Шымды –күлгін топырақтар
Бұл топырақтар тайгалы орман аймағының оңтүстік бөлігінде мол тараған. Алып жатқан жер аумағы ТМД елдерінде 185 млн. га.
Шымды-күлгін топырақтың жаратылуы.Шымды-күлгін топырақтар шөптесін немесе мүкті-шөптесін өсімдіктері бар ормандарда қалыптасады. Орман ішіндегі шөптесін өсімдіктер әсерінен бұл топырақта шымдану үрдісі жүріп, шым қабат қалыптасады. Ал ағаш өсімдіктері қалдықтары және ылғалды климат әсерінен күлгендену үрдісі байқалады. Кейбір жағдайда бастапқы кезде күлгіндену үрдісі қалыптасады (орман ішінде), ал орман жойылғасын шөптесін өсімдік дамып шымдану үрдісі байқалады. Яғни алдыменен күлгін топырақ түзіледі, ал содан кейін ол шымдану әсеріне шалдығып шымды-күлгін топыраққа айналады. Кейбір жағдайда алдыменен шымдану үрдісі жүріп, шым топырақ қалыптасады, ал кейіннен жағдай өзгергесін күлгіндену үрдісі дамып шым топырақ шымды-күлгін топыраққа айналуы мүмкін. В.В.Пономарева шымды-күлгін топырақтар әрі шымдану, әрі күлгіндену үрдістері бір мезгілде қосарлана келісім тауып жүруі нәтижесінде жаралатыны жөнінде тұжырымдама қалыптастырды. Соныменен, шымды-күлгін топырақтар шымдану және күлгіндену үрдістерінің кезектесіп жүруінен, ал кейбір жағдайда олардың бір мезгілде қосарлана жүруі әсерінен жаратылуы мүмкін екенін аңғарамыз.
Шымды-күлгін топырақтың кескіні құрылысы келесідей қабаттардан құралған (36-сурет):
АО (АШ) - А1 - А2 - А2В - В – С.
АО немесе Аш – орман немесе шөптесін өсімдіктер қалдықтары төсеніші, қалыңдығы 3-5см;
А1 - қарашірінділі-эллювиалды қабат, қалыңдығы 5-20см;
А2 - күлгінденген қабат, ақшылт түсті, кремнезем жинақталған;
А2В - аралық ауыспалы қабат;
В - иллювиальді қабат, түсі қызғылт-құба, құба, темірдің, марганецтің тотықтары және шаң-тозаң бөлшектер шоғырланған, тығыздалған.
С - аналық тау жынысы.
Шымды-күлгінденген топырақтың құрамы және қасиеттері шымдану және күлгіндену үрдістерінің ықпалымен қалыптасқан болып келеді және осы топырақтарды игеру барысында антропогендік әсерден қасиеттерінің өзгерістерге ұшырауда байқалады.
Бұл топырақтың құрылысы элювиальды-иллювиальді типті болып келеді. Яғни, үстінгі қабаттарында заттардың үгіліп, ыдырап төменгі қабаттарға шайылу құбылысы байқалады, ал астынғы иллювиальды қабатқа шаң-тозаң бөлшектердің, біржарымдық тотықтардың (R2O3) шоғырлануы байқалады.
Минералдық құрамында бастапқы минералдардан кварц, дала шпаты, слюдалар, ал туынды минералдардан, тозаң бөлшектер құрамында- гидрослюдалар, вермикулит, монтмориллонит т.б. кездеседі.
Шымды-күлгін топырақтар құрамында азоттың, фосфордың және калийдің қоры аз болып келеді. Қарашіріндінің мөлшері де шамалы 2-5% және бұл көрсеткіш топырақтардың құралу жағдайына, игеріп баптау мәдиниетіне тәуелді болып өзгереді. Қарашірінді типі фульватты, яғни фульвоқышқылдар қарашірінді құрамында басым (СГҚ : СФК <0,5).
Топырақ ортасының реакциясы қышқыл, сіңіру қабілеті аз, топырақтың сіңіру кешені құрамында сутегі және алюминий иондары мол болып келеді.
Шымды-күлгін топырақтар күлгін топырақ типінің типшесі ретінде жіктеледі. Бірақ, кейбір ғалымдар бұл топырақты жеке типке бөліп шығару керектігі туралы мәселе көтеріп отыр. Бұл топырақтың тектері күлгін топырақтар тектеріне негізінен сәйкес келеді. Түрлерге А1 қабатындағы қарашірінді мөлшеріне байланысты келесідей жіктейді:
- аз қарашірінділі - 3% тың жерде, 2 % егістікте;
- орташа қарашірінділі - 3-5% тың жерде, 2-4 % егістікте;
- мол қарашірінділі - 5% артық тың жерде, 4% артық егістікте.
Тайгалы-орман аймағының топырақ жамылғысы құрылымы және оларды пайдалану ерекшеліктері.Бұл аймақтың топырақ жамылғысы ұсақ контурлы болып келеді. Автоморфты және әр дәрежеде гидроморфты болып келген топырақтар, сонымен бірге егістік жерде су эрозиясына шалдыққан топырақтар кезектесіп орналасады. Топырақтардың кешенділігі мен шұбарлығы мол тараған. Сондықтан бұл топырақтарды пайдаланғанда осы ерекшеліктерді ескеріп, шұбар топырақтардың құнарлылығын теңестіру, үшін агротехникалық тәсілдер қолдану керек.
Бұл аймақта ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, әсіресе аймақтың оңтүстік және батыс бөлігі қолайлы, ал солтүстік бөлігімен Шығыс Сібір, Қиыр Шығыс қолайсыздау болып келеді. Осыған байланысты жыртылып игерілген жер аумағы шымды-күлгін топырақтары бар өлкелерде көп. Бұл аймақтың топырақтарының құнарлығы төмен, қарашіріндінің мөлшері аз, түйіртпектігі нашар және реакциясы қышқыл, сонымен бірге ылғалдылығы кейде артық дәрежеде қалыптасқан. Осы ерекшеліктерді ескере отырап бұл аймақта жоғары өнім алу үшін агротехникалық шаралар ішінде аса маңызды болып саналатындары:
- топырақты дұрыс өңдеу;
- топыраққа оңтайлы мөлшерде минералды және органикалық тыңайтқыштарды енгізу;
- көпжылдық шөптерді егу;
- жыртылатын қабаттың тереңдігін біртіндеп арттыру;
- топырақты артық ылғалдан құрғату;
- жыртылған жерлерді тастардан тазарту;
- егістік танаптарды біріктіріп, ауданын арттыру;
- ғылыми негізделген ауыспалы егіс жүйесін қолдану;
- топырақтың қышқылдылығын төмендету үшін әк (известь) шашу;
- су эрозиясына қарсы күрес шараларын пайдалану.
Бұл аймақтың егістік жерлерінде күздік бидай, қара бидай, сұлы, зығыр, картоп сияқты дақылдар өсіріледі.
Тайгалы–орман аймағын және орманды дала аймағының сұр ормандық топырақ тараған аумақтарын біріктіріп табиғи шаруашылық ерекшеліктерінің ұқсастығы ескеріліп қара топырақты емес аймақ (нечерноземная зона) деген атау жиі пайдаланылады.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 3904;