IV ТӘЖІРИБЕЛІ АУДАРМАШЫЛАР ЖАЗБАЛАРЫНАН 1 страница
4.1.1 Үндесім және үйлесім[6]
«Сылдырлап өңкей келісім»
Абай
Үндестік... үйлесім...
Үндестік құбылыс атаулының бәріне тән. Ол табиғатта да, музыкада да, поэзияда да көрініс табады. Тіпті асқақ құлшыныс пен абзал құштарлықта да үндестік болары хақ. Адамдардың жүрегінде, сөйлеген сөздерінде де үндестік бар. Үндестік жоқ жерде дүниенің шырқы кетеді. Күйрейді.
Рух үндестігі дейміз. Дарын үндестігі. Адам жанының үндестігі. Алуан тілдердің үйлесім-тұтастығы.
Міне, әңгімеміздің арқауы, өзегі де осы болмақ.
* * *
Қияннан бастау алып баяу әрі ырық бермес қуатпен бірте-бірте қоюланып, ымырт үйіріліп келеді. Етектегі Есілдің үстінде, тұмсық өтпес ну тоғай үстінде қалың қараңғылық тұнды. Ауыл түн құшағына еніп барады. Түнмен бірге құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Міне, бәрі де тына қалды, қалқып жүрген көлеңкелер тыншып, Тасөткелдің тастақты жағалауына жанаса сыр шерткен судың сыбыры естіледі. Шеткі үй жақтағы шоқ қайыңның маңынан баяу көтеріліп ән қалқыды.
«Қараңғы түнде-е тау қал-ғы-ы-ып...»
Әншінің дауысы сатымен көтерілгендей біртіндеп жоғарылап, күш алып әуелеп бара жатыр.
«Темной но-о-о-чью го-о-оры, дремля...»
Әннің әрбір сөзінде, әрбір дыбысында – түннің баяу әрі кең тылсым тынысы жатыр. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың заманында да дәл сол Ақшоқы аңғарындағы ауыл үстінде де «Сарыарқаның самалындай майда леппен» осынау сырбаз да сазды ән қалықтаған шығар-ау. Жаздың таусылып бітпес ұзын-сонар күнінен соң киіз үйлерінде дамылдаған даңқы асқан данышпан жерлестерінің туындысын тыңдаған адам біткен бұл әннің қазақ даласына басқа, белгісіз бір әлемнен келгенінен тіпті де бейхабар еді.
Иоганн Вольфганг Гетенің «Жиһангездің түнгі жыры» өзінің нәзік сыршылдығымен М.Ю.Лермонтовтың жан дүниесін баурап алғаны, кейіннен В.Г.Белинский айтқандай «сынын кетірмей» орыс тілінде сөйлетуі шындығында да, ғажап емес пе? Жарты ғасырдан кейін ұлан-байтақ жұмбағы мол жалпақ жазираның перзенті Абай Құнанбаевтың оны нақ сондай қарыммен қазақ тілінде қиыстыруы да ғажайып емес пе? Үлкен-кіші елдерді кезіп жүріп, «Жиһангездің түнгі жыры» ақырында «Ақшоқы аңғарындағы ауылға, одан Тобықтының жайлауына, қырдағы Керейлер мен ойдағы Уақтарға, қалың Қаракесек пен Қуандық руларына, Аягөз даласы мен Тарбағатай мен Алтайды мекендеген Наймандарға дейін жетті» (М.Әуезов. «Абай жолы»).
* * *
Ежелден белгілі ақиқат бар: ұлының ұлылығын, әсемдіктің ажарын, сайып келгенде кез келген дүниенің асылы мен жасығын салыстыру арқылы ғана ажыратып беруге, түсінуге, түйсінуге, сезінуге, түсіндіруге болады.
Әлбетте, салыстырмалы-лингвистикалық саралауға жүгініп, бір ғана поэтикалық ойдың түрлі тілдерге тәржімаланғандағы жаңғыруын бағамдаудың өзі бір ғанибет, әсіресе түп-нұсқа мен аудармалар көрнекті сөз зергерлерінікі болса ғажап. Гетенің әйгілі миниатюрасы Лермонтов пен Абай аударған нақ сондай лингвистикалық тәжірибе үшін өте берекелі, оңтайлы материал болып табылады.
Ильменауға таяу жердегі Кикельхан тауының төбесіндегі сырғауыл үйдің қабырғасына 1780 жылдың қыркүйек айының 6-сынан 7-ісіне қараған түні Гете қарындашпен жазған «Жиһанкездің түнгі жыры» («Wanderers Nachtlied»), міне, 200 жылдан астам уақыт бойы түрлі ұлттар мен ұлыстардың көптеген буындарының аузынан түспей келеді. Осы шағын өлеңнің бойында сөз жеткізе алмас баурап аларлық құдырет оқушыларды, суретшілерді, сазгерлерді, зерттеуші ғалымдарды, әдебиет шолушыларын толғандырып, тебіреніске бөлейтін бір сиқырлы тартымдылық бар. Осы бір өлмес жолдарда Лермонтов пен Абайды шабыттандырып туған тілдеріне аударуға жетелеген ерен асқақтық пен бұлалық жатыр, мұның өзі жаңа жауһар жырды дүниеге әкеліп, әрі үш халықтың ақындық күші мен кемеңгерлігінің үйлесіміне ұйтқы болған.
* * *
Пушкин мен Лермонтов пірі Абайға ерекше жақын һәм түсінікті.
«...Кітабына тағы да ерекше сүйсінген ынтамен үңіледі. Бұл кітапқа қазірдегі Абай ықыласы тіпті бөлек. Ол ықылас – кітап пен оқушы Абай арасында туған жақсы бір ұғынысудан... Ұғымды болған кітап бірінші өткел болды. Таза, сара, ашық өткелдей...
Биылғы өткен қыс бойы Абай неше алуан «тәпсірлерді» серік етіп, жалғыз табандап қадалғаны – орыс кітабы еді. Аяғында, осы көктемде, жаңа дүние саңлауы шын жарқырап ашыла бастағандай болған соң Пушкинге ауысқан...»
Бұл жолдар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан. Бұл сөздерде де дәл сондай ауан. Үндестік ауаны. Рух үндестігі. Алуан тілдердің тұтастығы.
ХІХ ғасырдың 90-жылдары Абай Лермонтовты құлшына аударды. «Теректің сыйы», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Ой», «Әм жабықтым, әм жалықтым», «Көңілім менің қараңғы...», «Рахат, мені тастап қоймадың тыныш» т.б. орыстың ұлы ақынының шығармаларын Абайдың қазақша сөйлетуі ғажап, мазмұны мен нысанына терең бойлап, шынайы поэтикалық жалынын сақтай отырып, Лермонтов музасының рухы мен өзіндік ерекшелігін кемеліне келген Абай сергек сезінген. Нақ сол жылдары ол «Қараңғы түнде тау қалғыпты» аударады.
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт, дел-сал ғып
Түн басады салбырап.
Шаң шығармас жол-дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы
Сабыр қылсаң азырақ.
Ұлы ақындар бір-бірін қалай ғажап түсінген!
Абай аудармасы Лермонтов мәтініне аса жақын, ал айырмашылығының өзінің жөні бөлек. Енді орыс тілді оқырмандарға осы өлеңнің жолма-жол аудармасын келтірейік:
Темной ночью горы, дремля
Уходят в сон, разнежившись (разомлев).
Степь тихую разморив (обессиливая),
Накрывает ночь, нависая.
Не пылит и дорога,
Не вздрагивают листья.
Отдохнешь и ты,
Если проявишь немного спокойствия.
Лермонтовта түн уақыты, түн ортасы, ал Абайда түн енді-енді басталып келеді: таулар қалғи бастаған, даланың үстінде қараңғылық қалықтайды, Лермонтовтың алғашқы төрт тағанында жалғыз ғана етістік («вершины спят»), ал Абайда «кетер» (уходят), «түн басады» (наступает) деген етістіктермен қатар, «балбырап» (разнежившись) «қалғып» (дремля) деген көсемшелер кездеседі, «дел-сал қып» деген де күрделі етістік. Осынша мол етістіктер мен көсемшелер арқылы Абай кеш түскенін, түн тынысын бейнелейді. Абай өлеңінде түннің баяу, талмаусырап, талықсып батуы, тыным мен тыныштық, дарқандық сезіледі. Гете мен Лермонтовтағы сияқты біз түнді, түн суретін ғана көріп қоймаймыз, біз түннің қалай батқанын байқап сезінеміз. Гете өлеңіндегі қозғалыссыз түн суреті Лермонтов тәржімасында жан бітіп нақтылана түссе, Абай аудармасында қозғалысқа көшіп, ширыға түседі.
Белинскийдің жоғарыда келтірген пікірінде «аптапты күннен кейінгі тыныш, тыншу түннің сезімі» туралы айтылады. Гете өлеңінен, Лермонтов аудармасынан да мұны қапырық күннен кейінгі түн деп үзілді-кесілді қорытынды жасай алмаймыз. Абай Белинскийдің «М.Лермонтовтың өлеңдері» деген мақаласымен таныс болған, «Қараңғы түнде тау қалғып» аудармасы соны оқығаннан кейін жасалса керек. Абай енгізген «балбырап», «қалғып», «дел-сал қып» деген сөздер қапырық күннен кейінгі түнді анық сездіреді.
Лермонтовтың «долины» сөзін Абай «дала» деп ауыстырғанын атап өтуге болады. Егер Абай «даланың» орнына аңғарды, алапты немесе алқапты десе, өлең буынында, көлемінде еш өзгеріс болмас еді. Басқа ақын түпнұска мәтініне жақын әрі дәлірек болсын деп, бәлкім, солай істер де еді. Ал Абай Лермонтов образын өзінше түйсінген, Лермонтов арқылы түнді суреттей отырып, ол «қазақ» түнінің сыры мен сынын, қазақ даласының түндерін көріп сезіндірген.
Абай аудармасындағы «Горные вершины...» Гете түпнұсқасымен рухани жақындық желілерін сақтай отырып, қазақ тілінде ғажап үнмен естілді.
* * *
Лермонтовтың «Горные вершины...» аудармасы Абайдан басқа ақындарды да бей-жай қалдырмаған сықылды. Білуімше, оны талай ақындар талай тілге өзінше тәржімалаған. Соның бірі – біздін көрнекті ақынымыз, Қазақстаннын халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев. Әлбетте, ол кісіге Абай аудармасы жасынан таныс. Соған қарамастан, орыс мәтінін негізге ала отырып, өз жобасын ұсынған. Міне, Мұз-ағаңның аудармасы:
Мақпалдай қара түндерде
Маужырап таулар мүлгиді.
Тым-тырыс, бей-жай қыр-белде
Қоңыржай мұнар сырғиды.
Бұрқ етпес шаң да жолдағы,
Желпінбес жасыл шалғын да.
Аялдай тұрсаң болғаны
Тыныстар күнің алдыңда.
Не деуге болады? Жатық, қазақы аударма. Лермонтовқа жақын. Тәп-тәуір. Көңілден шығып тұр. Поэзияға тән қасиеттердің бәрі көрініп тұр емес пе?! Сөз саптауы, теңеуі, ырғағы, ұйқасы – бәрі келісіп-ақ тұр. Мен, мәселен, Абайдың әбден бойға тарап, санаға сіңген сиқырлы аудармасы болмағанда, Мұз-ағаңның мына вариантын даусыз-ақ қабылдаған болар едім.
Вариант демекші, есіме мынадай қызық жағдай түсіп отыр. Гетенің «Жиһанкездің түнгі жырын» сонау ХVІІІ ғасырда бір жапон ақыны аударыпты. Ол аудармада, әлбетте, жапон өмірінің элементтері көрініс тапқан («Фудзияма» тауы, сакура ағашы, теңіз лебі). Кейін жапон нұсқасынан өлеңді қытайлар аударған. Әрине, «Жиһанкездің түнгі жырынан» жұрнақ та қалмаған. Жылдар өте немістер мұны көне қытайдың өлеңі деп неміс тіліне аударып, зерттеп қараса, ол Гетенің әбден өңі айналып келген байырғы төлтумасы болып шығады.
* * *
Ұлы ақындардың таңқаларлық рухани байланысы, меніңше, шындығында мынау болмыста бар әрі көрініс беретін тұстары да көп. Мен мұны бір күні ойда жоқта Ташкенттегі Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік әдебиет мұражайының тып-тыныш, ойға шомған залын аралап жүргенде анық, ап-айқын сезіне түстім. Демімді ішіме тартып, көне кітаптар мен қолжазбаларды ақтардым. Олар өте көп еді: үлкенді-кішілі, шағыны да әрі рабайсыз үлкені де, уақыттан, ғасырлар тозаңынан көмескі тартқан, бірақ бояуларын, көркемдігін, белгілі және белгісіз суреткерлердің, безендірушілердің, құсни-хатшылардың қайталанбас шеберлігі мен төзіміне сын болған дүниелер алдымда жатты. Көшіріп жазушылар баға жетпес қолжазбалар мен жыр-жинақтар – диуандарға ерекше ықыласпен, зор сүйіспеншілік және биік талғаммен жанын, бойындағы барын салған. Теріге шығыстың айшық-әшекейлері батырма жасау арқылы салынған. Бір беттегі төрт-алты жол өлеңді көмкере тығыз орналасқан алтынмен бедерленген әсем суреттер. Қиылысып жатқан нәзік желілер, ерекше ықыласпен салынған өрнек асқан ыждаһаттылықпен сұйық алқызыл алтынмен айшықталған. Әр беттің басындағы әдемілігі жағынан таңырқарлық, көнермес, көмескі тартпас өрнектер... Көне әлемге бойлай отырып, сан түсті бояулы, шамырқанған, ширыққан, дана да қиялшыл Шығысқа тап болған мен Науаи, Хафиз, Сағди, Фирдоуси, Низами, Жәми, Физули сынды әуезді есімдерді іштей күбірлеп айта бердім. Есіме Семей медресесінен оралған балғын Абайдың әжесі Зеренің құлағына үшкіріп, осы есімдерді айтқаны түсті. Сондай-ақ, мен осы шаңырақта Шығыстың ұлы ақындары мен Абайды қатар көргеніме қуандым.
«Бұдан көп уақыт бұрын ұлы Гете Шығыстың әйгілі «жеті жұлдызымен» – поэзия падишаларымен алғаш рет жолығып, дәл осындай Жүрек лүпілімен өзінің ана тілінде алдыңғы буынға екпін түсіре отырып, осы бір ғажап есімдерді айтқан еді. Оның «Батыс-Шығыс диуанын» оқып көріңіз, тым құрыса, ашып қараңыз, бұған әбден көз жеткізесіз. Шығыс өзінің дүниені парықтаудағы поэзиясымен, философиясымен, құнарлы тіршілігімен, асқан сезімталдығымен Батысты өзіне іңкәр еткен. Батыс білімдарлары мәдениетті жақындастыруға һәм екі араға көпір салуға ұдайы ұмтылып келген. Сол ғұламалардың бірі Иоганн Вольфганг Гете еді. Шығыс поэзиясына арбалған жан Шығыс пен Батыстың бірдей құдіреттілігі туралы:
Шығысты Тіңір жаратты
Батысты-дағы жаратты! - деген болатын.
Арада талай ондаған жылдар өткеннен кейін өзіне ғана тән құштарлық қуатымен қаймықпастан біздің замандасымыз Олжас Сүлейменов те осы идеяны айтады:
Шығыс жоқ
Және Батыс жоқ,
Аспанның дағы жоқ соңы.
Шығыс жоқ
Және Батыс жоқ –
Әкенің бар тек екі ұлы
Шығыс жоқ
және Батыс жоқ,
Күн шығады да батады
Жер деген үлкен бір ұғым
Ортақ болып жатады...
...Уақыт байланысы ажырағысыз, сонымен бірге үлкен ақындар да рухани туыс, бір-бірімен үндес, оларды нағыз құдіретті тылсым, құдіретті ғажайып Поэзия тұтастырып, туыстырып тұрады.
* * *
Осыдан екі ғасырдан астам уақыт бұрын (1782) ұлы аллемандық ақын Иоганн Вольфганг Гете қазір барша әлемге белгілі «Эрлкениг» атты балладасын жазған болатын. Атышулы балладаның дүниеге келу тарихы да қызық.
Гетенің замандасы, тек замандас қана емес, ұстазы болған Иоганн Готфрид Гердер бірнеше халықтың ескі жырларын жинап, құрастырып, өңдеп, немісшеге аударып, жеке жинақ түрінде бастырып шығарған. Бұл өзі заманында үлкен ақын, философ, әдебиет пен тіл зерттеушісі болған кісі еді. Осы жинаққа енген халық балладалары кезінде Гетеге өте-мөте қатты әсер еткен. Ежелгі дат елінің «Орман патшасының қызы» атты өлеңі өзінің поэтикалық құдірет күшімен ақын назарын әсіресе қатты аударып, барынша баурап алса керек. Шынтуайтқа келгенде, бұл аңызда әңгіме болатын орман патшасының қызы емес, эльфтер патшасының қызы болатұғын. Ал, эльфтер дегеніміз ертедегі герман тайпаларының, атап айтқанда, сол Дания, Норвегия, Швеция елдерінің аңыз-ертегілерінің бәрінде де дайым көрініс тауып отыратын табиғат бойындағы шипалы қасиетті бейнелейтін кішігірім демеуші рухтардың атауы. Бұл арада анықтай түсетін бір жай мынау: Гердер дат тіліндегі «эллерконга» деген сөзді жаңылыс түсініп, «Орман» деп қате аударған. Шындығында оның дұрысы «Эльфтер патшасы». Гете де атаудың мән-жайына байыптап бармай, ұстазына сеніп, айтқанын сол күйінде қабылдай салған. Әйтпесе, Гете Эльфті білмеді деп ойлау қате: әрілесе, тіпті, Гетенің «Эльфенлид» – «Эльфтер әні» дейтін өлеңі бар.
Гердер аударған дат балладасының мазмұнын біз қазақтың қарабайыр тіліне салып айтар болсақ, төмендегідей болып шығады. Күндердің бір күнінде Олуф деген сері жігіт үйлену тойына қонақ шақырмақ болып, салт атпен түнделетіп алыс жолға шығады. Ну орманның шетінде көкорай шалғында мәз боп, би билеп жүрген эльфтерге кезігеді. Эльфтер патшасының қызы жас Олуфтың алдынан шығып, сәл бөгеп, биге шақырады, сиқырмен арбайды. Жігіт көнбейді, тым асығыс екенін, ертең болатын той қамымен жүргенін, қалыңдығын алдынан күтіп алатынын айтады. Эльфтер патшасының қызы бұрынғыдан бетер қылымсып, арбап, сері жігітке сәнді жібек көйлек, ат басындай алтын сыйлаймын деп қызықтырып тұрып алады. Әйтеуір, не керек, арбайды, азғырады, Жігіт оған да көнбейді. Енді қыз намысы қорланған сұлу ашуға булығып тұрып: ендігі қалған өмірінде шегер ауыр азабың да, тартар жазаң да айықпас дерт болсын деп қарғап, Олуфты дәл жүрегіне жұдырықпен қойып қалыпты. Бір сәтте құп-қу болып, есеңгіреп, тәлтіректеп кеткен жігітті қыз қолтығынан демеп, атына мінгізіп, «ал, енді қалыңдығыңа қайта бер» дейді. Ес-түссіз ұлын көрген шешесі шошып кетеді. «Өңің неге сонша қашып кеткен, балам-ау», - деп сұрағанда, «Өй, несін сұрайсың, - деп қапаланады Олуф. – Мен эльфтер патшалығына тап болдым ғой, құрыдым ғой...». Балам-ау, ертең бір топ адаммен қалыңдығың келеді. Оған не бетімді айтамын?» - деп шешесі зар еңірейді. «Итін ертіп, аңға кетті дегейсің», - дейді басқа амал-айласы қалмаған жігіт... Ертеңіне, елең-алаңда тума-туысқандарымен қалыңдығы да келеді, келе сала жігітін іздейді. «Орманда аң аулап жүр», - дейді анасы бейшара. Қыз төр жақта жатқан алқызыл әлденені көзі шалып, көтеріп қалса, шүберек астында ессіз-түссіз сұлап жатқан сүйген жігітін көреді...
Гердер аудармасымен неміс тілінде жарық көрген дат аңызының ұзын-сонар оқиғасы, міне, осындай. Аталмыш аудармада баллада романтикалық-мистикалық пафоска шырқап шығып, шынайы сыршыл поэтикалық көркем шешімін тапқан-ды. Егіз ұйқаспен жазылған небәрі қырық екі жолдан тұратын мейлінше жинақы, ықшам балладаның оқырманды салған жерден баурап алатын ерекше қасиетін айтпасқа болмайды. Диалогқа құрылған оқиғаның басы-аяғы жұп-жұмыр, ширақ және халық поэзиясына тән қайталанып соғып отыратын ойнақы сөз орамы да өткірлей түскен.
Осы балладаның әсер-ықпалының арқасында дүниеге Гетенің атақты «Орман патшасы» келді. Гете дат балладасының сюжеттік желісімен бірге оның романтикалық сарынын, сыршыл астарын ашықтан ашық пайдаланса да, ал, бірақ образ жүйесіне айтарлықтай елеулі өзгерістер енгізді. Мәселен, ұлы ақынның «Орман патшасында» Олуф мырза да, оның қалыңдығы мен шешесі де, эльфтер патшасының сиқырлы қызы да атымен жоқ; есесіне оқиға негізінен тас қараңғы түнде салт атпен жортып келе жатқан әке мен жас бала, сонсоң сақалы беліне түскен, мөлт қара тәж киген орман патшасының төңірегінде өрбиді. Мұнда да сюжет шымыр, адамдар арасындағы алым-берім диалогтар мейлінше қысқа, шолақ, жып-жинақы. Қатерге толы қараңғы түнде табиғатта көңіл-күйге қарай қырық құбылады. Жүрегі алып ұшқан елгезек кеңіп жас нәрестенің қорқыныш-үрейге толы жан сезімі қолға ұстатқандай айқын, әсерлі, сұлу суреттелген. Балладаның ішкі тартыс динамикасы шиыршық атқан ширақ.
Қазақ оқырмандарының арасында да мен білсем, неміс тіліне жетік зиялы азаматтар баршылық. Сондықтан мен түпнұсқадан мысал ретінде бір ғана шумақ келтірейін. Содан-ақ балладаның өлең өлшемі мен әуен, ырғағын байқауға болады. Дегенмен, бұл шумақтан жалпы жұрт та бірдеңе ұғу үшін қара сөзбен жолма-жол аудармасын келтіруді жөн көріп отырмын:
Бұл кімдер екен желді түнек түнде жортып келе жатқан?
Олар – әке мен оның жас баласы ғой;
Әке жас сәбиін кеудесіне мейірлене қысып,
Құшақтайды сақтықпен, жылытады.
Әдетте жолма-жол аудармада өлең байғұс ит талаған баладай сиқы кетіп, сорлап сала береді, поэзияға тән лүпілдеп соққан жүрек тынысы да, сыршыл ақынның шынайы, нәзік сезімі де олақ қатынның қолына түскен асыл бұйымның кебін киіп, әрі қашып, адам көргісіз болады. Құдірет талантты құдіреттей талант аударғанда ғана кісі таңданатын туынды шығады. Неміс тілінің ой-шұңқырын білген тамаша аудармашы В.Жуковскийдің тәржімалауында әлгі «Орман патшасы» орыс тілінде былай сөйлейді:
Кто скачет, кто мчится под хладною мглой?
Ездок запоздалый, с ним сын молодой.
К отцу, весь издрогнув, малютка приник;
Обняв, его держит и греет старик.
Василий Жуковский бұны 1818 жылы аударған. Содан бері бұл аударма Гетенің барлық орысша басылымдарында үзбей жарияланып келеді. Өйткені бұл аударма – өнерінің шырқау биігі болып есептелетін үздік дүние. Шынында да, сіз түпнұсқа мен аударманы қанша, сығалап салыстырып оқысаңыз да көңіліңізге сәл-пәл болса да олқы соғатын бір жолын таба алмайсыз. Орыс ақыны неміс ақынының поэзиясын жан-тәнімен түсінген. Түсініп қана қоймай, сыры мен қырына терең бойлап, тәнті болған кісі. Сондықтан да аталмыш балладаның поэтикалық құны мен қасиетін мейлінше жеріне жеткізіп, нақышын келтіріп-ақ аударған. Балладаның оқиға желісін, мазмұн-мағынасын, сөз саптауын тіркес-оралымдарын бір тілден екінші тілге дәлме-дәл ғана аударып қоймай, сонымен бірге сезім иірімдері мен ойнақы сырын, күллі поэтикалық рухын өзінің сол бір табиғи қалпында майдан қылшық суырғандай татаусыз қалпын сақтаған. Кәне, енді әке мен бала арасындағы диалогқа назар аударып қараңызшы:
«Дитя, что ко мне ты так робко прильнул?»
«Родимый, лесной царь в глаза мне сверкнул:
О в темной короне, с густой бородой»
«О нет, то белеет туман над водой».
Әлбетте, қадағалап, зейін қойып, шұқшиып оқыған кісіге түпнұсқа мен аударманың тек өлең өлшемінде болар-болмас айырма әсері сезіледі. Мәселен, неміс поэзиясына тән дольник (қазақша баламасы маған беймәлім) өлең өлшемін Жуковский орыстың поэтикалық өлшем-ырғағына лайықтап келтіріп, кәдуілгі амфибрахий өлшеміне салған. Ал, сол амфибрахий өлең өлшемін, айталық, қазақ тіліне аударар болсақ, оған қазақтың бәрімізге белгілі дәстүрлі он бір буынды қара өлең ырғағының оң жамбасына дөп келер еді ғой.
Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 4015;