Топырақ құралу үрдістері
Жер бетінде топырақ құралу факторларының өзара қарым-қатынасының алуан түрлі болып үйлесім табуы әсерінен табиғатта әр түрлі топырақ құралу үрдістері жүріп түрлі топырақтар қалыптасады. Солай бола тұрса да әлемдегі барлық топырақтардың типтері құралуы кезінде бір-бірінен аздаған өзгешеліктері бар, бірақ жалпы бағыты ұқсас үрдістер жүреді. Топырақ құралуының негізін қарама-қарсы бағытталған және бір-бірімен тығыз байланыста болатын биохимиялық, химиялық, физикалық, физикалық-химиялық үрдістер, тірі организмдердің қоршаған ортадан минералды элементтерді сіңіруі және қоршаған ортаға өздерінің, сонымен бірге, өнімдері мен қалдықтарының тигізетін әсері анықтайды. Топырақ құралу үрдістері үш топқа бөлінеді. Олар:
- қарапайым микроүрдістер;
- топырақ түзілуінің құрамды үрдістері (элементарные почвенные процессы);
- жалпы макроүрдістер.
Қарапайым микроүрдістергеқарама-қарсы бағытта жүретін келесідей құбылыстар жатады:
-Тірі организмдердің топырақтан минералды заттарды сіңіруі және органикалық заттарды синтездеуі. Организмдердің топыраққа және атмосфераға органикалық және минералды заттарды бөліп шығаруы;
-Органикалық заттардың ыдырауы мен минерализациялануы. Органикалық және минералды заттардан қарашірінділі заттардың пайда болуы;
-Топырақ ерітіндісінің қышқылдануы. Топырақ ерітіндісінің бейтараптануы;
-Топырақ түзуші тау жыныстарының бастапқы минералдарының ыдырауы. Туынды минералдардың және органикалық-минералды кешендердің пайда болуы;
-Коллоидтардың коагуляцияға ұшырап, тұрақты түйіршіктер құрауы. Коллоидтардың пептизацияға ұшырап, түйіршіктердің бұзылуы;
-Минералды қосылыстардың сумен қосылуы. Осы заттардың судан арылуы;
-Тотығу құбылыстары. Тотықсыздану құбылыстары;
-Еріген заттардың топырақтың үстіңгі қабаттарына көтеріліп, шоғырлануы. Ерітіндінің топырақтың астынғы қабаттарына жылжып, ерігіш заттардың шайылып кетуі;
-Топырақтың газдарды өзіне сіңіруі (адсорбция) және топырақтан газдардың бөлініп шығуы (десорбция);
-Топырақтың әр түрлі қабаттарының жіктеліп пайда болуы. Топырақ қабаттарының әр түрлі әсерлер нәтижесінде бұзылуы.
Қарапайым микроүрдістер топырақтың белгілі ерекше морфологиялық белгілерін, қасиеттерін қалыптастыра алмайды.
Жалпы макроүрдістербелгілі бір топырақты (типін, типшесін) қалыптастыруға қатысады. Оларға қара топырақ, күлгін топырақ, кебірлер түзілу үрдістері т.б. жатады. Топырақ типтері (мысалы: қара топырақ, күлгін топырақ немесе кебір) топырақ түзілуінің құрамды үрдістерінің бірнешеуінің қосарлана жүруі әсерінен пайда болады.
Топырақ түзілуінің құрамды үрдістері -топырақтың пайда болуына басты себебін тигізетін, топырақта үйлесімді, өзара байланысты жүретін биологиялық, химиялық және физикалық құбылыстар. Олар топырақтың басты белгілерін қалыптастыруға қатысады. Мысалы: қарашірінділі қабаттың немесе кебірленген қабаттың пайда болуына себепші болатын құбылыстар. Қазіргі уақытта топырақ түзілуінің құрамды үрдістерінің толық тізімі қалыптасқан жоқ. Ғалымдардың бұл мәселеге көзқарасы әр түрлі болып отыр.
И.П.Герасимов, М.А.Глазовская топырақ түзілуінің құрамды үрдістерінің (1960) 10 түрін атап, оларды үш топқа бөлді.
І топ - топырақтың минералды бөлігінің өзгерістерге ұшырауына қатысты үрдістер: бастапқы қарапайым топырақ құралу; топырақтың балшықтануы; латериттену.
ІІ топ - топырақтың органикалық бөлігінің өзгерістерге ұшырауына қатысты үрдістер: қарашірінді жиналу; шымтезек жиналу.
ІІІ топ - топырақта пайда болған минералды және органикалық өнімдердің өзгерістерге ұшырауымен жылжуына қатысты үрдістер: сортаңдану, кебірлену мен шақаттану; қопалану (глейлену) мен кендену; шайылу; күлгіндену.
А.А. Роде (1971), И.П. Герасимов (1973,1980) жоғарыда көрсетілген үрдістерге тағыда бірнеше үрдістер түрін қосты.
Топырақтағы органикалық заттардың өзгерістерге ұшырауы үрдістері.Фотосинтез арқылы және микроорганизмдер мен жануарлардың өсімдіктерді пайдалануы кезінде қалыптасқан органикалық заттар биоценоздың құрамды бөліктерінің өнімдері ретінде топыраққа қайтарылады. Олар мен бірге фотосинтез әсерімен шоғырланған энергия, биогенді элементтер және қарашірінді құралуына қажет органикалық заттар топыраққа түседі. Осы органикалық заттар топырақ түзілу үрдісі кезінде екі бағытта өзгерістерге ұшырайды. Олар минералдану және қарашірінді түзілуі.
Минералдануқұбылысы кезінде күрделі органикалық заттар әр түрлі микроорганизмдердің қатысуымен қарапайым химиялық қосылыстарға дейін ыдырайды (су, көмірқышқыл газы, түрлі аниондар мен катиондарға). Органикалық заттардың 80-90% минералдану құбылысына ұшырайды. Пайда болған өнімдер топырақ ерітіндісі құрамына көшіп өсімдіктер үшін қайтадан қоректік зат болып биологиялық зат айналымына қосылады.
Қарашірінді түзілу құбылысыбарлық топырақ типтері қалыптасуы кезінде байқалады. Бұл топырақ құралуының басты көрсеткіші, осы құбылыс әсерінен топыраққа түскен органикалық қалдықтардың бір бөлігі ерекше зат қарашіріндіге айналады. Қарашірінді тек қана топырақтарға ғана тән зат. Топырақ құралуы кезінде минералдану мен қарашірінді түзілуі құбылыстары оңтайлы жағдайда жүргенде топырақта қарашірінді қабаты түзіледі және оның қуатының, қалыңдығының артқаны байқалады. Топырақта қарашірінді мөлшері артқан сайын оның құнарлылығы молайып, қасиеттері жақсара түседі. Қоршаған ортаның жағдайлары, топырақ түзуші факторлар қолайсыз болған жағдайда топырақтағы қарашірінді түзілуі, жиналуы үрдістерінің қарқыны бәсеңдейді, қарашіріндінің және басқа органикалық заттардың минералдануының артуы байқалып, құнарсыз топырақтар түзілуі ықтимал.
Шымтезек түзілу құбылысы -ылғалдылық артықжағдайда анаэробты ортада әлсіз ыдыраған органикалық қалдықтардың жинақталуымен сипатталады. Бұл үрдіс әсерінен топырақта шымтезек қабаты қалыптасады. Батпақты топырақтар түзілу үрдістеріне қатысады.
Топырақтың минералды бөлігінің өзгерістерге ұшырауына қатысты үрдістерқатарына бастапқы топырақ құралу, шымдану, балшықтану, глейлену және т.б. жатады.
Бастапқы топырақ құралуаналық тау жыныстары үстінде өтеді. Бұл күрделі, кешенді бір уақытта жүріп жататын биологиялық, физикалық және химиялық үрдістер жиынтығы. Тау жыныстарына қарапайым организмдер қоныстануынан басталады және олар тау жыныстары минералдарының ыдырауына, үгілуіне әсер етеді. Кейінірек бірте-бірте майда үгінділер, биогенді элементтер мен қарашіріндінің жиналуы байқалады. Бұл құбылыс әсерінен өте жұқа қабатты, әлсіз дамыған топырақтар түзіледі.
Шымдану үрдісі –шөптесін өсімдіктер қалдықтары ыдырау әсерінен қарашіріндінің, азоттың және күлді элементтердің топырақтың үстіңгі қабатына шоғырлануымен, топырақтың дәнше-кесекті құрылым қалыптасуымен сипатталады. Шымдану үрдісі әсерінен топырақтың потенциалды құнарлығы қалыптасып, өсімдіктердің өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туады.
Балшықтану үрдісі –топырақта туынды балшықтыминералдар: монтмориллонит, гидрослюдалар, каолинит, вермикулит т.б. түзілуі құбылыстармен сипатталады. Олар бастапқы, кейде туынды минералдардың үгілуімен, ыдырауынан пайда болады. Бұл құбылыс биогеохимиялық үрдістер қатарына жатады. Балшықты минералдардың түзілуіне биологиялық үгілудің үлкен әсері бар.
Глейлену үрдісі (қопалану) топырақта шала темір тотығы (FeO), темір және марганецтің тұздары FeCO3 сидерит, Fe3 (PO)4•8H2O вивианит қосылыстары бар балшықты минералдардың артық ылғалдылық және оттегі тапшылығы қалыптасқан анаэробты жағдайда түзілуімен айқындалады. Жоғарыда көрсетілген қосылыстар топырақта глейленген (қопа) қабатын немесе глей дақтарын түзейді. Бұл дақтар ақшылт-жасыл, көкшіл-жасыл, көкшіл-қара түсті болып келеді. Қопа түзілу үрдісі батпақты, артық ылғалдылығы бар аймақтар топырақтары құралуы құбылыстарына тән болып келеді.
Аллиттену(ферралиттену)үрдістері үгілу және топырақ түзілуі кезінде топырақта темірдің және алюминийдің тотықтары минералдарының (гетит, гидрогетит, лимонит, гиббсит), туынды каолиниттің жиналуы, ал басқа тотықтардың, кремнеземнің кемуі байқалатын құбылыс. Бұл үрдіс тропикалық және субтропикалық ылғалды аймақтарда байқалады. Қызыл және сары топырақтар түзілуі құбылыстарына қатысады. Аллиттену (ферралиттену) үрдістері әсерінен қалыптасқан топырақтар қызыл немесе сары түс болады, берік темірленген микроқұрылымды, аз сіңіру қабілеті бар, біріккіштігі нашар, иленгіштігі жақсы және ылғалданғанда өте ісінетін болып келеді.
Латериттену үрдісіне топырақта темірлі, темірлі-кварцты тас болып қатқан түйіршіктермен қабаттардың (жабындының) пайда болуы құбылыстары жатады. Бұл үрдіс топыраққа темір және алюминий қосылыстары бар сулардың әсері арқылы жүреді. Латериттену заттар айналымынан көп мөлшерде темір қосылыстарын ығыстырады. Осы үрдіс мерзімді ылғалды тропикалық аймақтар топырақтарында жиі байқалады.
Топырақта пайда болған өнімдердің өзгерістерге ұшырауы үрдістері қатарына келесідей құбылыстар жатады:
Шайылу- сілтілі және жер сілтілі металлдардың, қарапайым тұздардың топырақ қабаттарынан аластатылуы (шайылуы). Тұздардың топырақтың қабаттарынан біржола шайылуы жауын-шашын мол түсетін, топырақта шайылмалы су құбылымы қалыптасқан аймақтарда байқалады. Топырақ құралуы кезінде түзілген немесе аналық тау жынысында болған натрийдің, калийдің, кальцийдің және магнийдің тұздары шайылу әрекетіне жиі ұшырайды. Шайылуға төзімді тұздар қатарына кальций карбонаты (СаСО3) жатады, ал бикарбонатқа (Са (НСО3)2) айналған тұз тез шайылады.
Сортаңдану– топырақтың үстіңгі қабаттарында ерігіш тұздар жиналу үрдісі. Бұл үрдіс жауын-шашын мөлшерінен ылғалдың булануы артық болған жағдайда, топырақтың бусану су құбылымы бар аумақтарда қалыптасады. Ыза судың деңгейі жоғары болғанда (0,5-3м тереңдікте) ол ыстық ауа райы әсерінен буланып, топырақтың беткі қабаттарына тұзы бар ащы су көтеріліп, тұздар үстіңгі топырақ қабаттарына шоғырланады. Сортаңданған топырақтардың физикалық-химиялық қасиеттері нашар және оның құнарлылығы өте төмен болады.
Кебірлену -топырақтың қабатында алмаспалы натрий иондарының шоғырлану үрдісі. Топырақ құралуы кезінде пайда болған немесе аналық тау жыныстарымен ыза су құрамында болған натрий тұздарының иондарының бір бөлігі топырақтың сіңіру кешенінің құрамына көшіп жиналады. Бұл үрдіс нәтижесінде кебір және кебірленген топырақтар түзіледі. Бұл топырақтардың физикалық, химиялық және басқа қасиеттері нашар, топырақ ортасы реакциясы сілтілі болып қалыптасады, өсімдіктердің өнімділігі күрт төмендейді.
Күлгіндену- тайгалы орман ішінде ағаш жапырақтары ыдырап қышқылды өнімдер қалыптасып, топырақтың минералдарын ыдыратып, мол жауын-шашын суымен еріген заттардың үстіңгі қабаттардан астынғы қабаттарға шайылуы нәтижесінде топырақта қоректік заттарға кедей, құрамында қышқылдарға төзімді кремний тотығы жиналған, қышқыл реакциясы бар қабаттың пайда болу үрдісі.
Лессиваж –топырақ түзілуі кезіндебалшықты бөлшектердің құрамын өзгертпей су ағысымен топырақтың астынғы қабаттарына көшуі. Осының нәтижесінде топырақтың үстіңгі қабаттарында балшықты–тозаңды бөлшектер кемиді, ал астынғы иллювиалды қабатта осы бөлшектер мөлшері молаяды, яғни топырақтың үстіңгі қабаттарында құнарлылықты арттыратын маңызды бөлшектер мөлшері кемиді.
Қорыта айтқанда, топырақ құралуы кезінде оның бойында әр түрлі үрдістер қалыптасады және олардың қарқындылығы, қосарлана жүруі топырақтың түрлі қасиеттерін, морфологиялық белгілерін қалыптастырады. Топырақтың белгілі бір түрінің түзілуіне ықпал жасайды.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 7995;