Бақылау сұрақтары. 1. Магмалық үрдістер деген не?
1. Магмалық үрдістер деген не?
2. Жанартаулар дегеніміз не? Олардың пайда болу себептерін көрсетіңіз.
3. Жанартаулардың түрлері?
4. Жанартаулардың атқылауынан пайда болған өнімдер?
5. Жер қабығының қозғалуының себебі неде?
6. Тербелмелі, бүрмелі, жарып үзетін қозғалыстар қалай байқалады?
7. Жер сілкінісінің пайда болу себебі қандай?
1.6.5. Экзогенді үрдістер
Мүжілу. Жердің сыртқы күштерінің әсерінен пайда болған геологиялық құбылыстарды келесі сызбанұсқа ретінде қарастыруға болады:
Мүжілу | Денудация | Шөгу |
Тау жыныстарының бұзылуы мен өзгеруі | Үгіліп бұзылған заттардың көшуі мен тасымалдауы | Шөгінді жыныстардың пайда болуы |
Күн нұры қуатының әсерінен, ауа температурасының өзгеруінен, тау жыныстарының саңылауларының ішіндегі сулардың қатуынан, сутегінің, көмір қышқылы газының және тірі ағзалардың әсерінен жер бетіндегі тау жыныстарының бұзылу үрдістері – мүжілу деп аталады. Мүжілу химиялық, физикалық және биологиялық болып бөлінеді. Табиғатта осы мүжілу түрлері бір уақытта жүреді. Әсіресе, химиялық және биологиялық мүжілулер бір-бірімен тығыз байланысты. Мүжілу үрдістері тау жыныстарын бұзып, топырақ пайда болуына әсер етеді, яғни оның қалыптасуының бір құрамды бөлігі болып табылады.
Физикалық мүжілудеп,ауа температурасының өзгеруі мен күн нұрының жылуы әсерінен тау жыныстарының химиялық құрамы өзгермей ұсақталуын айтады. Барлық қатты денелер сияқты тау жыныстары мен минералдар қызғанда кеңейеді, суығанда кішірейеді. Кеңею мен кішіреюдің алмасып тұру нәтижесінде олардың минералдарының дәндерінің арасындағы байланыс әлсіреп, тау жыныстар бұзылады.
Ақшыл минералдарға қарағанда, қара минералдар қатты қызады. Бір түсті дәндерден құралған жыныстарға қарағанда, түрлі-түсті дәндерден құралған тау жыныстарының дәндерінің арасындағы байланыс тез әлсірейді. Бұл, дәндердің түсі мен құрамы кеңеюдің көлемдік коэффициенттерінің әр түрлілігін қалыптастырады: кварцта көлемдік коэффициент 0,00031-ге тең, мүйізді алдамышта (роговая обманка) – 0,000284, ортоклазда – 0,00017. Күндізгі жылу мен түнгі салқын ауа тау жыныстарының ішкі құрылысына тез өтпей, біртіндеп өтеді. Көлемінің кеңеюі мен кішіреюі сыртқы қабаттарда көп байқалады, сондықтан тау жыныстарының беткі қабаттары тез жарылып, қабыршақтанады. Әсіресе тау жыныстарына ауа температурасының тәуліктік өзгеруі көп әсер етеді. Температураның тәуліктік өзгеруі көбінесе континентальді климатты аудандарда байқалады.
Тау жыныстарының жылу мен суықтың кезектесуі әсерінен бұзылуына су әсер етеді. Нөсерлеп жауын жауғанда шөл даладағы қатты қызып тұрған тау жыныстары тез суиды да, жарылады. Ауаның теріс температурасының әсерінен, тау жыныстарының жарықшаларының арасындағы су қатып, олардың қабырғасына 200 Мпа қысым түседі. Тау жыныстарының осылай бұзылуы аязды мүжілу деп аталады.
Сонымен қатар тау жыныстарының бұзылуына әр-түрлі жануарлар, кеміргіштер әсер етеді. Одан басқа, Жерден түрлі қазба байлықтарын алу кезінде, ауыл шаруашылығымен айналысқанда және әртүрлі құрылыстар жүргізгенде адамдар тау жыныстарының бұзылуына көп әсерін тигізеді.
Химиялық мүжілу. Бұл мүжілудің нәтижесінде тау жыныстарының химиялық құрамы өзгереді. Мұндай мүжілу нәтижесінде жер үсті жағдайларына төзімді жаңа минералды қосындылар пайда болады. Химиялық мүжілу үрдістері әр түрлі мөлшерде барлық жерде байқалады, бірақ жылы және ылғалды климат жағдайларында қарқынды өтеді.
Тау жыныстарының химиялық мүжілуіне біріншіден судың диссоциациясы (Н+ пен ОН– иондарының ыдырауы) себепші болады. Бос оттегі, көмірқышқыл газы және органикалық қышқылдармен қатар сутегі иондары қандай болмасын тау жыныстарын бұзуға қабілеті бар. Ылғалды және жылы климатты аймақтардың топырақтары көмірқышқыл газбен органикалық қышқылдарға бай болып келеді. Судың диссоциациясы оның көмірқышқыл газымен байытылғанында күрт жоғарылайды. Тіпті аз диссоциацияланған және әлсіз минералданған су кейбір тау жыныстарын толық еріте алады, мысалы галлоидтар, кейбір сульфаттар (галит, сильвинит, гипс және т.б.). Көмір қышқылымен байытылған карбонатты құрамды тау жыныстар суда аса қарқынды ериді (әк, доломит, мергель).
Газдармен, органикалық қышқылдармен байытылған судың әсерінен тек еру үрдісі ғана емес, сонымен қатар гидролиз, тотығу, тотықсыздану, гидротация және басқа да күрделі үрдістер жүреді.
Гидролиздену әсерінен минералдардың химиялық бұзылуы және құрамынан жеке элементтердің жойылуы байқалады.
Тотығу үрдісі құрамында темір бар минералдар мен тау жыныстарында қарқынды өтеді. Магнетиттің тотығуы нәтижесінде лимонит, ал пириттің тотығу және кейінгі гидролиздену әсерінен күкірт қышқылы мен лимонит түзіледі.
Бос оттегінің жетіспеуі әсерінен тотығуға кері үрдіс тотықсыздану жүреді. Бұл үрдісте химиялық байланысқан оттегінің біртіндеп немесе толық жойылуы байқалады.
Гидротация үрдісі сусыз қосылыстардың сумен байланысқа түсуі әсерінен жүреді. Мысалы, ангидрид пен судың қосылуынан жер бетінде ғаныш түзіледі.
Биологиялық мүжілу. Химиялық мүжілу қарқындығын жердің беткі қабаттарындағы және оның үстінде орналасқан тірі ағзалар күрт жоғарылатады. Өсімдіктер тау жыныстарының борпылдақ болуына әсер етуімен қатар, оның құрамынан өсіп-өнуіне қажетті қоректік заттарды сіңіреді. Тау жыныстарының бұзылуына органикалық әлемнің ең төменгі ағзалары – бактериялардың тигізетін әсері зор. Олар микрофлораның, саңырауқұлақтардың, мүктер мен қыналардың және т. б. пайда болуына негіз болады. Әр түрлі жер қопарғыштар (жауын құрттары, құмырсқалар, термиттер және т.б.) борпылдақ тау жыныстарын жұтып, оларды асқазанынан өткізіп (қоректеніп), сол жыныстардың химиялық құрамын белгілі мөлшерде өзгертеді.
Мүжілу үрдісінде өнімнің негізгі екі тобы қалыптасады:
- жылжымалы, яғни еритін қосындылар – сода, күкіртқышқылды тұздар, сілтілер және басқалар. Бұл қосылыстар атмосфера суымен жердің терең қабаттарына шайылады.
- қалдықты – төзімді болғандықтан жер бетінде тау жыныстары мүжілген жерде қалады.
Денудация – бұзылу заттарының көшірілуі мен тасымалдануына келесідей үрдістер әсер етеді:
- жазықтық шайылу (жаңбырдың, еріген қардың, суарған судың ағыны).
- шайылу (жаңбырдың, еріген және суарған сулармен).
- дефляция – бұзылған заттардың желмен тасымалдануы.
- мұздың денудациясы – мұзбен бұзылуы, заттардың көшуі мен тасымалдануы.
- абразия – теңіздердің, көлдердің және су қоймаларының жағалауларының толқынмен бұзылуы, тұздануы.
- карст – тасты тұз, және т.б. тау жыныстарының табиғат суларымен ерігенде болатын құбылыс. Карст жердің астындағы үңгір және жердің үстіндегі табақша тат тәрізді формалармен сипатталады.
- бұзылу заттары жануарлармен тасымалданады.
Желдің геологиялық әсері. Жел деп, ауаның біркелкі қызбауынан, атмосфералық қысымның әр түрлі болуының әсерінен ауаның көлденең бағытта жылжуын айтамыз. Жел маңызды геологиялық агентттердің бірі, оның әсерін эолды деп атайды (Эол – грек мифологиясында жел құдайы). Ол тау жыныстарын бұзады, тасымалдайды және бір жерде жинайды. Жел жер бедерінің мүсіндік және аккумулятивтік пішіндерін құрады. Әсіресе ол шөл далада және шөлейтттерде жақсы көрінеді. Шөл далалар материктердің 1/5 бөлігін құрайды.
Корразия - жел тасымалдайтын құмның тау жыныстарын үйкеп, өңдеп, мүсіндеуі.
Дефляция – тау жыныстарының ұсақ бөлшектерінің желмен тасымалдануы.
Жел заттарды үлкен қашықтыққа тасымалдайды. Тау жыныстарының ұсақ бөлшектері жартастарды үгітеді, соның нәтижесінде әр түрлі жер бедерінің эолды пішіндері пайда болады: эолды діңгектер, көп қырлылар, ұялы беттер, қазан шұнқырлар, эолды жазықтықтар.
18-сурет. Таулы өлкеде мәңгі мұздың, желдің, жер асты суларының және басқа үрдістердің әсері
Эолды діңгектер – аз цементтелген қатты жарықты тау жыныстарының желмен мүжілуі нәтижесінде, бірнеше қыры бар тау бөлшектерінің пайда болуы.
Эолды көп қырлылар - бірнеше қыры бар тау жыныстарының бөлшегі, әр бағытта соғатын желмен қоса құммен үйкелуі әсерінен пайда болады.
Желмен ұшырып әкету қуыстары, науалары, ернеулері, ұялары және ұялы беттер, қалдықтар - әр түрлі материалдардың желге төзімділігі біркелкі блмауынан пайда болады.
Желмен бірге тұздар да тасымалданады, соның әсерінен топырақтар сортаңданады. Орта Азияда тұзды дауылдар болады. Дауылдарда әлем мұхитынан жылына 27 млрд тонна тұз атмосфераға желмен тасымалданады.
Жер бетіне атмосфера жауын-шашынымен бірге 100000 тонна сынап, бор тасымалданады. Жылына 1 га жерге 10 г иод әкелінеді.
Академик В.А.Обручевтың айтуы бойынша лөс - дала аймағында құрғақ ауа райы жағдайында атмосфералық шаңның біртіндеп жиналу нәтижесінде пайда болады. Лөсс 1 жылда 1-2 мм жиналады, ал 1000 жылда қалыңдығы 1 м-ге жетеді.
Эолды құмдар – аллювиалды, флювиогляциялды, теңіз, көл құмдарының желмен қайтадан тасымалдануы әсерінен пайда болады.
19-сурет. Тау жыныстарының желмен мүжілуі
Жер бетімен ағатын сулар. Жер бетіне түскен жауын-шашындардың бір бөлігі буланады және атмосфераға қайтады, басқа бөлігі су өткізгіш тау жыныстарынан өтеді де су өткізбейтін қабаттарда жиналып, ыза суларын құрайды. Су еңкісті жерде жазықтық шайылуға себепші болады. Өзен де жердің беткі қабатын төмен қарай шаяды. Жер бетінің сулары тау жыныстарын бұзады, тасымалдайды, және бір жерде жинайды.
Тау жыныстарының сумен шайылуын эрозия деп атайды. Шайылу екі түрге бөлінеді. Олар: жыра қалыптастыру эрозиясы және беткейлік (жазықтық) эрозия.
Жазықтық эрозия. Жазықтық шайылу нәтижесінде жер бедері біршама өзгереді. Мүжілу өнімдерінің жаңбырмен және еріген қар суымен шайылуын және тау жыныстарының тау етегінде жиналуын делювиальды үрдіс, ал жиналған шөгіндіні делювий деп атайды (deluo – латын тілінен шайылу). Делювийде материалдың қабаттығы мен сұрыпталуы сәл байқалады, петрографиялық құрамының әр түрлілігі, құрамында органикалық қалдықтардың болуы байқалады. Тау етегінде жер тартылысының күшімен жиналған ұсақ материалды коллювий (colluvio – жиналу) деп атайды.
Делювиальды шөгінділердің гранулометриялық құрамы әр түрлі болады. Делювий шөгіндісінің жоғарғы жағында қиыршық тастар, брекчия немесе кесекті жыныстар болады, ортасы немесе етек жағы біртекті ұсақ дәнді тау жыныстарынан құралады. Деллювиалды тау жыныстарының түсі негізгі заттардың түсіне байланысты болады, мергель мен құмтастарда қызыл-құба түсті, лөссте – қуқыл-құба түсті болады. Деллювиальды тау жыныстарының құрамы мен құрылымы еңкістің құламалылығына да байланысты болады.
Жыра қалыптастыру эрозиясы. Жер бетіндегі жиналған сулар бірігіп үлкен су ағынын құрайды, олар тау жыныстарын тереңдете шайып жыралы жерлерді қалыптастырады.
Жыралар - эрозиялы жер бедерінің түрі, оның тереңдігі 10-15 м, кейде одан да тереңге шайылған жер. Ұзындығы бірнеше метрден бірнеше километрге дейін жетеді. Жыралар дамып келе жатқан және дамуын тоқтатқан көне жыралар күйінде де болады. Олардың пайда болуына нөсер жауын-шашын, тау жыныстарының борпылдақ болуы, жер бедері, адам әрекеті, шымның жойылуы және т.б. әсер етеді.
Батпақты тасты ағындар, сел – қысқа уақытта судың және қатты материалдың тау беткеймен тез тасымалдануы. Селдердің пайда болу жағдайлары: жоғарыда су жиналатын жерде борпылдақ тау жыныстарының және тау жанында күрт құлама жердің болуы.
Пролювий – құрғақ климатта таулы өлкеге жақын орналасатын жазық жерде уақытша шайылып жайылатын және жиналатын минералды материалдар. Аласа шығарылған конустардағы анық пішінді салындылар құрғақ немесе субарэалды дельта деп аталады.
Өзендердің арналы ағындарының іс әрекеті. Құрлықта теңіздің деңгейінен төмен тек 800 мың км2 жердің беті ғана орналасады. Қалған жерлер 148,2 млн.км2 теңіздің деңгейінен жоғары орналасады. Сондықтан құрлыққа түскен жауын-шашын теңіздерге қайта келеді. Жер бетіндегі сулар көптеген жұмыстарды атқарады. Материалдар үш әдіспен тасымалданады: тұнба ретінде; су астымен бөлшектерді домалатып жылжытады; ерітілген күйде.
Өзендердің механикалық жұмысы келесідей болып бөлінеді: мүжілу, шайылу, немесе эрозия; қайрау мен бетін тегістеу; материалды тасымалдау; материалдың шөгуі.
Өзен эрозиясының ерекшелігі - өзеннің жоғарғы жағында мүжілу үрдістері жүреді, ортасында тасымалдау, төменгі жағында - материалдардың жиналуы.
Аллювий. Құрлықта аққан өзендермен жиналатын материалдарды аллювий деп атаймыз (alluvio – латын тілінен шайып жинау дегенді білдіреді). Осы шөгінділерге: қабаттығы айқын байқалуы; әр түрлі көлемдік және құрамдық құмдардың, малта тастардың, майда тастардың, құмайттардың, құмбалшықтардың кейде балшықтардың болуы; көлемі және қалыңдығы бойынша өзгерісінің шапшаң болуы; тұщы су фауна қалдықтары болуы; қалыңдығы шамалы (20-60 м); өзен аңғарларындағы жазықтар ені оңдаған километр болатын жолақтар ретінде орналасуы тән.
Арна шөгінділері - әдетте құмды болады, құрамы тұрақты.
Ескі арна. Ұсақ дәнді құмдардан, құмайттардан, тұнбадан, балшықтардан тұрады. Көп мөлшерде органикалық заттары болады.
Жайылма шөгінділері. Өзендердің астында немесе жағасында (су жайылғанда) жиналады.
Жер асты сулары. Жер астындағы сулар сұйық, газ, бу, қатты күйінде болады. Олар жер астындағы қуыстарды толтырады. Пайда болуына байланысты олар инфильтрациялы, конденсациялы, ювенильді және көне теңізді болады. Атмосфералық жауын-шашын тау жыныстарының қабаттарынан өтіп су өткізбейтін қабаттар үстінде инфильтрациялы су ретінде жиналады. Олардың мөлшері жер бедеріне, құрамына, фильтрация қабілетіне, климатқа байланысты болады.
Жер астындағы суларына атмосферадағы су мөлшері де әсер етеді. Су буының конденсациялануы нәтижесінде жер асты суларының пайда болуын конденсациялы су деп атайды. Инфильтрациялы және конденсациялы сулар жер астында жылжып теңіздер мен өзендер мөлшерін арттырады. Олар буланып қайтадан жерге түседі де, мәңгі қозғалыста болады.
Магманың құрамындағы су буынан пайда болып, жарықтармен жер бетіне көтерілген суды, ювенильді дейді.
Тау жыныстарының арасында сулар бу, сұйық, қатты және химиялық байланысқан түрінде (кристаллданған, конституциялы, гигроскопиялық, жарғақты және қылтүтікшелі су) болады. Гравитациялы су 1 мм-ден ірі қуыстарда жинақталады және өзінің салмағымен жылжиды, яғни еркін қозғалыста болады. Сондықтан ыза су гравитациялы су болып саналады.
6-кесте Тау жыныстарының су өткізгіштік қабілеті бойынша жіктелуі [2]
Су өткізгіштік категориясы | Тау жыныстарының сипаттамасы | Фильтрация коэффициенті, литр/тәулік |
I | Жақсы су өткізетін – малта тастар, ірі дәнді құмдар, саңылаулы тау жыныстар | >10 |
II | Су өткізетін - құмдар, жарықты тау жыныстар | 10-1 |
III | Су өткізгіштігі аз – мергель, құмтастар, құмайттар | 1-0,01 |
IV | Суды аз өткізетін немесе жартылай су өткізетін – құмайттар, құмбалшықтар | 0,01-0,001 |
V | Су өткізбейтін – балшықтар, саңылаусыз жартасты тау жыныстары | <0,001 |
Тау жыныстарының гидрогеологиялық негізгі қасиеттері: су өткізгіштігі және су сыйымдылығы. Су өткізгіштік дегеніміз, өз қабаттарынан гравитациялы суды өткізу қасиеті. Ол қабаттарындағы қуыстар мен саңылауларға байланысты болады. Су өткізгіштік коэффициенті немесе фильтрация коэффициенті 450 еңкістікте жер астындағы судың ағынына, тау жыныстарында су қандай жылдамдылықпен өтетін қабілетін көрсетеді (литр/тәулік).
Су сыйымдылық – анық температура мен қысымда тау жыныстарының өз қабаттарында суды ұстап тұру қабілеті. Максималды су сыйымдылық - тау жыныстарының барлық қуыстары сумен толғанда болатын су сыйымдылық, молекулалы су сыйымдылық - молекулалы байланыспен ұсталып тұратын су. Толық және молекулалы су сыйымдылықтар арасындағы су мөлшері - су қайтарымы деп аталады.
Жер астындағы сулардың жіктелуі. Жер қыртысының судан жоғары орналасатын қабатты аэрация аймағы деп атаймыз. Оның қалыңдығы 0 ден 100 м- ге дейін жетеді.
Топырақ сулары толық топырақ қабаттарында орналасады және атмосферамен тығыз байланыста болады. Бұл сулардың геологиялық маңызы аз, бірақ агрономиялық маңызы зор болады.
Қалқыма су (верховодка) жер бетіне жақын және топырақ суымен байланысып уақытша орналасқан су. Жазда құдықтағы су кебеді, қыста қатады.
Ыза су (жер асты суы) көбінесе су өткізбейтін жыныстардың үстінде орналасады. Олар ашық болады, режимдері жауын-шашынға байланысты ауытқып тұрады.
Артезиан сулары (Париж жанындағы Артуа провинциясынан 1126 жылы бірінші фонтан болып, ағып тұратын сулар табылған). Олардың қысымы күшті жүздеген метрге дейін фонтан болып ағады. Олар көбінесе ойпаттарда орналасады – артезиан бассейнін қалыптастырады.
Бұлақтар – жер асты сулары жер бетіне өзі шығады, көбінесе жер бедерінің төмен бөлінгенде орналасады. Химиялық құрамы тұщы, тұзды, тұздалған, қышқылды, ал температурасы бойынша суық, жылы, ыстық болады.
Жер асты суларының геологиялық әсері. Белсенді әсер ететіні артезиан сулары. Олар тау жыныстарының арасын бұзады, үңгір құрады, топырақтар тұзданады, батпақтанады, шымтезектер пайда болады.
Карст құбылысы жер астындағы сулардың әсерінен (әк, доломит, гипс) тау жыныстарының сілтісізденуі және жер астында үңгірдің пайда болуына әкеледі. Карст деген сөз Югославия жеріндегі әкті плато атымен аталған. Тереңдігіне байланысты олар терең және саяз болып келеді. Карст құбылысы әртүрлі жер бедері формаларын тудырады (карстты воронка, құдықтар, үңгірлер, каррлар, ылдилар, жер астының карст өзендер).
Карстты воронкалар - пішіні және көлемі әр түрлі тұйық құламалар.
Үңгірлер – тез еритін тау жыныстарында пайда болатын жер астындағы бос жерлер.
Көшкін (оползень) – біріктігін жоғалтпай, беткейді құратын тау жынысы бөлігінің сырғып жылжуы.
Суффозия (латын сөзі suffossio деп – астынан қазу дегенді білдіреді) – сумен бірге тау жыныстарынан ертінді заттардың, ұсақ минералды бөлшектердің шығуы. Суффозия терминін геология ғалымы Павлов А.П. (1898) енгізді. Сумен тау жыныстары сілтісізденеді, соның нәтижесінде тау жыныстары отырып, жер бетінде ойпат жерлер пайда болады. Суффозия химиялық (еритін) және механикалық түрлерге бөлінеді. Суффозия өзендер жағасында, жыралардың жағасында кездеседі.
Теңіз бен мүхиттың геологиялық әсері. Теңіз бен мұхиттың геологиялық әсеріне келесідей құбылыстар жатады: абразия – жағалаудың су толқынымен мүжілуі, теңіз толқынымен және ағындарымен әр түрлі материалды тасымалдау, аккумуляция - әр түрлі салыңдылардың теңіз астында жиналуы, диагенез - шөгінді заттардың химиялық, физикалық және биогенді қайтадан өңделуі және олардың шөгінді жыныстарға айналуы.
Теңіздердің жануарлары өмір сүру жағдайына байланысты келесідей топтарға бөлінеді:
- бентос (грек тілінде «бентос» - су түбі) – су түбінде өмір сүретіндер (маржан).
- планктон (грек тілінде «планктон» - қозғалатындар) – теңізде су толқындарының әсерінен қимылдайтындар (балдырлар, ұсақ шаяндылар).
- нектон (грек тілінде «нектон» - жүзетіндер) – теңіз белсенді жүзетіндер (балықтар, теңіз сүтқоректілері және т.б.).
Теңіздердің бұзу әсері. Теңіздердің жағалауды бұзу жылдамдылығы тау жыныстардың химиялық құрамына және су толқынына байланысты болады.
Жағалаудың бұзылу жылдамдылығы жағалау еңкістігіне, оның конфигурациясы, жел бағытына байланысты болады. Магмалық тау жыныстар, шөгінділерге қарағанда су әсеріне төзімді болады. Олар жылына бірнеше сантиметрге ғана мүжіледі, борпылдақ тау жыныстары 15-20 м-ге мүжіліп кемиді. Жағалау бұзылуына судың көтерілуі мен қайтуы әсер етеді. Жағалауда борпылдақ және қатты тау жыныстары кезектесіп орналасса жағада шығанақтар, қуыстар пайда болады.
Трансгрессия және регрессия. Құрлық төмендегенде теңіз трансгрессияға ұшырайды, құрғақ жерге жылжиды және жағалауды белсенді бұзады, егер жер көтерілсе теңіз регрессияға ұшырайды және шайылу азаяды.
Көлдер мен батпақтардың геологиялық әсері. Құрлықтағы су толған терең жер, су ақпайтын және теңізбен байланысы жоқ су көздері көл болып саналады. Олардың тереңдігі ауытқып отырады: Байкал 1620 м, Каспий теңізі 945 м, Ыстық көл 702 м.
Қоректенуіне байланысты олар атмосферадан немесе жер астынан қоректенетін болып бөлінеді. Химиялық құрамына байланысты - тұщы (минералдануы 0,1%), ащылау (1-3,5%) және ащы (3,5%) көлдер болып жіктеледі.
Көлдерде су аз болғандықтан олардың геологиялық әсері теңіздікіндей үлкен дәрежеде емес. Оларда шөгінділер қарқынды жиналады, қалыңдығы шамалы, ондаған метрге дейін жетеді.
Батпақтар және олардың сипаттамасы. Батпақтар ылғалдылығы артық, булануы аз аймақтарда болады, ылғал сүйгіш өсімдіктер өседі және шымтезек түзілу үрдістері жүреді. Көбінесе тайгалы аймақта болады. Орналасуына қарай олар су айырығы (жоғарғы) және ойпатты (төменгі) батпақтар болып бөлінеді.
Қоректенуіне байланысты олар шайып әкелінген - өзен ағынында, терең - жыраларда, грунтты - құмды жердің төмен жерінде, атмосфералы болады.
Батпақтардың жағасында малта тастар, құм, балшықтар жиналады. Астында сапропель жиналады. Жағасына жақын шымтезек болады.
Мұз бен мұз айдынының геологиялық әсері. Гляциология - мұздарды зерттейтін геология бөлігі. Мұз бен мұз айдындары жер бедерінің құрылуына және ауа райына әсер етеді. Мұз айдындарының ауданы материктерде 15,5 млн.км2 немесе құрлық ауданының 11%-ын алып жатыр. Негізінен, Арктикада – 2 083 138 км2; Антарктидада – 13 204 000 км2; Еуродада – 8 655 км2; Азияда – 114 147 км2; Солтүстік Америкада – 67 661 км2; Оңтүстік Америкада және Африкада – 1 015 км2 мұз қалыптасқан. Егер Гренландия мұздарын ерітсе Әлем теңізі деңгейінен –2 м-ге көтеріледі, Антарктида ерісе 40 м-ге көтеріледі.
Мұз түрлері келесідей: жер астындағы - мәңгі мұз, өзен, көл, теңіз және материк мұздары. Ең маңызды түрі материк мұздары, олар қар көп жиналып, қатқан кезде пайда болады.
Мұз айдыны – тау үстінде қар түрінде көп жауын жауғанда ерімей жиналады. Қар жиналып тығыздалып біртіндеп фирнге айналады. Ол біртіндеп мұзға айналады. Мұз айдынының түрлері - таулы, материкті (жамылғылы), аралық-жамылғылы және кешенді болады.
Таулы мұз айдынына альпы немесе алқапты типі жатады. Таулы Мұз айдыны Кавказда, Памирде, Альпіде орналасады.
Материкті немесе жамылғылы мұз айдыны - қоректенуі артығымен болғанда пайда болады.
Аралық мұз айдынына таулы үстірттер және тау бөктерлеріжатады.
Мұз айдыны (гляциалды) шөгінділері. Бұл шөгінділер арасында екі топ шөгінділер бар: мұзды дәуірге жататын геологиялық шөгінділер, оған мореналар, оздар (тізбелі үймектер), друмлиндер (төбешіктер), камдар (тік еңкісті төбешіктер), зандрлар (қар суының ағынынан пайда болған құмды, қиыршық тасты алаң) жатады; екінші топ - қазіргі мұздармен байланысты шөгінділер.
Мореналы шөгінділер – құм, құмбалшық, балшық, малта тас, галька, гравий, қойтастардан құрылатын мұзбен тасымалданған үлкен кесекті сұрыпталған, қабатты емес материал. Жиналу және тасымалдану тәсілі бойынша мореналы шөгінділер бірнеше түрге бөлінеді: беткі морена - алқаптарға таудан түсетін мұздың үстіндегі үлкен кесекті материалдар; бүйір моренасы - мұз айдынының бүйірінен алқапты басатын кесекті материал; ішкі морена - мұз айдынының ішкі жағында жиналатын кесекті материал; түбіндегі морена – негізінен бөлініп жылжығанда мұз айдыны басқан морена; соңғы морена - үймек ретінде мұз айдынының жағасында жиналатын морена.
Флювиогляциалды шөгінділер. Мұз айдынының ағындыларымен жиналған шөгінділерді (fluvius – ағын, glacius – мұз дегенді білдіреді) айтады. Пайда болуына қарай олар келесі топтарға бөлінеді: мұз айдынымен бірге – мореналардың аяғындағы тізіліп орналасады – камдар, друмлиндер, озалар, алқапты балшықтар; мұз айдынының сыртында - соңғы мореналардың алдында болады – зандрлы құмдар, флювиогляциялды құмбалшықтар.
Мәңгі тоң. Қоңыржай ауа райы бар аймақтарда топырақтың қатуы кезеңмен ғана болады. Топырақ жылы кезең келгенде ериді. Оны кезеңді мәңгі тоң деп атаймыз. Суық аймақтарда (полярлық белдеуде) тау жыныстары жыл бойы ерімейді, оны біз мәңгі тоң деп атаймыз. Мәңгі тоң алып жатқан территория құрлықтың 25% құрайды.
Мәңгі тоңның құрылысы және ерекшелігі. Мәңгі көпжылдық тоң дамыған аймақтарда жердің жоғарғы әрекетті қабаты қыста белгілі тереңділікте қатады және жазда ериді. Осы қабаттың қалыңдығы климат ерекшелігіне, тау жыныстардың құрамына, өсімдік жамылғысына байланысты болады. Оңтүстік аймақтарда ол 3 м- ге жетеді. Солтүстікте 0,5 м болады. Жазғы уақытта бұл қабат өте ылғалды болады. Оны тоң қабаттың үстіндегі ылғал дейді. Қалың тоң қабат астында климаттық жағдай әсер етпейтін тау жыныстары орналасады. Оларға тек Жердің ішкі жылуы әсер етеді. Жер асты сулар көбінесе су тірегінің астында болады. Оларды тоң қабаттың астындағы су дейді.
Мәңгі тоңмен байланысты үрдістер. Мәңгі тоң қабаты бар аймақтарда арнайы геодинамикалық үрдістер өтеді олар: аязбен ісіну, мұз төмпешіктерінің пайда болуы, солифлюкция және термокарст.
Аязбен ісіну тау жыныстары мұздағанда пайда болады. Мәңгі тоң дамыған сайын олардың көлемі де арта түседі. Тау жыныстарының ішінде ең қатты ісінетін – балшық болып есептеледі.
Солифлюкция (латын сөзі solum – топырақ, fluctus – ағу). Қатып жатқан тоң қабат үстімен еңкістікпен еріген ылғалды борпылдақ жыныстардың жылжуы. Нәтижесінде солифлюкциялық шөгінділер пайда болады.
Термокарст – топырақ пен борпылдақ жыныстардың құрамындағы мұздардың еруі әсерінен топырақ отырып, жер бетінде ойшықтар пайда болады. Термокарст терминын геолог М.М. Ермолаев 1932 жылы қолданған.
Жер қабығының өзгеруіне адамзаттың әсері.Антропогенді үрдістер көлемі бойынша жоғарыда көрсетілген экзогенді үрдістермен теңдеседі. Қазіргі уақытта бұл үрдіс үш бағытта жүреді: жер астынан қазба байлықты қазып алу; ауыл шаруашылығы өндірісі әрекеті; инженерлі-техникалық шараларды іске асыру.
Жылда Жерден 1,7 млрд тонна тас көмір мен шымтезек, 1,5 млрд тонна мұнай, 350 млн тонна темір рудасы алынады. Қазу барысында бірге жер бетіне көптеген бос тау жыныстары (порода) шығарылады. Қазба байлықтарды алу нәтижесінде жердің химиялық құрамы өзгереді, көміртек мөлшері азаяды, оны жағу нәтижесінде атмосферада көмірқышқыл газы артады, жер ойыс-ойыс болып жер бедері өзгереді, топырақтың беткі қабаты жойылады, аймақтың гидрологиялық және геохимиялық режимі нашарлайды, келешекте топырақты өндеуге кедергі жасалынады. Осының бәрі жерде температураның артуына, климаттың өзгеруіне әсер етеді.
Ауыл шаруашылық жұмыстарын жүргізгенде адам 3000 км3 топырақтың құнарлы беткі қабатын өзгертеді: қопсытады, минералды тыңайтқыштар енгізеді, қарашірінді мөлшерін реттейді. Адамның осындай әрекеті денудация үрдісін арттырады. Топырақты дұрыс өңдемегенде шаңды дауылдар көбейіп, жел және су эрозиясы пайда болады.
Адамның инженерлі-техникалық әрекеті қалалар, заводтар, гидротехникалық құрылыстар т.б. салуға бағытталған. Әсіресе техногенез 100 ден 6000 км2 дейінгі жерді алып жатқан ірі қалалардың жер аумағында байқалады: жердің табиғи бедері, жер асты суының режимі, топырақ және өсімдік жамылғысы, тропосфера құрамы, тіпті климат өзгереді.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 4725;