Дәріс. ТІЛДІҢ ТАҢБАЛЫҚ СИПАТЫ

Жоспары:

 

[№2,§29-34, 74-86 бб]; [№3,§2.3, 57-62бб]

 

Тіл мен ойлаудың қарым-қатынасынан тілдің ойды таңбалаушы «материлдық» қызметі туралы көзқарас туындайды. «Тіл дегеніміз – ойдың материалдық таңбасы» деген пікірді философтар да, лингвистер де айтқан. Сонымен тілдің таңбалық сипаты деген не? деген сұраққа жауап беру үшін жалпы таңба туралы ғылым саласынан хабардар болуымыз керек.

Таңбалар қандай да бір хабарламаны беру үшін шартты түрде алынған түрлі сападағы, формадағы материалдық белгілердің жиынтығы. Мұндай шартты белгілер материалдық жағынан да, білдіретін хабарының мазмұны жағынан да алуан түрлі болып, дамып, күрделене түскен. Сондықтан XX ғасырдың 30 жылдарында шартты белгілерді таңбалар жүйесі ретінде зерттейтін семиотика деп аталатын ғылым саласы қалыптасты.

Түрлі материалдық белгілерді қандай да бір хабар берудің құралы ретінде қолдануды адамдар ерте кезден білген. Сондай-ақ, атқаратын қызметі жағынан сөйлеу тілінде де жалпы таңбаларға тән сипаттың бар екендігін, оны таңбалар туралы ғылымға жатқызу қажеттігін алғаш рет Аристотель айтып кеткен. Ол: «Дыбыстап айтылған сөздер – ойдың символы, ал жазу – сөздің символы» деген. Кейінгі замандарда өмір сүрген Гобсс, Локк, Лейбниц сияқты философтар «тіл – таңбалар жүйесі» деп есептеген. Тілде таңбалық сипаттың бар екендігін XIX ғасырда Ф.Бопп пен В.Гумбольдт та айтқан. Дегенмен бұл мәселенің тіл білімінің негізгі проблемалары ретінде зерттлуіне ден қойған Ф. де Соссюр. Сөйтіп бүкіл таңба атаулыны зерттейтін жалпы семиотика мен тіл білімінің түйіскен жерінен лингвистикалық семиотика деген ғылым қалыптасты.

Тіл таңбалар жүйесінен тұрады. Таңбаның екі түрі: тілдік таңба, шартты таңба. Олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары. Тілдік таңбаның екі негізгі қасиеті дыбыстардың көмегімен кез келген сөздік белгіні жеткізу. Тілдік таңбалар: фонема, морфема, сөз тіркесі, сөйлем.Тілдік таңбаның белгілері: 1)еріктілік, 2) шарттылық.

Еріктілік, шарттылық дегеніміз – таңба мен сол таңба арқылы белгіленген заттың немесе ұғымның арасында ешқандай табиғи байланыстың жоқтығы. Сондықтан бір зат әр түрлі тілдерде әр түрлі аталады. Тілдің таңбалық теориялары. Семиотика - хабарды сақтап басқаға жеткізе алатын әр түрлі таңбалық жүйелердің құрылысы мен қызметін зерттейтін ғылыми пән.

Тiлдiң таңбалық сипаты оның негiзгi ерекшелiктерiнiң бiрi болып саналады. Осылай болғандықтан, философтар мен лингвистер бұл мәселеге (тiлдiң таңбалық сипаты туралы мәселеге) ертеден берi-ақ көңiл аударып келедi. Тiлдiң таңбалық табиғаты әсiресе Бодуэн де Кутэненiң еңбектерiнен және Фердинанд де Соссюрдiң «Жалпы лингвистика курсы» атты еңбегi жарыққа шыққаннан бергi дәуiрде кең көлемде қарастырыла бастады. Ф. де Соссюр тiлдi таңбалардың жүйесi деп есептейдi де, оны таңбалардың басқа жүйесiмен салыстыра қарайды. Ол былай деп жазды: «Тiл дегенiмiз идеяларды бiлдiретiн таңбалардаың жүйесi, демек, оны жазумен, мылқаулар үшiн жасалған әлiппемен, символ мәндi әдет-ғұрыптармен, сыпайылық формаларымен,әскери сигналдармен және т. б. салыстыруға болады. Ол (таңбалардың жүйесi ретiндегi тiл. – К.А.) тек осы жүйелердiң iшiндегi өте-мөте маңыздырағы. Сонымен, қоғам өмiрiнiң iшiндегi таңбалардың табиғатын зерттейтiн ғылым бар деп ойлауға болады, ...бiз оны «семиология» деп атар едiк»[1].

Тiлдiң таңбалық табиғаты сөз болғанда, бүтiндей тiлдiң және оның элементтерiнiң (морфема мен сөздiң, сөз тiркесi мен сөйлемнiң) обьективтi болмыстағы заттар мен құбылыстарға қатыстылығы және олармен жанама түрде байланысу дәрежесi ескерiледi. Тiлдiк единицалардың таңбалық қызметiне олардың (тiлдiк единицалардың) адамның танып бiлу әрекетiнiң нәтижелерiн жалпылап бiлдiру қасиетi мен адамның қоғамдық-тарихи тәжiрибелерiнiң қортындыларын тiркеу және сақтау қасиетi енедi. Тiлдiң таңбалық сипатына, ақыр аяғында, тiлдiк элементтерлдiң мағыналарға ие болу нәтижесiнде белгiлi бiр информацияны бiлдiруге бейiмдiлiгi, қатынас жасау процесiнде коммуникативтi және эксперсивтi қызмет атқаруы енедi. Демек, «таңбалық» деген термин, онымен синонимдес «семиотикалық» деген термин сияқты, көп мағыналы, оған (терминге) әр түрлi мазмұн ендiрiледi және табиғи тiлге қатысы жағынан тiлдiк элементтердiң әр басқа төрт түрлi қызметiне: белгiлеу (таңбалау) қызметi (репрезентативтi қызметi), жалпылаушы қызмет (гносеологиялық қызметi), коммуникативтi қызмет және прагматикалық қызметке қатысы бола алады. Тiлдiң ойлауымен, танымның логикасымен және механизмiмен тiкелей байланысы, адам баласы тiлiнiң обьективтi дүниенiң көп түрлi сипатының күллiсiн белгiлеудiң универсалды жүйесi ретiнде қызмет ететiн ерекше қасиетi – осының бәрi тiлдiң таңбалық аспектiсiн әр басқа ғылымдардың (философияның, семиотиканың, логиканың, психологияның, тiл бiлiмiнiң және т.б.) зерттеу предметiне айналдырады. Жалпы таңба атаулының, әсiресе тiлдiк таңбаның айырықша белгiсi оның (таңбаның) табиғатының екi жақтылығында. Мысалы, көшедегi жүрiс-тұрысты светофор арқылы ретке келтiру (басқару) жүйесiнде жасыл түстi таңбаның формасы ретiнде қарауға болады және оған осы жүйенiң iшiнде белгiлi бiр мазмұн, атап айтқанда, «қозғалуға, жүруге, өтуге рұқсат» деген мазмұн сәйкес келедi. Бұл семиотикалық жүйенiң элементтерi екi жақты құбылыс ретiнде, яғни осы жүйенiң iшiнде формасы және мазмұны бар таңбалар ретiнде қызмет етедi. Жасыл түс сигнал жүйесiнен тыс «қозғалуға, жүруге, өтуге рұқсат» дегендi бiлдiре алмаған болар едi. Тiлдiк таңбалар да осы сияқты; мысалы, бiр тiлдiң жүйесiнде ешқандай мәнге ие бола алмайды. Егер белгiлi бiр элемент семиотикалық жүйеде ешбiр мәнге ие болмаса, онда ол сол жүйенiң таңбасы емес, жай ғана физикалық дыбыс болып қалады. Тiлдiк таңбаның екi жақты сипаты оның ең мәндi белгiлерiнiң бiрi болып саналады. Таңбаның екi жағы – таңбалаушы және таңбаланушы жақтары тiлде оның абстракциясы, сәулеленуi түрiнде тiркеледi, сөйлеушiлердiң санасында мағыналар (тiлдiк ұғымдар) түрiнде және таңбалық форманың сезiмдiк образдары түрiнде сақталады. Шартты жүйелердiң (тiл жүйесiнен басқа жүйелердiң) таңбаларында бiр таңбалаушыға, әдетте, бiр ғана таңбалаушы сәйкес келсе, тiлдiк таңбаның екi жағы бiр-бiрiмен басқаша пропорция бойынша қатынасқа түсуi мүмкiн. Мұны былайша көрсетуге болады: «бiреу: бiрнешеу» (бiр ғана таңбалаушы: бiрнеше таңбаланушы) немесе «бiрнешеу: бiреу» (бiрнеше таңбалаушы: бiр ғана таңбаланушы). Тiлдiк таңбаның таңбалаушы және таңбаланушы жақтарының мұндай қатыстарының iздерi (салдары) үлкен және олар тiлдегi полисемия мен омонимия құбылыстарынан (бiр ғана таңбалаушы – бiрнеше таңбалаушы), синонимия құбылысынан (бiрнеше таңбалаушы – бiр ғана таңбаланушы) және тiл жүйесiндегi синкретикалық формалар мен дублет формалардан көрiнедi. Тiлдiк таңбаның екi жағының белгiлi бiр автономисы (дербестiгi) таңбаланушының өз (меншiктi) қызметiнен басқа қызметке ие болуына, ал таңбаланушының оның таңбасының өз формасынан басқаша құралдармен айтылуына мүмкiндiк бередi. Тiлдiк таңбаның екi жағының ара қатысының өзiндiк ерекшелiгi таңбаланушының таңбалаушыға әрқашан сәйкес келе бермеуiнен гөрi таңбалаушы мен таңбаланушының элементтерге мүшеленуiнiң бiр-бiрiмен сәйкес келмеуiнде деп түсiну дұрыс болмақ.

Тiлден басқа барлық таңбалар жүйесi қолдан жасалады. Олар келiсiм бойыншы жасалады және келiсiм бойынша өзгере алады. Таңбалардың мұндай жүйесi қоғамдағы адамдардың қатысуымен және солардың келiсiмi бойынша жасалады. Ал дыбыстық тiлдiң дамуы қоғам мүшелерiнiң еркiне бағынышты емес. Әрбiр жаңа ұрпақ сол қоғамда тарихи қалыптасқан тiлдi қабылдайды, үйренедi. Шартты таңбалар жүйесi өзгерiске ұшырауы, жетiле түсуi, бiр таңбаны басқа бiр таңбаның ауыстыруы мүмкiн. Мысалы, рим цифрларының жүйесi араб цифрларының жүйесiмен ауыстырылады, жаңа ноль таңбасы енгiзiлдi. Таңбалар жүйесiндегi мұндай өзгерiстер стихиялық түрде емес, саналы түрде, келiсiм бойынша болады. Дыбыстық тiл бұлайша өзгерте беруге көнбейдi. Ол өз дамуының заңдары бойынша өзгередi, дамиды, өзiнiң дербестiк қасиетiн сақтайды.

Барлық таңбалар жүйесi, сайып келгенде, дыбыстық тiлге негiзделедi. Шартты таңбалардың барлығының да мағынасы тiл арқылы айқындалады және дыбыстық тiлге «аударылады».








Дата добавления: 2016-02-20; просмотров: 13396;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.004 сек.