Бақылау сұрақтары

 

1. Қандай геологиялық үрдістер Жердің сыртқы күштер әсерінен пайда болады?

2. Мүжілу үрдісі деп нені түсінеміз?

3. Мүжілудің қандай түрлері бар?

4. Желдің геологиялық әсері қандай?

5. Жел эрозиясының пайда болу себебі қандай?

6. Су эрозиясының қандай түрлері бар?

7. Жер асты сулары. Олардың жіктелуі?

8. Теңіз бен мұхиттың геологиялық әсері қандай?

9. Мәңгі тоң аймақтарында геологиялық үрдістер қалай жүреді?

10. Жер қабығының өзгеруіне адамзаттың тигізетін әсерін баяндаңыз?

1.7. Жер шарының геологиялық тарихы

1.7.1. Тау жыныстарының абсолютты жасы

 

Геологиялық формациялардың абсолютты жасын анықтау мүмкіндігі XX ғасырда ғана радиобелсенді ыдырауды ашқаннан кейін пайда болды.

Радиобелсенді элементтердің ядролары (радий, уран, торий) өзінен өзі ыдырайды, ыдырау нәтижесінде радиактивті емес элементтердің атом ядролары пайда болады. Мысалы, ураннан қорғасын пайда болады. Тау жыныстарының абсолютты жасын анықтау үшін геохронологияның қорғасынды, гелийлы, аргонды, рубидий-стронцийлы және көміртекті әдістерін қолданады.

Қорғасынды әдіс. Атомдық салмағы 238 уранның соңғы ыдырау өнімі атомды салмағы 206 қорғасынның мөлшері бойынша минералдың және тау жыныстардың жасын анықтайды. Минералдар құрамындағы уранның жарты мөлшері қорғасынға айналу үшін 4,52 млрд жыл керек. Атомды салмағы 235 уран ыдырап, атомды салмағы 207 қорғасын изотопын құрайды. Бұл уранның минералдар құрамындағы мөлшері қорғасынға айналу үшін 891 млн жыл керек. Торий ыдырағанда атомды салмағы 208 қорғасын түзіледі. Оның жартылай ыдырау кезеңі 13,9 млрд жыл болады.

Қорғасын әдісін құрамында уран немесе торий минералдары бар тау жыныстарының жасын анықтау үшін пайдалануға болады (уранинит, торбернит, монацит және т.б.). Жылына бір грамм ураннан қанша қорғасын пайда болатынын біле тұра, сол минералдың абсолютты жасын анықтауға болады.

Гелий әдісі. Қорғасын изотоптарымен бірге элементтер радиобелсенді ыдырағанда пайда болатын гелий мөлшері бойынша минералдардың жасы анықталады.

Аргон әдісі. Тау жыныстардың және калийлы минералдардың жасын анықтауға арналған. Атомды салмағы 40 калий изотопы, сол атомды салмақты аргон изотопына айналады. Гелийге қарағанда аргон минералдар құрамында жақсы сақталады. Минерал жасын сол минералдағы аргон мен калийдің салыстырмалы мөлшері бойынша анықтайды. Калий барлық тау жыныстарының құрамына кіреді.

Рубидий-стронций әдісі. Атомды салмағы 87 рубидий изотопы сол атомды салмақты стронцийге айналады. Рубидийдың жартылай ыдырау кезеңі 50 млрд жылды құрайды. Геологиялық формациялардың жасын анықтау үшін слюдалар мен басқа силикаттарды қолданады. Бұл әдіс сирек қолданады, өйткені рубидийі бар минералдар аз кездеседі.

Көміртек әдісі. Археологиялық ағаш заттардың, өсімдік қалдықтарының жасын анықтау үшін қолданады. Тірі ұлпаларда тұрақты салыстырмада радиобелсенді және радиобелсендіксіз атомдық салмағы 14 көміртек болады. Ағза өлген соң радиобелсенді көміртек біртіндеп ыдырайды және 5560 жылдан соң оның жартысы ғана қалады. Бұл әдіс арқылы ағзалардың сүйегі бойынша жасын анықтауға болады. Бұл әдістің кемшілігі ол 15000-30000 жылдан асып кеткен нысана жасын анықтауға мүмкіндік бермейді.

 

1.7.2. Тау жыныстарының салыстырмалы жасы

Тау жыныстарының абсолютты геохронологиялық жасын салыстырмалы геохронология әдістері бойынша анықтайды. Қабаттардың бір-біріне қатынасын анықтау үшін қазіргі уақытта геохронологияның келесі әдістерін қолданады: стратиграфиялық, литологиялы-петрографиялық және палеонтологиялық.

Стратиграфиялық әдіс.Әр төмен орналасқан қабаттың жоғары жатқан қабаттан жасы үлкен екеніне негізделген. Қабаттардың орналасуы бұзылса тау жыныстарының салыстырмалы жасын анықтауға болмайды.

Литологиялы-петрографиялық әдіс.Салыстырмалы жасы анық, басқа аймақтардың тау жыныстарының құрамын салыстыра зерттеп анықтайды. Магмалық тау жыныстардың салыстырмалы жасын, оның құрамындағы шөгінді жыныстардың жасы бойынша анықтайды.

Палеонтологиялық әдіс. Тау жыныстардың құрамында тас болып сақталып қалған өсімдік және жануарлар қалдықтарын зерттеуге негізделген. Әр геологиялық кезеңге сәйкес дамыған жануарлар мен өсімдіктер болады және қарапайым организмдер ерте дәуірде, ал жоғары сатыдағы организмдер кейінгі кезде дамығаны ескеріледі.

1.7.3. Геохронологиялық шкала

 

Жер қабатының геологиялық құрылысының және Жер бетінде өмірдің дамуын зерттеу нәтижелері бойынша ғалымдар геохронологиялық шкала құрастырды. Онда жер қабатының барлық геологиялық тарихы уақыттың жеке бөліктеріне бөлінген. Шөгінділердің жиналу ұзақтығына байланысты уақыттың әр бөлігіне тау жынысының белгілі бір қалыңдығы сәйкес келеді. Бір эрада түзілген тау жыныстары бір топқа біріктірілген, ал бір ғасырда жиналған шөгінділер – қабатқа біріктірілген. Осы сияқты эраға – топ, кезеңге – жүйе, дәуірге – бөлім, ғасырға – қабат сәйкес келеді. Уақыттың әрбір бөлігінің және осы уақытта пайда болған тау жыныстарының қабатына сәйкес аты және индексі бар.

Архейлық эра («архе» - «бастапқы»), ең көне эра. Ол жер қабатының дамуының ең ерте кезеңдерін қамтиды. Бұл эра 1,8 млрд. жылдан аса уақытқа созылды, яғни Жердің геологиялық дамуынан бастап онда алғашқы өмірдің пайда болуына дейінгі кезең. Бұл эрада жер қабаты түзілді және алғашқы теңіздер құрылды, онда алғашқы шөгінді тау жыныстары жиналды (конгломераттар, құмайттар, т.б.). Тау түзілу үрдістері жер қабатының жиі жарылуымен және магманың жер бетіне төгілуімен қатар жүрді.

Архей эрасы кезінде, архей тобы деп аталатын, ең көне кристалды шөгінділер пайда болды. Бұл топ бастапқы болып табылады, протерозой және басқа салындылардың негізі болып саналатын, метаморфты кристалды түзінділердің қалың қабатын құрайды. Бұл салындылардың жоғарғы шегі протерозойлық салындылармен жалғасады, архейлық шөгінділердің төменгі шегі белгісіз. Одан кейінгі шөгінді салындылардың қалыңдығынан, бұл топтың қабаттары өте қалың. Архейлық салындыларда органикалық қалдықтар кездеспейді.

Архей жыныстары метаморфты және барынша өзгерген гнейстермен, метаморфты тақта тастармен, магматикалық (интрузивті және эффузивті) жыныстармен сипатталады. Метаморфты жыныстарды зерттеу олардың төгілген магмадан және шөгінді жыныстардың (конгломераттар, құмдақтар, тақта тастар т.б.) әсер етуінен пайда болғанын көрсетті.

Қазіргі кезде архей эрасының терең метаморфты массивті-кристалдық жыныстары жер бетіне шығып жатыр. Архейлік кешеннің жыныстарында темір рудалары, түсті және сирек кездесетін металдар бар.

Протерозой эрасы («протерос» - «бірінші») 2 млрд жылға созылды. Бұл кезеңде өмір теңізде бір- және көп клеткалы бактериялар және балдырлар түрінде дамыды. Платформа және геосинклинал сияқты ірі геологиялық құрылымдар түзілді.

Протерозойлық метаморфтық жыныстар (гнейстер, кристалды тақта тастар, мәрмәрлар, кварциттер, т.б.) Орыс платформасының солтүстік-шығыс бөлігінде, Солтүстік Кавказда, Оралда және Сібірде таралған. Олар архейлық массивті-кристалды жыныстармен бірге кездеседі.

Протерозой эрасы тау түзілу және вулкандық үрдістермен сипатталады, бірақ алғашқы эраға қарағанда, мұнда тау түзілу үрдістері белгілі бір аймақтарда басталды. Протерозой жыныстары архейлық эра жыныстарына қарағанда аз метаморфталған.

Археозойлық және протерозойлық эраларды көбінесе бір атаумен кембрийге дейінгі немесе криптозой деп атайды. Кембрийге дейінгі кезең Жердің және органикалық өмірдің дамуының ең ұзақ кезеңі болып табылады. Оның ұзақтығы абсолютті жыл санауы бойынша 3800 млн. жылдан аса уақытқа созылады, ал кейбір ғалымдардың айтуы бойынша тіпті 4 млрд. жылдан аса уақытқа созылған.

Одан кейінгі топтарды – палеозойды, мезозойды және кайнозойды – фанерозой деп атайды.

Палеозой эрасы («паляйос» - «көне») 335-355 млн жылға созылды. Бұл эрада өмір ары қарай теңізде және құрлықта дамыды. Осы уақытта екі ірі тектоникалық және тау түзілу (календон және герцин) кезеңдері өтіп, көптеген тау жүйелері (Урал, Тянь-Шань және т.б.) түзілді, жер қабатының дамуы – платформалардың ұлғаюы және геосинклиналдардың қысқаруы байқалды. Палеозойда жер бетінде әр түрлі ағзалардың қалдықтары сақталған, қалың шөгінді жыныстар түзілді. Платформаларда палеозой шөгінділері көлденең орналасқан және әлсіз метаморфталған. Магмалық жыныстар кең тараған және ірі алқаптарды құрайды. Палеозой фаунасы мен флорасының қазіргі заманғыдан ерекшелігі бар. Палеозойда белгілі омыртқасыз жануарлардың барлық типтері кездеседі. Олардың көбі жойылған, мезозой мен кайнозой дәуірі салындыларында табылмаған. Омыртқалы жануарлар палеозойда күрделі эволюциядан өтті. Эраның басында теңізде қарапайым хордалылар ретінде пайда болып, олар палеозой ортасында қосмекенділердің үлкен тобын құрастырды. Палеозой соңында әртүрлі көптеген бауырымен жорғалаушылар пайда болды. Төменгі палеозой флорасы балдырлардың мол болуымен сипатталады.

Кембриялық кезең 70-80 млн. жылға созылды. Ол үш бөлімге бөлінеді: төменгі, ортаңғы және жоғарғы.

Палеозой эрасының бұл кезеңінде теңіздегі өмір омыртқасыздар түрінде дамыды (трилобиттер, әр түрлі брахиоподтар). Кембриялық жүйенің салындыларында теңіздің барлық омыртқасыз жануарларының қалдықтары көптеп кездеседі. Қазіргі кезде 1000 аса кембриялық жануарлардың түрі белгілі, олардың жартысына жуығын трилобиттер құрайды. Өсімдіктерден теңіз балдырлары дамыды. ТМД мемлекеттері аумағында кембриялық теңіздер құрлықтың үлкен бөлігін алып жатты. Сол кезеңде Сібір платформасын да теңіз алып жатты. Сондықтан кембриялық кезеңнің түзінділері негізінен теңіздік шөгінді жыныстардан тұрады: жасыл-көк түсті балшықтар, кремнийлі және балшықты тақта тастар. Сібірде сонымен қатар конгломерат және әктастар табылды. Бұл кезеңнің жыныстарында тас тұзының, жанғыш тақта тастың, бокситтің, фосфориттің, темірдің және марганецтің кендері табылған.

Ордовик кезеңін 1879 жылы Ч.Лепворс атап көрсетті. Англияны мекендеген ордовиктер атты кельт тайпасының атауымен аталады. 70 млн жылға жуық уақытқа созылды. Бұл кезеңде трилобиттің жаңа формалары және жер бетінің жоғары дамыған ағзалары – көп аяқтылар және сарышаяндар пайда болды, маржандар және моллюскалар дамыды. Кембриялық кезеңдегі сияқты ордовик кезеңінде тау түзілу және магмалық әрекеттер әлсіз болды.

Ордовик кезеңінің теңіз салындылары Балтық жағалауында және Сібірде табылған. Олар әктастар және әр түрлі тақта тастар түрінде кездеседі. Кейбір геологиялық карталарда ордовик кезеңі жеке кезең ретінде берілмейді, силурлық кезеңмен бірге көрсетіледі.

Силурлық кезең 35 млн жылға жуық уақытқа созылды. Силурлық кезеңді 1835 жылы Мурчисон ашты. Теңіздерде омыртқасыздар фаунасы жақсы дамыды, балықтар класының омыртқалы ағзалары және құрлықта алғашқы өсімдіктер (папоротниктер, плаундар және т.б.) пайда болды. Силур кезеңінің екінші жартысында тау түзілу үрдістері қарқынды дамыды. Тау түзілу үрдістері қарқынды магмалық үрдістермен қатар жүрді. Бұл кезеңнің жыныстарынан әр түрлі металдардың, алтынның, қорғасынның, молибденнің, мыстың шыққан жерлерін анықтауға болады.

Силурда фауна омыртқасыз теңіз жануарларының көптігімен сипатталады. Оның ішінде көп тараған, триболиттер. Силурдың аяқ кезінде триболиттердің жаңа түрлері байқалады және олардың саны күрт азайды. Флора әртүрлі балдырлармен және псилофиттермен сипатталады. Силур кезеңінде көп көлемде тікентерілілер дамыды.

Девондық кезең 55-60 млн жылға созылды. Бұл кезеңді 1839 жылы Седжвик және Мурчисон ашты.

Девондық салындыларда әктастар көбінесе балшықты тақта тастармен, құмтастар және конгломераттармен ауысады, бұл теңіз шекарасының ұдайы өзгеріп отырғанын байқатады. Құрлықтық салындылар, әсіресе, көне қызыл құм кең тарады.

Девон теңізінің кең тараған жануары, гониатит тұқымдасына жататын – аммониттер. Салындылар девон кезеңінде климат құрғақ, тіпті ыстық болғанын байқатады. Мұндай климатта су бассейндері жиі құрғап, ондағы балықтарға қауіп төнген. Бірақ олардың бірқатары эволюция нәтижесінде суда ғана емес, құрлықта да өмір сүруге бейімделген.

Бұл кезеңде қабыршақты балықтар пайда болды, триболиттер жойылды. Теңіз өсімдіктерінен балдырлар, ал жер бетінде папоротниктер, плаундар, қырықбуындар және қылқан жапырақты өсімдіктердің алғашқы түрлері пайда болды. Бұл кезеңнің алғашқы уақытында жер аумағының көптеген бөлігі құрлық болды, одан кейін теңіздің астында қалды. Батыс Сібір және Орталық Азия су астында болды. Девон кезеңінің соңында теңіз тартылып, жер аумағының көп бөлігі қайтадан құрлыққа айналды. Девон салындыларынан тас және калий тұздары, гипс кездеседі, мұнай мен жанғыш газдың пайда болған жері анықталды.

Тас көмір кезеңі (карбон) 70 млн жылға жуық уақытқа созылды (1822 жылы Конибер және Филипс ашқан). Бұл кезеңде құрлықта өсімдіктер көптеп пайда болды. Ірі ормандар жер шарының үлкен бөлігін алып жатты. Өсімдіктің көптеп дамуына жылы және ылғалды климат әсер етті. Бұл тас көмірдің мол жиналуына әсер етті. Жануарлардан үлкен өрмекшілер және жәндіктер пайда болды. Теңіздерде балықтар көбейді. Тас көмір кезеңінің соңында магмалық әрекет ұлғайып, тау түзілу қарқынды жүре бастады – Герцин қатпарлығы. Орал таулары, Тянь-Шань, Қазақстан жоталары, Монғолияның таулары пайда болды. Таскөмір салындыларынан көмір, мұнай, бокситтер, жанғыш газдар, сирек және түсті металдар табылды.

Тас көмір кезеңінің теңіз фаунасы төменгі ағзалар – тамыр аяқтылардың дамуымен ерекшеленеді. Карбонда маржандар кең тарады. Карбондағы жер үсті жануарларынан амфибия және рептилийдің алғашқы түрлері дамыды. Үлкен көлемді жәндіктер кездесті. Мысалы, Франциядан табылған карбондағы шегірткенің қанатының ауқымы 1 метр болған.

Перм кезеңі 45 млн жылға созылды (1841 жылы Мурчисон ашты). Бұл кезең палеозой дәуірін аяқтайды. Бұл кезеңде ірі папоротник өсімдіктері жойылып, папоротниктің жаңа түрлері, қылқан жапырақты ағаштар пайда болды. Қазіргі кезеңдегі жыландардың, кесірткелердің, қолтырауын мен тасбақалардың алғашқы түрлері пайда болды. Герцин қатпарлығының түзілуі аяқталды. Орал таулары ең биік шыңына жетті. Памир және Алтай таулары түзіле бастады. Перм кезеңінің басында теңіздер үлкен аумақты алып жатса, кезеңнің соңында олар кішірейіп тартылып қалды. Осыған байланысты перм салындыларынан әктастар, қызыл түсті балшықтар, мергель, балшықты тақта тастар және конгломераттар, тас тұзы, сильвин, карналлит және гипс кездеседі.

Пермнің алғашқы жартысында флора карбонға ұқсас, олардың ішінде папоротниктер, каламиттер және қылқан жапырақтылар көп тараған. Екінші жартысында лепидодендрондар және сигиллярлар толық жойылып, негізінен қылқан жапырақты өсімдіктер дамыды.

Мезозой эрасы («мезос» - «орташа») 230 млн жыл бұрын басталып 175 млн жылға созылды. Мезозой жер бетінде, су және ауамен өмір сүру жағдайына бейімделген рептилийлердің гүлдену дәуірі болып табылады. Мезозой эрасында алғашқы карликті сүтқоректілер мен нағыз құстар пайда болды. Өсімдіктер арасында жалаңаштұқымды өсімдіктер басым болды, тек дәуір соңында алғашқы гүлді өсімдіктердің өкілдері пайда бола бастады.

Бұл уақытта альпі қатпарлығы нәтижесінде Америкадағы Кордильер, Ресейдегі Верхоян және т.б. таулар түзіле бастады. Жер шарында сүйекті балықтар, құстар, сүтқоректілер пайда болды. Осы дәуірде континентті және теңіздің шөгінді жыныстары дамыды.

Триас кезеңі (1839 жылы Альберт ашқан). Өз атауын, кезең салындылары жыныстардың құрамы бойынша жеңіл үш бөлікке бөлінгендіктен алған.

Мезозой эрасының триас кезеңі 45 млн. жыл шамасында созылды. Бұл дәуірде аммониттер, алғашқы сүйекті балықтар, сүтқоректілер, өсімдіктерден қылқан жапырақтылар және саговниктілер пайда бола бастады. Триас перм кезеңі сияқты құрлықтың аса дамыған уақыты болып есептеледі. Сондықтан триас кезеңінің белгілері континентальды түзінділермен – қызыл түсті құмайттар, құмдар, мергель және әк түрінде кездеседі.

Юра кезеңі. 58 млн. жыл шамасында созылған. Өз атауын Батыс Европадағы Юр тауларынан алады (1829 ж Ал.Броньяр ашты). Үш бөлімге бөлінеді: төменгі, ортаңғы, жоғарғы. Юра кезеңі мезозой дәуірінің ортаңғы бөлімі болып табылады және осы дәуірдің органикалық әлемінің негізгі ерекшеліктерін көрсетеді.

Бұл кезең тау түзілу үрдістерінің күшеюімен ( Кавказ, Қырым және т. б. пайда болды) және теңіздің құрлыққа ауысуымен сипатталады. Осы кезеңде омыртқасыз жануарлардың ішінен кең тарағаны – аммониттер. Юра кезеңінде нағыз құстар табылған. Мысалы архиоптерикс құсы. Динозаврлардың көп түрі кездеседі. Олардың ұзындығы 0,5 тен 20 м дейін. Кейбір түрлері жалаңаш – цератозаврлар, басқалары сүйекті пластинкалармен қапталған – стегозаврлар. Теңіз транссгресиясының нәтижесінде үлкен юр теңізі пайда болды.

Юра кезеңі әк, саз, мергель, континентальды конгломерат, құм, тас көмірі, жанғыш тақта тас және мұнай сияқты қабаттармен сипатталған. Сонымен қатар бұл кезең жыныстарында темір, фосфорит және ғаныштың пайда болған жерлері кездеседі.

Юра кезеңінде аммониттер және белемниттер көптеп дамыды. Ірі көлемді теңіз кірпілері және теңіз лалалары кездесті. Юра рептилийлердің, әсіресе ірі бауырымен жорғалаушы кесірткелердің даму кезеңі болды. Триас кезеңінде пайда болған ихтиозаврлар мен плезиозаврлар өздерінің дамуының жоғарғы сатысына жетті.

Бор кезеңі 70 млн. жылға созылған. Өз атауын Батыс Европада шөгінділердің арасында ақ жазғыш бордың көп кездесуінен алған. Бор кезеңін алғаш 1822 ж француз геологы Ж.Омалиус д` Аллуа атап көрсеткен. Ол екі бөлімге бөлінеді, төменгі және жоғарғы.

Жоғарғы әк кезеңінде гүлді өсімдіктер пайда болды және қазіргі заманға ұқсас түрге ие болды. Бұл кезеңде Европадағы (Альпы, Карпаты) және Америкадағы (Анды, Кордильер) таулар құралды. Бор кезеңінің соңында теңіз регрессиясының нәтижесінде теңіз көлемі қысқара бастады. Бор қатпарлығы Орыс жазықтығында, Орта Азияда, Сібірде, Амур т. б. жерлерде табылған. Бор қатпарлары арасынан кең тарағандары: әк, құм, саз, тас көмір, эффузивтер және олардың туфтары, фосфориттер, темір кендері, мұнай.

Кайназой дәуірі. Жаңа өмір дәуірі деп аталды («кайнос» - «жаңа», «зоэ»- «өмір»). 67 млн. жыл бұрын басталып, осы уақытқа дейін созылуда. Жер бетінде грабендер, Байкал көлі, Мәрмәр және Эгей теңіздері пайда болды. Материктер мен мұхиттар қазіргі заманғы түрге ие болды. Жерде сүтқоректілер, құстар, сүйекті балықтар, неогеннің соңында адам пайда болды. Кайназой дәуірінің төрттік кезеңінің ортасына суықтың түсуі және территорияның көп бөлігін мұз басуы, одан кейін жылуы байқалды.

Палеоген кезеңі. 40 млн. жылдан астам уақытқа созылды. Теңіз жануарларының ішінде моллюскалар кең тарады. Сүтқоректілердің ішінен жеке приматтар бөлінді, олардан соңынан адам тәрізді маймылдар пайда болды. Жабықтұқымды өсімдіктер кең тарады, оның ішінде қосжарнақтылар. Бұл кезеңде Альпы, Карпат, Кавказ, Орта Азияның таулары, Тынық мұхитының шығыс және батыс жағалаулары пайда болды. Магмалық тау жыныстары көбейді.

Неоген кезеңі. 25 млн. жылға созылды. Органикалық әлем қазіргі заманға жақын. Омыртқалылар ішінен сүтқоректілер көп тарады. Жыртқыш аңдардың, тұяқтылар, киттер, тұмсықтылар, приматтардың және желбезекті моллюскалар т. б. омыртқалылардың одан әрі дамуы мен жіктелуі жүрді. Неогеннің жоғарғы қабаттарында Ява аралында маймыл мен адам арасындағы орынды алатын жанның сүйектері табылған. Миоцен уақытында, қазіргі кезде тек субтропикалық және тропикалық аймақтарында сақталған, магнолия, лавр және пальма секілді мәңгі жасыл өсімдіктер кең тарады. Неоген кезеңіне, палеоген кезеңінде қарқынды тектоникалық қозғалыстар байқалған аймақтарында тау түзуші қозғалыстар тән. Жер қабығының қозғалысы вулкандардың атқылауымен қатар жүрді. Бұл уақытқа, қазіргі сөнген Кавказдағы – Эльбрус және Қазбек, сонымен қатар Сібірдегі Обручев, Мушкетов, Кропоткин және т. б. вулкандарды жатқызады. Неоген кезеңінде қазіргі заманғы жер қабығының бедерінің түзілуі аяқталды.

Палеоген және неоген кезеңдерінің салындыларында әк, құм, саз, мергель, құмайттар, ал Камчаткада, Сахалинде және Куриль аралдарында әртүрлі эффузивті тау жыныстары (андезиттер, туф және т. б.) кездеседі. Пайдалы қазбалардан тас көмір, мұнайдың көп мөлшері табылды.

 








Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 4016;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.018 сек.