Азақстанның жер қоры және оның экологиялық мәселелері
Жер және оның үстіңгі қабаты - топырақ еліміздің баға жетпес табиғи байлығы, асыраушы анамыз, күш-қуаттың қайнар бұлағы, дүниедегі тіршіліктің тірегі, биосфераның тұрақты дамуының негізі болып саналады. Сондықтан жерді ұтымды пайдалану, құнарын арттыру, оны азып-тозудан, ластанудан қорғау үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Жерді тиімді пайдаланып, осы жұмыстарды заңды негізде жүргізу Қазақстан үкіметі 2003 жылы 20 маусымда бекіткен Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының жер заңдары келесідей қағидаларға (принциптерге) негізделген:
1) Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығы, қол сұғылмаушылығы және бөленбейтіндігі;
2) жерді табиғи ресурс, Қазақстан Республикасының халқының өмірі мен қызметінің негізі ретінде сақтау;
3) жерді қорғау және ұтымды пайдалану;
4) экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
5) жерді нысаналы пайдалану;
6) ауыл шаруашылығына арналған жердің басымдылығы;
7) жердің жай-күйі туралы ақпаратпен қамтамасыз ету және оның қолжетімділігі;
8) жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі іс шараларға мемлекеттік қолдау;
9) жерге келтірілетін залалды болғызбау;
10) жерді ақы төлеп пайдалану.
Қазақстанның барлық жер қоры ауданы 272 млн. 490 мың гектар. Жер кодексінің 1 бабына сәйкес Қазақстан Республикасы жер қоры нысаналы мақсатына сәйкес келесідей санаттарға (категорияларға) бөлінеді және 2006 жылғы есеп бойынша олардың алатын ауданы төмендегідей:
1) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер – 85,0 млн.га;
2) елді мекендердің (қалалардың, поселкелер мен ауылдық елді мекендердің) жері – 21,2 млн.га;
3) өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және өзге де ауыл шаруашылық мақсатына арналмаған жер – 2,5 млн.га;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері, сауықтыру мақсатындағы, рекриациялық және тарихи – мәдени мақсаттағы жер – 3,3 млн.га;
5) орман қорының жері – 23,4 млн.га;
6) су қорының жері – 3,7 млн.га;
7) босалқы жер – 122,0 млн.га.
Қазақстанның жер қорының 222,6 млн.гектары ауыл шаруашылығы алқаптары (барлық жер ауданының 81,7%). Оның ішінде:
- егістіктер (жыртылған жер) - 23,2 млн.га;
- көпжылдық екпелер егілген жер – 115,5 мың га;
- тыңайған жер – 5,4 млн.га;
- шабындықтар – 5,0 млн.га;
- жайылымдар – 189 млн.га.
Еліміздің жер қорының топырақ жамылғасы алуан түрлі болып келеді (50-кесте). Топырақ жамылғысының құрамында құнарлылығы төмен қоңыр, сұр–қоңыр және ашық қара-қоңыр топырақтар үлкен үлес алады. Олар тиісінше барлық топырақ жамылғысы ауданның 14,6, 11,9 және 13,5% (барлығы 40,0%) қамтиды. Бұл топырақтар климаты өте қуаңшылықты, суармасыз егіншілікті жүргізуге мүмкіншілігі төмен, аз өнімді шөл және шөлейт аймақтарда тараған. Сонымен бірге құнарлылығы жоғары, егіншілікте қолдануға тиімді кәдімгі және оңтүстік қара топырақтары мен күңгірт қара-қоңыр топырақты жер ауданы да мол. Олар тиісінше барлық топырақ жамылғысы ауданының 4,5; 5,2 және 11,0%- ын құрайды (қосындысы 20,7%). Бұл топырақтар климаты және жер бедері астық шаруашылығы егістігін жүргізуге жарамды болып келетін Қазақстанның солтүстік бөлігінде орналасқан орманды - дала, дала және қуаң дала аймақтарында тараған.
Қазақстанның таулы өлкесі барлық жер ауданының 12,5% алады. Осы өлкеде таудың құнарлылығы жақсы топырақтары кездеседі. Тау ететіндегі алқаптардың боз топырақтар және аласа таулы белдеудің қара және қара-қоңыр топырақтары қант қызылшасы, мақта, темекі, көкөніс, бау-бақша, жүзімдіктер және астық тұқымдас дақылдары егістіктері ретінде қолданылады. Ал орташа және биік таулы жерлердің топырақтарының жер бедерінің күрделілігі, климат жағдайының ерекшелігі қарқынды түрде егіншілікпен айналасуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан олар көбінесе мал жайылымы ретінде пайдаланылады.
Еліміздің топырақ жамылғысы ішінде құнарлылығы төмен, пайдалану үшін оларды жақсарту (мелиорация) жұмыстарын іске асыру қажет кебір, кебірленген, сортаңданған сонымен бірге су және жел эрозиясына төзімсіз топырақтар түрлері де мол тараған.
Жоғарыда келтірілген мәліметтерден Қазақстанның жер қоры өте мол, оның топырақ жамылғысы құрамында құнарлылығы жақсы, егіншілікте қолдануға тиімді топырақтармен қатар кең ауданда егіншілікте тиімсіз құнарлылығы төмен топырақ түрлері кездесетінін білдік. Сондықтан еліміздің жер қорын экономикалық және экологиялық жағынан ғылыми негіздегі бағдарлама бойынша тиімді пайдалану қажет. Қазіргі уақытта жер қорын пайдалануда байқалған келесідей келеңсіз жайттар қалыптасқан.
Көптеген жылдар бойы өндіс орындарының қалдықтарымен ластанған, бүлініп істен шықан 169,7 мың гектар жер бар. Жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды барлау өндіру, оларды тасымалдап, байыту кезінде қалыптасқан карьерлер, үйінділер басқада өндіріс қалдықтары жердің топырақ жамылғысын жойған. Топырақ өзінің басты экологиялық қызметтерін – биологиялық масса өндіруін және атмосфераның химиялық құрамын реттеуге қатысуын жоғалтқан. Яғни топырақ өлі денеге айналған. Сөйтіп бұл жерлердің экологиялық- санитарлық жағдайы төмендеген.
50-кесте Қазақстанның негізі топырақтарының ауданы
(37, ықшамдалған түрде)
Топырақтар | Жазықтық, мың.га | Таулы өлке, мың.га | Барлық топырақ жамылғысынан үлесі, % |
Ормандық сұр топырақ | 76,0 | 440,8 | 0,2 |
Кәдімгі қара топырақ | 9297,9 | 1199,8 | 4,5 |
Оңтүстік қара топырақ | 11346,9 | 955,5 | 5,2 |
Сілтісізденген қара топырақ | - | 310,9 | 0,1 |
Күлгінденген қара топырақ | - | 424,9 | 0,2 |
Күңгірт қара-қоңыр | 21380,4 | 4602,3 | 11,0 |
Нағыз қара-қоңыр | 18007,5 | 1,8 | 7,7 |
Ашық қара-қоңыр | 29249,1 | 2343,6 | 13,5 |
Қоңыр топырақ | 33539,2 | 457,3 | 14,6 |
Сұр -қоңыр топырақ | 27230,6 | 654,8 | 11,9 |
Тақыр және тақыр тәрізді топырақтар | 8085,4 | 118,4 | 3,5 |
Боз топырақтар | - | 7729,9 | 3,3 |
Сұр-күрең топырақ | - | 1235,1 | 0,5 |
Күрең топырақ | - | 539,4 | 0,2 |
Таулық топырақтар | - | 7623,6 | 3,2 |
Шалғындық қара топырақ | 1653,5 | 65,6 | 0,7 |
Шалғындық қара-қоңыр топырақ | 9272,8 | 278,6 | 4,1 |
Шалғындық қоңыр топырақ | 1535,6 | 29,5 | 0,7 |
Шалғындық боз топырақтар | - | 2641,1 | 1,1 |
Шалғындық топырақ | 4674,4 | 860,2 | 2,3 |
Жайылманың және орманның шалғындық топырақтары | 3955,8 | 679,5 | 2,0 |
Шалғынды - батпақты, батпақты | 2917,8 | 203,6 | 1,3 |
Кебірлер | 9884,0 | 330,3 | 4,3 |
Елімізде «қорғаныс» мақсатына бөленген, ядролық қару-жарақтарды сынау, ғарыш кемелерін ұшыру кезінде оның қалдықтарымен немесе олардың сәтсіздіктен жерге жарылып қайта құлауынан радиацияға шалынып бүлінген, ұлы заттармен ластанған жерлер ауданыда жеткілікті. Бұрын «қорғаныс» мақсатында қолданып келген жер ауданы 20 млн.гектардан асып түседі. Бұл жерлердің басым бөлігі Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.
Жер қорының экологиялық жағдайын қарастырғанда Қазақстандағы шөлейттену құбылысы туралы мәселе ерекше орын алады. «Шөлейттену» деген ұғым әр түрлі факторлар әсерінің, климат өзгеруінің және адам әрекетінің нәтижесінде жартылай құрғақтау және құрғақ климатты аудандардағы топырақ деградациясын білдіреді. Ал топырақ деградациясы – егістік жерлердің, шабындықтар мен жайылымдардың, орманды жерлердің топырақтарының жел және су эрозиясына шалдығуын, топырақтың физикалық, биологиялық немесе экологиялық қасиеттерінің төмендеуін, сонымен бірге оның табиғи өсімдік жамылғысының ұзақ мерзімге жойылуы нәтижесінде биологиялық және экономикалық өнімділігінің төмендеуін көрсететін ұғым.
Қазақстанда шөлейттену қаупі бар жерлер жалпы жер ауданының 75%-ын құрайды. Шөлейттенуге және жағымсыз экологиялық өзгерістерге әкеліп соғатын басты себептердің қатарына тың игеру кезінде топырақтың жаппай жыртылуы, шабындықтар мен жайылымдардың жүйесіз пайдаланып, оталынып тақырлануы, топырақ түйіртпектігінің бұзылуы, суармалы жерлердің қайтадан сортаңдануы, ормандардың жөнсіз кесілуі және өртенуі жатады. Мысалы еліміздің Жер ресурстарын басқару агенттігінің 2006 жылғы мәліметі бойынша орташа және үлкен дәрежеде тапталып бүлінген жайылымдар 26,6 млн.гектарды құрайды.
Орман қорының жері елімізде онша мол емес (23,4млн.га), ал орманды алқаптар барлық республика территориясының тек қана 3,8% қамтиды. Соған қарамай бұл жерлердің экологиялық мәселесі өте өзекті болып отыр. Тек қана 2000 жылы 934 орман өрттері болып, ол 27 мың 487 гектар жер ауданын қамтыды. Ірі орман өрттері Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы облыстарында байқалған. Тек қана Павлодар облысында кейінгі 10 жыл ішінде орман өрттері мен жөнсіз ағаштарды кесу салдарынан 45 мың гектар жерде орман жойылып, осы жерлерде шөлейттену қауіпі туып отыр.
Батыс Қазақстан аймағында мұнай-газ өндіру кезінде ауыр техника мен транспорт салмағымен, мұнай-битум қалдықтарымен шамамен 4-5 млн.гектардай жер бұзылып, ластанған.
Топырақ бетінің бүлінуі, оның қоршаған ортаға жағымсыз әсері туралы сөз қозғанда ең бірінші Арал теңізі аумағындағы жағдайды атап өту керек. 1960 жылдан бастап Арал теңізі деңгейі 15-16 м-ге төмендеп, ол жүздеген шақырымға шегінді. Сондықтан су астынан босаған, теңіз табанының шаңы мен тұзы желмен ұшып тек қана Қазақстанның халқына емес әлемнің басқа елдеріне жетіп, зиянын тигізуде. Арал өңірі экологиялық апат аймағы болып жарияланды. Тек кейінгі жылдары бүкіл әлем халқы болып Аралды құтқару шараларын іске асыру барысында жағдай түзеле бастады.
Каспий теңізі аймағында керісінше жағдай байқалуда. 1978 жылдан бері теңіз деңгейі 2 м-ге дейін көтерілген және бұл құбылыс әлі жалғасуда. Сондықтан Атырау, Маңғыстау аймағында, біраз жерлерге су жайыла бастады. Теңіз деңгейі көтерілген сайын су басқан жер ауданы көбейіп бұл аймақтың экологиялық жағдайы төмендей түседі.
Елімізде егіншілікте көп жылдар бойы пайдаланылып келе жатқан топырақтардың құнарсыздануы құбылыстары байқалуда. Павлодардың ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институты ғалымдарының (Қ.Е.Қанапиянов, С.У.Асқаров, 2004) мәліметі бойынша оңтүстік карбонатты қара топырақты егіншілікте 1965 жылдан 2003 жылға дейін пайдаланғанда (38 жыл ішінде) оның 0-22 см қабатында қарашірінді мөлшері 5,2-5,9%-дан 3,2-3,6%-ға дейін, ал 22-40 см қабатында 2,8-3,4%-дан 1,9-2,2%-ға дейін кеміген.
Топырақ құнарлылығынаң төмендеуінің, топырақтың азып-тозуының басты себептерінің бірі оның жел және су эрозияларына шалдығуы. Еліміздің белгілі топырақтанушы ғалымы Р.Джанпейсовтың мәліметтері бойынша республикамызда жел эрозиясына (дефляцияға) шалдығу қауіпі бар жер ауданы 75 млн 997 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 10млн 736 мың га карбонатты, 34 млн, 361 мың га «жеңіл» гранулометриялық құрамды топырақтар және 24 млн га –құмдар. Су эрозиясына шалдығу қауіпі бар тау беткейінің, қырат жерлердің ауданы 50 млн.гектардан асады. Бұл жерлер, әсіресе, Қазақстанның таулы аймағында мол кездеседі. Осы топырақтардың экологиялық қызметін сақтап қалу үшін оларды бұл қатерлі құбылысқа шалдықтармай, топырақты дұрыс пайдалануды жүзеге асыру бүгінгі күннің негізгі экологиялық мәселерінің бірі болып есептеледі.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 6028;