Тәуелсіз Қазақстанның саяси даму жолын таңдаудың өзекті мәселелері.
Лекция
Азақстанның саяси жүйесі
1. Тәуелсіз Қазақстанның саяси даму жолын таңдаудың өзекті мәселелері.
- ҚР-да саяси жүйені реформалаудың стратегиялық бағдарламалары.
- Қазақстан саяси жүйесінің қазіргі жағдайы мен проблемалары.
Тәуелсіз Қазақстанның саяси даму жолын таңдаудың өзекті мәселелері.
Саяси жүйе деп елдiң саяси өмiрiне қатысушы мемлекеттiк, партиялық және қоғамдық ұйымдар жиынтығын түсiнемiз. Бұл жүйе қоғамның барлық элементтерiнiң интеграциялауын, оның бiртұтас саяси билiк арқылы орталықтан басқарылуын қамтамасыз етедi. Уақыты мен орнына қарай саяси жүйе әртүрлi мазмұнда болады, өйткенi жүйенiң басты компонеттерi саяси режимнiң (авторитарлық, демократиялық, диктатуралық), саяси жүйенiң типтерi (президенттiк, парламенттiк), билiк қатынастары (партия, үкiмет) және қоғамдық саяси репрезентация (плюрализм, корпоратизм) сияқты формаларына түрленедi. Кез-келген жүйе төмендегiдей сипатта болады: бөлшектерден тұрады, бөлшектер бiртұтас бүтiндi құрайды, жүйелердiң шекарасы болады.
Сонымен, қоғамның саяси жүйесi деп билiк жүргiзiп, қоғамда тұрақтылық пен тәртiптi қамтамасыз ететiн, әлеуметтiк топтар, таптар, ұлттар, мемлекеттер арасындағы саяси өзара қатынастарды реттейтiн ұйымдар мен мекемелердiң жиынтығын айтамыз.
Саяси жүйенiң мынадай құрылымнан тұрады: саяси институттар; саяси қатынастар; саяси ережелер; саяси мәдениет.
Саяси институттарға мемлекет, саяси партиялар, кәсiподақтар, кооперативтер, жастар, әйелдер т.б. ұйымдары мен бiрлестiктерi жатады.
Саяси қатынастарға таптардың, этникалық бiрлестiктердiң, тұлғалар мен қоғамның, азамат пен мемлкеттiң арасындағы қатынастар кiредi.
Саяси ережелер саяси институттардың өзара бiрлесiп әрекет етуiн қамтамасыз етедi және саяси жүйенiң ережелiк негiзiн құрайды.
Саяси мәдениет депсаяси мәдениет деп белгiлi бiр қоғамда немесе әлеуметтiк қауымдастыққа тән саяси сана мен iс-әрекеттердiң ұқсастық жиынтығын айтады.
Саяси жүйе бiрнеше қызметтердi атқарады (Г.Алмонд):
- белгiлi бiр әлеуметтiк топтың немесе көпшiлiк халықтың саяси билiгiн қамтамасыз етедi;
- қоғамдық қатынастарды реттейдi, мүдделердi артикуляциялайды;
- қоғамды бiрiктiреді, топтастырады;
- экономиканың қалыпты жұмыс iстеп дамуына жағдай жасайды;
- шешiм қабылдау және өзiндiк басқару жүзеге асырады;
- қоғам мүшелерiн iшкi және сыртқы жағымсыз әсерлерден қорғайды.
Саяси даму– сапалық өзгерістерге негізделінген, ішкі және сыртқы факторлардың ықпалына тәуелді, эволюциялық сипаттағы көпқырлы және күрделі процесс. Саяси даму, бұл саяси жүйенiң өзгерушi әлеуметтiк жағдайға икемдi бейiмделу қабiлетiнiң дамуы және талап-қолдау мен саяси шешiм-әрекет арасында керi байланыстың тиiмдi механизмiнiң қалыптасуы. Сонымен бірге, саяси даму– саяси жүйе мен басқару тәртібінің эволюциясы, саяси мінез-құлық пен саяси мәдениеттегі, азаматтардың саяси қатысу деңгейіндегі өзгерістер.
Қазақстан егеменді мемлекет болып қалыптасу үшін саяси дамудың ұзақ жолынан өтті. Қазіргі әлемдегі мемлекеттердің даму қарқыны мен бағыты көп жағдайда стратегиялық бағытының дұрыстығы мен көлеміне тәуелді болып табылады. Тәуелсіз Қазақстанның саяси даму стратегиясын даярлау мен жүзеге асырудағы жауапты да қажырлы еңбектің арқасында елімізде демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлемге ашық мемлекет құрылды.
Н.Ә. Назарбаев елімізде алдымен экономика содан соң саясат деген принципті ұстану міндетін ұсынды, дегенмен, қоғам өмірінің барлық саласында жүргізілетін реформалар тиімділігі саяси тұрақтылық пен демократиялық қағидалардың қоғам өмірінің барлық саласы мен саяси санаға саяси құндылық ретінде енуіне тәуелді. Сонымен бірге, экономикалық табыстар, қазақстандық әрбір отбасының әл-ауқатының артуы, өмір сүру стандарттарының өсуі де саяси дамудың жаңа кезеңіне қадам басуын талап етеді. Қазақстанда саяси тұрақтылықтың сақталынуы, бұл мемлекеттіміздің даму кезеңдерінде саяси реформаларға басымдық мән беруінің нәтижесі деп санаймыз. Бұл туралы Н.Ә. Назарбаев саяси дамудың қазақстандық жолы мына қағидатты ұстанды: «Халықтың көпшілігі қолдаған қазақстандық жол – сызбаны көз жұма көшіре салу емес, өзіндік жолды іздеуге ұмтылу. Мұнда біз басшылыққа алатын басты қағида – қан мен хаосқа толы демократия бізге керек емес. Біздің демократиямыздың негізі – саяси, әлеуметтік және халықаралық тұрақтылық».
Егеменденудiң қазақстандық нұсқасының негiзгi ерекшелiгi– бейбiтшiлiк және эволюциялық жолды таңдауы, бұл жалпыадамзаттық тұрғыдан алғанда үлкен жетiстiк болатын. Өйткенi адам құрбандылығын арқалаған тарихи өзгерiстер руханилық, әдiлеттiлiк әлемiнен алыс жатқан iс-әрекеттер болып табылады.
2.ҚР-да саяси жүйені реформалаудың стратегиялық бағдарламалары.Белгілісі, ұзақ мерзімге белгіленген саяси дамудағы стратегиялық міндеттерді шешуде кедергілер мен қиыншылықтар да кездесті. Дегенмен, Президент Н.Ә. Назарбаевтың ұстанған саяси стратегиялық бағытының тиімділігі нәтижесінде Қазақстанның саяси жүйесі даму жолына түсіп, халықаралық қауымдастықтың оң бағасына ие болды. Бұл жөнінде Н.Ә. Назарбаев «Мемлекетіміз бен қоғамымызды құрудың дұрыс стратегиясын таңдап алудың өміршең мәні бар. Екшеле талданып жасалған стратегиялық жоспар назарды жинақтайды, тәртіпке жұмылдырады және жәрдемдеседі», – деп атап көрсеткен болатын.
Еліміздегі саяси даму стратегиясының негізгі бағыттары «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасу және даму стратегиясы» (1992 ж.), «Қазақстан- 2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» стратегиялық бағдарламасы (1997 ж.), «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары»(2010 ж.) және «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» (2012 ж.) сияқты стратегиялық бағдарламаларда айқындалған.
Қоғамдық-саяси тұрақтылық уақыт бойынша тұрақты және өзгеріссіз болмайды. Бұл объективті және субъективті факторлар ықпал ететін қолдан жасалған процесс. Қазақстанның 20 жылдан аса әлеуметтік күйзеліссіз және этноконфессиялық шиеленіссіз болуы – бұл сөзсіз ел Президенті Н.Ә. Назарбаев пен оның командасының зор еңбегінің, өздерінің саяси шешімдерінде саясатта маңызы зор саяси көрегендік қабілеттеріне ғана емес, сондай-ақ саяси дамудың болжамдық нұсқаларын құрастыру мен жағымды және жағымсыз сәттерді қатал есептеуге негізделген салауатты прагматизмге де сүйенулері болып табылады.
Н.Ә. Назарбаевтың: «Айқын мақсатсыз адам да, билік жүргізуші құрылым да, қоғам да өмір сүре алмайды. Саналы мұратсыз, асқақ армансыз өмір сүретін адамдар ұсақ, тоғышарлық мүдде, жеке бастың бір сәттік материалдық пайдасын ойлау стихиясы сөзсіз арбап алады. Сөйтіп, соның салдарынан қоғамдық азғындау басталады. Бүгінде біздің қоғамымыздың бағытын көруге, оқиғаны болжап білуге, түпкі мақсатқа қол жеткізуге әркімнің сенімді болуына мүмкіндік беретін Қазақстан қоғамы дамуының айқын да нақты тұжырымдамасы, міне сондықтан да қажет», – деген сөзі бұл істің қаншалықты жауапты және аса күрделі екендігін көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еліміз егемендікке ие болған бойда «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты концептуалды еңбегі жарық көрді. Саяси жаңғыртудың стратегиялық жоспары мен тактикалық әрекеттері белгіленген осы, алғашқы стратегиялық бағдарламада саяси сала бойынша мынадай басым мақсаттарды шешу міндеттері ұсынылды:
- жас тәуелсіз мемлекеттің күшті президенттік республиканы қалыптастыру бағыты бойынша дамуы, президенттік билікке кезек күттірмейтін мәселелерді шешу үшін топтасуға және ырымшыл-жартыкештердің ақыл-кеңестері мен ізденулеріне көңіл бөлмей, қысқа мерзімде алғашқы кезектегі реформаларды жүргізуге мүмкіндік беру;
- демократиялық қайта құруды тереңдететін және көпұлтты қоғамды біріктіретін, жаңа саяси жетекшілер мен қызметкерлерді ұсынатын көппартиялық жүйені құру;
- негізгі саяси мақсат тиімді экономикалық реформалар үшін қажетті тұрақтылықты қалыптастыру;
- Қазақстанның егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери-саяси және экономикалық теңгерімнің көп жақтылығы мен әртүрлілігін геосаяси өзін-өзі анықтау үшін сақтау;
- адам құқығы мен демократиялық бостандықты сақтау негізінде Қазақстанның әлемдік аренадағы саяси салмағын арттыру. Жаңа дүниеге келген егемендi ел үшiн тұрғындарды барынша бiрiктiре түсу, әрбiр азаматының құқығы мен еркiндiгiн қорғауға бет бұру – маңызы үлкен саяси басымдылыққа айналдыру;
- Қазақстанның қолайлы геосаяси жағдайын әлемдік шаруашылық байланыстарға кіру технологиясына пайдалану.
Стратегия негізінде тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш рет қарулы күштер, дипломатиялық және кедендік қызметтер секілді мемлекеттік институттар қалыптастырылды. Мемлекеттік шекараны айқындап, нығайту жөнінде шаралар қабылданды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 1996 жылы елдегі реформа туралы «Қазақстан тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде орнықты, бейнелеп айтқанда, дүниежүзінің саяси картасынан өз орнын тапты. Мемлекеттілікті нығайту мен күшейту мәселелерін шеше отырып, ұлтаралық келісімге, саяси тұрақтылыққа, демократиялық үрдістердің дамуына, жаңа саяси инстиуттардың қалыптасуына ерекше маңыз бердік және береміз. Елімізде азаматтық құқықтар мен адам бостандығына басымдылық берілген» - деп жазған болатын.
«Қазақстан - 2030»Президенттік стратегиясы ұлттық бірлік пен әлеуметтік әділеттілік орнаған, халқының экономикалық әл-ауқаты жетілген, тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстан мемлекетін орнатудың теориялық-әдіснамалық базасын және оған жетудiң жолдары мен әдiстерiн айқындаған құжат. Президентіміз Н.Ә. Назарбаев айтқандай он бес жыл ішінде мықты стратегияға ие болып әрі табандылық таныта отырып, біз жолымызда кездесер кез келген күрделі кедергілерді абыроймен еңсере алдық. «Қазақстан-2030» стратегиясының жеті ұзақмерзімді басымдылықтары: ұлттық қауіпсіздік; ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның бірігуі; экономикалық даму; денсаулық пен білім беру және барлық қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруы; экономикалық ресурстар; инфрақұрылымның дамуы; кәсіби үкіметтің қалыптасуы жүзеге асырылды.
«Қазақстан-2030» стратегиясы еліміздің саяси жүйесінің дамуына, саяси жүйенiң өзгерушi әлеуметтiк жағдайға икемдi бейiмделу қабiлетiнiң жетілуіне және талап-қолдау мен саяси шешiм-әрекет арасында керi байланыстың тиiмдi механизмiнiң қалыптасуына алып келді. Еліміздегі саяси дамудың мақсаты саяси институттар және ашық түрдегi саяси жүйе арқылы бiрте-бiрте күрделенiп келе жатқан экономикалық және әлеуметтiк мәселелердi шешу болып табылады.
«Қазақстан-2030» стратегиясы жалпы ұзақмерзімдік мақсат пен ірі көлемді міндеттерге бағытталынған, мемлекет, партия және т.б. саяси институттардың саяси қызметті атқару бағыттары мен тәсілдерін анықтайтын басты құжат болып табылады.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей саяси жүйені жаңғыртудағы маңыздысы құрылымын өзгертуде емес, оның іс-әрекеті мен қызметін жетілдіруде. Сондықтан, саяси жүйені жаңғырту мыналарға:
- саяси институттардың жаңа проблемаларды шеше бiлу қабiлетiн арттыруға;
- қоғаммен ашық сипаттағы қатынасын жетілдіруге;
- саяси жүйенiң өзгерушi әлеуметтiк жағдайға икемдi бейiмделу қабiлетiн көтеруге;
- талап-қолдау және саяси шешiм-әрекет арасында керi байланыстың тиiмдi механизмiн жетілдіруге бағытталуы тиіс.
2007 жылы 16-мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының «Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңі – еркін демократиялық қоғамның жеделдетілген дамуы» атты бірлескен мәжілісінде Президент Н.Ә. Назарбаев мемлекеттік басқару органдары мен қоғамдық ұйымдар назарын қазақстандық қоғамды әрі қарай саяси дамыту мен жаңғырту міндеттеріне аударды. Стратегиялық маңызды «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы негізінде мемлекетіміздің басқару жүйесін президенттік-парламенттік модельге алып келетін жеті бағыт айқындалды. Олар, мыналар:
1. Билік өкілеттіктері мен жауапкершіліктерін қайта бөлу. Президент құзырында болып келген Үкіметті, Конституциялық сотты, Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыру Парламентке берілді. Парламент депутаттарының саны 38 адамға өсіп, 154-ке жетіп отыр. Сонымен бірге, Парламенттің Үкімет қызметіне тиімді бақылау жасау жөніндегі өкілеттеліктері күшейтілді. Енді Премьер Министрді, демек, бүкіл Үкіметті бекітуде басты рөл Мәжіліске тиесілі болатын болды.
2. Саяси партиялардың рөлін нығайту. Бұрын Мәжіліске партиялық тізіммен пропорционалдық жүйе бойынша 77 депутаттың 10-ы ғана сайланатын, енді 107 депутаттың 98-і сайланады. Бұл саяси партиялардың негізгі қызметті билікті иеленуге, жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ елімізде саяси партиялардың рөлінің артуына және партиялық жүйенің толығымен қалыптасуына алып келеді. Саяси партиялардың қызметін республикалық бюджеттен қаржыландыру да маңызды болып табылады.
3. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту. Мәслихаттардың өкілеттік мерзімін бес жыл деп белгілеу жергілікті органдардағы биліктің тұрақтылығын қалыптастырады. Сонымен бірге, мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру рәсімін жеңілдетілді. Бұл мәслихаттардың жергілікті билік жүйесіндегі саяси салмағын арттыра түседі. Мұнда мәслихаттардың рөлін көтеру арқылы билікті орталықсыздандыруға да белгілі бір қадамдар жасалған.
4. Сот жүйесін жетілдіру, мұнда судья қызметіне үміткерлерді іріктеу міндеті Жоғары сот құзырына беріледі. Бұл соттардың тәуелсіздігі мен толық дербестігін қамтамасыз етеді.
5. Ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету және Қазақстан халқы Ассамблеясын нығайту этносаралық тұрақтылықтың сақталуына, Қазақстандық патриотизмнің тамыр жаюына, халықтың этникалық қайта түлеуіне алып келеді. Бұл басқа ұлт өкілдерінің билік жүйесіне сенімін күшейтеді, астарлы түрде жүріп отыратын этникалық бәсекелестік құбылысын жалпыұлттық бірлікке қарай жетелейді. Елдің тұрақты дамуына бағытталған саяси жүйені жаңғырту негізін ұлтаралық татулық пен келісім құрайды.
6. Азаматтық қоғам институттарын одан әрі дамыту. Саяси даму, демократияландыру азаматтық қоғамды дамытпайынша жүзеге аспайды. Өз кезегінде, азаматтық бастаманы дамыту үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіби одақтар жүйесін нығайтпайынша мүмкін болмайды. Сонымен бірге, бұқаралық ақпарат құралдарын демократияландыру міндеттерінің қойылуы маңызды болып отыр.
7. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайту. Елімізде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдіктерді ұлғайту туралы ұсыныс жасалды. Бізде, Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің институты құрылған. Президент жанында Адам құқықтары жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Халықтың қоғамдық өміріндегі рөлін көтеру қажеттілігі де айтылды.
Саяси өмiрде азаматтардың талаптары, тiлектерi мен мүдделерiнiң саяси шешiмдерi түрiнде жүзеге асуы үшiн алдымен халықтың қалауы партиялар, сайлаулар мен БАҚ-тың қызметi арқылы мемлекеттiң билiк органдарына жеткiзiлiп тұрады. Ал, олардың жауап ретiндегi iс-әрекетi бiр жағынан саяси процесс түрiнде қабылданса, екiншi жағынан қоғамды институционалды бақылаудың тәсiлi болып табылады. Мiне осыдан, саясат пен саяси жүйе туралы азаматтардың базалық сенiмдерi және мемлекеттiң сипаты мен қасиеттерi туралы қатынастары туындайды. Жеткiлiктi қолдауларсыз саяси жүйе тиiмдi де сенiмдi түрде қызмет ете алмайды. Сондықтан да «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы негізінде өкілдік билік құрылымдарының, саяси партиялар мен БАҚ-тың рөлін нығайтуға мүмкіндіктің жасалуы маңызды қадам деп санаймыз.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында«Қазақстан-2050» Стратегиясы – жедел өзгермелі тарихи жағдайлардағы жаңа Қазақстанның жаңа саяси бағыты» бөлімінде міндеттердің жаңа парадигмасын ұсынып, қайда бет алдық? деген сұраққа жауап берілді. «Қазақстан-2050» стратегиясында жаңа саяси бағыттың мақсатының бірі ретінде «мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту» - басымдылығы ұсынылған (2-слайд).
«Қазақстан-2050» стратегиясында біздің мақсатымыз – мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру, ол қоғамға қызмет ету мен мемлекеттілікті нығайтудың жаңа міндеттеріне сай болуы тиіс - деп атап көрсетілген (3-слайд).
«Қазақстан-2050» стратегиясында жоспарлар мен бағдарламалар әзірлеуде мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту мақсаты алға қойылды (4-слайд).
Стратегияда орталықсыздандыру идеясы ұсынып, орталықсыздандыру – ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесінің сапалық өзгерісі, мәселелерді жергілікті деңгейде шешу жүйесін өзгерту – деп ескертеді (5-слайд).
Дата добавления: 2015-09-07; просмотров: 5128;