азақстан Республикасының партиялық-саяси құрылысының қалыптасуы мен дамуы

Лекция

 

1. Саяси партиялардың институттануы.

2. Көппартиялықтың қалыптасуы мен даму ерекшеліктері.

3. Қазақстандағы қоғамдық-саяси қозғалыстар.

4. Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі: дамуы мен негізгі сипаты.

 

1. Саяси партиялардың институттануы.Саяси партиялардың нығаюы мен тұрақты қызметі оның институттануына байланысты болады.Саяси партиялардың шынайы саяси өмірге қатысуының негізі оның қоғамның саяси жүйесінде институттануы болып табылады. Бұл институттанудың саясижәне құқықтық жақтары болады.

Еліміздегі саяси партиялардың қалыптасу үрдісіне тоқталсақ. Қазақстандық ғалымдар еліміздегі партиялық жүйенің қалыптасуын бірнеше кезеңдерге бөліп көрсетеді. Мәселен, зертеуші С.Дьяченкоеліміздегі партиялық жүйенің қалыптасуын6 кезеңге бөледі: 1. 1896-1920 наурыз, алғашқы саяси ұйымдардың пайда болуы; 2. 1920 ж. наурыздан - 1985 ж. сәуіріне дейін кеңестік кезең; 3. 1985 ж. сәуірінен - 1990 ж. тамызы, мемлекеттік тәуелсіздік, азаматтардың қоғамдық бірлестіктерінің көптеп пайда болуы; 4. 1990 ж. қыркүйегі - 1995 ж. наурызы, саяси плюрализмнің дамуы, партиялық ұйымдардың құрылуы, КОКП таратылуы; 5. 1995 ж. наурыз – 1998 ж. қыркүйегі, авторитарлық демократия жағдайындағы партиялардың дамуы, көппартиялықтың құқықтық негізінің қалануы; 6. 1998 ж. қыркүйегінен қазіргі кезеңге дейін, демократияландыру мен либерализацияның жариялануы.

Ал, зерттеуші А.Чеботарев Қазақстандағы көппартиялық жүйенің дамуындағы негізгі бес кезеңді атап көрсетті:1. 1985-1989 жж. бейресми бірлестіктердің пайда болуы; 2. 1990-1991 жж. 1-ші жартысы, көпұлтты және тек бір ұлт өкілдеріне негізделінген партиялардың, қозғалыстар мен ұйымдардың құрылуы; 3. 1991 ж. 2-ші жартысы - 1993 ж. коммунистік тәртіптің құлауы, тәуелсіз Қазақстанның құрылуы, партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің тіркеуден өтуі; 4. 1994 ж. - 1998 ж. саяси партиялардың сайлауға қатысуы; 5. 1998 ж. қазан айынан - қазіргі уақытқа дейін, пропорционалдық өкілеттілікті ендіру.

Саясаттанушы ғалым Г.Нұрымбетова ҚР заңдары негізінде партиялық жүйенің қалыптасуын мынадай кезеңдерге бөледі:

Бірінші кезең 1990 ж. - 1998 ж. аралығы.Елiмiздегi көппартиялық жүйенiң қалыптасуы жолындағы алғашқы қадам 1990 жылғы КСРО Жоғарғы Кеңесiмен қабылданған «Қоғамдық ұйымдар туралы» заң болды. Бұл Кеңес тарихында алғаш рет азаматтардың саяси партияларға, кәсiби одақтар мен қоғамдық ұйымдар құруға құқы мойындалған заң қабылданды.

1991 жылы, ҚазССР Жоғарғы Кеңесi мазмұны одақтас заңмен мазмұндас «ҚазССР қоғамдық ұйымдар туралы» заң қабылдады. Осы заң қоғамды демократияландыру барысында үлкен рөл атқарды. 1991 жылдың қыркүйегiнде Қазақстанның Коммунистiк партиясының мүшелерi оны Социалистiк партия ретiнде қайта құру туралы шешiм болып табылады.

1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы саяси партиялардың құқықтық мәртебесiн түбiрiмен өзгертті. Енді саяси партиялар қоғамдық ұйымдардың бiр түрi ретiнде ғана қарастырылды. Бұл идеологиялық және саяси пiкiр сан–алуандылығының мойындалуы әртүрлi саяси партиялардың құрылуына және олардың қызметiне құқықтық тұрғыдан негiз болды.

1992 жылы маусым айында «Қазақстанның халық конгресi» партиясы құрылса, 1993 жылдың ақпанында «Қазақстан халықтарының бiрлiгi», кейiннен партияға айналған, одағы құрылды. 1995 ж. Қазақстанның Демократиялық партиясы құрылды.

Саяси партиялардың құқықтық негiзiне 1995 ж. Конституция біршама өзгерiстер әкелдi. Осы өзгерістерге сәйкес саяси партиялардың құрылуы мен қызметiн саяси–құқықтық реттеу мәселесiне деген ұстаным өзгердi. ҚР Конституциясының 5-бабының 1-ші тармағында мемлекеттік органдарда партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi;
Осы баптың 4-ші тармағында республикадағы партияларды басқа мемлекеттердiң саяси партиялары мен кәсiптiк одақтары, дiни негiздегi партиялары, шетелдiк заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берiлмейдi деп жазылды. 19-баптың 1-ші тармағында әркім өзінің қай партияға жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы делінген.

Көппартиялық жүйенiң қалыптасуындағы заңнамалық негiздiң әрi қарай жаңартылуы, жетiлдiрiлуi 1996 жылы қабылданған «Қоғамдық ұйымдар туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдардан көрiнiс тапты. Қазақстан азаматтарының еркiн бiрiгу құқы осы заңдармен қамтамасыз етiлдi.

Бiрақ қоғамдағы тәуелсiздiк үшiн күрес барысында пайда болған, сөзбен жеткiзуге болмайтын, жалынның бәсеңсiгенiн байқаймыз. Мұны 1996 жылы Президент Н.Ә. Назарбаевтың өзi де атап көрсеттi «...Бiрақ бiр өкiнiштiсi, саяси партияларымыз осы кезге дейiн ер жету кезеңiнен шыға алмай жүр. Демократияны сырттан әкеп, дайын күйiнде орнату мүмкiн емес. Ол бiрте–бiрте орнығып, өмiр дағдысына, жетекшiлер мен бұқараның саяси ойлану машығына, ынтымақтасу құралына, қоғамды ұйымдастыру мен басқару жүйесiне айналуы қажет... Ондаған, тiптi жүздеген партиялар құрылып, оларды кейде авантюристер басқарып жатты. Әлеуметтiк, саяси, этникалық, дiни, топтық шиеленiстердiң шетiн жағдайында плюрализм мен саяси бостандық құрғақ ұранға айналып, қоғамның берекесiн қашыруға қызмет етуде».

Осы жылдары партиялық қызметтің белгілі бір деңгейдегі құқықтық негіздер қаланды. Бірақ саяси партиялардың қызметі тиімді болды және шешім қабылдаудағы ықпалы болды деп айта алмаймыз.

Осы бірінші кезеңдегі саяси партиялардың өкілетті ұйымдардағы рөлі қандай болды деген сұрақ туындайды. 1990 ж. сәуірі мен 1993 ж. желтоқсанына дейін қызмет еткен ҚР ХІІ шақырылымдағы Жоғары Кеңесі құрамындағы 359 депутаттың 17 депутаты Коммунистік партиядан, ал қалғандары ардагерлер, журналистер, композиторлар одағы сияқты қоғамдық ұйымдардан сайланды. Ал, 1994 ж. сайланған ХІІІ шақырылымдағы Жоғарғы Кеңесте мынадай фракциялар құрылды: Қазақстан Халық Бірлігі Одағы (ҚХБО – 32 адам), Қазақстан Халық Конгресі партиясы (ҚХК – 22 адам), Социалистік партия (12 адам) және Кәсіподақтар федерациясы (12 адам), сондай-ақ, негізінен кәсіби белгісі бойынша қалыптасқан 14 депутаттық топ болды. Қазақстан тарихында тұңғыш рет саяси партиялар мен қозғалыстар биліктің нақты тұтқаларына қол жеткізіп, мемлекеттік бағдарламалардың қалыптасуына және қабылдануына ықпал ету мүмкіндігін алды.

Сонымен, партиялық жүйенің қалыптасуының бірінші кезеңі мынадай өзгерістермен сипатталды:

0. КСРО-ның ыдырауы, тәуелсіз Қазақстанның құрылуы;

1. Алғашқы конституцияның қабылдануы;

2. Саяси белсенділіктің артуы, партиялардың құрылуы, тіркелуі;

3. Көппартиялық жүйенің заңдық негізінің қалануы, ҚР «Саяси партиялар туралы» Заңның қабылдануы (1996ж.)

4. Осы кезеңде партиялар саны 2-ден 10-ға көбейген. Бірақ партиялар халық пен мемлекет арасындағы байланыс орнату құрылымы рөлін атқара алмады.
Екінші кезең 1998 ж.- 2001 ж. аралығы, оны саяси партиялардың саяси жүйедегі рөлінің күшеюі кезеңі деп айтуға болады. Саяси партиялардың қоғамдағы рөлін арттыруда 1998 ж. Сайлау туралы заңға енгізілген толықтырулар ықпал етті.

1998 жылы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына енгiзiлген өзгерiстер де саяси партиялар қызметіне ықпал етті. Осыған орай Парламент Мәжiлiсiнiң құрамы он депутаттық мандатқа кеңейтiлiп, бара–бар өкiлдiк жүйесi бойынша және бiртұтас жалпыұлттық сайлау округiнiң аумағы бойынша партиялық тiзiмдер негiзiнде сайлау енгiзiлдi. Осы өзгерістерге сәйкес қазақстандық партиялар сайлау мен сайлау үдерiсiне қатысу арқылы қоғам мүдделерiн (азаматтық қоғамда сан–алуан мүдделер қатар өмiр сүретiнi белгiлi) жүзеге асыру құралына айналуы тиiс болды. Сөйтіп, 7% кедергiден өткен саяси партия Парламент Мәжiлiсiнен орын алуға мүмкiндiк алды. Партиялық жүйесі тұрақтанбаған ел үшін 7% кедергi тым жоғары екендігін айта кеткен жөн. Бұған қарамастан енгiзiлген өзгерiс саяси партияларға сайлау науқаны кезеңiнде шынайы бәсекелесуге мүмкiндiк бердi. Нәтижесінде 1999 жылғы президенттiк және парламенттiк сайлауларда саяси партиялардың қызметi жанданды. Орталық сайлау комиссиясынан тіркеуден өте алған президенттіктен үміткерлердің 4–інің 2–і саяси партиялардан ұсынылды.

1999 жылы 10 қаңтарда өткен Президенттік сайлауда «Қазақстан Республикасының Президентіне кандидат Н.Ә. Назарбаевты қолдау қоғамдық штабы» деп аталған қоғамдық бірлестік 1999 жылғы 19 қаңтардағы жалпы жиналысының шешімімен «Отан» республикалық партиясы болып қайта құрылды. Сөйтіп, партиялық алаңда биліктік күштердің бірігуі негізінде құрылған саяси құрылым дүниеге келді. Парламент Мәжiлiсi депутаттарының құрамындағы партия мүшелерiнiң саны да дәл осы 1999 жылғы сайлаудан кейiн түбірімен өзгердi. Егер 1994 жылы сайлау нәтижесiнде Жоғарғы Кеңесте саяси партия мүшелерi – 28,2%, 1995 жылғы Парламент Мәжiлiсiнде – 61,2% құраса, ал 1999 жылғы Парламент Мәжiлiсiнде – 84,4% құрады. Тек Отан партиясының 39 мүшесі Парламент депутаты болып сайланды. Олардың 12 – Сенат депутаты болса, 27 – Мәжіліс депутаты.

Сайлау жүйесiндегi өзгерiстерге байланысты партиялар санындағы өзгерiстердi де байқауымызға болады. Олардың саны 10–нан 15–ке дейiн көбейген. Бірақ партиялар санындағы өзгеріс сапалық өзгеріске айналды деп айту қиын. Қоғамдағы жетекші саяси субъектілер рөлін саяси партиялар емес билік органдары атқарды.

Үшінші кезең 2002 ж.- қазіргі кезеңге дейін.2002 жылы 15 шілде де «Саяси партиялар туралы» жаңа заң қабылданды. Жаңа заңда саяси партия азаматтардың, әртүрлi әлеуметтiк топтардың мүдделерiн мемлекеттiк билiктiң өкiлдi және атқарушы, жергiлiктi өзiн–өзi басқару органдарында бiлдiру және оларды қалыптастыру iсiне қатысу мақсатында олардың саяси еркiн бiлдiретiн ерiктi бiрлестiгi ретiнде айқындалды. Сөйтіп заңда саяси партия анықтамасынан мемлекеттiк билiктi жүзеге асыруға өз өкiлдерi арқылы қатысу жолымен азаматтардың саяси еркiн бiлдiре алады деген анықтау алынып тасталды. Бұл елiмiзде қалыптасып отырған саяси шындықты бiлдiрдi, себебi көппартиялық жүйе жағдайында саяси партиялардың барлығы бiрдей мемлекеттiк билiктi жүзеге асыруға қатыса алмайтыны белгілі. Демек, саяси партияларды саяси үдерiстiң белсендi субъектiсiне айналдыруға көп көңiл бөлiнді.

2002 жылы қабылданған заң саяси партияларды құруға және оны мемлекеттiк тiркеуден өткiзу талаптарын күшейтуге байланысты партиялар саны 2004 жылы 15–тен 12–ге дейiн кемiді. Бұрынғы заң бойынша саяси партияны құру үшiн елiмiздiң қандай–да бiр жерiнде тұратын он адамның бастамасы жеткiлiктi болса, ендi жаңа заң бойынша саяси партияны бiр мың адамнан кем емес, саяси партияның құрылтай съезiн шақыратын және облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың үштен екiсiнiң атынан өкiлдiк ететiн Қазақстан Республикасы азаматтары тобының бастамасы бойынша құру талап етілді.

Саяси партияны мемлекеттiк тiркеу талабындағы тағы бiр өзгерiс оның құрамында болуға тиiс партия мүшелерiнiң санына байланысты болды: саяси партияның құрамында партияның барлық облыстардағы, республикалық маңызы бар қала мен астанадағы әрқайсысында кемiнде 700 партия мүшесi бар құрылымдық бөлiмшелерiнiң атынан өкiлдiк ететiн кем дегенде 50 000 (бұрын – 30 000) партия мүшесi болуы талап етілді.

Әрине, саяси партияны құру және мемлекеттiк тiркеуден өткiзудегi сандық талаптардың қатайуын екіжақты бағалауға болады. Бiр жағынан, партияларға деген талапты жоғарылату арқылы, оның қоғамның саяси өмiрiндегi ролi мен беделiн көтеру. Себебi, саяси партиялар жеке адамдардың емес, қоғамның барлық топтарының мүддесiн бiлдiруi тиiс. Екiншi жағынан, тұрақты мүшелiктi талап ету бұқара халықтың саяси партиядан алыстауына, жатсынуына алып келу қаупі де болды. Себебi, көптеген азаматтар партия мүшесi болмай–ақ оның бағдарламасына сайлау науқаны кезiнде қолдау көрсетуiне болады. Ал олардан саяси партияға мүшелiкке өтудi талап ету керi нәтиже берерi сөзсiз.

«Саяси партиялар туралы» заңға енгізілген келесі өзгеріс те зерттеушілер мен партия қайраткерлерінің алаңдатушылығын тудырғаны анық. Заңға сәйкес саяси партиялар саяси және сайлау үдерiсiнiң негiзгi субъектiлерiнiң бiрі ретінде айқындалды. Егер 2002 жылға дейiнгi заң бойынша саяси партиялардың сайлауға қатысу құқы болып келсе, ендi жаңа заң бойынша ол мiндетiне айналды. Партияның өз мәртебесiн сақтауы сайлау науқанына қатысуына байланысты болды. Бұл кейбір зерттеушілермен демократияға жатпайтын тіптен заңсыз өзгеріс деп сыналды.

Бiздiң ойымызша, бұл талап өте орынды, әрi саяси партиялардың тиiмдi қызмет жасауына әсер етедi. Себебi, бiрiншiден, сайлау үдерiсiне қатысу саяси партиялардың маңызды функцияларының бiрi екенiн бiлемiз. Екiншiден, мұндай талаптың қойылуы саяси партиялардың қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстырушы, халық мүддесiн бiлдiрушi және жеткiзушi мiндеттерiн жүзеге асыруға толық мүмкiндiк бередi. Үшiншiден, саяси партиялардың тұрақты қызмет жасауы, сайлаушысы (таңдаушысы) тұрақты парламенттi қалыптастыруға жағдай жасайды. Яғни, бiр күндiк партиялардың саяси аренадан кетуiне көмектеседi.

Сонымен, саяси партиялар туралы жаңа заң кейбiр партияларға өз позицияларын нығайтуға мүмкiндiк берсе, ал кейбір партиялық–саяси ұйымдардың тiптен саяси аренадан кетуiне алып келдi.

Партиялық жүйедегі келесі өзгерістер 2006 жылы «Отан» партиясының ІХ съезінде «Асар» партиясымен бірігуі туралы қабылданған шешімге байланысты болды. Кейінірек қараша айында «Азаматтық» және аграрлық партиялары бірікті. Нәтижесінде партиялық алаңда ірі саяси күш – «Нұр Отан» партиясы қалыптасты.

2007 жылы жүзеге асырылған саяси реформа партиялар қызметіне тікелей әсер етті. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Парламент Мәжілісін қалыптастырудың жаңа тәртібі енгізілді: 107 депутаттың 98 партиялық тізім бойынша жалпыұлттық сайлау округінен пропорционалдық негізде, ал 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланады.

Осы өзгерістерге сай өткізілген 2007 жылғы Парламент Мәжілісіне сайлау нәтижесінде «Нұр Отан» Халықтық–демократиялық партиясы сайлаушылардың 88% дауысына, Мәжілістегі 98 депутаттық мандатқа ие болды. Ал сайлау науқанына қатысқан Жалпыұлттық социал–демократиялық партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан «Ауыл» социал–демократиялық партиясы, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы, Қазақстанның Патриоттары партиясы, Руханият партиясы 7 % кедергіден өте алмауына байланысты, парламентте бірде–бір орынға ие бола алмады.
Сонымен, қазақстандық парламент бірпартиялық негізде құрылды. Қазақстанда күштi екi партиялық немесе бес партиясы бар көппартиялық жүйенің қалыптасу мүмкiндігі азайып, басым партиясы бар бірпартиялық жүйе қалыптасып отырғаны тарихи шындық. Мұндай жағдай әлемдік тәжірибеде де кездеседі.

2007 жыл тәуелсіз Қазақстан тарихында саяси жаңару жылы, әрі Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалық ету туралы шешімнің қабылданған тарихи жыл екенін де айтып кетуіміз қажет. Себебі, осы шешім еліміздегі демократиялық үдерістерді одан әрі тереңдетіп дамытуды қажет етті. Сондықтан 2009 жылы «Саяси партиялар туралы» заң мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңға түзетулер енгізілді. Осы орайда, Саяси партиялар туралы заңға 2009 жылы 6 ақпанда енгізілген кейбір түзетулер мен толықтыруларға тоқтала кетелік. Себебі, бұл өзгерістер мақсаты Саяси партиялар туралы заңды либералдандыру болды.

Саяси партияны құру туралы 5 тармақшадан тұратын 6–бап құрамы 10 тармақшаға дейін кеңейтілді. Нақтылар болсақ, саяси партияны құру үшін құрамында кемінде он адам болатын ұйымдастыру комитетін құру, оны тіркеуден өткізу міндеттелді. Біздің ойымызша, ұйымдастыру комитетін құруды міндеттеу саяси партияны тіркеуден өткізуді күрделендіре түседі. Әрі саяси партияны ресми тіркеуден өткізу қатаң уақыттық шеңбермен нақтыланған.

Келесі өзгеріс партияны мемлекеттiк тiркеу үшiн қажетті 50 000 партия мүшесі 40 000–ға дейін кемітіліп, соған сәйкес талап етілетін партияның барлық облыстардағы, республикалық маңызы бар қала мен астанада кемiнде 700 партия мүшесiнің болуы 600 мүшеге дейін төмендетілді. Бұл сандардың өзгеруі саяси партияларды құруды болашақта белгілі бір деңгейде жеңілдетуі тиіс.

Келесі маңызы бар толықтыру саяси партияларды қаржыландыру мәселесіне қатысты. 2007 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес саяси партияларды мемлекеттік қаржыландыруға тыйым салу туралы ереже алынып тасталған болатын. Міне, осыған орай, заң «Саяси партияларға бөлінетін бюджет қаражаты» атты 18–1–баппен толықтырылды. Бірақ мемлекеттік қаржыландыру Парламент Мәжілісінде өкілдік ететін саяси партияларға ғана бөлінеді. Саяси партияларды мемлекеттік қаржыландыру партиялық жүйенің дамуына жаңа мүмкіндіктер берері сөзсіз. Тұрақты қаржылық көзі болған жағдайда саяси партиялар өздерінің басты қызметі – тұрғындармен жұмыс жасау, олардың мұң–мұқтажын билікке жеткізу, яғни билік пен қоғам арасындағы байланыс орнатушы механизм ретіндегі рөлін атқаруға мүмкіндік алады. Бірақ бұл өзгерістер тым үстірт болғандықтан партиялық алаңдағы саяси күштердің санына да, сапасына да аса әсер еткен жоқ.

2.Көппартиялықтың қалыптасуы мен даму ерекшеліктері. Партиялық жүйе- азаматтармен, мемлекетпен және басқа саяси институттармен әрекеттесуші әрі осы қоғамда қандай да бір деңгейде саяси-билік қатынастарына араласушы партиялардың жиынтығы. Партиялық жүйе партиялардың ресми санымен емес, олардың қаншалықты дәрежеде саяси биліктің қызмет етуі және құрыуы механизміндегі шынайы атқаратын рөліне байланысты анықталынады. Партиялық жүйенің қалыптасуына мына факторлар ықпал етеді:

1.қоғамның экономикалық даму деңгейі;

2.әлуметтік-таптық күштердің арақатынасы;

3.қоғамдық қатынастардың пісіп жетілуі;

4.халықтың этникалық құрылымы;

5.тарихи және діни дәстүрлер.

Көппартиялық жүйенiң қалыптасуындағы заңнамалық негiздерін мына заңдар құрайды:

6.КСРО Жоғарғы Кеңесi қабылданған «Қоғамдық ұйымдар туралы» заңы (1990ж.);

7.ҚазССР Жоғарғы Кеңесi қабылдаған «ҚазССР қоғамдық ұйымдар туралы» заңы (1991ж.);

8.ҚР алғашқы Конституциясы (1993 ж.)

9.ҚР екінші Конституциясы (1995 ж.)

10.Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң (1995ж.)

11.ҚР «Қоғамдық ұйымдар туралы» Заң (1996ж.);

12.ҚР «Саяси партиялар туралы» Заң (1996ж.);

13.«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына енгiзiлген өзгерiстер (1998ж.)

Қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы саяси партиялар тізімі:

1. «НҰР ОТАН» Халықтық-Демократиялық партиясы. Төраға – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Төрағаның 1-ші орынбасары - Байбек Бауыржан Қыдырғалиұлы «Отан» республикалық саяси партиясы 1999 жылдың қаңтарында құрылып, сол жылғы 12 ақпанда Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркеуден өтті. Партия мүшелерінің саны 607 557 адамды құрайды.

2. Қазақстан коммунистік партиясы.Партияның бірінші хатшысы - Алдамжаров Ғазиз Қамашұлы. Партия 1998 жылғы 27 тамызда тіркелген, 2003 жылғы 20 наурызда қайта тіркелді. ҚКП мүшелерінің саны 54 246 адамды құрайды

3. Қазақстан коммунистік Халықтық партиясы. Бірінші хатшысы – Ахметбеков Жамбыл Аужанұлы. 2004 жылғы 21 маусымда мемлекеттік тіркеуден өтті. Тіркеуден өту кезеңінде партия сапы 90 мың адам құрады.

4. Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясы. Партия төрағасы – Ғани Әлімұлы Қалиев. Партия 2002 жылғы 1 наурызда тіркелген. 2003 жылғы 2 сәуірде партия қайта тіркеуден өтті. Тіркеуден өту кезеңінде партия мүшелерінің саны 61 043 адамды құрады.

5. Қазақстанның патроиоттар партиясы. Партия төрағасы – Ғани Есенкелдіұлы Қасымов. Партия 2000 жылғы 4 тамызда тіркелген, 2003 жылғы 21 наурызда қайта тіркеуден өтті. Партияның мәліметтері бойынша оның құрамында 172 мың мүшесі бар.

6. Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясы.Партия төрағасы - Перуашев Азат Турлыбекулы.Партия 2002 жылғы 3 сәуірде тіркелген. Партия мүшелерінің саны 175 862 адамды құрайды.  

7. «Бірлік» саяси партиясы. Партия төрағасы - Сұлтанғалиев Серік Сұлтанғалиұлы.Партия 2003 жылғы 6 қазанда тіркелген. ҚР ӘМ Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті 2013 жылғы 17 маусымда «Руханият» партиясы ҚБ «Бірлік» саяси партиясы ҚБ-не мемлекеттік қайта тіркеуден өткізді. Партия мүшелерінің саны 72 000 адамды құрайды.

8. Қазақстанның «АЗАТ» Демократиялық партиясы. Төраға - Әбілов Болат Мұқышұлы Партия «АҚ ЖОЛ» ҚДП-ның бөлінуі нәтижесінде 2005 жылғы 29 сәуірде құрылған және 2006 жылғы 17 наурызда «Нағыз АҚ ЖОЛ» атауымен тіркелген. Мүшелерінің саны 97 157 адамды құрайды..

9. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП). Партия төрағасы: Жармахан Айтбайұлы Тұяқбай. Төрағаның орынбасары: Әміржан Сағидрахманұлы Қосанов. Партия 2006 жылғы 10 қыркүйекте құрылған. Мүшелерінің саны - 140 000 адам.

ҚР қазіргі (5-ші) Парламенттегі партиялар тізімі:

1. «Нұр Отан» партиясы, 83 депутат

2. «Ақ жол» партиясы, 8 депутат

ҚКХП-сы, 7 депутат. 3. Қазақстандағы қоғамдық қозғалыстар мен ұйымдардың классификациясы: 1. Экологиялық бағыттағы ұйымдар. Оларға жататындар «Невада-Семей» қозғалысы, «Арал-Азия-Қазақстан» халықаралық қоғамдық комитеті, «Табиғат» комитеті, т.с.с.; 2. Тарихи - ағартушылық қоғамдар: «Мемориал», «Әділет», «Ақиқат» және т.б.; 3. Әлеуметтік талаптар қойған ұйымдар: «Атамекен», «Алтынбесік», «Жерұйық» «Шаңырақ» және т.с.с.; ҚР жеке ұйымдар мен қозғалыстар: «Азат азаматтық қозғалысы. Негізгі мақсаты - толық саяси-экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізу, әлеуметтік әділеттілік жөне демократия принциптерін іске асыру, барлық азаматтардың материалдық және рухани өмірін қамтамасыз ету. «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы - жарғысы, бағдарламасы бар. Қоғамның мақсатының бірі - халықтың ескі әдет-ғүрпын қалпына келтіру, туған өлкенің тарихын зерттеу, қазақ және басқа халықтардың ұлттық тілін дамыту. Қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы бірнеше мақалалар және кітаптар жариялады. Қоғамның үш мыңнан астам мүшесі бар. Орыс қауымы (русская община)Әділет министрлігінде қыркүйектің 1-інде тіркеуден өтті. Қауымның іс-әрекеті жарғы және бағдарламасына сәйкес орыс және басқа да славян халықтарының рухани өркендеуінің, олардың мәдениетін, білімінің барлық дәрежесін дамытуға бағытталған, Қазақстаңда азаматтық қоғам құруға әсер етуі қаралған. Қауым "Русский вестник" атты газет шығарады, жастарды мүше етіп тартуға көптеген шара қолдануда Республикалық қоғамдық славян қозғалысы «Лад»1993 жылы наурыз айында құрылды, 10 мыңнан астам мүшесі бар, орталығы — Астана қаласында. Қозғалыстың негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасында тұратын славян халықтарының тілін, мәдениетін, рухани өмірін гүлдендіру, республикада демократияны, азаматтардың саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени құқықтары мен бостандығын, бейбітшілікті, халықтар достығын дамыту, нығайту. Қазақстанның әйелдер одағы. Бұл қоғамдық ұйым 1991 жылдың мамыр айында құрылды. Құрылу мақсаты - әйелдердің қоғамдағы саяси, әлеуметтік, экономикалық, рухани өмірдегі рөлін арттыру Қазақстанның жастар одағы. Құрамында 500 мыңнан астам мүшесі бар. Одақтың мүшелері - Қазақстанның мамандары мен жас ғалымдарының ассоциациясы, жастар кәсіпкерлігін дамыту. Ауғанстандағы соғыс ардагерлерінің ұйымы. Негізгі мақсаты -Ауғанстандағы соғыс ардагерлерін әлеуметтік бейімдеу, оларға медициналық көмек көрсету, оларды құқықтық және әлеуметтік қорғау, олардың отбасына моральдық-психологиялық, материалдық көмек ұйымдастыру, соғыста қайтыс болғандардың атын, ерлігін мәңгілік есте қалдыру, жастарды патриоттық және интернационализм рухында тәрбиелеу. Адам құқығы бюросы. Бұл қоғамдық ұйым адам құқығын іске асыру туралы қоғамдық бақылауды іске асырады, республикадан тыс жерлерге қоныс аударғысы келетін азаматтардың құқығын, республикадағы демократияның іске асырылуын қорғайды. Жұртшылық қауым бұл ұйымды өте жақсы біледі, тиісті көмектерін алып отырады. Қазақстан Республикасындағы Кәсіподақ федерациясы кеңесі. Кәсіподақ федерациясы - ерікті қоғамдық ұйым, кәсіподақ мүшелерінің құқығын және мүддесін қорғайды. 14 облыста облыстық және 22 салалық кәсіподақ бірлестіктері бар. Қазірде федерация 7,5 млн. кәсіподақ мүшелерінен, 43 мыңнан астам бастауыш ұйымдардан тұрады. Кәсіподақ ұйымдарына жергілікті жерлерде басшылық жасайтын 835 аудандық және қалалық, 209 облыстық кәсіподақ; қоғамдары бар. Федерация жұмысының негізгі бағыты - мүшелік ұйымдардың әлеуметтік-экономикалыұ, құқықтары мен мүддесін қорғау, еңбек, тұрмыс, мәдениет, спорт мәселелері туралы үкіметпен келісім жасау. Федерация кеңесі Парламенттің заң қабылдау мәселесіне қатысып, заң жобаларын жасайды. «Невада-Семей» халықаралық ядролық соғысқа қарсы қозғалыс. Бұл - еңбекшілердің еріктілік негізінде құрылған ұйымы. Қозғалыстың негізгі мақсаты - ядролық қаруды және соғысты адамзат өркениетінен аластау, ядролық сынақ жүргізілген аймақтар халқын экологиялық және әлеуметтік қорғау, табиғатты, адамды, мәдениетті қайта жаңғырту. Осы қозғалыстың бастамасына сәйкес Қазақстанда ядролық сынақ жүргізуге тыйым салынады, «ядролық қарусыз ел» деп жарияланды. Бүкіл әлем халқы бұл бастаманы қолдады. «Арал-Азия-Қазақстан» халықаралық қоғамдық комитеті. Бұл комитет 1987 жылы белгілі ақын М.Шахановтың бастамасымен құрылып, республика жұртшылығы оны мақұлдады. Оның мақсаты: Арал теңізі жағдайына, республикадағы экологиялық дағдарысқа қоғамдық пікірді аудару, Арал теңізін қалпына келтіру туралы жобалар мен бағдарламалар жасау. 4. Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесi.Заң шығарушы (өкілді) мемлекеттік органдарды сайлауда екі сайлау жүйесі қолданылады. Олар – тепе-тең және мажоритарлық жүйелер. Олардың белгілі бір үйлесімі негізінде дауыс берудің аралас жүйесі қалыптасады. Қазақстанда қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс» 107 депутаттан тұрады. Парламенті Мәжілісінің 98 депутатын сайлауда тепе-тең сайлау жүйесі қолданылады. Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Тепе-тең жүйе бойынша сайлау партиялық тізімдер үшін дауыс беру дегенді білдіреді. Тепе-тең сайлау жүйесінің негізгі мақсаты көппартиялық жағдайында партиялардың тепе-тең өкілдігін қамтамасыз ету болып табылады. Сайлау партиялық тізімдер бойынша жүргізіледі. Парламентке өту үшін партиялар міндетті түрде сайлаушылар дауысының 7% алуы тиіс, бұл заңнамалық кедергі болып табылады. Қазақстанда сайлауларды және референдумдарды өткізудің ережелері, рәсімдері мен негізгі ұстанымдары ең алдымен Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен, Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңымен, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының қаулыларымен белгіленеді. Қазақстан Республикасында сайлау азаматтардың өзінің сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асыруына негізделген. Бұл ретте Президентті, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Республика Парламеті Сенатының депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүргізіледі. Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерікті болып табылады. Азаматтарды сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжібүрлеуге, сондай-ақ оның ерік білдіруін шектеуге ешкімнің құқығы жоқ. Сайлау құқығының түрлері: Жалпыға бірдей сайлау құқығы – Қазақстан азаматтарының он сегіз жасқа толғаннан кейін тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне қарамастан, немесе кез келген өзге жағдаяттардан тыс, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы. Бәсең сайлау құқығы – Қазақстан азаматтарының, оларға қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда, Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Парламентінің, мәслихаттарының депутаты, немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшесі болып сайлану құқығы. Тең сайлау құқығы дегеніміз сайлаушылардың Президентті, Республика Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлауға тең негізде қатысады және олардың әрқайсысы тиісінше бір сайлау бюллетені бойынша бір дауысқа ие дегенді білдіреді. Сайлаушылар жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлауға тең негізде қатысады және олардың әрқайсысы тең дауыс санына ие. Кандидаттар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен белгіленген шекте сайлауға қатысуға құқылы. Төте сайлау құқығы – Президентті, Республика Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін азаматтардың тікелей сайлауы. Жанама сайлау құқығы – Парламент Сенаты депутаттарын сайлауға таңдаушылардың – мәслихаттар депутаттары болып табылатын Қазақстан азаматтарының қатысуы. Таңдаушылар сайлауға тең негізде қатысады және олардың әрқайсысы бір дауысқа ие. Президентті, Парламент пен мәслихаттар депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлауда дауыс беру сайлаушы-лардың ерік білдіруіне қандай да болмасын бақылау жүргізілуіне жол берілмейіндей жасырын болып табылады. Дауыстарды санау жүйесі Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның «Сайлау жүйелері» деп аталатын 9-бабына сәйкес, Президентті, Парламент Сенаты депутаттарын және Қазақстан халқы Ассамблеясы сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау кезінде дауыс санаудың мынадай жүйесі қолданылады: Мыналар: 3. дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентінен астамының дауысын алған; 4. қайта дауыс беру кезінде басқа кандидатқа қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) дауыс санының көпшілігін алған кандидаттар сайланған болып саналады. Парламент Мәжілісінің партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттары біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер бойынша сайланады. Мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде басқа кандидаттарға қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың дауыс санының көпшілігін алған кандидат сайланған болып саналады. Өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау кезінде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшілігі жақтап дауыс берген кандидаттар сайланған болып саналады.

 


<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>
Построение сечений тора | Азақстан Республикасының әлеуметтік жаңғыруы.




Дата добавления: 2015-09-07; просмотров: 10404;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.032 сек.