Топырақтану ғылымының даму тарихы

 

Топырақ туралы алғашқы білімнің дами бастауы өте ерте заманнан, жер бетінде адамдардың егіншілікпен шұғылдана бастаған уақытымен сәйкес басталып, одан кейін егіншілік туралы білімнің әрі қарай дами түсуімен байланысты болып отырды. Бірақ ертеде көптеген уақыт бойы адамдар топырақ туралы тек қана жекелеген мағлұматтар жинап, оның қасиеттеріне бақылау ғана жүргізіп отырды.

Алғашқы топырақ туралы білімнің жүйеге келтіріліп сипатталуы біздің дәуірге дейінгі VIII ғасырымен біздің дәуірдің III ғасыры аралығында Грек–Рим цивилизациясы кезінде басталды. Осы кезеңде топырақ туралы көптеген мағлұматтар жиналып гректің, Римнің ғұлама, ойшыл философтарының трактаттарында баяндалды. Әр жер ауданында дамыған топырақтардың ерекшеліктері туралы, оларды түрлі егіншілік жүйесінде пайдалану жөнінде ой толғап, топырақты топтарға жіктеудің алғашқы талпынысы жасалды. Әсірісе Рим ойшылдары Катонның, Варронның, Вергилийдің және Колумелланың еңбектері – (трактаттары) кең қауымға белгілі болды. Солардың ішінде Колумелланың жазған дүние жүзіндегі бірінші ауыл шаруашылық энциклопедиясы – «Ауыл шаруашылығы туралы трактат» атты еңбегінде ол топырақтың құнарлылығы жөнінде, оны топтарға жіктеу, топырақты өңдеп-баптау, тыңайту мәселелері хақында мол мағлұмат берді.

Жаңа дәуірдің XVI-XVII ғасырлары аралығында феодалдық заманның салық жинау жүйесін үйлестіру үшін топыраққа баға беру жұмыстары үлкен қарқынмен жүргізілді. Топырақтың қасиеттерін зерттеу мәселелері осы кезеңде жақсы қолға алынбады, бірақ, әр аймақтың топырақтарын сипаттап оларға баға беру қарқынды жүргізілді. Жер кадастры көптеген елдерде жасалынып қолданылды. Осы кезеңнің аяғына таман топырақ туралы жаңа түсініктер қалыптаса бастады. Өсімдіктердің сумен қоректенуі (Френсис Бекон), топырақтан өсімдіктердің тұздарды сіңіруі (Бернар Палисси), табиғаттағы заттар айналымы (Леонардо да Винчи) туралы тұжырымдар айтылды.

Топырақтанудың XVIII ғасырда дамуына неміс ғалымы Н.А.Кюльбельдің «Топырақтың құнарлылығы туралы кітабы» (1740ж.), француз оқымыстысы А.Тюргоның топырақтың құнарлығының кемуі туралы ілімі (1766ж.), швед ғалымы Н.Валериустың топырақтың қарашіріндісін зерттеп, өсімдіктердің қарашіріндімен қоректену ілімін (1761ж.) жазуы және Германияда Ф.Ахардттың шымтезектен сілтілермен шайуы арқылы қарашірінді ерітіндісін алып, оны күкірт қышқылымен тұндырып алуы (1786ж.) еңбектері үлкен үлес қосты.

Осы кезеңде топырақ туралы жазылған жаңа оң пікірлер орыс ғалымдары М.В.Ломоносовтың, П.С.Палластың, И.А.Гюльденштедттің еңбектерінде жарық көрді.

Еуропа егіншілігінде XIX ғасырда капиталистік өндірістік қатынастардың дамуы кезінде топырақтанудың агрогеологиялық және агромәдени-химиялық бағыттары қалыптасып дамыған кезеңі болды.

Осы кезеңде агрохимия ғылымының негізін қалаған М.Г.Вольнидің, А.Д.Теердің, Г.Дэвидтің, М.Г.Павловтың, Я.Берцелиустың, Ю.Либихтың, Ж.Б.Буссенгоның еңбектері жарық көрді.

Агрогеологиялық топырақтану бағытының дамуына неміс ғалымдары Ф.А.Фаллу, К.Шпренгельдің еңбектері үлкен үлес қосты. К.Шпренгельдің 1837 жылы шыққан «Топырақтану немесе топырақ туралы кітап» атты еңбегінде бірінші рет «топырақтану» атауы қолданылды. Бұл кезеңде үлкен жер аймақтарының топырақ карталары жасалынды. Ресейде бірінші рет 1851жылы К.С.Веселовскийдің, екінші рет 1879 жылы В.И.Чаславскийдің басшылығымен топырақ карталары жасалынды.

Топырақтанудың осы дамуы кезеңінде ғалымдар әлі де ескі көзқараста болып, топырақты өлі табиғи геологиялық дене ретінде қарады. Бірақта, осы кезең топырақтанудың ғылыми негізінің қалануына үлкен әсер етті.

Қазіргі топырақтанудың ғылыми генетикалық негізі XIX ғасырдың аяғында, XX ғасырдың басында ұлы табиғат зерттеушісі, орыс ғалымы Василий Васильевич Докучаевтың және оның ізбасарларының қажырлы еңбектерінің арқасында қаланды.

Петербург университетінде 1883 жылы 10 желтоқсан күні В.В.Докучаев ғылым докторы дәрежесін алу үшін жасаған «Орыстың қара топырағы» атты баяндамасын жемісті қорғап шықты. Осы күн қазіргі топырақтану ғылымының дүниеге келген күні болып саналады.

В.В.Докучаевтың ашқан ғылыми жаңалығының басты өзегі -топырақтың жеке ерекше табиғи, тарихи дене екенін көрсетіп дәлелдеуі. Уақыт ағымының қатысуымен тау жыныстарынан ылғалдықтың, ауаның, ағзалардың өзара қарым-қатынасы әсерінен топырақтың пайда болатынын көрсетіп, оның басқа да табиғи денелер сияқты құрылысы, ерекше қасиеттері, жасы, жер бетінде таралу заңдылықтары, топырақтың өз «тіршілігі» бар дене екенін айқындап беруі.

В.В.Докучаев қазіргі генетикалық топырақтану ғылымының басты теориялық және әдістемелік негізін салушы ғалым. Ол топырақ құраушы факторлар туралы ілімді, топырақтардың ендік және биіктік табиғи аймақтар бойынша таралу заңдылығы туралы ілімді қалыптастырып дамытты, топырақты далада зерттеу, топырақты картографиялау, топырақ сапасын бағалау (бонитировкалау) әдістемелерін жасады, құрғақшылықтан дала аймағын қорғау шараларын жүзеге асырды.

В.В.Докучаев құрған топырақты зерттеу далалық экспедицияларға қатысқан, оның ізбасарлары мен оқушылары топырақтану ғылымын әрі қарай алға бастырып, ерекше дамытты. Олар: Н.М.Сибирцев., В.И.Вернадский., Н.Г.Высоцкий., К.Д.Глинка., С.А.Захаров., Н.А.Димо., Л.И.Прасолов., Б.Б.Полынов және т.б.

Осы кезеңде АҚШ-та Е.В.Гильгарттың (1833-1916) және М.Уитнидің (1860-1927), Батыс Еуропада М.Э.Вольнидің (1846-1901), Ю.Шлезингтің (1824-1919), М.Г.Мургочидің (1872-1925), Н.П.Пушкаровтың (1847-1948), П.Трейцтің (1868-1935), А.Зигмондтың (1873-1939) топырақтанудан еңбектері жарық көрді.

Көптеген елдерде 1916-1941 жылдары топырақ сипаттамасы жөнінде мол мағлұматтар жиналды. Осы кезеңде халықаралық топырақтанушылар ұйымы құрылды (1924), үш халықаралық топырақтанушылар конгрессі өтті (1927, 1930, 1935). Осы жылдары дүниежүзілік ғылым саласында топырақтанудың В.В.Докучаев салған бағыты құпталып, бірауыздан мақұлданды. Топырақтану жаратылыстану ғылымының жеке саласы болып бөлініп шықты. Осы ғылымның физика, химия, география, минералогия, биология және ауыл шаруашылығы тараулары жеке-жеке сала болып бөлініп дами түсті.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейінгі отыз жыл ішінде жер шарының топырақтарын зерттеп, есепке алу және топырақтану бағытындағы халықаралық ынтымақтастық жұмыстардың қарқынды жүруі кезеңі болды. Осы кезеңде Азия, Африка, Оңтүстік Америка елдерінің топырақ жамылғысын зерттеу жұмыстарының мардымды жүруі байқалды. Осы жұмыстар негізінде 1960-1978 жылдары дүниежүзілік топырақ картасы жасалынды.

Қазіргі уақытта топырақтану ғылымының басты бағыты, XX ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан жер планетасының экологиялық жағдайына қатысты болып отыр. Табиғи ресурстарды пайдаланудағы ғасырлар бойы жинақталған кері әсерлермен қазіргі заманның әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық даму салдарынан, көптеген шешілмеген экологиялық мәселелер туып отыр. Осы мәселелер ішінде жер шарының топырақ жамылғысының әр түрлі тозу, құнарсыздану түрлеріне шалдығуы, халық санының күннен-күнге біртіндеп өсуі салдарынан топырақ ауданының салыстырмалы түрде алғанда кемуі, және дұрыс қолданылмағандықтан топырақтың істен шығуы, әр-түрлі ауыл шаруашылығы емес өндіріс салаларында топырақ жамылғысының жойылуы әсерінен топырақ ауданының абсолютты кемуінің байқалуы топырақтану ғылымы алдында осы күрделі мәселелердің оң шешуін табу қажеттілігінің тұрғанын көрсетеді. Адамзат алдында жер планетасының топырақ жамылғысын келер ұрпаққа сақтап, оны тозбаған, ластанылмаған, құнарлылығы жақсарып, артқан күйінде жеткізудің күрделі міндеті тұр. Сонымен қатар, топырақтың әр гектарынан өте жоғары, сапалы өнім жинап, күннен-күнге өсіп келе жатқан адамзаттың азық-түлікке қажеттілігін жеткілікті түрде өтеу мәселесі де өте өзекті болып отыр.

 








Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 15497;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.006 сек.