Сурет. Топырақтың жер геосферасында алатын орны
Топырақ қабаты жоғарыда көрсетілген планетарлық қабаттардың өзара қарым-қатынасының, осылардан туындаған ағзалардың әсерінен пайда бола отырып, жердің күрделі геосфералар жүйесінде айрықша қызмет атқарады.
Топырақ кеңістікте орналасуына, пайда болуына, дамуына байланысты әлемдегі күрделі табиғи жүйелер – биогеоценоздың, экологиялық жүйенің, биосфераның құрамды бөлігі болып саналады.
Жер ғаламшарында топырақ сан-алуан экологиялық қызметтер атқарады. Осылардың ішінде топырақтың атқаратын келесідей басты әлемдік қызметтері бар.
Бірінші және ең бастысы – топырақтың жер бетінде тіршіліктің негізгі өзегі болуы.Топырақтан әуел баста өсімдіктер, су және қоректік заттар сіңіріп өнім құрайды, ал оларды жануарлар және адамзат азық ретінде пайдаланады. Топырақта тіршілікке керек биофильды элементтер шоғырланады, өсімдіктердің тамырлары жайылады, онда көптеген жәндік түрлері және орасан көп микроағзалар қоныстанған. Топырақсыз табиғаттағы ағзалар кешенінің тіршілігі жоқ. Сонымен бірге айта кететін бір жәйт, топырақ өзі тіршілік салдарынан пайда болады және өзі тіршіліктің жалғасуына себепші болып келеді. Сөйтіп биосфералық процестердің диалектикалық бірлігін дәлелдейді.
Топырақтың екінші әлемдік қызметі - табиғаттағы үлкен геологиялық және кіші биологиялық зат айналымының өзара қарым-қатынасының жүріп тұруына әсер етуі.
Жер бетіне шыққан тау жыныстары үгілу үрдісіне ұшырап, үгілу қабаты пайда олады. Осы қабаттың үстінде топырақ пайда болып, биофильды элементтерді шоғырландырады. Ал осы элементтерді өсімдіктер пайдаланады және бірнеше сатылы өзгерістен кейін олар қайтадан топыраққа оралады (биологиялық зат айналымы). Топырақтан элементтердің бір бөлігі жауын-шашынмен шайылып өзен-көлдерге, мұхиттарға барып шөгінді тау жыныстарын құрайды. Олар геологиялық даму кезеңінде қайтадан жер бетіне шығады немесе басқа күйге көшеді (геологиялық зат айналымы). Топырақ осы екі зат айналымның қарым–қатынасының реттегіш және байланыстырушы бөлігі.
Топырақтың үшінші әлемдік қызметі – атмосфера мен гидросфераның химиялық құрамын реттеуші болуы.Топырақтың тыныстануы өсімдіктер фотосинтезіне және тірі ағзалардың тыныстануына, атмосфераның жерге жақын қабатының химиялық құрамының біркелкі болуына үлкен әсер етеді. Сонымен бірге гидросфераға құрлық бетінен барып жиналатын заттардың құрамы да топырақ жамылғысының әсерімен байланысты болып келеді.
Топырақтың төртінші әлемдік қызметі биосфералық процестерді реттеуші болуы.Соның ішінде халықтың жер бетіндегі тығыздығына әсер етуі. Топырақ құнарлығының өндірілуіне байланысты өсімдіктердің өніп-өсуіне қажетті әртүрлі жағдай пайда болады. Сондықтан құрлық бетіндегі тірі ағзалардың тығыздылығы, азды–көптілігі климат жағдайына және топырақ жамылғысының географиялық өзгеруіне байланысты болып келеді.
Топырақтың бесінші әлемдік қызметі – органикалық заттарды және олармен байланысқан химиялық энергияны жердің беткі қабатына шоғырландырып жинауы.Құрамында 4-6 % қарашірінді бар, яғни әр гектарға шаққанда 200–400т қарашірінді бар топырақта, 20 –30 тонна антрацит көмір бойында бар энергия жиналған. Академик А.В.Ковда топырақтың энергия көзі ретінде маңызын айқындай келе: «топырақ жамылғысы биосфераның құрамды бөлігі бола отырып, сонымен бірге жердегі әмбебап энергия жинағыш (аккумулятор) және табиғаттағы заттар алмасуымен айналымның үйлесімді жүруіне қажет, қарашірінді құрамында бар тіршілікті қуаттаушы энергия көзінің үнемді жұмсаушысы» - деп атап көрсеткен.
Қорыта келгенде, топырақ өзінің ерекше қасиеттерінің арқасында Жер ғаламшарының ағзалар дүниесінде өте үлкен рөл атқаратынын аңғарамыз. Табиғаттың туындысы және оның бір бөлігі бола отырып, топырақ әлемі табиғатының дамуының негізгі ортасы болып табылады. Сонымен бірге атмосфера, биосфера, гидросфера және литосфера қабаттарымен үздіксіз зат және энергия алмасу процестеріне қатынасып, олардың өзара қарым-қатынасының үйлесімділігіне әсер етіп, тіршіліктің сан қилы түрлерінің сақталуына жағдай туғызады.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 2859;