Жер қабығының негізгі геологиялық құрылымы мен ерекшеліктері

Жер қабығының дамуы барысында оның бөліктері әр түрлі жолмен қалыптасады. Геосинклинальді облыстар (геосинклинальдар) - тереңге ойысып түскен, қарқынды тектоникалық қозғалыстармен және магмалық үрдістермен, сонымен бірге өте қалың шөгінділер жинақталуымен сипатталатын жер бөліктері. Ал, платформалы облыстар (платформалар) - баяу тербелмелі қозғалыстармен, қарқынсыз магмалық үрдістермен және жұқа қабатты шөгінділер жиналуымен сипатталатын жер бөліктері. Платформалар мен геосинклинальдардың шектесетін аймақтарында ерекше құрылымдық элементтер қалыптасады. Оларға шеткі ойыстықтар, шеткі қабысу және шеткі жанартаулы белдеулер жатады. Шеткі ойыстықтар геосинклиндермен шектескен платформаның шетінде дамиды. Шеткі ойыстар геоморфологиялық жағынан таулармен жазықтық жер арасындағы тау етегіндегі ойпаттармен сипатталады. Шеткі қабысулар геосинклинальды облыстың ірі платформалық шығыңқы бөліктердің түйіскен аймағында пайда болады. Ал, жанартаулы белдеулер терең жарылып айрылған, көп мәрте және қарқынды дәрежеде магма төгілген аймақтарда қалыптасады.

Геосинклинальды облыстар жер бөлігінің өте қозғалмалы бөлігі. Олар көп уақыт бойы қарымталы тербелмелі қозғалыстар әсеріне шалдығып, төмендеп ойысқан жер қыртысының бөліктері. Төмендеп ойысқан жерлерге қалың қабатты жанартаулы және шөгінді жыныстар жиналады. Сонымен бірге олар қарқынды түрде сығылып қатпарлар түзеді. Бұл жерлерде эффузивті және интрузивті магмалық үрдістер белсенді дамиды. Жоғарыда көрсетілген даму үрдістері әсерінен көптеген ойпаттармен салыстырмалы түрде көтеріңкі дөңес жерлер қалыптасады. Осындай күрт өзгермелі жер бедері кесекті тау жыныстарының жинақталуына ықпал жасайды.

Геосинклинальдар дамуы барысында бірнеше тізбектескен кезеңдер байқалады. Олар: бірінші - төмен түсудің бастапқы кезеңі; екінші - орогенді кезеңнің алды; үшінші - ерте орогенді кезең; төртінші - нағыз орогенді кезең. Төртінші кезеңде бер бетінің көтерілуі денудация құбылыстарынан басым болып, нағыз таулы жер бедері пайда болады.

Жалпы алғанда геосинклинальдар екі негізгі даму кезеңінен өтеді. Бірінші кезеңде жер қабығы қарқынды түрде ойыс болып иіледі және қалың қабатты балшықты-тақтатасты шөгінділер жинақталады. Оларды балшықты-тақтатасты формация дейді. Әрі қарай төмен иілу барысында шөгінділер су астындағы жанартау әрекетінен жиналады. Геосинклинальды облыс терең теңіз бассейініне айналады және бірнеше километр болатын қалың қабатты магмалық, шөгінді тау жыныстары жиналады. Бұл шөгінділерді жанартаулы-кесекті немесе спилитокератофирлі формация деп атайды.

Екінші кезеңде жер қабығының көтерілуі байқалады. Теңіз шегінеді, геосинклинальды облыста терең ойпаттармен бөлінген аралдар тізбегі пайда болады. Әрі қарай бұл аралдар мүжіліп бұзылып, арал аралық ойпаттар кесек шөгінділермен толады. Бұл кезеңде анық қабатты құрылысты флишты формация түзіледі. Әрі қарай қатпарлар түзілуі және магмалық үрдістер әсерінен геосинклинальды облыс орнына қатпарлы, таулы жер бедері бар өңір пайда болады, тектоникалық үрдістер бәсеңдеп, бара-бара платформалы облыс құралады.

Жас қатпарлы таулы өңір көтерілгенде зор қабатты ірі кесекті шөгінділер жиналады. Олардың құрамында конгломераттар, қиыршық тастар, ірі құм, құмтастар мол, ал балшықты шөгінділер шамалы болады. Олар тау аңғарларындағы ойпаттарды толтырады және тау етегінде жинақталады. Оларды моласс формациясы деп атайды.

Платформалы облыстар жер қыртысының тұрақты аймақтары. Олар бұрынғы геосинклинальды облыстардың орнында пайда болады. Құрылысы екі қабатты болып келеді. Астыңғы қабаты (қатпарлы негіз) геосинклинальды облыс өнімдерінен құралады және олардың қарқынды метаморфизмге ұшырағаны байқалады. Үстінгі қабат (шөгінді жабынды) көлденең орналасқан тақталы шөгінді жыныстардан құралады. Бұл қабаттың жыныстары метаморфизмге ұшырамаған және құрамында магмалық жыныстар сирек кездеседі. Үстінгі қабат астыңғы қабаттан бөлек орналасқаны байқалады.

Платформалы облыстардың кейбір аймақтарында қатпарлы негіз (астыңғы қабат) жер бетіне жақын орналасады немесе үстінде шөгінді жабынды болмайды. Оларды шиттар деп, ал үстінде қалың шөгінді қабаты бар, тереңде орналасқан аймақтарды плиталар деп атайды.

Платформалы облыстарда тараған шөгінділердің ішінде ең көп кездесетіндері құмды-балшықты және карбонатты формациялар. Сонымен қатар, глауконитті-фосфоритті және көмірлі-бокситті-темірлі формацияларда кездеседі. Платформалы формациялардың қалыңдығы шамалы болады (ондаған, кейде бірнеше жүз метр).

Құмды-балшықты формация балшық пен құмдардың аралас қабаттарынан құрылады.

Карбонатты немесе әкті доломитты формация органогенді әктерден және доломиттерден тұрады, кейде ғаныш қабаттары және ангидриттер кездеседі.

Глауконитті-фосфоритті формация – кешенді жыныстар. Базальтті конгломераттардан құралған жыныстар үстінде кварцті глауконитті құмдар мен фосфоритті конкрециялар қабаты, ал оның үстінде карбонатты түзінділердің қабаты орналасады.

Көмірлі-бокситті-темірлі формация ұзақ уақытты континенталды режимде қалыптасады және құмды-балшықты салындылардан құралған. Олардың арасында көмір, боксит, темір кендері линзалары кездеседі.

Шеткі ойыстықтарда келесідей формациялар кездеседі:

Қызыл түсті формация - басқа формациялардан оны құратын тау жыныстардың әр түрлігімен ерекшеленеді. Өзі құм мен балшықтан тұрады және конгломерат, доломит, мергель және әктер линзалары кездеседі.

Тұзды формация – шеткі ойылып майысқан жерлердің ішінде орналасқан лагуналық бассейндерде жиналады. Олар химиялық жолмен түзілген шөгінділерден тұрады. Басында доломиттер, кейіннен ғаныш және ангидридтер, ең соңында әртүрлі галоидты қосындылар түзіп шөгеді.

Көмірлі формация – жылы және ылғалды климатты қалың өсімдіктер жамылғысы бар өңірлерде түзілген. Ұсақ дәнді құмды-балшықты шөгінділермен бірге ойылып майысу үрдісі кезінде өсімдік қалдықтарының үлкен массалары жинақталған, кейіннен олар біртіндеп тас көмірінің кен орнына айналған.

Мұнай өндіретін формация - органикалық заттар көп жиналып кейін олар жер қыртысына тез көмілу салдарынан пайда болған.








Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 4386;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.004 сек.