Ара топырақтар классификациясы
Қара топырақты жеке тип ретінде қарастырып, бірінші рет оның классификациясын құруды қолға алған В.В.Докучаев (1896) болды. Одан кейін қара топырақты типшелерге бөлу жұмыстарын Н.М.Сибирцев (1898, 1901) жалғастырды. Оның классификациясында қара топырақ солтүстік, нағыз, кәдімгі және оңтүстік типшелеріне бөлінді. Қара топырақ классификациясын құруға С.И.Коржинский, Л.И.Прасолов, Н.Н.Розов, Е.Н.Иванова және т.б. ғылымдар қатынасты. Ұзақ жылдар бойы қара топырақты зерттеген мәліметтерді жинақтап талдап, қорытындылай келе қара топырақтың ТМД мемлекеттерінде қазіргі қолданып жүрген классификациясы жасалынды. Осы классификация бойынша қара топырақ келесідей типшелерге, тектерге және түрлерге бөлінді (31-кесте).
31-кесте Қара топырақ классификациясы
Типшесі | Тегі | Түрі |
Күлгінденген Сілтісізденген Нағыз Кәдімгі Оңтүстік | Кәдімгідей Карбонатты Кебірленген Карбонатсыз Тереңнен қайнайтын Тығыздалған Жетілмеген Әлсіз дамыған | А+В1 қабаттарының қалыңдығына байланысты: А+В1 > 120 см, өте қалың А+В1=80-120 см, қалың А+В1=40-80см, орташа қалыңдықты А+В1= 25-40 см, жұқа А+В1<25 см, өте өте жұқа Қарашірінді мөлшеріне байланасты: >9 %, мол қарашірінділі 6-9 %, орташа қарашірінділі 4-6 %, аз қарашірінділі <4 %, өте аз қарашірінділі |
Қара топырақ тегінің негізгі диагностикалық белгілерінің сипаттамасы келесідей:
Кәдімгідей текке жататын қара топырақтың морфологиялық белгілері және қасиеттері қара топырақтың типшесінің негізгі көрсеткіштеріне сәйкес болып келеді. Топырақтың толық атауын көрсеткенде бұл тектің атауы жазылмайды.
Карбонатты текке жататын қара топырақта оның үстінгі А қарашірінділі қабатынан бастап карбонаттар кездеседі. Сондықтан ол НСl ертіндісінен топырақтың үстінгі бетінен бастап «қайнайды» (көпіршиді).
Кебірленген текке жататын қара топырақтың В1 қабатының сіңіру кешенінде 5%-дан асатын алмаспалы натрий иондары бар және бұл қабат тығыздылған, майда тозаң бөлшектерге байытылған болып келеді.
Карбонатсыз текке кальций силикатына кедей аналық тау жыныстарында дамыған, топырақтың тік кескінінде карбонаттар жоқ, НСl ерітіндісінен қайнамайтын қара топырақтар жатады.
Тереңнен қайнайтын қара топырақ тегі жеңіл гранулометриялық құрамды болып келеді, НСl ертіндісінен ВС немесе С қабатында «қайнайды», яғни карбонаттар топырақтың терең қабаттарында кездеседі.
Тығыздалған қара топырақ тегінің негізгі белгілері – оның тік кескінінің өте тығыздалған болып қалыптасуы; генетикалық қабаттарға әлсіз жіктелуі; топырақтың үстінгі бетінен бастап карбонатты болуы және В қабатының кебірленген болуы.
Жетілмеген қара топырақ тегі ұсақ шоқылы аудандарда кездеседі (шоқылардың үсті, беткейі). Бұл топырақтың қалыңдығы 40-80см аралығында. Тығыз негізгі тау жыныстарының үстіне, не солардың үгіндісіне орналасқан және генетикалық қабаттары, әлсіз дамып, кейде олар түгел қалыптаспаған болып келеді.
Әлсіз дамыған қара топырақ тегі де ұсақ шоқылы өңірлерде, шоқылардың үстінде, беткейінде тығыз, қатты тау жыныстарының үстінде орналасқан. Бұл топырақтың қалыңдығы 40 см-ден аспайды, яғни 40 см-ден кейін тау жыныстары жатады, қабаттары әлсіз дамыған, кейбір генетикалық қабаттар болмауы мүмкін.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 2925;