүйе терминдері жалпы ұғымдарымен бір-біріне балама сөздер сияқты болып көрінуі мүмкін. Орыс тілінде структура, система сөдері кейбір мағыналарында бір-бірімен синоним бола алады. «Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде» система грек тілінен алынған, «құрамдас бөліктердің жиынтығы, бүтіні» деген ұғымды берсе, структура латын тілінен алынған, «құрылысы», «орналасуы» деген мағынаны меңзейді (Кодухов В.И., 1979. – 105 б.). Сондай-ақ структура сөзі көп мағыналарының бірінде: «4. Устройство, структура, представляющая собой единство закономерно расположенных и функционирующих частей» деген анықтамамен структура сөзінің мағынасына жуықтайды. В.И.Кодуховтың көрсетуінше, біз сөздің құрылымы дейміз де, бірақ септеу жүйесі деп қолданамыз. Олай болса, тілдің жүйелілігі мен құрылымдылығы тіл мен оның бірліктерін тұтас бірліктер ретінде түрлі қырынан қарастырады.

Қазақ тілінде жүйе сөзі белгілі бір реттелген, тәртіптелген, бірінен соң бірі реттеліп келетін, бір-бірімен байланысты бөлшектердің тұтастығын білдірсе, құрылым бүтіннің іштей бөлшектерге бөлініп, бір жүйеде топтасуын білдіретін сияқты. К.Ахановтың оқулығында (Аханов К., 1993. – 62 б.) «бүтіннің элементтерінің арасындағы қатынастардың схемасы құрылым деп аталады» деп көрсетілген. Оқулық авторының пайымдауынша, жүйе тек құрылымнан тұрмайды. Әрбір жүйе оған тән және бір-бірімен байланысты үш түрлі атрибуттың – құрылым мен субстанцияның және қызметтің ұштасып келуінен және олардың диалекткалық бірлігінен тұрады.

Орыс тіл білімінде тілдің жүйесі дегеніміз – оның бірліктерінің типтік қатынастарына қарай категориялар мен ярустарға біріктірілген тізбесі(инвентарь), ал құрылым дегеніміз тіл бірліктерінің ярустары мен категориялары арасындағы байланыстар арқылы жасалады, – деген анықтама береді. Құрылым дегеніміз тілдік жүйенің бір белгісі ғана. Тілдік бірлік, тілдік категория, тіл ярусы, тілдік қатынас – тілдік жүйені анықтайтын, ашатын, түсіндіретін ұғымдар бола тұра, бір-бірімен сәйкесе бермейді (Кодухов).

Тілдік бірліктер – тіл жүйесіндегі тұрақты элементтер, олар бір-бірінен атқаратын қызметі, құрылымы, орны жағынан ажыратылады. Атқаратын қызметіне қарай тіл бірліктері номинативті, коммуникативті, құрылымдық болып жіктеледі. Номинативті бірліктер – сөздер, коммуникативті бірліктер – сөйлемдер, құрылымдық бірліктер – дыбыстар мен морфемалар. Тілдік бірліктер тілдің категориялары мен ярустары бойынша жіктеледі. Тілдік категорияда тіл бірліктері жалпы категориялды белгілері, негізінен, семантикалық белгілері бойынша жіктеледі. Мысалы, орыс тіліндегі род, вид, пажеж, время т.б. категориялары. Қазақ тілінде шақ, жақ, көсемше т.б. категориялары бар.

Тіл ярусы бір текті бірліктер мен категориялардың біртұтастығы (совокупность). Негізгі тіл ярусына фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік, лексикалық тіл ярустары жатады. Тілдік қатынас тілдің ярустары, категориялары, бірліктері, бөлшектері арасында белгілі болатын қарым-қатынастарды білдіреді. Тілдік қатынастың негізгі түрлері – парадигматикалық, синтагматикалық, ассоциативтік, гипонимдік (иерархиялы) қатынастар. Құрылым дегеніміз-бүтін нәрсенің элементтерінің арасындағы қатынастар схемасы.Тіл бүтіннің әр тектес элементтердің ара қатынасынан және бірлігінен тұрады. Тілдің құрылымы тілдік бірліктер дыбыс, морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем. Фонема - тілдің ең кішкене дыбыстық бірлігі. Морфема – ары қарай бөлшектеуге келмейтін тілдің грамматикалық, лексикалық мағынасы бар тілдік бірлік.Сөз – болмыс құбылыстарын, заттарын , олардың қасиетерін атайтын негізгі құрылыстық-семантикалық тіл бірлігі. Сөйлем – тиянақты ойды білдіріп, бір нәрсені хабарлайтын тіл бірлігі.

Жүйе дегеніміз - өзара байланысты бір тектес элементтердің бірлігі. Жүйе дегенді өзін тән айырықша құрылымы бар кіші жүйелердің жиынтығы деуге болады. Тіл құрылымының жеке салаларының жүйелері бір-бірімен қарым-қатынасында, өзара байланысында тілдің жалпы жүйесін құрайды. Тілдің жүйелік сипаты тіл білімінің барлық саласында көрінеді.Мысалы дауысты дыбыстар жүйесі, дауыссыз дыбыстар жүйесі.

Тіл білімі тілдің белгілі бір дәуірдегі қалпын және оның өзгеруін зерттейді. Бұл екеуі бір нәрсе емес.Синхрония - тіл дамуындағы өзгеріссіз кезең, диахрония-тіл жүйесіннің тарихи дамуын зерттейтін тіл білімінің қыры.Синхрония мен диохрония бір-біріне қарама-қарсы қойылып қарастырылады.Тіл, тілдік құрылым уақыт озған сайын дамып, жетіліп отырады. Сондықтан да, оны зерттегенде оған тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан қарау жеткіліксіз. Бұған қоса тілге оның шығу тегі, дамуы тұрғысынан да қарау қажет. Демек, тілді зерттеуде ғалымдардың, біріншіден, оны құрастырушы элементтердің байланысы тұрғысынан, екішіден, олардың шығуы, тарихи дамуы, өзгеруі тұрғысынан қарастырған жөн. Құрылымдық қасиет пен жүйелiк қасиет тiлге де тән. Құрылым мен жүйе ұғымдары тiлге қатысты мынадай мазмұнға ие болады: құрылым бүтiннiң бойындағы әр тектес элементтердiң арақатынасынан және бiрлiгiнен тұрады. Ол элементтер мыналар: а) дыбыс (фонема), ә) морфема, б) сөз, в) сөйлем. Бұл элементтердiң арасындағы айырмашылықтар – сапалық айырмашылықтар. Демек, аталған элементтер бiр-бiрiнен сапасы жағынан ажыратылады. Әрбiр элементтiң сапасын оның қызметi айқындап белгiлейдi.

а) Дыбыстар (фонемалар) – "құлаққа естiлетiн жай ғана дыбыстар емес", тiлдiң материалдық таңбалары (терминдiк емес, қарапайым мағынадағы таңбалар). Тiл дыбыстары (фонемалар) бiрiншiден, есту мүшелерi арқылы қабылданады, екiншiден, бiр сөздi екiншi сөзден, бiр морфеманы басқа морфемалардан ажыратады. Мысалы: т, д дыбыстары тән, дән деген сөздердi бiр-бiрiнен ажыратса, н, ң дыбыстары тон, тоң деген сөздердi бiр-бiрiнен ажыратады. Бұларға қосымша мына мысалдарды салыстырыңыздар: күн, түн, жүн; күз, күң, күш, құс, құл, күт; жүк, жүр, жүз; жан, жон, жөн; бас, бес, бос, бөс; досым, досың, досы; доспын, доссың және т. б. ә) Морфема – мағына мен дыбысталудың бiрлiгiнен тұратын ең кiшi тiлдiк элемент (единица). Морфеманың түбiр (немесе негiзi) морфема деп аталатын түрi (мысалы, орыс тiлiндегi красный деген сөздiң құрамындағы красн-, қазақ тiлiндегi бүлiн деген сөздiң құрамындағы бұл - морфемасы) заттық (вещественное) мағынаны бiлдiрсе, аффикстiк (немесе көмекшi) морфема деп аталатын түрi не деривациялық мағынаны (сөз тудырушы аффикстiң мағынасы: мысалы, жылқышы, балалық деген сөздердiң құрамындағы –шы, -лық аффикстерiнiң мағынасы), не реляциялық мағынаны (сөздердi түрлендiретiн және олардың байланысын, бiр-бiрiне қатынасын бiлдiретiн аффикстердiң мағынасы; мысалы, ағаштың бұтағы дегендегi – тың, аффикстерiнiң мағынасы) бiлдiредi. Түбiр морфемалардың, мысалы, орыс тiлiндегi красн-, қазақ тiлiндегi бұл- (өлi түбiр) дегендердiң номинативтi (атаулық) қызмет атқаруы үшiн, олардың өзге айналып, орыс тiлiнде красный, краснота, краснеть; қазақ тiлiнде бүлiн, бүлдiр, бүлiк түрiнде қолданылғанда ғана, заттардың, құбылыстардың, сапаның, белгiнiң, iс-әрекеттiң және т.б. атаулары ретiнде қызмет атқара алады. б) Сөздер заттар мен құбылыстарды, сапа мен белгiнi iс-әрекет пен қимылды және т.б. атайды, солардың атаулары ретiнде қызмет атқарады. Сөздiң бұл қызметi – номинативтi (атау болу) қызмет. в) Сөйлем ойды бiлдiредi, хабарлау қызметiн атқарады. Сөз номинативтi қызмет атқарса, сөйлем коммуникативтi қызмет атқарады. Сөйлем коммуникативтi қызметтi, әдетте, сөздердiң бiр-бiрiмен тiркесiн, өз ара байланыста, предикативтi қатынаста жұмсалуы нәтижесiнде атқарады. Тiл өзiнiң қатынас құралы болу қызметiн хабарлаудың негiзгi құралы – сөйлемдер арқылы iске асырады. Тiл бiлiмiнде тiлдi жүйелiк қасиетi бар құбылыс, барлық элементтерi бiр-бiрiмен байланысты, өз ара бағынышты (тәуелдi) бiр тұтас (бiр бүтiн) құбылыс деп қарау тiлдiң табиғатын, бүтiн мен оны құрастырушы бөлшектердiң арақатысын, атап айтқанда, бүтiннiң оны құрастырушы бөлшектерге (тiлдiк элементтерге) тәуелдiлiгiн, керiсiнше, бөлшектердiң бүтiнге (тiлдiң бүтiндей жүйесiне) тәуелдiлiгiн айқындауға мүмкiндiк бередi.

 








Дата добавления: 2016-02-20; просмотров: 13284;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.005 сек.