Азақстан дамуының идеологиялық аспектілері

Лекция

1. Қазақстан Республикасында жаңа мемлекеттік идеологияның қалыптасуы.

  1. Ұлттық идея мен идеологияның өзекті мәселелері.
  2. Қазақстандық патриотизм: түрі, мақсаты мен міндеттері.

1 Саяси идеология ұғымы мен мәні.Саяси идеология мемлекеттiң және маңызды саяси институттардың қызметтерiн бағыттаушы саяси сананың ең ықпалды формасы және ол билiктiк қатынас мазмұнына ықпал етеді, әрi белгiлi бiр топтың рухани құралы болып табылады. Саяси идеология ұғымы саяси процестердегі маңызды көзқарастарды, саяси саланың дамуындағы заңдылықтарды ашып көрсетеді.

Саяси идеология ұғымының (оны ағартушылық дәуiрiнiң философы француз Антуан Луи Клод Дестют де Траси енгiзген) мазмұны ғылымда әртүрлi түсiндiрiлуде. Мәселен, В. Парето саяси идеологияны «сезiм тiлi» болып табылатын интеллектуалдық жүйе және адам iс-әрекетiнiң оятушы ниетін (мотивiн) бейнелейді деп есептедi. Идеология теориясының негiзiн салушының бірі К. Маркс, идеология дегеніміз қоғамдық тұрмыс пен өндiрiстiк қатынас қарама-қайшылығынан туындаған елестiк сана формасы деп тұжырымдаған. К.Маркс замандасы К. Мангейм, идеологияны «ерiктi мистификация» жүйесi деп анықтады. Бiрақ, ол идеологияның қызметтiк сипатына, әсiресе адамдарды бiрiктiру қабiлетiне, саяси энергияны аккумуляциялауына ерекше мән бердi. Бұл идеяларға қарама-қарсы пiкiр бiлдiрген Д. Истон мен А. Конноли, олар идеологияның көңiл-күйлiк жағынан гөрi құндылықтық мазмұнына ерекше мән берген болатын. У. Матц идеология тек күрделi саяси дағдарыстар кезiнде ғана саяси аренаға шығады деп есептейдi, ал А. Хабермас, идеология мен бұқаралық мәдениет бiр деп санады. Американдық теоретик Л. Саджент идеология саяси дамудың белгiлi бiр мақсаттары мен құндылықтарын қалыптастырады, сонымен бiр уақытта практикалық мәселелердiң шешiлуiн қиындатады деген. Г. Лассуэл идеологияны саяси бiрлестiктердi қандай да бiр қолдауға бағытталған коммуникацияның көптүрлiлiгi деп түсiндiрдi. Оның ойынша, бұл мағынада ол өзiне қоғамдық санаға бағытталған мынадай элементтердi қамтиды: саяси доктриналарды, саяси формуланы (конституцияның негiзгi ережелерiнiң мазмұны) және саяси миранданы (аңыздар, мифтер, рәсiмдер т.б.).

2 Саяси идеологияның негiзгi қызметтерi мен түрлері.Саясаттану оқулықтарында идеологияның мына қызметтері атап көрсетілген:

1 танымдық қызметi, ол арқылы саяси жүйенi, саяси өмiрдi танып бiлемiз;

2 бағдарламалық қызметi, ол қоғам, әлеуметтiк даму, саяси тұлға, билiк т.б. туралы түсiнiк берiп, адамдардың iс-әрекетiне бағдар берiп отырады;

3 жұмылдыру, iске тарту қызметi, жоғары құнды идеяларды, мақсат-мүдделердi айқындап, оның жүзеге асырылуына түрткi болу, әлеуметтiк топтарды жұмылдыру, рухтандыру;

4 бағалау қызметi, халық санасында қоғамның дамуына баға берерлiк жағдай жасайды, үстемдiк етiп отырған қоғамдық тәртiп туралы белгiлi бiр көзқарасты тудырып, қалыптастырады.

Саяси идеологияның әрекет ету деңгейi де әртүрлi болып табылады:

теориялық-концептуалды, белгiлi бiр таптың құндылықтары мен идеалдарын ашатын немесе қандай да бiр саяси даму мақсатын ұстанатын басты ережелердi қалыптастыру;

бағдарламалық-саяси, әлеуметтiк-философиялық қағидалар мен идеалдар саяси элита бағдарламасына, ұрандары мен талаптарына айналады, сөйтiп басқарушылық саяси шешiм қабылдаудың қалыптық негiздерi және азаматтардың саяси iс-әрекетiнiң ниеттемесі қалыптасады;

өзектендiрiлген, яғни азаматтардың аталған идеологияның мақсаты мен қағидаларын игеруiн, оны саяси iске және әрекетке айналдыру деңгейiн сипаттайды.

Көптеген батыстық теоретик-саясаткерлер үшiн идеология дегенiмiз:

әлем туралы ғылыми емес бiлiм, ол адамдар санасын манипуляция-лаудың құралы немесе саяси насихаттау саласындағы психологиялық әдістердің жиынтығы;

«жалған сана», қоғамның үстемдiк етушi күшiмен оған деген көзқарастардың арасындағы қатынастың қоғамдық негiзiн жоққа шығару, үгіт-насихатпен табысу;

тұжырымдар, идеялар жиынтығы, қандай да бiр саяси жүйедегi лидерлердің басшылығын ақтау мақсатындағы жеке адамдар мен халықтың қолдаулары;

көптүрлілік, белгiлi бiр әлеуметтiк топтардың әлеуметтiк бiлiмдер-iнiң немесе құндылықтық бағдарларының әртүрлiлiгi.

Батыс әдебиеттерiнде идеология проблемасына екi көзқарасқалып-тасқан: 1) идеологияны жалған сана, субъективтi ойлау деп түсiну; 2) идеологияның құралдық-қолданбалы жағына үлкен мән беру.

Сонымен, идеология дегенiмiз адамдардың үлкен әлеуметтiк топтарының iс-әрекетiне бағдар берiп, олардың мақсат-мүдделерiн бiлдiретiн және қорғайтын идеялар мен көзқарастар жүйесi.

Саяси идеологияның негiзгi түрлері:

1 Либерализм мен неолиберализм.Классикалық либерализм идеясы буржуазиялық революция дәуiрiнде пайда болады. Либерализм (liberalis- ерiктi) идеологиялық ағым ретiнде ХVІІ-ХVІІІ ғ.ғ. ағылшын-американ және т.б. батыстық ағартушылардың саяси философиялары негiзiнде қалыптасты. Оның негiзгi өкiлдерi: Дж. Локк, Ш. Монтескье, А. Смит, И. Кант, Т. Джефферсон, А. Токвиль. Бұл идеология феодалдық қоғам ыдырап, буржуазиялық қоғамдық қатынастар пайда болуымен бiрге қалыптасты. Бұл кезеңде буржуазияға саяси билiктi өз қолына алуы үшiн либералды саяси доктриналар керек болды. Либерализм мына қағидаларға сүйенедi:

барлық адамдар табиғатынан дене және ақыл-ой қабiлетi жағынан тең. Қабiлеттер теңдiгi олардың өз мақсаттарына жетудегi теңдiгiн ұсынады;

адамның жеке бостандығы, оның табиғи құқығы және жеке меншiкке құрмет, оның өмiрiнiң негiзiн құрайды. Табиғи бостандық пен теңдiктi тану − адамның алғашқы бастама жағдайын тану (Дж.Локк).

барлық адамдар тең ғана емес, сонымен бiрге дербес те болып жаратылған. Сондықтан да ол өзiн-өзi басқару құқығына ие. Басқару формасының ең тиiмдiсi − азаматтарының еркi кең болғаны.

Сонымен, либерализм қағидалары: адамның еркiндiгi, тұлғаның табиғи құқығы мен бостандықтарының байланысы, олардың мемлекет және қоғам мүддесiнен жоғары тұруы. Либерализмнiң мұраты /идеалы/ саяси демократия қағидаларының қалыптасуы мен жетiлуiне, дамуына зор ықпал ету.

Либерализмнiң экономика саласындағы негiзгi қағидалары: адамның жеке меншiкке құқығы, нарықтың, бәсекелестiктiң, кәсiпкерлiктiң еркiндiгi, экономикалық iс-әрекеттiң мемлекетке тәуелсiздiгi.

ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы әлеуметтiк дағдарыстар либерализм идеологиясының әлсiздiгiн көрсеттi. Сондықтан либерализмдi қайта қарап, жаңғыртқан жаңарған либерализм пайда болды. Оның негiзiн салушылар: Ф. Хайек, Дж. Кейнс, Дж. Гэлбрейт т.б. Жаңарған либерализм идеологиясы бойынша мемлекет экономика мен әлеуметтiк салада белсендiлiк танытуы қажет. Олар плюралистiк демократия идеясын ұсынды. Либерализм идеологиясы Жапония, Англия, Австрия, Канада т.б. елдерде кездеседi.

2 Консерватизм және неоконсерватизм. Консервативтiк идеология (konserbatus − қорғаушы) ұлы француз революциясының саяси идеяларына қарама қарсы идея ретiнде дүниеге келдi. Олар монархиялық билiктi, феодалдық қоғамдық құрылысты, оның саяси-мәдени құндылықтарын сақтағысы келдi. Консерватизмнiң негiзгi өкiлдерi: Э. Берк, Ж. Местр, Ф. Савиньи т.б. Олар ортағасырлық әдет-ғұрып, дәстүрлер қоғам өмiрiнде шешушi рөл атқарады, сондықтан оны қалпына келтiру керек деп санады. Консерватизмнiң идеялық-саяси негiздерi мыналар:

адамзаттың ежелгi моралдық дәстүрлерiн сақтау, ата-бабалардың даналығына құрметпен қарау;

мақсаты мен мазмұнына қарамастан ескi басқару тәртiбiн артық көру, оны қорғайтын сана жүйесiн қолдау;

саяси қатысу мен әлеуметтiк тәртiптiң белгiлi бiр бағдарлары мен қағидаларын қолдау;

қоғамды рухани ақиқаттылық ретiнде тану. Қоғамның негiзгi сипаты тәжiрибе, дәстүр, мәдениет қажеттiлiгiмен анықталынады деп санау.

ХlХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында консервативтiк идеологияға өзгерiстер енгiзiлдi. Ол еркiн нарықтық қатынастар, алуан түрлiлiк, саяси демократия принциптерi едi. Сондықтан ХХ ғасырдың 70 жылдарында Батыс Европада жаңарған консерватизм бағыты пайда болды. Ол жеке адамның бостандығын, құқықтарын жоғары қойды. Мемлекеттiң экономикалық, әлеуметтiк қызметтерi едәуiр шектелдi. Мемлекет меншiгi шектелдi, жекешелендiру негiз алды, бұрынғы билiктегi аристократия артықшылығынан бас тартты. Жаңарған консерватизм өкiлдерi: Р. Рейган, Д. Буш, М. Тэтчер т.б. Олар жаңа экономикалық құрылымды, әлеуметтiк-адамгершiлiк құндылықтарды либералдық және социалистiк негiзде жаңартты. ХХ ғасырдың 80 жылдары консервативтiк партиялар Англия, АҚШ, ГДФ-да жеңiске жетiп, билiк басына келдi.

Қазақстанға жаңа идеологияның қажеттілігі туралы. Соңғы жылдары біздің қоғамымызда идеологияғы деген тым жағымсыз қатынас қалыптасты. Жетпіс жыл идеология қысымы астында өмір сүрген азаматтарымыз одан шаршағаны сонша, тіпті оның атының өзі оларға ұнамсыз болды. Бірақ, қоғам идеологиясыз өмір сүре алмайды. Идеологиялық вакуум болмайды деген ескі ақиқаттылық дұрыс болып шықты. Біздің қоғамдық санамызда бос орын пайда болған кезде оны либералистік, ұлттық, діни т.б. идеялар толтыра бастады.

Соңында адамдар тіпті ешбір рухани бағдарсыз, құндылықсыз, идеалсыз қалды, руханилықтан және әлеуметтен айырылу адам үшін үлкен қайғы болып табылады. Қоғам рухани бағдарсыз адамдардан тұрса, ол дағдарыстық жағдайға ұшырайды. Онда адамгершілік төмендейді, қылмыс көбейеді, қалыптастырушылық қызмет мотивациясы, адамдар келісімі төмендейді. Бұның кейбір көрінісі қазір бізде байқалды.

Әлеуметтік, экономикалық дағдарыстардың себептері саясат, экономика, техникалық арта қалушылықта деп санау заңды сияқты. Дегенмен, кейбір политолог, социолог, философ ғалымдар ойынша бұл дағдарыс тамыры тереңде жатыр, ол көрінбейтін адамгершілік саласында, кеңірек алсақ санады. Бұл дағдарыстан шығу үшін ортақ идеяны ойлап табу керек, оның төңірегіне адамдар жиналған болар еді, олар қоғам проблемаларын бірге шешер еді. Бұл идеялар, көзқарастар, құндылықтар идеология болып табылады.

Сонымен, тәуелсіз Қазақстан әлемдік қауымдастықта лайықты орын алуы үшін жаңа идеологияны қалыптастыру қажет. Мұнда мынадай сұрақ туындайды, қазіргі жағдайдағы Қазақстанда идеология қандай болуы керек? Идеология, билік жүргізіп отырған саясатпен тығыз байланысты болады, бірыңғай саяси-идеологиялық кешенді құрайды. Өз тәуелсіздігін алған Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі мазмұнын экономиканы көтеру, қоғамды демократияландыруды тереңдету мен кеңейту, ұлттық мәдениетті қайта жаңғырту, әлемдік өркениетке ену құрайды. Саяси тілмен айтқанда, бұл Қазақстанда әлеуметтік саясат модернизациясын жүргізу деген мағынаны білдіреді.

Сондықтан Қазақстандағы жаңа идеология оның әлеуметтік модернизациясының идеологиясы болуы керек. Бірақ қысқа уақытта дамыған азаматтық қоғамға жетуге, тоталитаризмнен демократияға бірден секіріп өту мүмкін емес. Ол үшін ұзақ өтпелі кезең керек. Сондықтан қазір елімізге өтпелі қоғамның идеологиясы керек. Мұнда президент билігінің басымдылығы, мемлекеттің қоғамды тоталитаризмнен авторитаризмге алып келудегі рөлінің басымдылығы анық байқалады. Мемлекеттің белсенділігі мұнда сөзсіз қажеттілік болып табылады.

Ұлттық идея - ұлттың сол тарихи кезеңде өзін-өзі тануынан көрініс табатын ұлттық санада басымдыққа ие көзқарастар. Зерттеушілер бұл үғымның екі қырына баса маңыз береді. Бір жағынан, қауымдастықтың өзін-өзі ұлт деп танып, түйсінуі, екінші жағынан оның ерекше тарихи адамдар қауымдастығы ретіндегі өз көзқарастары, ұстанымдары, құндылықтары жайлы жалпақ әлемге жар салуы.[1]

Иделогия дегеніміз не? Идеология – ілім, қоғамдық сана (грекше – ідса – ой, пікір, идея + логос – сөз). Идеолог – таптың немесе қоғамдық топтастықтың ойын білдіруші, идеялық мүддесін қоғаушы деген түсінік. Қазақ совет Энциклопедиясының 4 – томында ол «таптың, әлеуметтік топтардың мүддесін білдіретін, қоғамдық сана, философиялық, моральдық, эстетикалық және діни көзқарастар мен теориялардың жиынтығы» деген анықтама берілген.

Алғаш рет «идеология» деген терминді француз философы және экономисі Де Гресси (1754-1836) қолданды. Ол «Идеологияның элементтері» деген төрт томдық еңбек жазған. Оның пікірінше, идеология идеялар туралы ғылым, ол барлық табиғат және қоғам туралы ғылымдардың, саясат, этика және тағы басқа әлеуметтік құбылыстардың негізіне жатуға тиіс. Бірақ «идеология» деген сөздің кең тарауына себепкер болған адам – Наполеон Бонапарт. Ол либерал журналистерді, саясатшыларды «идеологтар» деп атап, оларды жаратылыстанумен айналысатын ғалымдарға және шынайы әрекет иесі белсенді адамдарға қарсы қойды. Фрнацуз императоры саяси сайқалдыққа тұрақсыз және алдамшы қоғамдық пікірге көп көңіл аударатын мемлекеттік қайраткерлерге жиіркенішпен келемеждеп қарайтын.

Осы кезде қоғамның күнделікті өмірінен, алдында тұрған көкейтесті мәселелерден және мемлекеттің шынайы саясатына алшақ идеяларды қоштап таратушы адамдарды «идеологтар» деп атады. К.Маркс пен Ф.Энгельстің 1845 жылға дейінгі жазылған еңбектерінде де «идеология» деген термин осы мағанада қолданылады. Бұл кезде Германияда Гегельдің философиялық мектебі ыдырап, тұрпай социалистік теориялар пайда болды. Маркс пен Энгельс осындай идея, түсініктердің жиынтығын менсінбей, «неміс идеологиясы» деп атады.

1845 жылдан бастап олар идеология туралы өз түсініктерін қалыптастырды. ХІХ және ХХ ғасырлардағы идеология туралы айтылған ой-пікірлер маркстік пікірмен ұштасып, сабақтасып жатыр. Маркстік идеологияның мәні туралы түсінігінің қалыптасуында екі кезеңді ажыратуға болады. Бірінші кезеңде идеология өзіндік негізі, тірегі жоқ жалған сана деп түсіндіріледі. Идеологиялық ғылымға, әсіресе, Маркс пен Энгельс қалыптастырған тарихқа материалистік көзқарасқа қарсы қойылады. Олар идеологияға философиялық идеализмді де жатқызады.

Идеологияның мәнін пайдаланудың екінші кезеңі К.Маркстің «Капиталды» жазуымен (1857) байланысты. Бұл кезде идеология тілек, мақсат (топтық, таптық және т.б.) тұрғысынан шындықты бейнелейтін сана ретінде түсіндірілді. Осылайша идеология дегеніміз жеке тілек, мақсатты ғылым, көркемөнер, мораль, саясат, құқық тілінде көтермелеп өткізу, жұртшылықтың санасына арбап құю. Осы мақсатта ғылым тілінде, ғылыми терминологияға көп жүгінеді. Идеологияландыру саналы түрде және санасыз түрде де жүзеге асырылады.

К.Маркс бұл кезде идеологияны тек ғылымға ғана емес, жалпы еркін рухани өндіріске, яғни барынша объективті, сондықтан да жалпы (жеке емес) тілек, мақсатты білдіруге бағытталған танымдық, көркемдік және басқа қызметке қарсы қояды. Экономикалық теория саласында К.Марск а) экономикалық шындықты объективті түрде танып білуге ұмтылған классикалық саяси экономияны және ә) осы теория құралдарын пайдаланып, таптық мүддені анықтап, шындықты танып білуге ұмтылатын тұрпайы саяси экономияны ажыратып көрсетеді. Сол сияқты К.Маркс ғылым мен идеологияны бір-біріне жалпы, абстракты түрде қарсы қоюға болмайтындығын, ғылымының өзінде идеологияландыру кезеңі, сәті кездесе беретіндігіне көңіл аударады.

Осы жайды ол физиократтардың, А.Смит, Д.Рикардо еңбектерін талдау үстінде байқап көрсетеді.

Идеологияның бұл түсінігі бірінші кезеңде қалыптасқан түсініктен ерекше, сонымен бірге оның негізгі сәттерін де ұмыт қалдырмай қабыл алған. Өз ілімдерін Маркс пен Энгельс жалған сана ретінде идеологияға қарсы қояды, әрі оны объективтік таным және білімнің синонимі ретінде теория не ғылым деп есептеді. Осы жәйді дұрыс түсінбеген В.И.Ленин кейін «ғылыми идеология» деген жаңсақ пікірді ұстанған СОКП «партиялық идеология», «партияның идеологиялық саясатын» тым жоғары көтерді. Бірақ К.Маркстің кемеңгер ғалым, оның мұрасының уақыт таразысынан өтіп, болашақпен үндесіп жатқан жақтарын да мол екендігін де ұмытпаған жөн. Маркстің идеология туралы айтқандары – соның дәлелі.

Сонымен, иделогия бүгін ғана қалыптасқан ұғым емес. Қоғамдық-экономикалық формациялармен, мемлекеттік құрылыспен қатар туып, байланысты дамып келе жатқан табиғи да толассыз қоғамдық құбылыс. Идея, идеология дегеніміз тек қалыптасып қалған қасаң түсінік емес, даму барысында күн тәртібіне қойылып отыратын мақсат-мүдде. Болмаса – идеология дегеніміз белгілі бір мақсатқа бағытталған идеялар жүйесі. Осы идеяларды жүзеге асыру арқылы ұлттық немесе әлеуметтік топтың түпкілікті мақсатқа жетуі көзделеді.

Сонымен идеология жеке мүддені қолпаштайтын белгілі бір жүйеге келтіріліп, өңделген көзқарастардың жинтығы болып табылады. Мұндай жүйелерді арнай идеологиялық қызметкерлер жасайды.

Көп партиялық қоғамда айқын анық бірнеше идеология өмір сүреді. Олардан мемлекеттік идеология жоғары тұрады. Мемлекеттік идеология – бүгінгі күнде үкіметті қолында ұстап отырған партияның идеологиясы.

Унитарлық мемлекетте жалыз ресми идеология болады. Ал басқа идеологиялар болса олар қалтарыста өмір сүреді. Егер үкімет қатаң тәртіпті ұстанса, мемлекеттік идеология міндетті, оның идеялары, қағидалары, ұрандары жұттың барлығы бұлжытпай орындайтын заңға айналады. Мұндай тәртіп орнаған елдерде мемлекеттік идеология екі дәрежеде кездесуі мүмкін. Мысалы, нацистік Германияда мемлекеттік идеология, біріншіден, халық бұқарасына бір талап қойса, екіншіден, элита, ел басшыларына басқа міндет жүктейді. Ал И.В.Сталиннің диктатурасы кезінде біздің елде мемлекеттік идеология қарапайым халық пен басшылардың барлығына бірдей ортақ міндет жүктеді.

Сонымен идеология адамдарды саяси және экономикалық міндеттерді шешуге топтастыру мен жұмылдырудың уақыт таразысынан өткен тәсілі, әлеуметтік мінез-құлыққа қалыптастыру механизмі.

Осы тұста бір-екі жанама мәселерге назар аударған жөн. Оның бірі – түсініксіз қоғамдық пікір қалыптасып қалғандай: кешегі коммунистік идеология мен бүгінгі тәуелсіз еліміздің идеологиясы арасында бір бос кеңістік, қуыс (вакуум) пайда болды, қоғам бір кезең идеологиясыз қалды деген қағида. Осының өзі ақиқатқа жата ма деген сұрақ туады.

Қарсы пікіршілеріміз сол идеологиялық қуыстың дәлелі ретінде – империялық идеологияның «қазасын», оның өзімен бірге ала кеткен идеологиялық мекемелерін уәж етеді. Идеологияны тек оны ұйымдастырушы, жүргізуші аппараттың қызметінде бағыныштылық жағдайда қоюға бола ма? Жаңа құрылып жатқан идеологиялық бөлім қызметкерлері де әлсін-әлсін сездіріп қалады: міне, енді Президент те түсінді, әкімшіліктерде мойындай бастады, сондықтан ішкі саясат бөлімдері құрылды – идеологияның негізгі нұсқасы салынды, идеологиялық жұмысқа жағдай туа бастады. Осы дәлелдеме де қаншалықты өзін ақтар екен? Бір-ақ мысал келтіре кетелік, коммунистік партияның түкірігі жерге түспей, бір жақты моноидеологияның «патшасы» болып, бір орталықтан өзі пішіп, өзі шешіп тұрғанда да жергілікті идеологияны басқарған төрайымдар мен төрағалар арнайы мәжілістер мен жиналыстар, насихатшылар, лекторламен кездесулер төрінің тұрақты «құрметті қонақтары» болғанымен, басым көпшілігі аузын бір ашпастан, идеологиялық иісін де ажыратпастан, қоғамнан өткені ақиқат емес пе? Бүгін де кейбір мәдени-рухани құбылыстар сол өткен кезеңдер ұқсастығын сездіреді. Осындайда «… кешегі идеялық басыбайлылық пен идеократиялық үстемділікті қайта тірілтіп аламаймыз ба деген қауіп басым түсіп жатады». («Егемен Қазақстан», 16 қараша 1993 жыл).

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының өзіне тән мемлекеттік идеологиясын қалыптастыру, оны бұқара арасында жаю, сол арқылы қазақ қауымын, қала берді елімізді мекендеуші ұлт пен ұлыстарды ортақ іске мемлекетті нығайту ісіне жұмылдыру үлкен жұмысқа айналып отыр.

Кешегі коммунистік идеологиядан мезі болған Ресей жұрты ешқандай да идеологияның қажеті жоқ, мемлекеттің құдіретін адам құқығын сақтауға бағыттап, белгілі бір реттеушілік қызметтерді атқарумен шектеу керек деп жатқанда, біз Қазақтанда өз идеологиямызды қалыптастыруды қолға алғанымыз қалай деген заңды сұрақ көкейге оралары сөзсіз. Мұның өзі Ресей мен Қазақстанның қазіргі өміріндегі айырмашылықтардан – еліміздің демографиялық, геосаяси ерекшеліктерінен – туындап отыр. Ұлтаралық келісім, олардың белгілі бір дүниетанымдық идеялар төңірегінде топтасуы – біздің мемлекетіміздің негізгі кепілі.

Тәуелсіздік жолына жаңа түсіп, өзінің көп ұлтты еліне, бай да кең байтақ жеріне, басқа да ерекшеліктеріне орай және демокартиялық жолымен тез дамуды көздеп отырған Қазақстан Республикасы болса, дәеп қазір өз мақсатына қызмет ететін идеологияны керек етіп отырғаны күмәнсіз.

Бұл орайда Назарбаевтың өз сөзімен келтірсек, — қоғамда өзгерістерге сай келетін рухани ахуал туғызу, мұның өзі мемлекеттің барлық салаларында, соның ішінде идеология сияқты ерекше, салада, тек байсалды саясат арқылы ғана қолдау табады. Бүгінгі заманғы үлгідегі қоғам идеологиялық деп айқындайтын жүйе болмайынша өмір сүре алмаса керек.

Қазақстандағы жаңа идеологияның бағдарлары. Қазақстан елінің қазір өткен мен болашақ ортасындағы өпелі кезеңде тұрағндығы белгілі. Ондай қоғамның ішінара да, түбегейлі өзгерістерге де көп ұшырап жатуы ықтимал. Демек, теориялық пайымдауда да қалыптаса бастаған қағидаларды оқтын-оқтын қайта қарауға тура келетін тұстар да болуы мүмкін. Оның ешқандай айыбы жоқ. Қайта қасандыққа ұрынбауға, бұрыстыққа жол бермеуге оң ықпал тигізері сөзсіз. Мәселен қоғамның бір сападан екінші сапаға өтуін революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен қамтасыз етуге баса мән беруде жатыр. Ол тек әлеуметтік жарастық жағдайында ғана мүмкін болды. Ендеше қоғамдағы ынтымақ – жас тәуелсіз мемлекет үшін ең басты саяси құндылық болып табылады.

Мелекет тоталитаризм жолына түсіп, бір идеологияны ұстанса, көп өмір сүре алмайды. Нацизмді ту етіп көтерген Германия, марксизмді теория емес, идеология деп таныған КСРО соның айқын айғағы. Енді халықтың көзі ашылып, дүниеге, өзін қоршаған ортаға байыпты да парасатты қарайтын болды. Ал тәуелсіз Қазақстан үшін қолайлы даңғыл жол – демократиялық мемлекетке жету мүмкіндігі туды. Ондай мемлекеттің артықшылығы адамдар бір идеология, бір сүрлеулі жол үшін жанын пида етпейді, өзгеріске, жаңалыққа мол мүмкіндік қалдырады. Жалпы бір идеология жолында адам құрбан болмауға тиісті. Керісінше, бұл адамға қызмет етпейтін идеология.

Болашақтан үміті бар мемлекет ғылымға, бар күшін шынайы өзгерістерді, реформаларды ғылымға және философиялық тұрғыдан негіздейтін модельді, үлгі, сүлбіні жасауға және халықтың санасына құюға жұмсау керек.

Біздегі мемлекеттік идеология – ұлттық мұраттардан туындай отыра жалпы қазақстандық мақсаттарға ұласатын идеялар мен көзқарастар жүйесі. Негізінен ұлттық идеология құрайтын Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы жалпы азаматтық құндылықтар мен рухани мұра жетістіктерімен үнемі толығу, баю үстінде болмақ. Демек мемлекеттік идеология – қазақтың ұлттық идеологиясының өркениетті адамзаттық, планета аралық идеологиямен синтезделіп қауышуы, жаңа сапалық дәрежеге өтуі. Осындай жаңа мазмұндық және сапалық деңгейде Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы қалыптаса бастайды. Өркениетті мемлекеттердегі және Қазақстанның төл ерекшеліктерін қамти отырып, қызмет ететін идеологияның қалыптасуы өте-мөте күрделі әрі ұзақ мерзімдік процесс. Сондықтан әнді, елдің барлық әлеуметтік және ұлттық топтарының мақсат-мүдделерін ескеретін мемлекеттік идеологияның қалыптасып, дамуы үшін ең алдымен қазақ халқының ұлттық идеологиясының дұрыс қалыптасуы айрықша маңызды. Екіншіден, қазақтың идеологиясының ең озық, ең өркениетті, адамгершілік, ізгілік пен адалдық мазмұнындағы үлгілері күллі қазақстандықтардың дүниетанымының түйініне айналуы керек. Ұлттық идеология міне осындай үрдістерден дамып, жалпы қазақстандық мемлекеттік идеологияға барып ұласа алады. Кез келген мемлекет өз азаматтарын болашақ туралы идеямен қамтамасыз етуі керек. Онсыз адамның күнделікті іс-әрекеттерінің мәні болмайды. Үмітсіз шайтан, ал адамды үміт болашаққа, сенімге жетелейді.

Егер біздің мемлекеттіміз ұлттық мемлекет екен, идеологиямызда ұлттық қатынас сипаты, ұлттық рухы болу керек. Одан «Қазақстанның идеологиясы түгел ұлттық болсын, біз ұлтшыл болайық» деген ой тумауы керек. Басқа ұлтта да жақсы құбылыстар, элементтер бар, оны қабылаудан бас тартпағандығымыз жөн. Сондықтан идеология дегеннің өзі — өте күрделі құрылым, ғылыми таным, көзқарас мәселесі. Бұл мәселе бір емес, көптеген фактор бола алады. Мәселе осы идеологияны қалыптастыратын, құратын, зерттейтін ғалымдарымыз кімдер? Идеологияның болашағы міне осыған байланысты.

Жаңа буын жаңа идеология әкеле жатыр. Жаңа буынның өзіндік идеологиясы – Қазақстанның тәуелсіздігі, қазақ тілінің мемлекеттік тіл болғандығы, Қазақстанның тарихының жаңаша әрі жан-жақты жазыла бастауы. Идеологияның түп қазығы осыған негізделетін болады. Қазақстанның өз бағыты бар: ол қандай еңбектерге сүйенеді, іргетасы қалай болмақшы? Біз жаңа буынды мамандарды осыған баулуымыз керек.

Қоғамдық дамудың басты мақсаты – жеке адамның рухани тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асыруын қамтамасыз ету. Дарын, қабылет – ұлттық игілік, оның иелері қоғам, мемлекет көзінен таса қалуға тиісті емес. Америка Құрама Штаттары, Жапония өз елдерінде балаларды бүлдіршін кезінен бастап, өсіп ержеткенге дейін қайта-қайта тексеріп, сынап, дарындыларын іріктеп алатын тәрбие, оқу жүйесін жасады. Бұл елдерде баланың болашағы ата-ананың қымет дәрежесі, қалтасының қалыңдығына емес, жеке басының қасиеттеріне байланысты. Осы тұрғыдан келер болсақ, тәуелсіздікке, құқықтық мемлекетке, демократияға және нарықтық экономикаға жету прогрессивтік дамудың жолындағы қажетті, бірақ, өтпелі сатылары болып табылады. Ал мұның өзі тәуелсіздіктің, құқықтық мемлекеттің, демократияның жақсы жақтары мен жаман жақтарын саралап, мезгілімен байқап, реттеп отыруды қажет етеді. Тарихи дамудың түбегейлі мақсаты – адам, оның өсіп-өнуі, гүлденіп, дамуы, жан-жақты жетілуіне жол ашу, жағдай жасау. Экономикалық, саяси өзгерістер осы мақсатқа жетудің құралдары ғана.

Егер, осы тарих тәлімін мемлекет басшылары түсініп, ұғып, өз қызметінің көрсеткіші, критерийі ретінде қабылдаса, көптеген әлеуметтік мәселелер өз шешімін оп-оңай табар еді.

Шын мәнінде, идология дегеніміз – адамдардың қоғамдастығын саяси және экономикалық міндеттерді шешуге топтастыру мен жұмылдырудың уақыт тезінен өткен тәсілі, бұл әлеуметтік мінез-құлықты қалыптастыру механизімі, бірақ бұл күштер – зорлау тәсілі емес, қайта мемлекеттік және оның тұғырнамасын қолдайтын партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың адамдардың ақыл-ойына өркениетті түрде ықпал ету тәсілі. Ал осы анықтамаға үңіле көз салсақ, ол – жай ғана идеология мақсаттары туралы ой тастау емес, жаңа мемлекеттік идкеологияның тұжырымдамасы екенін айқын сезінеміз.

Ішкі саясат жәйлі сөз болғанда, ішкі саяси тұрақтылықтан кейінгі тағы бір мәселе – ол саяси партиялар мен қозғалыстар, олардың саяси мақсаттары мен істері қандай, халықтың басым көпшілігінің мүддесіне, конституцияға, заңдарға сәйкес келеді ме, халықты жасампаз еңбекке жұмылдыра ма, жоқ, қит етсе көшеге, алаңға, митингіге, жұмысқа шықпауға шақыра ма, осы жағын реттегеніміз жөн. Бұл ретте үкімет те, Президент те белгілі бір саяси парияға арқа сүйеп, иек артқаны жөн сияқты. Ішкі саясаттағы егемендікке жеткізетін басты бағыттың бірі – сөз бен істің алшақ, екі басқа болмауы. Әрине, ел басының, үкімет басшыларының сөзі де жиі өзгере бермеуі керек. Кейінгі кезде сөз бен істің алшақтығы айқын көріне бастағаны шындық. Мұндай жағдайда Президенттің де, үкіметтің де халық алдындағы беделі тез түсетіндігі даусыз.

Президенттің Жоғарғы Кеңеске жолдауына: «Министрлер Кабинеті өз алдына, обылстар өз алдына қызмет атқарып жатыр… Үкіметтің өзі, … бірнеше блокқа бөлініп отыр. Микроэконмикалық, сыртқы экономикалық, әлеуметтік және салалық блоктар арасындағы ауыз бірліктің жоқтығы айқын көрінуде» — деді, («Ақиқат» 8, 1994, 24 бет). Бұл елдің көбіне белгілі және шын егемендікке жетудегі бегеттің бірі. Бұл кемшілік таяу мерзімді түзеледі деп ойлаймыз.

Мемлекеттік идеологияның қызметі қаншалық кең көлемді болғанымен ол Президенттің ойынша үш түрлі бағыттарды қатар ұстауы идеологиясы болу керек:

- адамдардың қоғамдастығын топтастыру;

- әлеуметтік мінез – құлықты қалыптастыру;

- адамдардың ақыл-ойына өркениетті түрде ықпал ету; («Ақиқат», 8 1994, 6 бет).

Қазақстанның экономикалық кеңістік пен мерзімде суырылып алға шығуына орай экономика саласындағы идеологиясының негізігі принциптерін тұжырымдау қажет. Ол принциптердің бағыттары мыналар:

- өзіміздің кәсіпкерлікті қолдау;

- өндірісті құрылымдық жағынан қайта құру;

- халықты әлеуметтік қорғау;

- мемлекеттік байланыстар үшін экономикалық саяси серіктестіктер таңдауда байыптылық таныту;

- бұдан туындайтын қортынды, өтпелі кезеңде тұрған Қазақстан Ресаубликасының, басқа да қоғамдық қатынастары мен идеология аралығынада – осындай диалектикалық тығыз байланыс жатқандығы болу керек.

Қорыта келгенде, идеологияға екі тұрғыдан қаруға болады. Біріншіден, сөздің кең мағанасында – идеологиялық экономикалық, әлеуметтік және саяси қоғамдық қатынастармен диалектикалық байланысы, екіншіден, идологияны – қоғамдық қатынастардың өзіне ғана тән қасиеттері мен ерекшеліктері бар нақтылы сала ретінде пайымдау. Идеологияның тағы бір міндеті – қоғамның көп ұлттылығын тұрақты бірлесуші факторға айналадыру. Ұлтаралық жарастықты нығайтумен қатар Қазақстан қоғамының бірлесуі идеясын жүзеге асыра отырып, ұлт ішіндегі бірлікті нығайту. Аса маңызды идеологиялық міндеттердің бірі – қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу, әрбір азаматтың өзін-өзі билеуін қалыптастыру. Идеялық бірігу арнасында қоғамда жоғары тіл мәдениеті орнығуы тиіс. Қоғамның бірігуін нығайтуға тұрақтылық, азамттық келісім ахуалын құру елеулі әсер етеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: — біз, — бүгін таңда дәуірлік идеологиялық құрылымды орнатып жатқан жоқпыз, — дей тұрса да, мемлекеттік идеологияның негізгі бағдарларын жүйеге түсіріп бергені күмәнсіз.








Дата добавления: 2015-09-07; просмотров: 7882;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.038 сек.