Азіргі жағдайдағы қаржылық саясат.
Экономикалық дамуға, әлеуметтік прогреске қаржы саясатының белсенді ықпал жасау мүмкіндіктері оны терең ғылыми негіздеуді талап етеді. Тек ғылыми көзқарас, саясатты анықтайтын барлық факторларды біліп, зерделеу оның салыстырмалы дербестігінің объективті экономикалық қатынастар тәуелділігіне ұласпауының кепілі. Шаруашылық құрылыстың тәжірибесі қаржы саясатының экономикадан қол үзуінің қатаң экономикалық қиыншылықтарға ұрындыратынын, экономикаға негізі қаланған мүмкіндіктерді іске асыруды сөзсіз тоқтататынын дәлелдейді.
Мемлекеттің даму тарихында қаржыны, қаржы саясатын және оны жүзеге асыру механизмін пайдалана отырып, қоғамның міндеттерін шешудегі қарама-қарсы тәсілдемелердің мысалдары бар. Мәселен, ұзақ жылдар бойы КСРО-да қаржының, тиісінше қаржы саясатының рөлі жете бағаланбады. Осыған байланысты белгілі бір кезенде экономикалық жүйені тұрақтандыру мен дамытуда қаржы реттеуіштерінің белсенді рөлі толықтай жоғалды. Қаржыны бір орталықтан басқару шектен тыс тәптіштемеленді (регламенттелді) және көбінесе еркін шешімдерге негізделді.
Қазіргі уақытта қаржы саясатының еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуын тежеп отырған кемшіліктері өте-мөте айқын көріне бастады. Оларға мыналар жатады: қаржы саясатының догматикалық (үзілді-кесілді, шығармашылық емес) сипаты, оның мемлекетіміздің дамуының өзгеріп отырған жағдайына тез құлақ асуға, толғағы жеткен міндеттерді шешу үшін керекті әдістерді табуға қабілетсіздігі, стратегиялық концептуалды талдамалардың жоқтығы: болмашы пайдаға бағытталған жарым-жартылай, жеткіліксіз негізделген тактикалық шараларды жүргізу; қаржы саясатының ұлттық шаруашылықтағы істің нақтылы жағдайынан қол үзуі; қаржы шаруашылығын дұрыс жүргізудің маңызды талабының - қаржыға қарай өмір сүру талабының бұзылуы; азаматтардың әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандырудың қаржы базасын анықтаудағы әлі күнге дейін орын алып келе жатқан қалдықты тәсілдеме.
Қаржы саясаты экономикалық саясаттың нысаны бола отырып, оған тән өзгеше тәсілдермен және әдістермен мақсатқа жетуге және экономикалық саясат қойған міндеттерді орындауға көмектеседі.
Жаңа қаржы стратегиясы меншіктің әр түрлі нысандарын, нарықтық қатынастардың дамуын, тауар рыногінің толық құқықты жұмыс істеуін, жұмыс күшін, капиталдарды ескере отырып жасалуы тиіс. Қоғам өмірінің экономикалық және әлеуметтік салаларына қаржымен ықпал жасаудың негізгі әдістері мыналар: салық салу, қаржы ресурстарын шебер пайдалану, қаржыландыру, қаржы рыногі және басқалары. Дүниежүзілік тәжірибе мұндай шаралардың икемділігі мен тиімділігін дәлелдеп отыр.
Қағидалы жаңа қаржы саясатын ұйымдастырудың негізіне ең алдымен экономикалық жүйе шеңберіндегі ақша (қаржы) қатынастарына деген әр түрлі көзқарасты өзгерту жатуы тиіс.
Нарықтық экономика жағдайында ұзақ мерзімді ғылыми қаржы болжамдарына негізделген және қаржы реттеуіштерінің жүйесіне сүйеніп әрекет ететін тиісті қаржы саясаты материалдық-заттық, ақша ағындарының күнделікті әрі перспективалық тепе-теңдігіне жетудің, соның негізінде қоғамның үдемелі экономикалық өсуін қамтамасыз етудің негізгі өркениетті әдісі болып табылады. Ол бірінші кезектегі міндеттерді - мемлекеттік бюджеттің тапшылығы мен мемлекеттік борыштың мөлшерін, инфляцияның қарқынын төмендету және т.т. шешу үшін пайдаланылады. Сонымен бірге қаржы реттеуіштерінің жүйесімен айла-шарғы (манипуляция) жасау арқылы белгілі бір түрде мемлекет пайдаланатын қаржы айналымында жүрген нақты ресурстар тиісті қаржы саясатына жетудің негізгі құралдары бола бастайды.
Қаржы саясатының мақсаты - қоғам дамуының аса маңызды қажеттіліктерін қанағаттандыруға қажет қаржы ресурстарын толық жұмылдыру. Осыған байланысты қаржы саясаты кәсіпкерлік қызметті жандандыра түсуге қолайлы жағдайлар жасауға шақырады. Мемлекет пайдасына кәсіпорындардың табысын алудың ұтымды нысандарын, сондай-ақ қаржы ресурстарын қалыптастыруға халықтың қатысу үлесін анықтауға көп көңіл бөлінеді. Қоғамдық өндіріс салалары арасыңда қаржы ресурстарын бөлу жолымен оларды пайдаланудың тиімділігін арттыруға, соңдай-ақ оларды экономикалық және әлеуметтік дамудың басты бағыттарына шоғырландыруға үлкен маңыз беріледі.
Қазақстан жағдайындағы қаржы саясатының міндеті экономиканы экономикалық өсудің траекториясына кешіру, ұлтгық шаруашылықтың құрылымын одан әрі жетілдіру негізінде шаруашылық өмірді тұрақтандыру, кәсіпкерлік қызметті дамыту, мемлекеттік бөліктің үлесін оңтайландыра отырып, меншікті реформалау, сыртқы экономикалық қызметті ұлғайтып, жандандыру, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру жөнінде шаралар жасап, оларды қаржы механизмі арқылы іске асыру болып табылады.
Республикада жоғарыда айтылған бағыттарды (тиісті қаржы саясаты мен оны іске асыратын механизмді жасай отырып) қамтитын нарыктық реформаларды тереңдете түсу жөніндегі бағдарламалар жүзеге асырылуда.
§4. Қаржыны басқару.
1). Қаржыны басқару ұғымы.
2). Басқару объектілері мен түрлері.
3). Қаржы жүйесі және басқару құрылымы.
4). Қазақстан Республикасындағы қаржы басқару органдары және олардың қызметі.
Дата добавления: 2015-09-28; просмотров: 1783;