Топырақтың морфологиялық белгілері
Топырақ түзілуі құбылыстарының әсерінен тау жынысынан пайда болған топырақта оған тән құрылыс, пішін, ерекше белгілер, қасиеттер мен жаңа қосылыстар пайда болады. Сөйтіп топырақ тау жынысынан өзінің құнарлылығымен ғана емес, құрылысымен және сыртқы морфологиялық белгілерімен ерекшеленеді. Осы морфологиялық белгілер арқылы топырақ түрлері бір-бірінен ажыратылады, топырақ түрлерге жіктеліп, оларға атау беріледі.
Басты морфологиялық белгілерге топырақтың құрылысы, топырақтың және оның қабаттарының қалыңдығы, түсі, түйіртпектілігі, жайласуы, гранулометриялық құрамы, жаңа жарандылар мен кірме заттар жатады.
Далалық жағдайда топырақтың морфологиялық белгілерін зерттегенде тік қазылған шұңқырлар пайдаланылады (25-сурет). Бұл әдісті алғаш рет топырақтанудың ғылыми негізін салушы В.В. Докучаев қолданды. Осы әдіс іс жүзінде топырақты далалық жағдайда зерттеуде осы күнге дейін қолданылып келеді.
25-сурет. Топырақ кескінін сипаттау шұңқыры
Топырақтың кескінінің құрылысы – оның тік кескінінде кезектесіп орналасқан әр түрлі қабаттары. Бұл қабаттар бір-бірінен түсімен, түйіртпектілігімен, тығыздылығымен, химиялық құрамымен, кейде гранулометриялық құрамымен ерекшеленеді. Топырақтың кескіні құрылысы пайда болып, қабаттардың ерекшеленуі топырақ түзілу процесінің және топырақты өндірісте пайдаланудың ықпалынан болады. Әр топырақ типінің өзіне тән кескін құрылысы болады, яғни кескін құрылысына қарап топырақтардың типін, түрін анықтай аламыз. Топырақ түзілу үрдістері біртекті болған жағдайда топырақтың кескін құрылысы ұқсас болып түзіледі. Топырақ кескіні құрылысы ерекшелігіне байланысты бірнеше типтерге бөлінеді (26-сурет).
Қарапайым – бұл кескін топырақ құралуының алғашқы сатыларында қалыптасады, топырақ құралуы жыныстардың беткі қабатында ғана өтеді. Кескін қабаттарға әлсіз жіктелген, қалыңдығы бірнеше сантиметр ғана.
Толық дамымаған (жетілмеген)– тығыз кристальды-массивті жыныстарда немесе құлама беткейлерде қалыптасады (кескіннің қалыңдығы бірнеше сантиметр, бірақ генетикалық қабаттары түгел) – көбіне таулы жерлерде болады.
Кәдімгі кескін. Топырақ кескінінде генетикалық қабаттары толық және жақсы дамыған топырақ кескінің кең тараған түрі.
Әлсіз жіктелген кескін. Тез бұзылатын минералдары аз топырақтарда қалыптасады (кварцті құмдар, көне-ферралитті). Жалпы кескін қабаттарға нашар бөлінген.
Бұзылған кескін – жерді жыртқаннан, су немесе жел эрозиясына әр дәрежеде шалдыққан топырақтар .
Қалдықты кескін – күрделі, осы кескінде генезисы әр түрлі көмілген қабаттар (немесе кескін түгел) кездеседі. Олар алдындағы топырақ құралу үрдістерінде пайда болып, кейіннен көміліп үстіне жаңа топырақ кескіні пайда болған.
Көп мүшелі кескін. Әртүрлі құрылысты топырақ түзуші жыныстары көбіне 100 см тереңдікке дейін кездескенде қалыптасады.
Полициклді кескін. Топырақ түзуші материалдарды кезеңді шөгілу жағдайында қалыптасатын топырақтарға сай кескін. Мысалы, жайылма топырақтар кескіні.
26 сурет. Топырақ кескіндерінің (құрылысының) типтері:
1-қарапайым; 2-толық дамымаған; 3-кәдімгі; 4-әлсіз жіктелген; 5-бұзылған; 6-қалдықты кескін; 7-көп мүшелі кескін; 8-полициклді; 9-аударылған; 10-мозайкалы.
Аударылған кескін – кескіндерде астыңғы топырақ қабаттар жасанды түрде жоғарыға шығарылып, жоғарғы қабаттар астына түсірілген.
Мозайка тәрізді кескін. Кеңістіктері әр түрлі болып үйлескен қабаттардың қабысуынан пайда болған кескін.
Одан басқа, топырақ кескіндері заттарды тарату ерекшеліктеріне қарай жіктеледі. Заттарды топырақтың жоғарғы қабатынан бастап максималды жинайтын топырақтар аккумулятивті кескінге сай (қарашірінді-аккумулятивті кескін), ал элювиалды кескіндер - заттардың кескінінен шайылуымен сипатталады.
Топырақтың тік кескінінде бірнеше қабаттар кездеседі. Осы қабаттарға атау қойылып, әріппен (индекс) белгіленеді. Әдетте топырақтың келесідей генетикалық қабаттары ажыратылады:
А – қарашірінді жиналған қабат;
В – иллювиальді немесе аралық қабат;
Ģ - глей қабаты
С – аналық тау жынысы
Д – төсеніш жыныс (төсенішті қабат)
А1 (АЕ) – қарашірінділі элювиальды қабаты
А2 (Е) – элювиальды қабат
Ао – орман төсеніші, Аш - шымды қабат дала кигізі
Т – шымтезек қабаты
Ао немесе Аш органогенді қабат, орман ішінде түскен, қураған жапырақтардан, ал далалық аймақта шөптесін өсімдіктерінің қалдықтарынан құралған, тың жерде болатын топырақтың ең үстіңгі қабаты.
А – қарашірінді және қоректік заттар жиналатын топырақтың жоғарғы жағында қалыптасқан қабат. Минералды заттардың бұзылуы мен сілтісізденуі байқалмайды. Түсі басқа қабаттарға қарағанда күңгірт болады.
А1 - қарашірінділі элювиальды қабатта қарашірінді жиналуымен қатар минералдардың бұзылуы және ыдыраған заттардың төменгі қабаттарға шайылып жылжуы байқалады.
А2 – элювиальды қабатта топырақ түзілу процесі кезінде бірқатар заттар төменгі қабатқа немесе топырақ кескіні астына шайылады. Сондықтан қабатта балшықты минералдар азайып кремний негізді заттар көбейеді.
В – иллювиальды қабатта жоғарғы қабаттан шайылған заттар, кей жағдайда жер асты сулары арқылы келген заттар жиналады. Топырақ кескінімен жылжушы заттарға байланысты иллювиальды қабат әр түрлі қосындылармен байытылуы мүмкін. Мысалы: қарашіріндімен (Вh), карбонаттармен (Вк), темір қосындыларымен (ВFe). Егер топырақта мұндай заттардың жылжуы байқалмаса онда В қабатын аралық қабат, бір қабаттан екінші қабатқа алмасу қабаты деп атайды.
С – аналық тау жынысы, топырақ түзілу процесінің әсері тимеген немесе оның сәл әсері болған тау жынысы қабаты.
Топырақты қабаттарға бөлгенде олардың бір қабаттан екінші қабатқа алмасуы сипатына көңіл аударады. Егер бір қабат түсі екінші қабат түсіне алмасуы 5 см –ге созылса, ол біртіндеп алмасу, ал ол 2-5 см болса анық, ал 2 см – ге дейін болса бірден алмасу деп сипатталады.
Топырақтың және әр қабаттың қалыңдылығы оның тік кескінін өлшеу арқылы анықталады. Топырақтың жалпы қалыңдығы оның үстінен бастап топырақ түзілу процестерінің әсері тимеген не аз болған тау жынысына дейінгі аралық жатады. Топырақтың қалыңдығы 40-50 ден 100-150 см-ге дейін болады. Қабаттардың қалыңдылығын сипаттағанда олардың үстіңгі басталатын және астынғы аяқталатын шекаралары және қалыңдығы есептелініп көрсетіледі. Мысалы:
Топырақтың түсі бірден көзге көрініп байқалатын белгі. Көптеген топырақтардың атауы оның түсіне байланысты қойылған. Мысалы: қара топырақ, қоңыр топырақ, күлгін топырақ т.б. Басқа белгілерді ескере отыра, топырақ түсі топырақтың типін анықтайтын белгі (27-сурет).
С.А. Захаровтың анықтауы бойынша топырақ бояуы, түсі негізінен төменгі қосындылардың 3 тобына байланысты. Олар: 1– қарашірінді, 2- темір қосындылары, 3 – кремний қышқылы, көмір қышқылды әк, каолинит.
27 –сурет. С.А. Захаров бойынша топырақ түсінің үш бұрышы
Топырақ құрамындағы қарашірінді оған қара, күңгірт-сұр түс береді. Темір тотығы қосындылары топыраққа қызыл, қызғылт-сары, сары түс береді, ал кремний тотығы, көмірқышқылды кальций, каолинит ақшыл, ақ түс береді.
Топырақтың түйіртпектілігі– оның пішіндері және ірілігі әр түрлі болып келетін түйіршіктері жиынтығы (агрегаттары). Олар түрлі жағдайлар арқылы біріккен ұсақ бөлшектерден құралады. Егер топырақ белгілі пішіні бар түйіршіктерге бөліне алатын болса түйіртпектігі (структурасы) бар деп есептейміз. Ал майда үгілген бөлшектерге немесе үлкен пішінсіз кесектерге бөлінген болса ол түйіртпексіз деп саналады.
С.А.Захаровтың анықтауынша түйіртпектің үш типі бар: 1) куб тәріздес – бөлшектер бір–біріне перпендикуляр үш бағытта бірқалыпты қалыптасқан; 2) призма тәріздес – бөлшектердің даму бағыты негізінен тік бағыт бойы қалыптасқан; 3) тақта тәріздес – бөлшектер негізінен көлденең жазықтық екі ось бойымен қалыптасқан. Топырақтың түйіртпектілігінің түрлерге жіктелінуі 8–кестеде және 28 суретте келтірілген.
8-кесте. Топырақ түйіртпектігінің жіктелуі
Тегі | Түрі | Мөлшері | Сипаттамасы |
Тоң кесекті | 1-тип. Куб тәрізді | Пішіні дұрыс емес, беті тегіс емес | |
ірі тоң кесекті ұсақ тоң кесекті | >10см 1-10см | ||
Кесекті | ірі кесекті кесекті ұсақ кесекті шаң тәрізді | 3-10 мм 1-3 мм 0,25-1мм <0,25мм | Дұрыс емес доғал пішінді, омырылған, беті бұдырлы, қырлары байқалмайды |
Жаңғақ тәрізді | ірі жаңғақты жаңғақты ұсақ жаңғақты | >10 мм 7-10 мм 5-7 мм | Дұрыс пішінді, қырлары жақсы білінеді, беті тегіс |
Дәнше | ірі дәнше дәнше ұсақ дәнше | 3-5 мм 1-3 мм 1-0,5мм | Пішіні сәл дұрыс, кейде домаланған, қырлары жақсы білінеді. Беті бірде бұдырлы, бірде тегіс, жылтыр |
Бағана тәріздес | 2-тип. Призма тәріздес | Бөлшектер нашар пішінделген, қырлары түзу емес, қабырғалары дамымаған | |
ірі бағана тәріздес бағана тәріздес ұсақ бағана тәріздес | >5см 3-5 см <3 см | ||
Бағаналы | ірі бағаналы ұсақ бағаналы | 5-3см <3 см | Дұрыс пішінді, тік бағытта жақсы жетілген, және үстіңгі жағы дөңгелене біткен, астынғы жағы тегіс |
Призмалы | ірі призмалы призмалы ұсақ призмалы нәзік призмалы қарындаш тәрізді (ұз-ғы 5см) | 3-5 см 1-3 см 0,5-1см <0,5 см <1см | Қабырғалары жақсы жетілген, тегіс, жылтыр бетті, өткір қырлы |
Тақталы | 3- тип. Тақта тәріздес | Жетілген қатпарлы, көлденең жымдастығы бар. | |
тақталанған плиткалы пластинкалы жапырақты | >5мм 3-5мм 1-3мм <1 мм | ||
Қабыршақты | жұмыртқа қабыршақты ірі қабыршақты ұсақ қабыршақты | > 3 мм 1-3 мм <1 мм | Мөлшері үлкен емес көлденең жымдастығы, өткір қыры бар. |
28-сурет. С.А. Захаров бойынша топырақ түйіртпектігінің негізгі түрлері:
І-тип: 1-тоң кесекті; 2-кесекті; 3-ұсақ кесекті; 4-шаңды; 5- ірі жаңғақты; 6-жаңғақты; 7-ұсақ жаңғақты; 8-ірі дәнше; 9-дәнше; 10-ұнтақты;
ІІ-тип: 11-бағаналы; 12-бағана тәрізді; 13-ірі призмалы; 14- призмалы; 15-ұсақ призмалы; 16-жіңішке призмалы;
ІІІ- тип: 17-тақтатас тәрізді; 18-тақталы; 19-жапырақты; 20-ірі қабыршақты; 21-ұсақ қабыршақты.
Топырақтың жайласуы- оның тығыздығы мен кеуектілігінің сырт көрінісі. Ол топырақтың механикалық құрамына, құрылымына, топырақ фаунасының әрекетіне және өсімдіктердің тамыр жүйесінің дамуына байланысты қалыптасады.
Тығыздылық дәрежесіне қарай топырақ өте тығыздалған, тығыздалған, қопсынды, бытыраңқы болып жіктеледі.
Өте тығыз топырақты күрекпен қазу қиынға түседі, сондықтан қайла немесе сүймен қолдану қажет.
Тығыз топырақты біраз күш жұмсап, күрекпен қазуға болады.
Қопсынды топырақ күрекпен жеңіл қазылады, ал күректен түскен топырақ түйіршіктерге жеңіл бөлініп кетеді.
Бытыраңқы тығыздық жыртылып игерілген, механикалық құрамы құм, құмайт топырақтарға тән. Бұл топырақтардың түйіршіктерінің бір-бірімен бірігуі нашар, сондықтан олар тез үгіліп, бытырап кетеді.
Топырақтың кеуектілігі түйіршіктерінің ішіндегі және олардың арасындағы түтіктердің көлемі мен мөлшеріне байланысты. Топырақтағы түтіктердің, қуыстардың мөлшеріне және орналасуына байланысты топырақтың жайласуы келесідей типтерге жіктеледі:
- нәзік кеуекті - түтіктердің диаметрі 1 мм – ден кіші;
- кеуекті - түтіктердің диаметрі 1-3 мм;
- губка тәрізді – топырақта диаметрі 3-5 мм қуыстар кездеседі;
- тесікті – топырақта диаметрі 5-10 мм-ге дейінгі қуыстар кездеседі;
- құбырлы – жәндіктер қазған құбыр тектес қуыстар.
Жаңа жарандыларжәне кірмезаттар. Топырақ түзілу кезінде оның қабатында әр пішінді, химиялық құрамы әр түрлі заттар–жаңа жарандылар пайда болады. Пайда болу тегіне байланысты олар химиялық және биологиялық болып бөлінеді.
Химиялық жаңа жарандылар қатарына суда ерігіш тұздар, гипс, кальций карбонаты, темір, алюминий, марганец тотықтары, қарашірінді қосылыстары жатады. Олар жиналу пішініне қарай жарғақтар және қонымдар, қабыршақтар, жұғындар, арна, түтікше сияқты түрлерде кездеседі.
Биологиялық жолмен пайда болған жаңа жарандылар қатарына топырақ құрттарының қалдырған қуыс іздері, жауын құрттарының бойынан өткен қалдық түйіршіктер – капролиттер, топырақтағы жануарлардың қазған індері, іздері, шіріген ірі тамырлар және өте ұсақ тамырлар – дендриттер жатады.
Кірме заттартопырақ түзілуіне қатысы жоқ кездейсоқ органикалық немесе минералды заттар. Оларға тау жыныстарының сынығы, жануарлардың сүйегі, шынының, кірпіштің, көмірдің сынығы жатады.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 19130;