Топырақтың құрамды бөліктері
Топырақ төрт бөлікті (фазалы) табиғи дене. Оның құрамында қатты, сұйық, газ күйіндегі физикалық бөліктер және тірі бөлігі (бактериялар, балдырлар, саңырауқұлақтар, жауын құрттары және т.б.).
Топырақтың қатты бөлігі оның негізі. Ол топырақ түзуші тау жыныстарынан пайда болады және олардың көптеген қасиеттерін өз бойында сақтап қалады. Мөлшері әр түрлі, күрделі құрамды органикалық - минералды заттардан тұратын қатты жүйе. Оның құрамына бастапқы минералдардың, үгілген тау жыныстарының бөлшектері, топырақ түзілу кезінде пайда болған өсімдік қалдықтары, олардың жартылай ыдыраған түрлері, қарашірінді, туынды минералдар, жаңа жарандылар кіреді.
Топырақтың сұйық бөлігі - топырақтағы ылғал, топырақ ерітіндісі. Көлемі және құрамы жағынан ол өте құбылмалы, топырақтағы қуыстарды толтырып орналасады. Топырақтың сұйық бөлігінің мөлшері, құрамы қоршаған ортаның жағдайымен, топырақтың физикалық қасиеттерімен байланысты. Қыс айларында топырақ ерітіндісі қатып, мұзға айналады, ал жаз айларында топырақ қызған кезде оның біраз бөлігі буланып газ күйіне көшеді. Топырақ ерітіндісі жылжып қозғалыста болып, топырақ бойында әр түрлі еріген заттарды жинап, оның қабаттарының түзілуіне үлкен ықпал жасайды.
Топырақтың газ бөлігі – ылғалдан бос қуыстарға орналасқан ауа. Бұл ауаның құрамының атмосфера ауасынан өзгешелігі бар. Топырақ «тіршілігінің» барлық құбылыстарына қатысып, оның дамуына үлкен үлесін қосады.
Топырақтың тірі бөлігі – оның түзілуіне дамуына қатысатын топырақ құрамындағы тірі ағзалар тобы. Олар бактериялар, актиномицеттер, балдырлар, қарапайымдылар, жәндіктер, құрттар және өсімдіктердің тамыр жүйесі.
Қара топырақта оның қатты бөлігі шамамен көлемінің 50%, тірі бөлігі 10%, ал қалған көлемді сұйық және газ бөліктері құрайды. Ылғалы мол топырақта сұйық бөлігі молырақ көлем алса, ал құрғақ топырақта газ бөліктің үлесі артады.
Табиғаттағы топырақтың төрт бөлігінің біртұтас жүйе болып қалыптасқаны себепті оны біз жеке табиғи дене ретінде байқаймыз және осы қалпында ол өзінің қызметін атқарады.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 5436;