Мемлекеттік идеология қоғамды біріктірудің басты

Бүгінгі жаһандану заманында әртүрлі идеологиялық ағымдардың пайда болып, қоғамдық санаға енуінің салдарынан әлемдік мәдениетте құндылықтар қақтығысының жүріп жатқанын байқауға болады. Қазақстан халықаралық қауымдастықтың белсенді субъектісі болғандықтан, әлемде болып жатқан үрдістер біздің де рухани өмірімізге өз әсерін тигізуде. Көпұлтты Қазақстан мемлекеті үшін қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтап, оны әрі қарай нығайту, жүргізіліп отырған ішкі саясаттың басымды бағыттарының бірі болып табылады.

Мемлекеттік идеология мәселесі қазіргі таңда өзекті болып табылады, оны Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптастқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «…жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың табысының негізі болып табылады және мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты» – деп атап өтуімен байланыстыруға болады [1, 49 б]. Сондықтан, мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын көтеру үшін қабылданған ұлттық бағдарламаларды сәтті іске асыру үшін халқымыздың барлық күш-жігерін осы арнаға жұмылдыратын, біріктіретін мемлекеттік идеология қажет деп санаймыз. Біздіңше, мемлекеттік идеология деген ұғымды сенім деген ұғыммен синоним ретінде қарастырған жөн. Егерде, қоғамның мемлекет жүргізіп отырған саясатына сенімі болса, онда басқару жүйесінің де өмір сүру ғұмыры ұзақ болады.Осыған байланысты, идеология ұғымының үлкен мәнде қаралатынын біз мойындауымыз қажет. Саяси ойлар тарихынан көретініміздей, адамзат баласы жүріп өткен қоғамдық дамудың кез келген формациясында сол қоғамға тән құндылықтар жүйесінің қалыптасып, өмір сүретінін байқаймыз. Көптеген ғалымдар мемлекеттік идеология абсалютті болмаса да, белгілі бір дәрежеде қоғамдағы құндылықтар жүйесін қалыптастырушы күш ретінде болуы қажеттігін мойындайды. Француз халқының ұлы ағартушысы Антуан де Траси «идеология» терминін алғаш рет ғылымға енгізіп, «пікірлер туралы ілім» – деген анықтама береді [2, 21 б]. Өзінің «Идеология элементтері» атты еңбегінде идеология – қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін жақсы іс-әрекетке толы қасиеті бар адамдарды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады деп атап өткен.

Мемлекеттік идеология ұғымын ашуда қазіргі кезде Ресей ғалымдары арасында көптеген ой-пікірлер қалыптасқан. Мемлекеттік идеологияның қажеттігін О.Е. Кутафин келесідей түсіндіреді: «Қоғам, мемлекет идеологиясыз өмір сүре алмайды. Даму үшін оларда дамудың тұжырымдамасы болу қажет – бұл дегеніміз идеологиялық ұстанымдар болып табылады» [3, 121 б]. Осындай пікірді заңгер-ғалым А.И.Овчинников: «мемлекеттік идеология болу қажет, әйтпесе мемлекеттің норма шығармашылық қызметіне негіз болатын құндылықтар жүйесінің қалай құрылатыны түсініксіз» – деген пікірді алға тартады [4, 83 б]. Көптеген ғалымдар мемлекеттік идеологияның атқаратын негізгі функцияларының классификациясын жасаған. Сол ғалымдардың ішіндегі Т.Парсонстың тұжырымы өте ерекше. Ол идеологияны саяси дін ретінде қарастыра отырып, келесідей функцияларын белгілейді олар: институционалды құндылықтардың тұрақтылығын қорғау, кәсібилердің ерекше тобын қалыптастыру, индивидтердің рөлдік міндеттерін нығайту ретінде қарастырса, Н. Смелзердің идеологияның негізгі функциясына мыналарды жатқызады: әлеуметтік кернеулікті әлсірету, адамдар өз өмірлеріндегі айтылған құндылықтар мен шынайы өмірдің арасындағы алшақтықты түсіне білуі, әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін қорғау мен білдіру, адамдардың іс-әрекетіне мағына беру [2, 37 б]. Аталған ғалымдар мемлекеттік идеологияның негізгі қызметтерін жүйеге келтіру арқылы қоғамның тұрақты дамуындағы оның орнын ерекше айқындап отыр.

Біздіңше, мемлекеттік идеологияның атқаратын негізгі қызметтерінің қатарына мыналарды жатқызуға болады: регулятивті, коммуникативті, біріктіруші, әлеуметтеуші. Енді, осы аталған қызметтердің ішіндегі иедологияның біріктіруші қызметін Қазақстан қоғамына байланыстырып қарастыру жөн сияқты.Қазақстан қоғамы үшін дамудың қай кезеңін алсақ та мемлекеттік идеологияның біріктіруші қызметі ел дамуының айқындаушы факторының бірі болып табылады. Идеологиялық көзқарастар қақтығысы заманында ел бірлігін сақтап, оны әрі қарай дамыту – мемлекеттік биліктің басты мақсаты. Жалпы, алғанда әлем елдерінің көпшілігінде өздерінің мәдени құндылықтарына негізделіп қалыптасқан өзіндік идеологиясы барын көруге болады. Мемлекеттік идеологиясы сан ғасырлар бойы қалыптасып, халқының мәдениеті мен салт-дәстүріне негізделген мемлекеттер әрдайым экономика, демография, әлеуметтік, білім мен ғылым саласында үлкен жетістікке жеткенін көреміз. Енді, қысқаша идеологиясы бар Қытай мемлекеті мен мемлекеттік идеологиядан бас тартқан Ресей мемлекеті арасында салыстырмалы түрде талдау жасайтын болсақ келесідей нәтижені көреміз. Соңғы онжылдықтарда Қытай қоғамының рухани, идеологиялық өмірінде күрделі өзгерістер болып жатыр. Мемлекетте Конфуций идеяларының қайта жаңғыру процесінің жүріп жатқаны байқалады. Конфуциандықтың әсерінен Қытай мемлекетінің ішкі және сыртқы саясаты қалыптасты. Қытайдағы ішкі және сыртқы мәселелерді шешу барысында конфуциандық идеялар орын алды. Зерттеушілердің пікірінше, Қытайдағы конфуциандықтың әсерінен қалыптасқан қоғамдық және интеллектуалдық қарым-қатынастарды, мінез-құлық нормаларына идеалды түрде келесідей негізгі сипаттамалар беруге болады. Бірінші кезекте адам құқықтарына емес, адамның ар-ожданы мен отан алдындағы міндетіне негізделген. Басқаруда заңға басымдық берілмейді, адами факторға көп көңіл бөлінеді, ол өз кезегінде қоғамдағы бірлік пен үйлесімділіктің болуын қамтамасыз етеді.

Адамдар үшін мүліктің иесі болғанша, құндылықтар иерархиясында белгілі бір қауымдастықтың мүшесі болу маңызды саналады. Сондықтан, экономикалық билік адамгершілігі бар адамдардың қолында болуы қажет және олар экономиканы жақсы түсіне білулері қажет.

Ресей мемлекетінде жастардың құндылықтар жүйесінің эрозияға ұшырауы үлкен мәселеге айналған, яғни, жастар нашақорлықты – 14 жастан, ішімдікті – 13 жастан, бірінші шылым шегу – 11,5 жастан, жыныстық қатынасқа түсуді – 16 жастан бастаған [6, 12б.]. Бұл келтірілген мәліметтерден көріп отырғанымыздай, идеологияның жоқтығынан Ресейде әлеуметтеу механизмдерінің бұзылғанын көруге болады.

Жоғарыда жасалған Қытай мен Ресей мемлекеттерінің арасындағы салыстырмалы талдаудың қортындысы көрсетіп отырғандай, мемлекеттік идеологиясы бар Қытай мемлекеті қоғамның барлық саласында белгілі бір жетістіктерге жететінін көрсек, мемлекеттік идеологиясы жоқ Ресейде құндылықтар жүйесінің жойылып бара жатқанын байқаймыз. Осы екі мемлекеттегі жүргізіліп жатқан мемлекеттік идеологияның кейбір аспектілеріне қатысты мәселелерді Қазақстанда да ерекше зерттеуді қажет етеді. Сондықтан, жас мемлекет Қазақстан өзінің алдына үлкен мақсаттар мен міндеттерді қойып отыр. Елбасымыз ұсынған Қазақстанның -2050 жылға дейінгі даму стратегиясын сапалы іске асыру үшін халқымызды жұмылдыратын күш қажет және ол үшін бізге халқымыздың ғасырлар бойына сақтап келе жатқан дәстүріне негізделген мемлекеттік идеологиясын қалыптастырып, оны тиімді іске асыру басты мақсатымыз болып табылуы тиіс.

Қуатты Қазақстан ұлттық идея доктринасы болуы HYPERLINK "http://www.egemen.kz/kz/sayasat-2/28078-uatty-aza-stan-ltty-ideya-doktrinasy-boluy-tiis"тиіс

Дамыған мемлекет экспортқа заман талаптарына сай, өңделген дайын өнім шығарса, артта қалған мемлекет шикізат тасымалдайтыны белгілі. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» қағидасына сай, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында: «Мен ХХІ ғасыр, Қазақстанның алтын ғасыры болатынына сенемін», дей келіп, бірлік пен бейбітшілік, түсіністік негізінде жердегі әрбір адамның жүрегінде иман ұялап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, адамзатының рухани алтын ғасырына аяқ басқан, қуатты Қазақстан ұлттық идея Доктринасының мақсат-мүддесін айқындап берді.

Әрбір жүз жылда, қоғамның дамуына қарай жаңа түсініктер өмірге келіп, ұғымдар өзгеріп тұратыны белгілі. Елбасымыз көтеріп отырған «Адамзаттың рухани алтын ғасырына аяқ басу деген не, алтын ғасыр ұғымдары деген не?», «Адам деген кім?», «Өмір мәні неде?», «Тәрбие деген не?», «Бақыт деген не?», «Адам әлеуетін дамытып, постиндустриялық қоғамға көшу негізі, интеллектуалды ұлт қалыптастыру деген не?» – деген сұрақтарға философиялық, психологиялық, педагогикалық тұрғыда ғылыми негізделген түсініктеме арқылы ғана жауап беруге болады.

ХХІ ғасырға аяқ басқан, ақпараттық нано-био-атом-ядролық қару технологиялары дамыған заманда адамзаттың, әсіресе, өскелең ұрпақтың өмірге біржақты, материалдық көзқараспен қарауы, суицид, нашақорлық, жемқорлық, басқа да рухани аурулар туындап, адами құндылықтар артта қалуы бүгінгі күннің жаһандық, саяси проблемаларына айналып, әлем зиялы қауым мен жұртшылықты қатты толғандыруда.

Бізге бүгінде «Адам болу үшін, надан болмау керек» деген Абай атамыздың өсиетіне сай тіршілік жасау қажет.

Осы орайда қиындықты көп көріп, даналыққа жеткен халық болғандықтан, ақ пен қараны ажыратып, ақылды алға салып, дамыған елдердің жақсы жағынан үлгі алу – уақыт талабы. Профессор Махмұд Хамди Зақзұқ «Ұмытылған құндылықтар» кітабында: «Тап қазіргі кезде, қоғамның тек материалдық тұрғыдан ғана біржақты дамуы, ғалам тепе-теңдігіне әсер етіп, жерде түрлі катаклизмдер тудыруда. Ал рухани құндылық өмірдің барлық саласын дамытуға қозғау салатын негізгі тірек болып табылады. Осы тіректен қалған дамушы күштер бастау алады, өйткені, мұнсыз ешқандай нәрсе жасау мүмкін емес», деп жазады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Нұр Отан» ХДП-ның ХІІ съезінде егемен ел тарихында алғашқы рет идеологиялық бағытымызды нақтылай келіп: «Дағдарыс ашып көрсеткен ішкі проблемалардың үлкен бір бөлігі қоғамның рухани ахуалымен байланысты. «Нұр Отанның» идеологиялық жұмысы қоғамда рухани-парасаттылық құндылықтардың жаңа жүйесін орнықтыруға бағытталуы тиіс», деді. Осыған сәйкес, Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасын қабылдап», жеке тұлғаның рухани жағынан қалыптасуы барлық тәрбие үдерісінің өзегі болып тұр, деп нақтылады. Астанада өткізіліп жүрген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, адамзат үшінші мыңжылдықта тек рухани негізде ғана біріге алатындығын дәйектеп беруге ұмтылып келеді. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысы негізінде «Ел бірлігі доктринасы» қабылданып, онда бейбітшілік, теңдік пен жасампаздыққа негізделген «Ұлт рухын дамыту» қағидаты бекітілді.

Бұл жолғы Саяси доктрина жобасы корпоративті мәдениетімізді ұлт рухын көтеру арқылы іске асыратын құжат ретінде жазылған. Онда қуатты Қазақстан басты ұлттық идея ретінде алынған. Сол себепті, Доктрина алдымыздағы кем дегенде жүз жылдық межені қамтитындықтан, ел үшін ерекше стратегиялық құжат.

Қуатты Қазақстан ұлттық идеясын іске асыруға бағытталған, кейбір ұғымдарға тоқтала кетейік:

Қуатты Қазақстан ұлттық идеясы деген не?

Ұлттық идея – адам өмірінің мәнінен туындайтын ұғым. Адам өмірінің мәні – өмір сынақтары (қиындықтары) арқылы рухани жетілу болса, адамдар қауымдастығы мемлекеттің ұлттық идеясы, рухы күшті, қуатты мемлекет қалыптастыру. Яғни, «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытын» іске асыруға бағытталған алтын ғасыр Доктринасы.

Доктрина деген не?

Доктрина – лат. «doctrina», ілім, ғылым, оқыту, білімділік деген сөз. Әрбір ұлт, халықтың тіл, дәстүр, діліне қарай қалыптасқан дүниетанымына сай ұстанымдары негізіндегі саяси, теориялық даму бағытына заманауи көзқарас.

Рух дегеніміз не?

Рух дегеніміз – мәңгі, шексіз, еш нәрсеге мұқтаж емес, бірлікке негізделген, махаббат пен мейірімнен тұратын, таза сана негізіндегі ақыл-парасат, ғаламдық қуатты өрістік негіздегі толық жетілген ақпараттық жүйе, барлық жаратылыс негізі.

Адам дегеніміз кім?

Адам дегеніміз – жан мен тәннен жаралған, 12 мүше, 62 тамыр, 72 буыны санаға қызмет жасайтын, толық жетілген рухтың білім мен тәжірибе негізіндегі, рухани заңдылықтарды меңгеру арқылы жетілетін бөлігі.

Өмір мәні неде?

Өмір мәні – өмір сынақтары (қиындықтары) арқылы рухани жетілу.

Тәрбие дегеніміз не?

Тәрбие дегеніміз – адам бойындағы ата-баба тегінен, әкесі мен анасы арқылы келе жатқан шежірелік, генетикалық ақпараттарды баптау. Мінезіңнің жақсы жақтарын күшейтіп, жаман жақтарын басу арқылы өзіңді өзің жетілдіру.

Ұлттық тәрбие негізіндегі рухани тазалық ұстанымдарының көрсеткіштері:

– ой-сана, ниет-пиғыл тазалығы;

– гигиеналық дене тазалығы;

– сөз тазалығы;

– іс-әрекет тазалығы;

– көркем мінезге сай адамдар арасындағы қарым-қатынас тазалығы;

– экологиялық сана негізіндегі қоршаған орта мен табиғатқа деген тазалық.

Бақыт деген не?

Бақыт дегеніміз – рухани заңдылықтар негізінде ақ пен қараны ажырата білу арқылы күнделікті өмірде дұрыс шешім қабылдап, алдыңа қойған мақсаттарға жете білу.

Зияткер ұлт дегеніміз не?

Ол даналықты меңгерген ақыл-парасат иесін қалыптастыру, яғни дәстүрлі рухани заңдылықтар негізінде жан-жақты тазалық ұстанымдарын меңгеру арқылы ақ жолдың қарасы, қара жолдың ағы болатынын түсініп, бір сөзден-ақ көп нәрсені аңғарып, сөз астарын түсініп, ақыл-оймен саралап, жақсылыққа даралап, күнделікті өмірде дұрыс шешім қабылдау жолымен алға қойған мақсатыңа жету және де таза өмір сүре білу.

Зияткер ұлт қалыптастыру тетігі қалай іске асады?

Зияткер ұлт қалыптастыру тетігі тіл мен ділге, дәстүрлі рухани заңдылықтарға, заман талабына ғылыми көзқараспен қарап, адам ой-санасының пирамидалық құрылымының галограммасын күнделікті өмірде дұрыс қолдана білу арқылы іске асады.

Әлем тәжірибесі көрсетіп тұрғанындай, алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер ұлт рухын көтеру арқылы нарықтық бәсекеде алдыңғы орындарға ие болып, мәдени-экономикалық салаларда ірі жетістіктерге жетіп отыр.

Қуатты Қазақстан ұлттық идея Доктринасы деңгейінде іске асырылатын, зияткер ұлт қалыптастыру тетігі, бақыт пен даму кілті қазақ дәстүрін білу арқылы ғана жоғары деңгейде іске асатындықтан, өзге ұлттар тарапынан мемлекеттік тіліміз, тарих, мәдениетімізге деген қызығушылық пен мұқтаждық күннен-күнге арта түсері ақиқат шындық, ұрпақтарымыздың жарқын болашағы.

 

 








Дата добавления: 2015-09-07; просмотров: 3990;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.017 сек.