азақстан саяси жүйесінің қазіргі жағдайы мен проблемалары.
Қазiргi заманда саяси жүйенiң өзгеруiне назар аударатын бiрнеше тәсiлдер қалыптасты: жүйелiлiк құрылымдық-функционалдық, коммуникативтi. Соның ішіндеД.Истонның жүйелiлiк моделiне тоқталсақ. Д.Истон саяси жүйенi қоғамның көпшiлiк бөлiгiмен байланысты, оның негiзiнде қоғам шешiмдер қабылдайтын әлеуметтiк өзара әрекеттер мен институттар деп анықтады. Д.Истонның саяси жүйе моделi теориялық негiзi төрт базалық категорияны өзiне қамтиды: 1) саяси жүйе; 2) қоршаған орта; 3) реакция; 4) керi байланыс. Бұл модель бойынша саяси жүйенiң әрекет етуi 4 кезеңдi қамтиды. Бiрiншiден, бұл кiрiс, сыртқы ортаның саяси жүйеге талап пен қолдау формасында ықпал етуi. Екiншiден, әлеуметтiк талаптардың балама шешiмдерге айналуы, үкiметтiң белгiлi бiр көңiл бөлулерi болып табылады. Үшiншiден, бұл шығыс, шешiмдердiң қабылдануы және оның практикалық шаралар формасында таратылуы. Төртiншiден, үкiметтiң қызметiнiң нәтижесi сыртқы ортаға керi байланыс арқылы ықпал етедi.
Саяси жүйе ашық жүйе болып табылады, сыртқы ортадан тұрақты импульстердi алып отыратын. Оның негiзгi мақсаты жүйенiң өмiр сүруi мен тұрақтылығын ортаға бейiмделуi арқылы сақтау.
Д.Истон өз моделiн талаптар мен қолдаулардан тұратын “кiрiс” және керi байланыстын бастапқы жолы болып табылатын “шығыс” факторына бөлдi. Ол талаптардың өзiн ортадан келетiн сыртқы және жүйенiң өзiнен туындайтын iшкi талаптарға бөлдi. Талаптар сипаты жағынан алуан түрлi.
Жеткiлiктi қолдауларсыз саяси жүйе тиiмдi де сенiмдi түрде қызмет ете алмайды. Талап импульстары мен қолдау импульстары жүйеге ретiмен келiп тұруы қажет, олай болмаған жағдайда, ол дағдарысқа ұшырап қызмет етуiн тоқтатуы мүмкiн. Әр қилы импульстардың шамадан тыс артуы, ол қолдаулардың жеткiлiксiз көлемi режимнiң өз легитимдiлiгiн жоғалтуына алып келеді. Бұқара халықтың әртүрлi талаптарынан келiп түсiп жатқан талаптарға деген көзқарас көп жағдайда саяси жүйенiң түрiне байланысты. Легитимдi, демократиялық жүйелер мұндай сұраныс талаптарды өз қызметiн қалыпты атқарудың қажеттi шарты деп түсiнедi. Халық әдетте, өздерi ықпал ете алатын, өз сұраныстары мен қажеттiлiктерiн қанағаттандыра алатын саяси топтар мен лидердi қолдайды.
Атап айтсақ, жүйеден шығу барысында легитимдi, мiндеттеушi саяси шешiмдер мен оларды iске асыру әрекетi орын алып, саяси жүйенiң қызмет нәтижесi әр түрлi форма мен мазмұнға ие болуы мүмкiн. Әрине, айтылған импульстар қолдаумен тығыз байланысты және саяси жүйенiң түрiне қарай ерекшеленедi.
Жүйеден шығу барысында әр түрлi деңгейдегi нақты жағдайға сәйкес шешiм қалыптасады. Саяси шешiмдi iс-жүзiне асыру ұйымдастырылады. Жүйеден шығу барысында, саяси және ұйымдық қызмет бiртұтас қызмет түрiне бiрiгедi. Бүкiл ұйымдық қызметтiң мақсаты– қабылданған саяси шешiмдi жүзеге асыру. Бүкiл саясаттың табысты болуы iстi ұйымдастыруға байланысты.
Талаптар мен қолдауды артикуляциялауды әр түрлi күштеу топтары мен саяси партиялар атқарады. Егер олардың қызметi шектетiлетiн болса, онда саяси жүйенiң бейiмделу мүмкiндiгi әлсiрейдi. Талаптарды електеудің белгiлi бiр каналдары бар, олар мәдени және құрылымдық болып екiге бөлiнедi. Құрылымдық немесе саяси түрi, оған партия, жоғары қабат, парламентаризм жатады. Мәдени реттеуге саяси қалыптар, құндылықтар, түсiнiктер, көзқарастар жатады. Сондықтан мұнда саяси әлеуметтендiру рөлi басым. Сондықтан да елімізде саяси партиялар рөлін арттыру маңызды. Қазақстан Республикасында саяси партиялардың «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы саяси партиялардың рөлін нығайтуға мүмкіндік жасауда. Мұнда саяси партиялардың қызметін республикалық бюджеттен қаржыландыру да маңызды болып табылады /1/.
Керi байланысқоғамдағы шиеленiстердi шешудiң бiрден-бiр көзi, ол билiктiң саяси жүйеге түскен талап-тiлектердi реттеу қабiлетiне байланысты. Керi байланыс саяси жүйенiң өзiнiң мақсатына қаншалықты жеткендiгiн анықтауға мүмкiндiк бередi. Қазақстан Республикасында саяси жүйе керi байланысын және саяси жүйенi ақпараттармен қамтамасыз ететін құрылымдарды нығайту шаралары жүргізілуде. Мәселен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы ұсынған мына бағытттар соны айқындап берді:
1. Билік өкілеттіктері мен жауапкершіліктерін қайта бөлу;
2. Саяси партиялардың рөлін нығайту;
3. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту;
4. Сот жүйесін жетілдіру;
5. Ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету және Қазақстан халықтары Ассамблеясын нығайту;
6. Азаматтық қоғам институттарын одан әрі дамыту;
7. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайту /2/.
К.Дойч саяси жүйе өз мақсатына жетуi үшiн мына төрт факторға тәуелдi деп есептейдi:
- жүйенiң ақпараттармен жүктелуi;
- саяси жүйе реакциясының жылдамдығы;
- саяси жүйенiң жаңа фактiлерге тез, әрi сапалы жауап қайтаруы;
- мақсатты нақты белгiлеу.
Демек, саяси жүйе қызметiнiң тиiмдiлiгi қамтамасыз ететiн факторларға айналымдағы ақпараттардың жеткiлiктiгi мен сапасы, жүйенiң сыртқы ықпалдарға жауап қайтару жолдары мен формалары, сонымен қатар коллективтiк әрекет арқылы бiлдiру, оның нәтижесiнiң бастапқы мақсатқа сәйкес келуiн жатқызуға болады.
Қорыта келе айтарымыз, әлемдік тәжірибе көрсеткендей саяси жүйені жаңартудағы маңыздысы құрылымын өзгертуде емес, оның іс-әрекеті мен қызметін жетілдіруде. Саяси жүйені жаңарту мыналарға бағытталуы тиіс:
- саяси институттардың жаңа проблемаларды шеше бiлу қабiлетiн арттыруға;
- қоғаммен ашық сипаттағы қатынасын жетілдіруге;
- саяси жүйенiң өзгерушi әлеуметтiк жағдайға икемдi бейiмделу қабiлетiн көтеруге;
- талап-қолдау және саяси шешiм-әрекет арасында керi байланыстың тиiмдi механизмiн жетілдіруге.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаев 2007 жылғы 16 мамырда Парламент палаталарының бірлескен отырысында ұсынған және 21 мамыр күні қол қойған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы елімізді демократияландырудың жаңа кезеңіне қадам бастайтын саяси-тарихи құжат болып табылады. Сонымен бірге, саяси жүйені жаңартуда оның құрылымына ғана емес іс-әрекеті мен қызметін жетілдіруде шешуші рөл атқаратын құжат деп санаймыз.
Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қалыптасу кезеңі бұрынғы КСРО аумағында саяси, әлеуметтік экономикалық мүдделер мен қатынастардың ерекше шиеленісуі үдерісімен қабаттаса жүрді. Әлеуметтік топтардың мүдделері мен қажеттерін бұрынғы саяси режим қанағаттандыра алмады. Оның ішіндегі ең өткір, шетін тұрғандары – азаматтардың саяси, экономикалық және әлеуметтік құқықтарын кеңейту, сөз бостандығы, ұлттар мен этностардың тіл, мәдениет саласындағы сұраныстарын мүмкіндігінше қанағаттандыру, азаматтардың қауіпсіздігін нығайтып, азаматтық татулық пен қоғамдық тәртіпті нығайту еді. Қазақстанның болашақ мемлекеттік дамуы туралы берік, сындарлы тұжырымдама әлі қалыптаспаған еді.
Ол кездегі еліміз алдында тұрған ең күрделі проблема мемлекетті қалыптастыру еді. Мемлекет – саяси жүйенің аумақтық, заңды, жария, егемен, легитимді, құқықты, жоғары деңгейде институттанған, жалпыға бірдей әмбебап ұйымы. Ол қоғамның саяси жүйесінің бір бөлігі бола отырып, мақсатты, жария, ашық, заңды, ел мен халықтың егемендігінің бірден бір көзі, субектісі және егесі ретінде қызмет істейді. Мемлекет саяси жүйенің бір бөлігі, ал ол сонымен бірге, оның барлық кіші жүйелері мен салаларын қамтитын, біріктіретін, заңдар аясында олардың бүкіл қызмет-тіршілігін реттейтін, олар үшін біртұтас, ажырамас және бөлінбес ұйым болып табылады. Ғылыми әдебиетте мемлекеттің негізгі аса маңызды, сөзсіз, қоғамдық қатынастар табиғаты мен мүдделеріне жауап беретін және тиімді мемлекет құру мүддесіне сәйкес келетін белгілеріне отандық және шетелдік зерттеушілер дәлелдеуі бойынша мыналар жатады: аумағының; азаматтығы бойынша біріккен халқының; белгілі ішкі және сыртқы функциялары анықталған, бұларда саралап, ауқымы мен міндеттерін анықтаған, қоғамдық қатынастардың барлық саласын реттеуге қабілетті, қажетті адами, материалдық және қаржылық ресурстарға ие тармақталған басқару аппаратының болуы; халықаралық қауымдастық мойындаған шекарасы; елдің егемендігін, тұтастығын, қорғанысын, азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлттық армиясының, құқық қорғау органдарының (сот, прокуратура, милиция, арнайы қауіпсіздік қызметтері және т.б.) болуы. Қазақстанда жиырма жылда осы аталған белгілер мен қасиеттерге сай келетін егемен, әлеуетті, әлем мойындаған және санасатын мемлекет қалыптасты. Ал елде қалыптасқан мемлекеттік құрылыстың табиғаты, демократияның деңгейі оны саяси жүйесі қызметінен көрінеді.
Саяси жүйе сөздің кең мағынасында – белгілі бір қоғамдағы билік қатынастарының іс жүзінде анықталынып, қабылданып, орындалуының тұрақты формасы. Ол – елдегі бүкіл саяси өмір, саяси қатынастардың және саяси институттардың жиынтығы.
Бұл жерде транзиттік, өтпелі қоғамдардағы аса күрделі міндеттерді шешуге, күрделі қоғамдық қатынастарды реттеуге қызмет ететін жаңа саяси жүйені қалыптастыру күрделі мәселе екенін еске ұстаған жөн. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында жаһандану, ақпараттық қоғам, халықаралық байланыстардың күшеюі жағдайында саяси жүйе мен оның институттарының функциялары барған сайын күрделеніп, тармақталып, олар қамтитын құбылыстар мен қатынастардың ауқымы кеңейіп, олардың өзара сабақтастығы, өзара байланыстары күрделенген уақыт болатын. Осы жаңа әлемге, оның күрделі саяси-экономикалық, идеологиялық қатынастарының дербес субъектісі ретінде ұмтылып отырған Қазақстан, алдымен, өзін-өзі мемлекет ретінде анықтап, мемлекеттік-конституциялық құрылысын түбегейлі бекемдеу міндеті тұрғаны айдай ақиқат еді.
Мемлекет құрылысы, саяси жүйе табиғаты мен қызметіне қатысты ғылыми зерттеулеріне сүйене отырып, қазіргі кезеңде еліміздің саяси жүйесінің қызметіне тән мынадай негізгі функцияларды атап көрсетуге болады:
– Конституцияға және басқа да заңнамаға сәйкес қоғамды қазіргі заманның табиғаты мен талаптарына сәйкес ғылыми басқару;
– қоғамның алдындағы мақсат пен міндеттерді анықтау және соған сәйкес бүкіл қоғамды және оның ресурстарын жұмылдыру;
– қоғам мүшелерін әлеуметтендіру;
– артикуляция –яғни, қоғамдағы әртүрлі таптардың, топтардың мүдделерін анықтау, бейнелеу және оларды саяси жүйе институттары қызметінде еске алуына жетісу және тағы басқалары.
Бүкіл халықтық референдумда 1995 жылғы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің саяси жүйесінің жаңа архитектурасын қалыптастырды. Осы жылдан еліміз саяси жүйесі дамуының жаңа кезеңі басталды. Ал, еліміздің осы жылдардағы конституциялық дамуы оның іргелі негіздерінің беріктігін, өміршеңдігін, оны құраушы институттық құрылымдардың міндеттері мен басқару мүмкіндіктерінің дұрыс анықталғандығын дәлелдеді.
Еліміздің саяси жүйесі құрылымындағы жаңаша түбегейлі «анатомиялық» түзілу мен түрленудің мәні мен мазмұнын жиырма жыл деңгейінен жинақтай айтсақ, біздің пікірімізше, негізінен мыналарға келіп саяды:
– ең алдымен, еліміздің саяси жүйесінде бұрын болмаған Президенттік институт, қос палаталы, кәсіби негізде жұмыс істейтін Парламент, көппартиялылық, азаматтық қоғам институттары Қазақстан халқы Ассамблеясы тәрізді принципті жаңа саяси құрылымдардың түзіліп, қалыптасуы және қызмет жасауы;
– қоғамдағы демократия мен сөз бостандығының даму деңгейі мен пәрменділігінің басты көрсеткіштерінің бірі тәуелсіз, беймемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының дербес те әлеуетті жүйесінің пайда болуы;
– Қазақстанда бұған дейін болмаған, қоғамдық өмірдің барлық салаларын кеңінен қамтитын жаңа азаматтық институттардың қалыптасып, дамуы және олардың қызметіне қажетті ұйымдық-құқықтық негіздердің нығаюы;
– халықаралық танымал демократиялық институттар негізінен біртіндеп мойындаған еліміздің жаңа сайлау жүйесінің қалыптасуы;
– биліктің негізгі үш тармағының: Президент, Парламент және Үкіметтің біріккен еңбегінің нәтижесінде еліміздің саяси жүйесінің барлық құрамдас бөліктері қызметінің құрылымдық, ұйымдық-құқықтық және өзара қарым-қатынасы мәселелерін жан-жақты реттейтін, еліміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет орнату бағытында әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін заң жүйесінің жаңадан түзіліп, қабылдануы және бұл үрдістердің қоғамдық қатынастардағы қажеттіліктерге байланысты үнемі жетілдірілуі.
Бұл – қоғамдық қатынастарды, әлеуметтік топтарды, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарды қамтуының ауқымы, жалпы табиғаты жағынан терең де, көп қырлы, сапалық өзгерістеp. Президент, Парламент институттары, әлсіз де болса, көппартиялық жүйе осы өзгерістердің ең маңызды да, мәндісі бағалаған жөн.
Сөз жоқ, жаңа тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесіндегі ерекше орында, бұрын болмаған жаңа құрылым – Президент институты тұр. Еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде Президент лауазымы Қазақ ССР-і Конституциясына енгізілген 1990 жылғы 24 сәуірдегі өзгерістерде анықталды. Сол уақыттан бері халқымыз осы ең жоғарғы мемлекеттік саяси лауазымға Н. Назарбаевты бірнеше мәрте сайлап келеді.
1995 жылы қабылданған Конституция, оған 1998 және 2007 жылдары енгізілген өзгерістер мен толықтырулар еліміздегі бүкіл билік жүйесінде Президент институтын үнемі нығайту бағытында. Ең алдымен, еліміздегі басқару жүйесі «Президенттік басқару нысанында» деп сипатталады. 1995 жылғы Конституцияның жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобын басқарған академик Ғ.Сапарғалиевтың пікірінше, бұл белгілі бір деңгейде даулы түсінік [2 ].
Ғылыми әдебиеттерде «басқару нысаны» деп республика немесе монархия есептеледі. Осылай атау әбден қалыптасқан, ғылыми ортада бекіген түсініктер. Ал «президенттік басқару нысаны» деген түсінікті Конституция авторларының төл шығармашылдығы, қазақстандық конституциялық теориядағы ізденіс, басқару нысанын анықтаудың қазақстандық нұсқасы деп түсінген абзал. Бұған ресейлік белгілі мемлекеттанушы-ғалым В. Е. Чиркин кезінде назар аударып, уақыттың басқару формалары туралы түсініктерге өзгеріс енгізетіндігін, Қазақстан Конституциясы «президенттік республика» деп ешқандай екіұштылықсыз, тура атайтындығын арнайы атап көрсеткен болатын [3].
Конституцияда президентализмнің демократия институты ретіндегі саяси жүйедегі орны, мәртебесі өкілдіктері көрсетіліп, 40-шы бапта: «Президент – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституция мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының рәмізі әрі кепілі», – деп нақты көрсетілген.
Саяси жүйенің құрамдас бөлігі болып табылатын – Президенттік институттың қалыптасып, дамуы, оның бедел алуы ұзақ, күрделі процесс. Сөз жоқ, президенттік институттың қоғамның саяси жүйесіне етене, икемді, ажырамас құрамдас бөлігі ретінде кірігіп кетуі, саяси бейімделуі бедел алуы уақытты, тәжірибені, үлкен заң шығарушылық қызметті қажет етеді. Бұл процестер біздің елімізде терең саяси тартыстарсыз, саяси сілкіністерсіз, эволюциялық жолмен өтті.
Президенттік институт саяси жүйедегі ерекше институт және барлық партиялар мен қоғамдық-саяси ұйымдар қызметінің кепілі болғандықтан, ол бүкіл саяси жүйеге немесе оның басым көпшілігіне сүйенгенде ғана саяси жүйеде топтастырушы, байланыстырушы рөл атқарады. Бұндай тірек-сүйенішсіз президенттік институттың әлеуметтік-саяси базасы әлсіз болуы мүмкін.
Назар аударарлық бір мәселе – Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы кеңестен кейінгі барлық елдерде президенттік немесе жартылай президенттік билік жүйесі пайда болды. Бұл саяси жүйе дамуындағы, ел алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің күрделілігіне байланысты. Билік тармақтары, әсіресе, Парламент пен атқарушы билік арасындағы текетірес пен шиеленісті, толассыз талас, елдердің саяси мәдениетінің ерекшелігі президенттік институтты өтпелі қоғамдар, кезеңдер алдында тұрған міндеттерді шешудің тиімді билік нысаны ретінде таңдау – ұтымды жол.
Қазақстандағы осы саяси-мемлекеттік институттың қызметіне келсек, жиырма жылдан астам уақыт президенттік институттың ұтымды жақтарын көрсетіп берді.
Біріншіден,Президентті бүкіл халықтың сайлауы, бүтіндей алғанда, саяси жүйенің демократиялық легитимділігін көрсетеді, өйткені, Президент қызметі қашан да көпшілік сайлаушылардың мүддесін білдіреді.
Екіншіден,билік тармақтарының аражігінің анықталып, президенттік институттың қызметі демократиялық саяси жүйедегі әртүрлі шектеулер мен өкілдіктер арқылы саясат таразысын тең ұстауға мүмкіндік береді.
Үшіншіден,бүкілхалықтық сайлау арқылы сайлаушылар саяси жүйенің бүкіл қызметіне принципті, жанды өзгерістер енгізе алады, саяси құндылықтар мен басымдықтарда сабақтастықты қалыптастырады.
Осы жылдары жаңадан қалыптасқан, кеңестік жүйеде болмаған биліктің маңызды тармағы – қос палатадан тұратын Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы қос палаталы Парламент болды.
Қазақстанның кәсіби парламентаризмге келер жолы күрделі де қайшылықты, саяси шиеленісті, бұралаңды болды. Осы тартысы көп, қиын жолда бұрынғы Конституциялар бойынша (1978 және 1993 ж.) сайланған Республика Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылы сайланған он екінші, 1994 жылы сайланған он үшінші құрамдары саяси себептерден өкілділік мерзімі аяқталмай, мерзімінен бұрын таратылды. Соңғы құрамы бір жылдай ғана жұмыс істеді. Елімізде парламенттік демократия, парламентаризм көптеген қиындықтармен, саяси тартыспен, қайшылықтар арқылы, біртіндеп қалыптасып келеді.
Ел Парламентінің 1995 жылғы Конституция және «Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық Заңының негізінде он бес жылдан астам уақыт ішіндегі белсенді заң шығарушылық, өкілді және саяси қызметінен белгілі бір тарихи-саяси, демократиялық қорытындылар шығаруға болады.
Біріншіден, Парламент негізгі саяси және әлеуметтік күштердің, ірі этнос өкілдерінің мүддесі тоғысқан, белсенді қызмет жасаушы коллегиялық органға айналып, маңызды мемлекеттік институт ретінде қалыптасты. Парламентсіз елімізде шынайы демократия, құқықтық мемлекет орнату мүмкін еместігіне бүкіл қоғамымыздың көзі жетті.
Екіншіден,конституционализм талаптарын сақтай отырып, өзінің сан-салалы заң шығарушылық қызметі арқылы Парламент заңдардың күрделі архитектоникасын анықтап, бүкілмемлекеттікқұрылысты заңнамалық нығайтудың әлеуетті кепіліне айналды. Қазақстан Парламенті он бес жылда Конституция негізінде және оның қағидаттары мен талаптарын қоғамдық қатынастардың түрлі салаларында жүзеге асыру және реттеу мақсатында 2 мыңға жуық заң қабылдап, еліміздің саяси экономикалық және әлеуметтік рухани жаңаруын заңнамалық тұрғыдан кешенді де түбегейлі қамтамасыз етті. Бүгінде Парламенттің заң шығарушылық қызметінен тыс қалған, мүдделері еске алынбаған бірде-бір маңызды қоғамдық сала немесе әлеуметтік топтар жоқ деп айтуға толық негіз бар.
Үшіншіден, Парламент пен парламентаризмнің демократиялық және құқықтық-заңнамалық, бай танымдық, тәрбиелік ұлағатынан өткен депутаттар корпусы ұлттық элитаның қатарын, жоғарғы мемлекеттік органдарды жаңа, тың күштермен толықтырудың жемісті саяси мектебіне айнала бастады деуге толық негіз бар. Әрине, Парламент саяси элитаны қалыптастырудың бірден-бір мектебі емес. Олар Президент Әкімшілігі жүйесінде, ғылыми ұжымдарда, Үкімет құрамында, облыстық әкімдіктердің жоғарғы буынында, саяси партиялар жүйесінде де қалыптасады. Алайда, саяси жариялылық пен ашықтықтың, билік легитімдігінің мектебі болып табылатын, бүкіл тіршілігі халықтың көз алдындағы парламентшілердей басқа топтар әлеуетті, саны жағынан көп емес.
Парламенттің нығаюымен бірге, парламентшілердің өздері де өсіп, саяси,демократиялық, интеллектуалдық құқықтық, рухани тұрғыдан толысып, кемелденді. Олар парламентаризм мектебі аясында елдегі күрделі қоғамдық қатынастардың табиғатына үңіліп, зерделеп, ондағы қайшылықтарды, заңмен реттелмеген проблемаларды көріп, талдауды, елдегі кезек күттірмейтін, халықты алаңдатып отырған әлеуметтік-экономикалық, рухани өзекті мәселелерді Үкімет алдына қойып, шешілуін талап етуді игерді.
Еліміздегі 1998 және 2007 жылдары өткен конституциялық өзгерістердің екі толқыны да, ең алдымен, негізінен, Парламенттің Президентпен, Үкіметпен өзара қарым-қатынасын, құзыреттерін және оның депутаттарын сайлаудың ұйымдық-құқықтық мәселесін қамтыды
Соңғы конституциялық өзгерістердегі парламент институтының рөлін көтеруге жасалған қадамдар белгілі бір мөлшерде парламентаризм институтын нығайтуға бағытталғанымен, біздің пікірімізше, ол әлі жеткіліксіз. Ол парламентаризм институты беделін нығайтудың түбегейлі мәселелерін шешкен жоқ. Ал, өкілді органның пәрменді де, көпсалалы қызметінсіз қазақстандық жаңаруға қажетті құқықтық өрісті қамтамасыз ету, мемлекеттік құрылысты, кадр саясатын жетілдіру, әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күресу, елді демократиялық басқару стилін қалыптастыру мүмкін емес.
Бұл реттегі ең басты мәселелердің бірі – Парламенттің бақылау функцияларын кеңейту. Парламентаризмнің мәні – мемлекеттік билік жүйесіндегі Парламенттің белгілі бір үстемдігі және атқарушы билік қызметіне оның тарапынан нақты бақылаудың болуы. Бұл екі талап тұрғысынан келгенде де, еліміз Парламентінің қызметі шынайы толыққанды парламентаризмге қойылатын талаптарға толық сай келмейтіндігі белгілі.
Конституциялық дамуымыздың келесі сатысында Парламентке бүгінгі конституциялық өрісте белгілі бір бақылау функциялары берілуі керек деп есептейміз. Нақты бақылау функциялары жоқ Парламент – халық өкілеттігі мен билігін пәрменді жүзеге асыра алмайды.
Осы ретте конституциялық теория саласындағы белгілі неміс ғалымы В. Гессеннің: «Нағыз демократиялық мемлекеттің парламенттік болмауы мүмкін емес, парламентаризм конституциялық режимнің тәжі болып табылады» [4]деген тұжырымын еске салғымыз келеді. Қазақстанның да конституциялық режим мен конституциялық жетілуі жолындағы аса маңызды қажеттілік, ең алдымен, Парламенттің, әсіресе, Мәжілістің құзыреттерін кеңейту.
Республика саяси жүйесіндегі келесі бір елеулі өзгеріс – әлжуаз, әлсіз де болса, көппартиялылықтың қалыптасуы. Бұл үдеріс елімізде қайшылықты, күрделі болды. Саяси партиялар да қалыптасудың, дамудың «балалық ауруын» өз бастарынан кешті.
Олай болу табиғи да заңды еді. Біздің халқымыздың да, оның саяси лидерлерінің де саяси және идеологиялық әр алуандықта өмір сүру, дербес мемлекетті басқару тәжірибесі жоқтың, барлығы дерлік кешегі СОКП-ның саяси мектебінен шыққан жандар еді. Оларға тәуелсіз, көпұлтты, халқының саяси және әлеуметтік жіктелуі аяқталмаған мемлекеттің жаңа саяси жүйесінде жаңа бағдарламаларға негізделген саяси партиялық құрылысты қалыптастыру оңайға түспегені белгілі.
Қазақстанның партиялық жүйесінің қалыптасуына 1996 және 2002 жылдары Парламент қабылдаған «Саяси партиялар туралы» Заң қажетті құқықтық-ұйымдық өрісті қалыптастырды.
Дамыған демократиялық елдерде партиялар саяси инфрақұрылымының әлеуетті, саяси дербес, белсенді құрамдас бөлімі болып табылады. Азаматтық қоғам мен мемлекеттің арасындағы саяси делдалдық, дәнекерлік рөл атқара отырып, олар қоғамдық пікірдің қалыптасуына, азаматтардың позицияларына шешуші әсер етеді. Кемел, толыққанды партиялық жүйесі бар мемлекеттердегідей, біздің елімізде де саяси партиялар мынадай аса маңызды функцияларды жүзеге асыруға тұрақты ұмтылып келеді:
а) халықтың қоғамдық саяси белсенділігінің стихиялық түрлерін бақылау мен ықпалдастыруға болатын институттандырылған нысандармен алмастырып, азаматтарды саяси өмірге қатысуға ынталандыру;
ә) халықтың әлеуметтік жіктері мен топтарының шынайы мүдделерін анықтап, оларды сұрыптап, жинақтап, шоғырландыру және өзінің көп векторлы қызметі арқылы соларды қорғап, жүзеге асыруға ұмтылу;
б) елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани ахуалды, олардың даму үрдістері мен бағыттарын үнемі жіті талдап, өзгеру перспективаларына, өзгерістері мен мүмкіндіктеріне болжамдар жасау;
в) азаматтардың саяси мәдениетін жетілдіру және олардың саяси кемелденуі мен азаматтық позициясын қалыптастыру жөнінде тұрақты да мақсатты жұмыс жүргізу;
г) билік органдарына сайлау кезінде кандидаттар ұсыну және оларды қолдау, өкілетті және атқарушы билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарының қызметіне қатысу және тағы да басқалай.
Қазақстандағы демократиялық үдерістерді тереңдетуге, саяси партиялардың қызметін жандандырып, олардың мемлекеттік билікті жүзеге асыруға қатысуына кең құқықтық өріс ашуда. Қазақстан Парламенті 1998 жылғы 7 қазанда қабылдаған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының орны ерекше болды. Заң – ең алдымен, Парламент Мәжілісіне 10 депутаттың партиялық тізімдер негізінде сайланатынын анықтап, Парламентке барлық саяси партиялардың өз өкілдерін жіберуіне және сайлаушылардың өздерінің саяси еркін, толығырақ және баламалы таңдау негізінде жүзеге асыруына мүмкіндік берді. Осы демократиялық қадам барлық саяси партиялар өміріне үлкен қозғалыс әкелді. Парламентке 1999 жылғы сайлау кезінде елдің саяси жүйесі серпінді қозғалысқа келіп, саяси партиялар өмірі жанданып, олар өз қызметінеэлектораттың назарын аудару, олармен жұмыстың әр түрлі нысандарын пайдалану, БАҚ-пен жұмыс, әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін қамтып, өзінің әлеуметтік базасын, қатарын кеңейту жөнінде ілкімді де икемді шараларды жүзеге асырды. Бұл ретте, әсіресе, Коммунистік партияның сайлау кезіндегі жұмыстары қайсыбір жергілікті ресми билік тарапынан көрсетілген біршама тосқауылдарға қарамастан, еліміздің электораты санасынан өз орнын тапқанын атап өту әділеттілікке жатады. 1999 жылғы сайлау қорытындысында депутаттар құрамындағы жаңару нәтижесінде ел Парламентіне – саяси элитаға жаңа толқын келді. Парламенттің жаңа саяси-партиялық құрамының ықпалымен оның бүкіл қызметінде көп мүдделі, алуан үнді, сан пікірлі қазақстандық электораттың шынайы дауысы, позициясы естілебастады. Қазақстан Парламенті еліміздегі әлі де әлсіз саяси әр алуандылықтың, әлжуаз оппозицияның ұстанымдары мен пікірін де қамтып, жария демократиялық трибуна ретінде қалыптаса бастап еді. Өкінішке орай, бұл процестер Парламент Мәжілісіне 2004 жылғы күздегі сайлаудың барысында тоқтап, сол келеңсіз саяси ахуал 2007 жылғы сайлауда да жалғасты. Ресми солшыл оппозиция да (коммунистер) және ұстамды оңшыл оппозиция да («Ақ жол» партиясының өкілдері) Парламентте бірде-бір орынға ие болған жоқ.
Бүтіндей алғанда, «партия» деп аталатын көпфункционалды әлеуметтік-саяси феномен талаптарына толық сай келетін партиялардың қалыптасуына қажетті сындарлы және берік конституциялық, заңнамалық негізінің болуына қарамастан, біздің пікірімізше, елімізде қайшылықты, созылмалы сипат алды. Оның әртүрлі объективті және субъективті себептері болды:
– партиялардың, олардың лидерлерінің негізінен бірпартиялық, бір идеологиялық жүйеде тәрбиеленіп, шыңдалуы жаңа әлеуметтік- экономикалық, саяси-идеологиялық кеңістік пен шындықта қызмет жасауға дайын еместігі, кейде тіпті дәрменсіздіктері;
– жеке лидерлердің саяси өркеуделілігінен (амбиция) туған саяси бағдарламасы жағынан қайсыбір ұсақ партиялардың да пайда болуы, олардың көпшілігінің жастардың, интеллигенцияның арасында беделінің төмендігі;
– халықтың саяси мәдениетіндегі олқылықтар, партиялардың саяси-ағартушылық, халықты саяси әлеуметтендіру, әртүрлі мүдделерді артикуляциялау, агрегациялау сияқты партиялардың өздеріне тән ең маңызды функцияларды толық игере алмауы немесе олардың маңызын жете бағаламауы, бұқарамен жұмыстың бүгінгі заманғы әдістері мен техникасын игере алмауы.
Қазіргі партиялық өрісте әртүрлі саяси-идеологиялық, ақпараттық-технологиялық ресурстарды еркін де тиімді пайдаланып, өзінің саяси лидері Президент Н. Назарбаевтың мол беделі мен басқару тәжірибесіне сүйеніп отырған «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы саяси кеңістікте үстемдік етуде. Әрине, бұл жерде партияның әкімшілік ресурстарды пайдаланып отырғандығын ешкім теріске шығара алмайды. Кейінгі кезеңде партиялық кеңістікте «Әділет», «Ақ жол» партияларының кейбір шағын бастамалары мен саяси мәлімдемелерінің өзі елімізде стагнациялық жағдайда тұрған партиялық құрылысқа сәл болса да, қан жүгіртіп, қозғалысқа келтірді. Өзінің құрамына интеллигенцияның бір топ шоғырын біріктірген «Әділет» еліміздің саяси жүйесін жетілдіру туралы мынадай нақты ұсыныстар айтуда:
– елімізде билік институттары арасындағы тежемелік және тепе-теңдік жүйесін жетілдіріп, Парламенттің функцияларын кеңейту, Парламент депутаттарын сайлаудың тәртібіне ішінара өзгерістер енгізіп, Ассамблея ұсынған депутаттыққа кандидаттарды Президенттің Сенат депутаты етіп тағайындауы;
– сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіріп, оның партияларға кедергілер қоймауына жетісіп, Парламенттің өкілдік функциясының толығуы процесін жандандыру;
– барлық партияларға аймақтық және республикалық БАҚ-қа еркін шығуына мүмкіндік беріп, елде әр алуанды ақпараттық кеңістік қалыптастырып, Қоғамдық телеарна құру және тағы басқа да нақты ұсыныстар [5]. Партияның саяси лидері М. Нәрікбаевтың Қазақстанның қазіргі кезеңдегі партиялық жүйесі саяси жүйенің болымсыз тетікшесі (придаток) ғана деген тұжырымы – осы саладағы ахуалға «Әділеттің» аузымен айтылған әділетті баға.
«Ақ жол» демократиялық партиясының Орталық Кеңесінің кеңейтілген Төралқа отырысы 2009 жылдың 21 ақпанында «Қазақстан Республикасын саяси модернизациялаудың бағдарламасын» мақұлдап, жария еткені белгілі. Партия елдің саяси жүйесіндегі ахуалға сыни тұрғыдан өткір баға бере келіп, модернизация аясында Қазақстандағы билік тармақтарының арасындағы тежемелік және тепе-теңдік қағидатын жетілдіру мақсатында мынадай нақты да түбегейлі ұсыныстар жасады:
– Қазақстан бір палаталы Парламент – Мәжіліске ауысып, ол елдің ең жоғарғы өкілетті және бірден-бір заң шығарушы органы болуы керек те, Мәжіліс депутаттары санын 150 адамға дейін көбейтіп, оның жартысы пропорционалдық жүйемен, қалған бөлігі сайлаушылар саны бірдей бір мандатты округтардан сайлануы тиіс;
– Мәжіліске заңдарды түсіндіру құқының берілуі;
– Президент Премьер-Министрді депутаттық фракциялар ұсынған кандидаттардан іріктеп ұсынғаннан кейін ғана Мәжіліс бекітеді және Мәжіліс Үкіметтің құрылымын бекітуге өкілетті болады;
– бүгінгі Сенаттағы кадрлық тағайындау жөніндегі барлық өкілеттіктер Мәжіліске ауысады, ол нақты бақылау өкілеттіктеріне ие болады және тағы басқалары.
Осындай даму, өсуі қиыншылық, әрі тартымды саласы. Саяси партиялар мен қозғалыстардың елдегі сан алуан әлеуметтік топтардың, әсіресе, жастардың әлеуметтік және саяси мүдделері мен бағдарларын, қызығушылықтарын нақты білудің және солардың негізінде өз қызметінде серпіліс жасаудың биік талабы тұр. Олар әр саяси мүмкіндікті, әр саяси науқанды ұтымды пайдалануы керек-ақ. Олар бұл мәселеде жиі қателіктер жібереді деп есептейміз. Соның бір көрінісі – 2011 жылдың 3-ші сәуірінде өткен Президент сайлауына бірнеше, кейде оппозициялық деп аталатын партиялардың қатыспауы, бойкот жариялауы. Бұл партиялардың билік үшін, электорат үшін, оған ықпал етіп, оны өзінің саясатының арнасында ұстап, соған тартуы, өз саяси бағдарламасын түсіндіріп, биліктің қызметіне ашық баға беруі үшін осындай сәтті, кең, жария мүмкіндікті пайдаланбауы – стратегиялық тұрғыдан кең ауқымды қателік болды деп бағалауға болады.
Қазақстанның егеменді мемлекет кезеңінде саяси жүйенің құрылымдық дамуындағы сапалық өзгерістердің бірі – оның құрамдас бөлімі ретіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) жаңа, өскелең рөлі. Еліміздің саяси жүйесіндегі БАҚ-тың институттану үдерісі тегеурінді жүріп жатыр. Ол аса маңызды көпсалалы, көпқырлы әлеуметтік-саяси, ақпараттық, қоғамды топтастыру және әлеуметтендіру, танымдық және білім берушіліқ, қоғамдық пікірді қалыптастыру функцияларын атқаратын, демократиялық, азаматтық, саяси және идеологиялық әр алуандықты білдіретін институт ретінде түзілуде деп айтуға толық негіз бар.
Дата добавления: 2015-09-07; просмотров: 5500;