Шымды топырақтар
Шымды топырақтар ТМД елдері аумағында 9 млн. гектар ауданда тараған. Бұл топырақтар тайгалы–орман аймағында шалғынды шөптер астында немесе шөптесін өсімдігі мен мүкті-шөптесін өсімдігі бар карбонатты немесе бастапқы минералдарға бай аналық тау жыныстары үстіндегі ормандар ішінде қалыптасады.
Шымды топырақ терминін В.В.Докучаев еңбектерінде пайдаланған, ал шымдану топырақ түзілу үрдісі тұжырымдамасын В.Р.Вильямс., И.В.Тюрин. ж.б. ғалымдар қалыптастырған.
Шымды топырақтардың жаратылуы.Шөптесін өсімдіктер жамылғысы әсерінен жақсыдамыған қарашірінді қабаты бар топырақтардың қалыптасуын қамтамасыз ететін құбылысты шымдану топырақ түзілу үрдісі дейміз. Бұл үрдістің басты ерекшелігі-топырақтың үстіңгі қабатында қарашіріндінің және қоректік заттардың қорларының жиналуына және ылғалға төзімді топырақ түйіртпектігін қалыптастыруға ықпал жасауы. Шымдану топырақ түзілу үрдісі әсіресе шалғынды және шалғынды далалық шөптесін өсімдіктер жамылғысы астында белсенді жүреді. Шымдану үрдісі әсерінен тайгалы орман аймағында шымды топырақтар, орманды-дала, дала аймақтарында–қара топырақтар және қуаң дала аймағында қара-қоңыр топырақтар, жайылманың топырақтары қалыптасады.
Шөптесін өсімдіктердің топырақ түзілу үрдесіне тигізетін келесідей ерекше әсерлері бар (В.А.Ковда, 1973);
- тіршілік кезеңінің қысқа болуына байланысты (1-3жыл) шөптесін өсімдіктер қарқынды биологиялық зат алмасуды қалыптастырады және бұл өсімдік қалдықтарының химиялық құрамы оңтайлы-күлі (3-13%) және азот мөлшері мол;
- барлық фитомассаның ішінде топырақтағы тамырлар үлесі үлкен (20-25 тен 85-97% дейін, кейде олар жер бетіндегі массадан артық);
- топырақ ішінде таралған аса көп мөлшердегі тамырлардың биохимиялық және микробиологиялық үрдістерді белсенді дамытуы;
-өсімдік қалдықтарының топырақтың ішкі қабаттарында болып, олардың ыдырау өнімдері топырақтың минералды қосылыстарымен тығыз жанасып қарашіріндінің түзілуіне және оның топырақ құрамында сақталуына жағдай туғызуы.
Жоғарыда көрсетілген жағдайлар әсерінен шөптесін өсімдіктер жамылғысы астында қарашірінді және қоректік заттар мөлшері молая түседі, топырақтың физикалық-химиялық, физикалық қасиеттері жақсарады, микробиологиялық үрдістер қарқынды жүреді. Сондықтан бұл жерде құнарлы топырақтар қалыптасады (шымды топырақ, қара топырақ т.б.).
Шымдану үрдісінің қарқынына шөптесін өсімдіктердің биологиялық өнімділігі, олардың қалдықтарының мөлшері және қарашіріндінің құралуымен жиналуына әсер етуші жағдайлар ықпал жасайды. Топырақтағы органикалық қалдықтардың ыдырауы аэробты жағдайда, яғни ауа жеткілікті болғанда мардымды өтеді, бірақ топырақтың ылғалдылығы, температурасы, ыдырауға ұшыраған қалдықтардағы көміртегі мен азоттың, көміртегі мен кальцийдің арақатынасы бұл қалдықтардың толық ыдырап кетуіне жол бермейді. Сонымен бірге қарашіріндінің жиналуына топырақтағы негіздердің және алмаспалы кальций мен магнийдің мөлшері ықпал жасайды. Бұл қосылыстар жаңа органикалық қалдықтардың ыдырауын тездетеді және пайда болған қарашірінділі заттарды бейтараптандырып, ерімейтін қосылыстар түзуге ықпал жасайды, сондықтан олар шайылып кетуден, микроорганизмдермен әрі қарай ыдыраудан сақталады.
Шымды топырақтардың қасиеттері, жіктелуі.Шымды топырақтардың келесідей жалпы қасиеттері бар:
- жақсы дамыған кесекті-дәнше түйіртпекті қарашірінді қабатының болуы;
- күлгіндену үрдісінің байқалмауы немесе оның сәл байқалуы;
- қарашірінді мөлшерінің мол болуы (3-4 тен 12-15%-ға дейін);
- сіңіру қабілетінің жоғары болуы;
-топырақ ортасының реакциясының бейтарап немесе әлсіз қышқылды, әлсіз сілтілі болуы;
- қоректік заттардың, азоттың мол қоры болуы.
Шымды автоморфты топырақтың кескіні құрылысы келесі қабаттардан қалыптасқан: АО немесе АШ - А1 - В-С.
АО - орман төсеніші, АШ шым- төсеніш қабаты, қалыңдығы 2-7 см;
А1 - шымдалған қабат, сұр немесе қара-сұр түсті, кесекті-дәнше түйіртпекті. Кейде осы қабаттың астынғы бөлігінде ақшылт түс байқалады және кремнезем себіндісі болады. Оны А1 А2 қабаты ретінде белгілейді.
В - аралық (ауыспалы) қабат біртіндеп келесі қабатқа ауысады.
С – аналық тау жынысы қабаты кейде ол өте жұқа болып, бірден түпкі тау жынысы қабатына (Д) көшеді (36- сурет).
Шымды топырақ үш типке жіктеледі: Олар:
- шымды–карбонатты;
- шымды-литогенді;
- шымды -глейленген.
Қаршіріндінің мөлшеріне және оның қабатының қуатына байланысты шымды топырақтар келесідей түрлерге жіктеледі:
- өте мол қарашірінділенген - 12% мол;
- мол қарашірінділі - 5-12 %;
- орташа қарашірінділі-3-5%;
- жұқа қабатты – А1- қабаты 15 см-ден жұқа;
- орташа қабатты - А1 қабаты 15-см-ден қалың.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 3083;