Зен жайылмасы топырақтары

 

Өзен аңғарының мерзімді тасқын су басып қалатын аумағын өзен жайылмасы деп айтады. Қазақстанда жайылмалық-шалғынды, ормандық-шалғынды, шабынды-батпақ, батпақ топырақтар 7млн. 757мың га жерде тараған, яғни барлық топырақ жамылғысының 3,3 % құрайды.

ТМД мемлекеттерінде жайылма топырақтары шамамен 57,5млн. га жерде кездеседі. Аумақтың 2,6% қамтиды.

Қазақстан аумағында мыңнан астам үлкенді, кішілі өзендер бар. Солардың ішінде Ертіс, Сырдария, Орал, Тобыл, Есіл, Шу, Іле, Қаратал, Нұра, Сарысу, Ырғыз, Торғай, Ембі ірі өзендер болып саналады. Қазақстанның ең ірі өзендерінің бірі - Ертіс. Оның ұзындығы Қазақстанның аумағында 1400 км, ал ені 120 м-ден 500 м-ге дейін жетеді.

Орта Азияның ірі өзендерінің бірі болып есептелетін Сырдария өзенінің ұзындығы 1600 км. Қазақстан аумағында Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан өтіп Арал теңізіне құйылады.

Батыс Қазақстандағы Орал өзені ені 10-12 км-ге жуық орманды аңғарымен ерекшеленеді. Оның ұзындығы Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында 1082 км-ді құрайды.

Есіл өзені орталық Қазақстаннан басталып (Қарағанды облысы) Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарын басып өтіп, Ресей аумағында Ертіс өзеніне құйылады. Қазақстан аумағындағы ұзындығы 1400 км.

Көбінесе өзен аңғарлары жағаларында жазық бетті текшелер (террасалар, сатылар) орналасқан болады. Олардың мөлшері мен ені біріне-бірі ұқсамайды. Мысалы Орал өзенінің үш текшесі көзге көрінеді. Ал Ертіс өзенінің орта ағысында үстінгі текшенің ені 20 – 25 км-ге дейін жетуі мүмкін. Әдетте олар ежелгі алювийден құрылған болады Аңғардың өзінде қазіргі заман алювийі кездеседі.

Топырақ құралу жағдайлары.Өзен жайылмасында топырақ түзілуі үрдісі туралы ілімнің негізін салып және дамытқан ғалымдар В.Р.Вильямс, С.С.Соболев, В.И.Шарг, Г.В.Добровольский, В.В.Егоров ж.т.б.

Жайылмада топырақ құралу жайылмалық және аллювилік үрдістердің қатысуымен өтеді. Жайылмалық үрдіс дегеніміз мерзімді тасқын судың өзен арнасының белгілі бір бөлігін басып кетуі. Әдетте бұл тасқын су топырақ бетінде 15-30 күн бойы тұрады. Бұл үрдіс топырақтың ылғалмен мол қамтамасыз етілуіне, микробиологиялық үрдістердің қарқындылығына, тұздардың шайылуына оң әсерін тигізіп, өсімдік жамылғысының мол өнім қалыптастыруына ықпал жасайды. Аллювилік үрдіс дегеніміз тасқын сумен аралысып түрлі заттардың келуі, жайылманың шайылуы мен оның үстіңгі қабатына судан лайдың, майда заттардың, яғни аллювийдің шөгуі құбылыстары. Аллювийлік үрдіс жайылмаға жыл сайын тасқын суда еріген заттарды және құрамында қоректік заттары мол майда түйіршіктерді (лай, тозаң, шаң бөлшектерді) шоғырландырып топырақтың құнарлығының артуына үлкен үлес қосады. Аллювийлік және жайылмалық үрдістердің сипатына, ерекшелігіне жайылма аумағының өзен арнасынан орналасу қашықтығы ықпалын тигізеді.

Жалпы барлық өзен аңғарларын немесе жайылмаларды үш аумаққа бөледі: арна жағасы, орталық және текше маңындағы жайылмалар (43- сурет). Бұлар бірінен-бірі топырақ жамылғыларымен ерекшеленеді. Бірақ бәріне шалғынды типті топырақ түзілуі тән.

 

 

43-сурет. Жайылма құрылысы (В.Р.Вильямс бойынша)

1-арна; 2-құмның ең көп жиналатын жері; 3- арна жағасындағы құмтөбелер; 4-арна бойындағы жайылма; 5- орталық жайылманың су ағымы; 6-текше маңайындағы сай; 7-текше маңайындағы жайылма; 8-орталық жайылма; 9-текше маңайындағы құмтөбелер; 10-текше маңайындағы ісінген құмдар.

 

Арна жағасы жайылмасына тасқын судан ірі мөлшерлі заттар, құм шөгеді, ал орталық және текше маңы жайылмасына (тасқын судың ағыны әлсіруіне және ұзақ уақыт судың топырақ бетінде тұруына байланысты) ұсақ майда бөлшектер – шаң, тозаң, лай шөгеді.

Жер бедері арна жайылмасында толқынды құм жалдарынан құралған, ал орталық жайылмада жер беті жалпылай тегіс болып келеді. Кейде осы аумақта көтеріңкі жалдармен созыңқы немесе табақша тәрізді келген ойпатшалар байқалады. Текше маңындағы жайылма орталық жайылма мен салыстырғанда төмен деңгейде орналасады және бұл аумақта топырақтың ылғалдылығы артып, батпақты болып келеді.

Өсімдік дүниесі жайылмада өте мардымды дамыған. Бұл жерде шалғынды аралас шөпті-астық тұқымдас шөптер тобы басым дамыған. Әсіресе орталық жайылмада шөптесін өсімдіктердің өнімділігі жоғары болып, бітік өседі. Бұл жерде жиналатын пішен өнімділігі 30-40ц/га дейін болады. Жайылманың көтеріңкі жерлерінде өсімдік жамылғысы сирек және өнімділігі төмен, ал текше маңындағы батпақты жерлерде сапасы нашар қоға, қамыс, өлеңшөп сияқты өсімдіктер дамыған. Жайылмада шөптесін өсімдіктермен қатар бұталар мен ағаштар өскен тоғайлар да жиі кездеседі.

Жалпы алғанда жайылмада жақсы дамыған шөптесін өсімдіктер басым болғандықтан табиғи жағдайда топырақ құралуы шымдану үрдісі ықпалымен жүреді.

Өзен жайылмасы топырақтары негізінде аллювилік шөгінділерде пайда болады. Олар топырақ кескіні қалыптасуына өте зор әсер етеді. Жоғарыда көрсетілген жағдайларға байланысты бұл топырақтарды келесідей үш топқа бөледі: аллювийлі шымды, аллювийлі шалғынды, аллювийлі батпақты топырақтарға.

Аллювийлі шымды топырақтар көбінесе арна жағасында құмайт және құмдарда дамиды. Бұл топырақ кескінінің шымдылығы айқын білінеді. Қарашірінді қабатының қалындығы 3–5см-ден 10–30см. қалындыққа дейін жетеді, кей жағдайларда одан да қалың болуы мүмкін. Сонымен қатар аллювийлі шымды топырақтарда көбінесе қарашірінді және азот мөлшері аз болады.

Шымды үрдістер дамуының күшеюі (43-сурет) орталық жайылмаларда байқалады. Бұл аймақта судың баяу ағуына байланысты қоректік заттарға бай шаңды-лай түйіртпекті аллювий шөгеді. Көп жылдары шымдану үрдістері өткен жағдайда аллювийлі шалғындық топырақтар қалыптасады. Аллювийлі шалғынды топырақтар көбінесе орталық жайылманың құмбалшық аллювийінде қалыптасады. Бұл жерде су 1,0–2,0 м тереңдікте орналасқан, шымдану үрдісі дамыған, қоректік элементтерге, органикалық заттарға бай. Топырақ кескінінің құрылысы: АШ - шымды қабат, А1 - қарашірінділі, күңгірт-сұр немесе күрең-сұр түсті, дәнше түйіртпекті, В1 - өтпелі қабатында көбінесе қопа (глей) белгілері байқалады, В2g - өтпелі айқын қопалы қабат және құмбалшық аллювийлі шөгінділер, Сg – аналық тау жынысы.

Аллювийлі-шалғынды топырақтарда қарашірінді қабатының қалындығы 50 см дейін болуы мүмкін, қоректік заттары мол, негіздер сіңіру сыйымдылығы 100г топырақта 25-тен 50 м –экв.-ке дейін.

Аллювиалді батпақ топырақтар жер асты суы жоғары орналасқан, су тасқыны болғанда сулар көп уақыт тұрып қалған мол ылғалды текше маңындағы ойпатты жайылма жерлерінде қалыптасады. Бұл топырақтарға шымтезектері жақсы ыдыраған органикалық заттар немесе лай-қарашірік заттар, жиі қопа қатпарлар дамуы және гидрогенді заттар жиналу тән.

Аллювиалді батпақ топырақтар шалғынды-батпақты, лайлы-қарашірікті-қопалы және лайлы-шымтезектілерге бөлінеді. Шалғынды-батпақ топырақтар айқын қопалану үрдістерімен ерекшеленеді. Аg, В1g, В2g, В3g және Сg-қабаттарынан құралған. Аg- қопаланған қарашірінді қабатының жоғарғы бөлігі; В2g, В3g - қопаланған қарашірінді өткінші қабат қопаланған қабаттар; Сg - топырақ түзуші қопаланған қабат.

Аллювийлі-шалғынды-батпақ топырақтар қопа (глей) белгілерімен ерекшеленеді, олар батпақты жерлерде қалыптасқан. Шала тотыққан темір қоспалары қопа қатпарына көкшіл-сұр-көгілдір рең береді.

Лайлы-қарашірікті-қопалы топырақтар күшті қопалану үрдістерімен және тұрақты мол ылғалдылығымен ерекшеленеді, құрылысы айқын қабаттарға бөлінбейді. Осындай топырақтар көбінесе жайылма текшелері маңайларын бойлап немесе ескі су арналарының түбінде орналасады.

Лайлы-шымтезек топырақтар тайгалы-орман және орманды-дала аймақтарында жайылма текшелерінің маңайында таралған.

Бұл топырақтарда шымтезек қабаты- (Т) айқын байқалады, оның астында қопалы минералды қабат (G) орналасқан. Шымтезек қабаты тасқын сумен алып келген лаймен қаныққан. Топырақ құрамынды (гидрогенді жиналу нәтижесінде) темір тотықтары, вивианит, әктас және жеңіл еритін тұздар көп мөлшерде болады. Өзендер арналары өзгеруі әсерінен шалғынды топырақтардың құрылысы, шымды қатпарлы құрылыспен, батпақ топырақтар шалғынды топырақ құрылысымен көмілуі мүмкін.

Орталық жайылымның ыза суы жақын орналасқан кейбір жерлерінде батпақтық үрдістер байқалады, соның ықпалымен шалғынды-батпақты сортаңданған топырақтар қалыптасады. Бұндай топырақтар Ертіс, Есіл өзен жайылмаларына тән.

Егер өзен аңғарлары қара топырақтар аймағында орналасқан болса онда олар қара топырақ сияқты әлсіз күлгінденген топырақтарға жатады.

Орталық жайылмаларда арна жағаларына қарағанда кешенді топырақ жамылғылары жиі кездеседі. Бұл жерде кебірленген, сортанданған шалғынды топырақтар, сор және кебірлермен бірге ұшырасады.

Текшелер маңайындағы жайылмалардың топырақтар жамылғысы орталық жайылмалар топырағына ұқсап кешенді болуы мүмкін.

Сырдария өзені бойында аллювийлі-шалғынды тоғай, суармалы аллювилі-шалғынды топырақтар таралған. Сонымен бірге сирек болсада шымтезекті-батпақты, қарашірікті-батпақты, лайлы-батпақты топырақтар кездеседі.

Аллювийлі-шалғынды тоғай топырақтары тоғай ағаштары және шөптесін өсімдіктер астында ені 3–5км арна жағаларында шаңды құмбалшық және құмайттарда қалыптасады. Ыза сулар деңгейі 1,5–3 метр, тұщы немесе әлсіз сортанданған. Қарашірік мөлшері 1,6% дан 5–6% дейін, жоғары карбонатты, тұз мөлшері көп – 0-20 см-де – 2%, 2метрлік қалындықта тұздың мөлшері 80–200 т/ц құрайды, төменгі қабаттарда тұз мөлшері күрт азаяды (0,5 -0,7%). Бұндай топырақтар мелиоративтік шараларға қажетті емес және бақтар, жүзім, көкөніс, бақша дақылдарын, ормандарды өсіруге пайдалануға болады.

Суармалы аллювийлі-шалғынды топырақтар. Ыза сулары 2,0–3,0м, құрғақшылық жылдары 5,0м тереңдікте орналасады. Бұл аймақта сортаңдалмаған (құрғақ қалдық 0,1–0,2%) топырақпен бірге күшті сортаңдалған топырақ дақтары ұшырайды. Тұздың мөлшері 0–15см қабатта 2% және одан жоғары болуы мүмкін. Тұздар құрамында натрий сульфаты басым келеді. Суармалы жерлерде тұздар жеңіл шайылып кетеді. Бұндай топырақтар кейде егіншілікте пайдаланылады.

Шымтезекті–батпақты топырақтар өзен атырауларында кездеседі. Топырақ үстінде 5–7 см қалындықта қара–құба түсті шымтезек астында қопа қабаты орналасқан; қопа қабатынан соң қатпарлы аллювий шөгінділер басталады. Топырақтар үстінен сортаңданған, карбонаттар да болады. Ойпандарда қарашірікті–батпақты топырақтар кездеседі. Бұл топырақтар үстіңгі күңгірт түсті қарашірінділі және оның астындағы қара қопа қабаттарымен ерекшеленеді. Әдетте топырақ үсті күшті сортаңданған және күшті карбонатты болады. Бұндай топырақтар шымтезекті–батпақты топырақтардың құрғатылуы нәтижесінде қалыптасады.

Лайлы батпақты топырақтар қалың құмбалшықты аллювийлер үстінде, ойпанды жерлерде таралған. Топырақтың үстіңгі жұқа қабаты лай және қарашірік заттарына бай болғандықтан қара түсті болады. Қарашірінді мөлшері 2–3%, гранулометриялық құрамы көбінесе ауыр болады. Қопа қабаты қалың, бетінен сортанданған, құрғақ қалдық 2– 5 % құрайды.

Өзендер жайылмасы топырақтарының құнарлылығы арна жағасынан текше маңына қарай артады. Бұл топырақтарда қарашірінді қабаты қалындығы 1м-ге дейін болуы мүмкін, сондықтан көп дақылдарды өсіруге қолайлы.

Жайылма топырақтарының аймақтануы өзендерге байланысты. Өзен қанша кіші болса соншалық жайылма топырақтарының аймақтануы айқын болады. Топырақ аймақтануы ауа-райына, өсімдіктер түріне және өнімділігіне, жер асты суының құрамына байланысты. Мысалы, тундра аймағының жайылмаларында төмен температура және өсімдіктер өсуінің және қысқа кезеңі заттардың биологиялық айналымын баяулатады, мүктердің мол дамуына, сәл қалыңдықты қопалы, жиі шымтезектелген аллювиальды-тундралы-шымды топырақтар қалыптасуына себепші болады.

Тайгалы-орман аймақтарының топырақтары шым топырақтардың белгілерін сақтап қалады. Оларға қопалану үрдістері тән. Осы аймақтың аллювиальды топырақтарының арасында батпақ топырақтар кең тараған. Сирек су басатын бедер төбелерінде күлгінденген белгілері бар топырақтар қалыптасады.

Орманды-дала және дала аймақтарының өзен жайылмаларында қарашіріндісі мол құрылысы қара топырақтарға ұқсас топырақтар қалыптасады. Бұл топырақтардың қарашірінді қабаты қалың, мөлшері жоғары және түйіртпектігі жақсы болады. Кейбір сирек су басатын жайылмаларда сілтісізденген қара топырақтардың, сұр орман топырақтарының белгілері кездеседі. Бұл аймақта сортаңданған және кебірленген белгілері бар топырақтар қалыптасуы мүмкін.

Шөлейт пен шөл аймақтарында аллювиалды карбонатты және сортандалған топырақтар дамуы байқалады.

Аумақтың гидрогеологиялық құрылысына, өзеннің гидрологиялық режиміне және басқа факторларға байланысты келесі жайылма топырақтары қалыптасады: сегментті, қашылаулы, аралды, қорысты және атыраулы.

Құрамына, реакциясына және басқа қасиеттеріне байланысты аллювиалды шымды және шалғынды топырақтар алты топқа бөлінеді, ал алллювиалды батпақ топырақтарды үш топқа бөледі (46-кесте).

 

46-кесте. Аллювиалды топырақтардың жіктелуі

 

Топырақтар типі Таралған аймақ
Аллювиалды- шымды қышқыл Тайга–орман, орман- дала
Аллювиалды- шымды қаныққан Дала, орман-дала
Аллювиалды- шымды шөлденген карбонатты Шөлейт, шөл
Аллювиалды-шалғынды қышқыл Тайга-орман, орман –дала
Аллювиалды-шалғынды қаныққан Дала, орман-дала
Аллювиалды-шалғынды карбонатты Шөлейт, шөл
Аллювиалды-шалғынды –батпақты Барлық аймақтарда
Аллювиалды-батпақты лайлы-қарашірікті-қопалы Барлық аймақтарда
Аллювиалды- батпақты-лайлы–шымтезекті Барлық аймақтарда

 

Аллювиалды шымды және шалғынды топырақтардың типтері типшелерге бөлінуі аллювиалдық шөгінділерге және топырақ құрылысының дамуына байланысты (қатпарлы қарапайым, қатпарлы, шымды қышқылды, шалғынды қаныққан, шалғынды күңгірт түсті, шалғынды қышқыл, шалғынды карбонатты).

Негізгі тектері: кәдімгідей, темірленген, карбонатты, кебірленген, лайланған, тығызды және қиыршықты болып табылады.

Түрлерге бөлінуі қарашірінді қабатының қалыңдығына, мөлшеріне және кейбір (күлгінденген, кебірленген, сортаңдаған және т.б.) үрдістерге байланысты.

Батпақ топырақтар типтері типшеге шымтезек жиналу үрдісіне (лайлы–шымтезекті қопалы және лайлы шымтезекті, аллювиалды–шалғынды батпақ, аллювиалды-шалғынды шымтезекті батпақ) және лайлануына (батпақты-лайлы-қопалы және батпақты қарашірікті –қопалы) байланысты бөлінеді. Негізгі тектері – кәдімгідей, карбонатты, кебірленген, сортаңданған, кенділенген. Бұл топырақтар органогенді және қарашірінді қабаттарының қалыңдығы бойынша түрлерге бөлінеді.

Аллювиалды топырақтар жоғары табиғи құнарлығымен ерекшеленеді және суға жақын орналасқандықтан егіншілікте өте маңызды болып табылады. Аллювиалды топырақтардың ішінде ең жақсы болып аллювиалды шалғынды топырақтар есептеледі. Бұл топырақтардың қарашірінді қабаты жақсы дамыған, қарашірінді мөлшері орта немесе жоғары, жалпы қоректік элементтері мол, топырақ түйіртпектігі оңтайлы, сондықтан су және физикалық қасиеттері өте жақсы болады. Микроағзалар және топырақ фаунасы белсенді келеді.

Ауыл шаруашылығында аллювиалды топырақтар шабынды, жайылым есебінде немесе өте талапшаң және құнды дақылдарды өсіру үшін игеріледі. Жыртылған жерлерде микробиологиялық белсендік артады және жылжымалы қоректік заттардың мөлшері көбейеді.

Жыртылған жайылма топырақтарда көкөніс, техникалық дақылдарды өсіргенде экономикалық тиімділікті арттыру үшін тыңайтқыштарды енгізу қажет.

 








Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 3794;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.02 сек.