Ысқаша шолу
Қазақстанның географиялық жағдайы туралы мағлұматтар көне дәуірден жинақтала басталған. Кейіннен еліміздің табиғи қоры туралы қытайдың және арабтардың жиһанкездері мен елшілері сипаттап жазған. Біздің дәуірге дейінгі II ғасырда қытай елшісі Чан-Цун: «Жетісу өңірінің тегіс жерінде шөптесін өсімдіктер бар, ал тау ішінде ағашы көп, орнықты халқы егіншілікпен айналысады», - деп жазған. X ғасырда араб ғалымдары Ибн-Русге еліміздің ауа райы, мәдени өсімдіктері және топырағы туралы жазба мағлұматтар қалдырған. Олар Сырдария бойының топырағын, Жайық пен Эмба өзендері және Ертіс өңірі аралығында орналасқан қимақтардың жайлаулары мен, қыстаулары бар даланы сипаттаған. XVIII - XIX ғасырлар аралығында Қазақстанның табиғатымен топырақ жамылғысын атақты ғалымдар И.И.Лепихин (1795), С.Г.Гмелин (1806), Э.А.Эверсман (1840), Ш.Ш.Уалиханов (1855ж), П.П.Семенов–Тяньшанский (1856,1857), Ф.Рупрехт (1866), Г.И.Танфильев (1902) өз еңбектерінде сипаттап жазды. Ш.Ш. Уалиханов (1855) қолжазбаларында Балхаш көлі маңындағы сор топырақтарды, Семей өңірінің кебір топырақты құрғақ даласын сипаттап өткен. Тянь-Шань тауы бөктерінде қазақ дихандарының өзендерден арықтар арқылы егіс танаптарына су көтеріп тары, бидай себетіндерін сөз еткен.
1903 жылы жарық көрген «Ресей. Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» атты көп томдық еңбектің 18 томында Қазақстанның географиялық жағдайы, соның ішінде топырақ жамылғысы туралы мағлұмат жарияланды.
XX ғасырда Қазақстанның табиғи байлығына орыс мемлекеті мүдделеніп, олар елімізде зерттеу жұмыстарын қарқынды жүргізе бастады. Ресейдің Азия бөлігінің өсімдіктерін және топырақтарын зерттеуді 1907-1916 жылдары К.Д.Глинка ұйымдастырып, басқарды. Осы жылдары Қазақстан топырағын зерттеуге С.С.Неуструев, А.И.Безсонов, Р.И.Аболин, Л.И.Прасолов, И.В.Ларин және т.б қатысты. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі негізінде К.Д.Глинканың (1909, 1923, 1926), Л.И.Прасоловтың (1926), А.И.Безсоновтың (1910) бірнеше кітаптары басылып шығып, оларда еліміздің топырақтары туралы мәнді мағлұматтар жарияланды.
1926-1930 жылдары Қазақстан топырағын зерттеуге белгілі орыс ғалымдары И.П.Герасимов, Е.Н.Иванова, Е.В.Лобова, Т.Ф.Якубова қатысты. Осы жылдары Қазақстанның Халық комиссариатының топырақ бюросы, су басқармасы, Мемлекеттік жер тресі қызметкерлері еліміздің түрлі аймағында топырақтарды, өсімдік дүниесін және агроэкономикалық жағдайларды зерттеуді қарқынды жүргізді. Осы жұмыстарға Қазақстанның топырақтану ғылымының жас мамандары Ө.О. Оспанов, Я.Ф. Дубовик, А.В. Мухля, С.П. Матусевич, Д.М.Стороженко ж.б. қатысты.
Л.И. Прасоловтың басқаруымен 1935 жылы Қазақстан ғалымдары дайындаған Қазақ Республикасының топырақ картасы дайындалды. Осы жылы С.П.Матусевич ж.б. авторлар дайындаған «Қазақстанның топырақ жамылғысы» кітабы жарық көрді. Осы еңбекте бірінші рет еліміздің әр түрлі геоморфологиялық аймақтарының топырақ жамылғысы жүйелі түрде сипатталды.
1939 жылы Кеңестер Одағының Ғылым академиясының қазақ филиалы құрамында топырақ зерттеу бөлімі ашылып, оның негізінде 1945 жылы Қазақстан Ғылым академиясының топырақтану институты құрылды. Ол қазіргі кезде мемлекетіміздің мамандандырылған ірі ғылыми зерттеу институты. Осы институт ғалымдары отанымызда топырақтану ғылымының дамуына, еліміздің топырақтарын зерттеу барысына аса ауқымды үлес қосты. Институт ғалымдарының атқарған жұмыстарының бастылары: кіші және орташа масштабтағы еліміздің және әр облыстардың топырақ карталарын жасау; шаруашылықтар мен мемлекеттік жер қорларының ірі масштабты карталарын жасау, топырақ мелиорациясы, топырақ эрозиясы жөніндегі стационарлы және әр аймақта өткізілген ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу; Қазақстан топырақтарын кешенді түрде сипаттайтын 14 томдық «Қазақстан топырақтары» атты жинақты баспадан шығару; еліміздің топырағын жіктеу және оларды диагностикалау мәселелерін зерттеп, оны іс жүзіне асыру. Осы топырақтану институтын 1945-1968 жылдары аралығында белгілі топырақтанушы ғалым Өмірбек Оспанұлы Оспанов басқарды.
Ө.О. Оспанов (1906-1993ж.ж.)
Ө.О.Оспанов (1906-1993ж.ж.) Қазақстанда топырақтану ғылымының негізін қалаушы ұлтымыздың алғашқы топырақтанушы маманы. Ол 1932 жылы Мәскеудегі К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын топырақтану және агрохимия мамандығы бойынша бітіріп, КСРО Ғылым академиясының В.В.Докучаев атындағы топырақтану институтының аспирантурасында білімін жалғастырды.
Қазақ Ғылым академиясының президенті Қ.И.Сатпаевтың орынбасары ретінде қызмет атқара жүріп ол еліміздің топырақтану ғылыми зерттеу институтының ашылуына, Қазақстан топырақтарын тың игеру жылдары ұтымды зерттеуге, топырақтанушы ғалымдарымыздың ғылыми жұмыстарының әлемдік деңгейге сай жүргізуіне аса зор үлес қосқан ғалым. Тың игеру жылдары (1954-1958ж.ж.) топырақ зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Қысқа мерзімде 100 млн. топырағы зерттелініп, ірі масштабтағы топырақ карталары және топырақты ауыл шаруашылығында гектардың пайдаланғанда қажетті картограммалар дайындалды. Жарамды 22,6 млн. гектар жер таңдалынып алынып, игеруге ұсынылды (Ө.О.Оспанов, К.Ш.Фаизов, И.В.Матыщук, П.И.Тимошин, Ш.А.Шолақов, А.М.Дурасов, Н.П.Панов).
Қазақстанда топырақтардың эрозияға ұшырауы жағдайының ұлғая түсуіне байланысты еліміздің ғалымдары топырақ эрозиясы байқалатын аймақтар картасын дайындады, эрозияға және дефляцияға қарсы қолданылатын шараларды қалыптастырып жүзеге асырды (Р.Джанпейсов, М.Бельгибаев, А.И.Бараев, Г.Г.Берестовский ж.б.).
Топырақты көптеген жылдар бойы ауыл шаруашылығында пайдаланғанда оның бойындағы өзгерістер зерттелініп, топырақты құнарсызданудан сақтау жолдары анықталды (В.В.Редков, Т.Д.Джалангозов, Ш.А.Шолақов, Б.Н.Вишневская, Р.Е.Елешев, С.З.Елубаев, В.Г.Черненок).
Еліміздің суармалы аймақтарында қолданылатын топырақтардың ерекшеліктері зерттелініп, оларды дұрыс қолдану жолдары айқындалды (Ж.У.Аханов, В.А.Корниенко, М.А.Орлова, Л.И.Пачикина, Т.Т.Тазабеков). Қазақстанда таралған сор, сортаң және кебір топырақтардың қасиеттері, түзілуі зерттеліп, оларды дұрыс игеру шаралары анықталды (М.В.Боровской, В.Н.Михайличенко, И.Я.Половицкий, В.М.Кирюшин).
Кейінгі жылдары елімізде топырақтану ғылымы одан әрі алға басып, дамып келеді. Ғалымдарымыз топырақ құнарлылығын өндіруді, құнарлылықтың оңтайлы көрсеткіштерін анықтауды, топырақ микроорганизмдерінің физиологиялық, биохимиялық қызметін, топырақ қарашірігінің өзгерістерін зерттеуді жүргізу бағытында ауқымды жұмыстарды жалғастыруда. Әсіресе топырақ экологиясы жөніндегі мәселелерге көп көңіл аударылып, топырақтың улы заттармен ластануы, адамзат әсерінен бұзылып, бүлінуі байқалатын өндірістік аймақтар анықталып, топырақтың экологиялық қызметтері және оның агроэкологиялық мүмкіншілігін зерттеу бағыттарындағы жұмыстар жалғасуда.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 3427;