Орманды-дала және дала аймақтарының топырақ жамылғысы құрылымы және оларды пайдалану.
Қазақстанның орманды-дала аймағының топырақ жамылғысы құрылымы келесі топырақтардан қалыптасқан: сілтісізденген қара топырақ, шалғынды қара топырақ (аймақ ауданының 40% қамтиды); орманның сұр топырағы және шалғынды сортаң топырақ (аймақ ауданының 20%); жартылай гидроморфты және гидроморфты топырақтар (аймақ ауданының 20%); кебірлер мен сортаң топырақтар (аймақ ауданының - 20% қамтиды).
Дала аймағындағы кәдімгі қара топырақтыаймақшаныңтопырақ жамылғысы құрылымы негізінен кәдімгі қара топырақтан қалыптасқан. Ол осы аймақша ауданының 60%-дан астамын қамтиды. Ойпатты жерлерде, өзен мен көл жайылмаларында шалғынды қара топырақ, кебірлер, сор топырақтар, шалғынды, шалғынды–батпақты және шақат топырақтар таралған.
Аймақшаның ішінде қара топырақтармен жиынтық құраған кебірлер аймақша ауданының 17%, жартылай гидроморфты және гидроморфты топырақтар 10%, шақат топырақтар 5%, кебірлер мен сор топырақтар 4%-ын құрайды.
Осы аймақшада еліміздің құнарлы, егіншілікке жарамды топырақтары орналасқан. Олар түгелдей жыртылып игерілген. Астық шаруашылығы өндірісінің негізгі көлемі осы аймақшада дамыған.
Дала аймағы құрамына кіретін оңтүстік қара топырақтыаймақшада негізінен оңтүстік қара топырағы дамыған. Олаймақшаның жер ауданының 65% алып жатыр. Топырақ жамылғысының құрылымында кездесетін топырақтар келесідей: оңтүстік қара топырағымен кебір топырақтар кешенді жиынтығы 22%, жартылай гидроморфты және гидроморфты топырақтар - 10%, кебірлермен сор топырақтар аймақшаның жер ауданының 3% құрайды.
Осы аймақшада егіншілік шаруашылығымен ет-сүт өндіретін мал шаруашылығы жақсы дамыған.
Жалпы, орманды-дала аймағында кездесетін сұр-ормандық топырақ, сілтізденген қара топырақтар және дала аймағындағы кәдімгі қара топырақ пен оңтүстік қара топырақтардың қарашірінді қабаты жақсы дамыған, элементтердің мол қоры бар. Ылғалдылық және физикалық қасиеттері қолайлы. Сондықтан бұл топырақтар түгелімен ауыл шаруашылығында егістік алқаптарға айналдырылып игерілген. Бұл алқаптарда жаз мезгілінің екінші жартысында ылғал тапшылығы жиі байқалады. Сонымен бірге топырақтарда жылжымалы фосфор қоры аз болып келеді. Егістікте бұл топырақты қарымталы өңдеп, көптеген жылдар бойы органикалық және минералды тыңайтқыштар қолданбай дәнді дақылдар өндіру - топырақтағы қарашіріндінің, қоректік заттардың мөлшерінің кемуіне, түйіртпектігінің нашарлауына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан егістік жерлерде топырақта мол ылғал қорын жинап, оны сақтау шараларын іске асыру, органикалық және фосфорлы минералды тыңайтқыштарды кеңінен пайдалану және топырақты жел мен су эрозиясынан қорғау шараларын, топырақты, жазықтілгіш құралдармен өңдеуді тиянақты қолдану әрдайым қажет.
Қазіргі кезеңде топырақтың құрамындағы қарашіріндінің минералданып кемуі және бірнеше рет қарымталы өңдеу кезінде топырақтың бетіндегі өсімдік қалдықтарының жойылуы, топырақ түйіртпектігінің майдаланып жел эрозиясына шалдығуы ауыспалы егістегі таза сүрі (чистый пар) алқабында жиі байқалады. Сондықтан осы аймақта ауыспалы егістікте таза сүрі орнына түйе жоңышқа егілген екпе сүрі алқабын қолдану, егін ору кезінде сабанды майдалап топырақ бетіне шашу, қыста қар тоқтату үшін сабаннан ықтырмалар қалдыру, егін себу кезінде кең қанатты, бірнеше технологиялық жұмысты бір мезгілде атқаратын жаңа техника кешендерін пайдалану бұл өңірдің топырақ құнарлылығының артуына, егіннен мол өнім алуға үлкен мүмкіндік береді.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 3167;