Жалпақ жапырақты ормандардың қоңыр топырағы
Жалпақ жапырақты ормандардың қоңыр топырағы суббореалды биоклиматтық белдеуге жататын Батыс және Орталық Еуропа мен Қиыр Шығыста тараған. Бұл топырақтар Ресейдің Калинград облысында, Белорусс мемлекетінде, Ресейдің Хабаровск өлкесі мен Амур облысындағы тау аңғарлары жазықтықтарында, Кавказ және Карпат тауларында кездеседі. ТМД елдерінде осы топырақтар 20 млн. гектардай аумақты қамтиды.
Топырақ құралу жағдайлары.Ауа райы қоңыржай – жылы, ылғалды. Батыс Кавказ таулары бөктерінде жылына 700-900 мм жауын-шашын түседі, булану 600-700мм. Қиыр Шығыс өлкесінде жауын-шашын 450-600мм, булану- 430-550мм болады. Осындай жауын-шашын және булану мөлшері топырақта шайылмалы су құбылымын қалыптастырады. Жыл ішінде ауаның белсенді температурасы (>100С) 1800-40000 болады. Жазы жылы, қысы жұмсақ. Топырақтың тоңазуы Калининград облысы және Қиыр Шығыс өлкесінде байқалады, ал басқа аумақтарда бұл топырақтар қатпайды. Осындай климат жағдайлары әсерінен бұл топырақтарда биологиялық үрдістер жыл бойы жүреді. Топырақтың түзілуі және үгілу үрдістері орташа жылдамдықта өтіп жатады.
Топырақ түзуші тау жыныстарының құрамы және пайда болу тегі әр түрлі болып келеді. Көбінесе олар балшықты-құмбалшықты, қиыршық тасты элювий, шөгінді және магмалық тау жыныстарының элювийлі-делювийлі шөгінділері. Сонымен бірге силикатты, алюмосиликатты бастапқы және туынды минералдардан құралған мұздықтар әсерінен пайда болған құмбалшықтар мен балшықтар. Осындай бай минералды құрамы бар және енжар кремнеземге кедей аналық тау жыныстары бұл жерлерде қоректік заттарға бай және элювиальді үрдістерге төзімді топырақтардың құралуының негізі болады.
Бұл өңірлердің өсімдіктері жамылғысы негізінен шамшат- еменді, еменді, еменді-грабты, шамшат-шағанды ормандар. Кавказ өңірінде шырша, майқарағай, ал Қиыр Шығыста-Саян шыршасы, майқарағай, емен, үйеңкі, жөке сияқты ағаштардан құралған ормандар тараған. Жыл сайын топырақ бетіне түсетін жапырақ қалдықтары шамамен 8 т/га құрайды. Бұл қалдықтар құрамында күлді элементтер мол болады.
Ормандардың қоңыр топырағының жаратылуы, құрылысы және қасиеттері. Бұл топырақ қоңыр топырақ құралу үрдісі әсерінен қалыптасады. Осы топырақ жаратылу үрдісінің ерекшеліктері келесідей:
- топырақ құралу үрдісінің негізі қарашірінді жиналу, балшықтану және лессиваж құбылыстарынан құралған;
- жалпақ жапырақты, қылқанды-жалпақ жапырақты ормандар, кейде шөптесін өсімдіктері дамыған бұл ормандар астында азотты-кальцийлі биологиялық заттар айналымының көлемді болуы;
- топырақ кескінің су мен терең шайылуы және шайылмалы су режімінің байқалуы:
- тік және көлденен бағытта топырақтың жақсы құрғатылуы;
- балшықтану үрдісінің және биологиялық зат айналымының белсенді жүруін қамтамасыз ететін ұзақ жылы мерзімнің болуы.
Балшықтану үрдісі - топырақта майда бөлшекті туынды минералдардың пайда болуы. Бұл туынды минералдар бір жағынан бастапқы минералдардың үгілуінен, ал екінші жағынан органикалық қалдықтар ыдырауы кезінде синтезделіп құралуы мүмкін. Балшықтану үрдісіне топырақтың әр қашанда ылғалды және оның температурасының оң көрсеткішті болуы әсерін тигізеді. Сонымен бірге балшықтану үрдісіне микроорганизмдер және өсімдіктердің, олардың ыдырау өнімдерінің жақсы ықпалы болады. Балшықтану топырақтың ортаңғы қабаттарында белсенді жүреді, өйткені осы қабатта оңтайлы ылғалдылықпен топырақ температурасы қалыптасқан. Бұл үрдіс әсерінен топырақта тозаң бөлшектер, темір, алюминий, марганец, фосфор, магний, кальций және басқа элементтер жинақталады.
Орманның қоңыр топырақтарында орман ішіндегі шөптесін өсімдіктері әсерінен шымдану үрдісінде әр түрлі дәрежеде байқалады. Сонымен бірге лессиваж құбылысы, яғни балшықты заттардың су ағынымен механикалық жолмен топырақтың төменгі қабаттарына шайылуы байқалады.
Орманның қоңыр топырақтары (жіктелмеген) кескіні келесідей генетикалық қабаттардан құралған (В.Ф.Вальков ж.т.б., 2004):
А0 - А0 А1 - А1Вt – Вt – ВС - С
А0 - орман төсеніші.
А0А1 – нашар қарашірінділі қабат, күңгірт–сұр түсті, тығыздалмаған, қалыңдығы 1-5см.
А1 - қарашірінділі қабат, күңгірт-қоңыр немесе ақшылт-қоңыр, тығыздалмаған, кесекті немесе дәнше түйіртпекті, құмбалшықты. Қалыңдығы 10-20см.
А1 Вt – қарашірінділі –метаморфты (өзгерген) қабат, қалыңдығы 20-30см.
Вt – метаморфты (өзгерген) қабат, қоңыр немесе күрең–қоңыр, ауыр құмбалшықты, кесекті–жаңғақты немесе дәнше-жаңғақты түйіртпекті, тығыздалған. Түйіршіктер қабырғасында органикалық-минералды заттар жұғындысы бар. Тозаң бөлшектер шоғырланған қабат. Қалыңдығы 20-30см.
ВС- аралық қабат.
С- аналық тау жынысы.
Орманның қоңыр топырағының химиялық, физикалық қасиеттері жақсы болып келеді. А1 қабатында қарашірінді мөлшері 3-4%-дан 10-12%-ға дейін болуы мүмкін. Қарашірінді типі фульватты (СГК: СФК <0,5).
Алмаспалы сіңген катиондар көлемі 20-25м-экв 100г топырақта және олардың құрамында кальций катионы басым. Негіздермен аздап қанықпаған. Топырақ ерітіндісінің реакциясы әлсіз қышқыл.
Ылғалдылық-физикалық қасиеттері оңтайлы болып қалыптасқан. Ылғал сыйымдылығы мол және су өткізгіштігі жақсы. Осындай қасиеттердің қалыптасуына төзімді кесекті түйіртпектіліктің топырақтың барлық қабаттарында жақсы дамуы себепкер болады.
Орманның қоңыр топырақтарын пайдалану. Бұл топырақтаржер бедері оңтайлы болып келсе жыртып, егіншілікте пайдалануға қолайлы, табиғи құнарлығы жақсы. Топырақтың тиімді құнарлылығын арттыру үшін органикалық және минералды тыңайтқыштарды жүйелі түрде пайдалану керек және бұл топырақтар аздап әк шашуды қажет етеді. Ылғалдылық және жылу құбылымдары жақсы болып қалыптасқан. Көптеген дақылдар үшін қолдан суландыру қажет емес. Әсіресе бұл топырақтар жеміс-жидек ағаштарын өсіруге қолайлы. Жүзім бұталары осы топырақтарда жақсы өнім береді. Орман ағаштарының өнімділігі өте жоғары.
Бұл топырақтардың физикалық қасиеттері, су өткізгіштігі жақсы болғандықтан бұл жерлерде топырақтың су және жел эрозиясына шалдығуы байқалмайды.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 4664;