Геоморфология туралы негізгі мәліметтер

Жер бедері - әр түрлі даму деңгейінде бір-бірімен және қоршаған ортамен күрделі қарым-қатынаста болатын, өзінің көлемінен, құрылысымен және пайда болуымен ерекшеленетін жер бетінің пішіндер жиынтығы (таулар, жазықтар және ойпаттар).

Жер бедерінің негізгі пішіндері мен типтері. Жер бедерінің пішіні геометриялық фигуралармен салыстыруға болатын қарапайым табиғи, кейде жасанды жазықтар, денелер. Жер бедерінің күрделі түрлері қарапайым пішіндердің жиынтығы болады және олар өте үлкен көлемді болуы мүмкін (құрлықтар, таулы елдер және т.б.). Жер бедерінің негізгі элементі ол: қырлар – еңкістердің беті, қабырға - қырлардың түсетін жері, таулардың етегі және т.б.

Сыртқы белгілері бойынша жер бедерін оң және теріс пішіндерге бөледі. Жер бедерінің оң пішінідері жерден жоғары шығып тұратын жерлер (таулар, төмпешіктер, адырлар). Жер бедерінің теріс пішінідері жер аумағының төмен жерлері (воронка тәрізділер, сайлар, ойпаттар, ылдилар, жазықтықтар). Жер бедерінің тұйық пішінідері жан–жақтан еңкістермен қырлармен шектелген жерлер. Жер бедерінің тұйық емес пішінідері бір немесе екі жағынан да еңкістері жоқ жерлер.

Пайда болу түрлеріне байланысты жер бедері тектоникалық, эрозиялық және аккумулятивті болып бөлінеді.

Жер бедерінің тектоникалық пішінідері (таулы жоталар, жазықтар, мұхиттық ойпаттар және басқалар) жер қабығының жылжу нәтижесінде пайда болады.

Жер бедерінің эрозиялы пішіндері ағынды сулардың бұзу жұмысымен байланысты болады (атмосфералық, өзендік, жер асты). Оларға шатқалдар (ущелья), өзен аңғарлары, сайлар, жыралар, шайынды жерлер және т.б. жатады.

Жер бедерінің аккумулятивті пішіндері (өзен террасалары,шағылдар, құмаршық, құм төбе ж.б.) тау жыныстарының бұзылу өнімдерінің жиналуы нәтижесінде пайда болады.

Жер бедерінің типтері - шығу тегі ұқсас, геологиялық құрылымы, даму тарихы бар заңды түрде кең жерде қайталанатын пішіндер алмасуы. Жер бедерінің жазықтық, адырлы және таулы типтері болады.

Жазықтық жер бедері. Құрлық жерінің көптеген жер аумағында орналасады. Теңіз деңгейімен салыстыруға байланысты олар: теріс –теңіз деңгейінен төмен орналасқан, ойпаттар - теңіз деңгейінен 200 метрден биік емес, қыраттар – теңіз деңгейінен 200-500 метр жоғары орналасқан, таулы – биіктігі 500 метрден жоғары болып бөлінеді.

Адырлы жер бедері – биіктігі 200 метрден артық емес қыраттармен және төмен орналасқан жерлердің алмасуы.

Таулы жер бедері – жер бедерінің өте биік (таулар, тау жоталары) және төмен жерлердің (ойпаттар, жазықтар) алмасуы.

Адам әрекетінің нәтижесінде пайда болған антропогендік жер бедерінің түрлері де кездеседі. Каналдар қазу кезінде жер бедерінің көтерілуі (3 метрге дейін), қазба байлықтарын алу кезінде үлкен төбешіктер пайда болады.

 

1.7.6. Геологиялық карта

 

Геологиялық карта жер бетінің геологиялық құрылысын және оған жақын жатқан жер қабығының беткі бөлігін көрсетеді. Бұл карта арқылы жер бетінің геологиялық құрылысын ғана біліп қоймай, әр түрлі тереңдікте жатқан жер қабатының да құрамын білуге болады.

Геологиялық карта топографиялық карта негізінде түсіріледі. Мұнда шартты белгілер бойынша тау жыныстарының жасы, құрамы көрсетіледі. Құрамының ерекшелігіне қарай геологиялық карталар бірнеше топқа бөлінеді.

- жеке геологиялық карта.

- төрттік дәуірдің (қабаттарының) картасы.

- арнайы карта (тектоникалық, гидрогеологиялық, геофизикалық, геоморфологиялық және т.б.).

Геология картасы да басқа карталар сияқты масштабқа бөлінеді.

Масштаб дегеніміз - жер бетіндегі екі нүкте ара қашықтығын картаға түсіргендегі қанша рет кішірейтілгенін көрсететін бөлшек сан.

Геологияда көбінесе сызықты масштаб көп қолданылады (түзу сызық түрінде кескінделіп тең бөліктерге бөлінген масштаб сызықты масштаб деп аталады).

Масштабына қарай геология картасы былай бөлінеді. Шолу картасы (масштаб 1:1000 000 кіші). Кіші масштабты (масштабы 1:1000 000 - 1:500 000), орта масштабты (масштабы 1: 200 000-1:100 000), үлкен масштабты және арнайы карта (масштабы 1:50 000, 1:25 000 және 1:500).

Шолу картасы үлкен территорияларға (мемлекет және дүние жүзіне), ал қалғандары - облыстарға, аудандарға, кейбір пайдалы кен орындарына жасалынады.

Геология картасының тұрақты құрамының бірі болып, осы картаға алынған түсінікті ұсыныстар, яғни шартты белгілер жатады. Шолу картасындағы шартты белгілер, барлық карталар үшін біздің елімізде тұрақты болып саналады. Шартты белгілер үшін арнайы стандартты бояу түсті (шкала) немесе түрлі сызықтар (штриховка) қолданады. Түсті бояулармен бірге геология картасын оқуды жеңілдету үшін әріпті белгілермен (әріпті индекс) белгілейді. Халықаралық келісім бойынша индекс үшін кезеңдер (жүйенің) атының бас әрпін алады, латынша шрифпен жазылған ал кей кездерде бас әріптен кейінгі әріпте қолданылады. Мысалы, «С» әрпімен тас көмір дәуірі белгіленсе, ал осы әріппен басталатын кембрий және әк кезеңдері оған сәйкес См және Сч болып белгіленеді. Егер картаны нақтылы ұсақ бөлімдерге бөлсе, онда әріптің жанына сандар қойылады (См1, См2). Бір деген сан байырғы бөліктерге жатса, ал екі саны оның үстінде жатқан бөліктерді көрсетеді.

Міне, сондықтан, әрбір кезең мен жүйе өзіне тән бояумен боялып, әріппен белгіленеді. Даяр деректі бөлімдер (қабаттар) сол жүйенің түсті бояумен, байырғы кездің жыныстары сол түстің қою қарасымен, ал жас кезіндегісі ақшылдау түсімен боялады.

Кез келген геологиялық карта төрттік дәуірдің астында жатқан тау жыныстарының жасын көрсетеді. Тау жыныстарының геологиялық жасын, онда табылған жануарлар мен өсімдіктердің қалдықтары арқылы анықтайды, сондықтан да геологиялық картаны жасау үшін, сол тау жыныстарын және онда кездесетін организмдердің қалдықтарын мұқият тексеріп барып жасайды.

Геологияда уақыт проблемасы үлкен орын алады, өйткені геологиялық процесстер тек үлкен уақыт кезінде ғана әсерлі нәтиже бере алады, ал адамдардың жасы оның жанында өте аз. Сондықтан, геологияда салыстырмалы уақыт өлшемі бекітілген. Бұл уақыт өлшемінің негізі болып, жер бетіндегі органикалық өмірдің өзгеруі алынған. Қабатты жыныстар арасында жиі кездесетін қалдықтардың ғылыми маңызы өте зор, өйткені тек қана осылар арқылы біз жер бетінде өткен уақытта қандай жануарлар мен өсімдіктер болғанын біле аламыз және олардың қалай өзгеріп, дамығанын көреміз. Геологтар мынаны анықтады, жәндіктердің тіршілік еткен заманы не ғұрлым әрі болса, соғұрлым олардың қазіргі түрлерден айырмасы мол және өте қарапайым түрінде кездеседі. Міне, осыған сүйене отырып, біз тау жыныс қабаттарының қайсысы бұрын, қайсысы кейін шыққандығын, шөгінді жыныстардың салыстырмалы жастарын айыра білеміз. Жер қыртысын құраған тау жыныстары мен олардың арасындағы тасқа айналған қалдықтарын зерттеу арқылы біз жер тарихының өткен өмірін болжаймыз. Қазіргі кезде бір мезетте қай өсімдіктер мен жануарлардың бірге өмір сүргенін білеміз. Органикалық өмірдің даму жүйелілігін анықтай отырып, біз тау жыныстарының пайда болуын, геологиялық оқиғаның әсерлерін анықтаймыз.

 

Бақылау сұрақтары

 

1. Тау жыныстарының абсолютті және салыстырмалы жасы деп нені түсінеміз? Оларды анықтау әдістерін атаңыз?

2. Геохронологиялық шкала деген не? Ол қандай геологиялық эралар мен кезеңдерден құралған?

3. Төрттік кезеңнің ұзақтығы қанша?

4. Геологиялық карталар дегеніміз не? Олардың маңызы қандай?

ІІ- бөлім. Жалпы топырақтану

2.1.Топырақтану пәні және оның міндеттері

 

Табиғаттың ғаламат туындысы топырақ. Ол жер қабығының ең үстін алып жатқан құнарлы қабаты. Топырақтың ерекше қасиеттерінің әсері осы ортада өсімдік өніп, тамыр жүйесі дамып, өсіп жетіліп, фотосинтез арқылы органикалық заттар түзіп халыққа азық-түлік, өндіріске шикізат беруін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге топырақ табиғи экологиялық жүйелердің басты құрамды бөлігі болып келеді.

Топырақтың құрылысын, құрамын, қасиеттерін, пайда болуымен дамуының заңдылықтарын, географиялық таралуын, қоршаған ортамен байланысын, табиғаттағы маңызын, топырақты жақсарту және құнарсызданудан қорғау, халық шаруашылығында тиімді пайдалану жолдарымен әдістерін зерттейтін – топырақтану ғылымы.

Топырақтану ғылымының негізін XIX ғасырдың аяғында орыстың ұлы ғалымы Василий Васильевич Докучаев (1846–1903) қалады. Өткен ғасырдың басында топырақтану жаратылыстану ғылымының жеке жаңа саласы болып қалыптасты.

Топырақ туралы ғылыми тұрғыдан дұрыс түсінік В.В. Докучаевтың жемісті еңбегінің нәтижесінде пайда болып, дами түсті. Ол 1879 жылы Санкт-Петербургте жаратылыстану қоғамында жасаған баяндамасында - «топырақ дегеніміз жердің үстіңгі қабатында жатқан, қарашіріндімен азды-көпті мөлшерде боялған, тірі ағзалардың, ауа райының, жер бедерінің өзара қарым-қатынасы әсерінен пайда болған минералды–органикалық жаралынды зат» - деп көрсеткен.

Топырақтану ғылымының алға басып, дамуына ерекше әсер еткен жоғарыда көрсетілген ғалымның топыраққа берген анықтамасында келесідей үш үлкен мән бар. Біріншіден, топырақ ерекше табиғи дене ретінде қаралып, оның басқа табиғи денелерден ерекшеленетін қасиеттері бар екендігі. Екіншіден, топырақтың жаратылу, даму жолы бар тарихи дене екені айқындалды. Үшіншіден - топырақтың қоршаған ортамен, басқа табиғи денелермен тығыз байланысы бар екенділігі көрсетілді. Топырақты агрономиялық бағытта зерттеуде орыс ғалымдары П.А.Костычев (1845-1895) және В.Р.Вильямс (1863–1939) үлкен еңбек атқарды, П.А.Костычевтың топырақты өсімдіктер өсу ортасы ретінде қараған бағытын дамыта отырып В.Р.Вильямс: «топырақ-өсімдіктің өніп-өсуіне жағдай туғыза алатын жердің қопсыған үстіңгі қабаты», - деп анықтама берді. Қазіргі кезде жоғарыда аталған ғалымдардың еңбектерін жалғастыра, дамыта отырып ғалымдар топыраққа төмендегідей анықтама береді.

Топырақ дегеніміз – тау жыныстарының бұзылу қабатының үстіне орналасқан, тау жыныстарының, ағзалардың, климаттың, жер бедерінің және уақыт ағымның өзара қарым-қатынасы әсерінен түзілген құнарлылығы бар, қызметі алуан түрлі, күрделі құрамды, көп бөлімді ашық құрылымдық жүйе.








Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 7595;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.009 сек.