IV ТӘЖІРИБЕЛІ АУДАРМАШЫЛАР ЖАЗБАЛАРЫНАН 3 страница
М.Әуезов алашорда жазушыларының, оның ішінде Бөкейхановтың Ленин еңбектерін, Л.Н.Толстой шығармаларын аударғанда өз жандарынан сөз қосып, аудармашылықтан гөрі тілмаштыққа қарай ойысып кететінін сынайды. Мұндай аударма жазушының айтамын дегеніне тілмаш болып, қазақша өзім түсіндіремін деуден туғанын дәлелдейді. Бұл жерден біз М.Әуезовтің көркем аудармада түпнұсқаны оңайлатып, жабайландырушылыққа мүлдем қарсы екенін аңғарамыз. Ол жазушының тың теңеу, бейнелі образ есебінде айтқан сөздерін, жаңадан қиыстырған тамаша өрнегін қазақтың көпке мәлім, сан рет қолданылып, сонылығынан айырылған мақал-мәтелдерімен ауыстыра салуды аудармадағы кертартпалық деп, «әр әдебиеттің, әр жазушының өзінше теңеуі, ұлағаты, сөз мәдениеті, үлгі-стилі бар дегенмен есептеспей, оның бәріне жауап ұратын, қазақ тілінің көлемінде менің топас іске күшім бар», ... деп кеуде соғатын надандықтың бір көрінісі деп білді. Бұл әдіспен аударғанда, түпнұсқаның авторлары өз ерекшеліктерінен жұрдай боп, бәрі де бір қалыпқа түсер еді де, тек бір өлшемнен ғана шығып отырар еді дегенді айтады ол.
Осындай қорытындылар жасай келіп, автор Пушкин шығармаларының Ілияс Жансүгіров, Тайыр Жароков, Ғали Ормановтар жасаған жаңа аудармаларына ойысады. Олардағы жаңа беталысты қолдайды. Бұл беталыс – әрбір автордың өз ерекшелігін сақтауға тырысу, түпнұсқадағы көркем теңеулерді казақ тілінің ескі қолданысында әбден мәлім болған көне теңеулермен ауыстырып қана қарап отырмай, әрқайсысының өзіне тән кесте-өрнектерін өз түрінде келтіре білу, сөйтіп, жаңа қазақ тілінің икемділігі мен орамдылығын, көріктілігін көтеру бағытындағы беталыс еді.
Әуезов Пушкиннің жаңа аудармаларынан осындай нышанды көріп қуанады. Бұдан былайғы аударатындар, бұл жайды құр теңеу жөнінде ғана еске алмай, кеңейте, тереңдей түсініп, Пушкин өлеңдерінің ұйқасымын, сөз байлығын, ой тереңдігін, қысқасы, оның стиль ерекшеліктерін дәл түсіруді негізгі әдіс етіп қолдануға шақырады. Бұл жалпы көркем аудармаға қойылатын талап және бірден бір дұрыс талап еді. Кейін М.Әуезов өзінің бүкіл өмірінде аудармашы ретінде де, сондай-ақ көркем аударманың теоретигі ретінде де осы қағиданы берік ұстап отырды.
Пушкин өлендерінің ұйқасымы жайына келгенде, М.Әуезов жаңадан жасалып жатқан аудармалардың ішінде, Ілиястың қолынан шыққан «Чаадаевқа» мен «Қара бұлты» болмаса, көбінде ұйқастарды Пушкинше қолданбаушылық бар екенін сынайды. Рас, ол ондай ұйқастарды тек ұйқас үшін ғана беріп, формалистікпен түбірден алмаймын деп қатып қалуға да қарсы. Өлең ұйқасының жаңа түрін қолданғанда, оны Абайдың «Амал жоқ қайттым білдірмейіндегі» шалыс ұйқасты тапқаны сияқты, қазақ әуеніне үндесіп кететіндей жатық етіп шығару керек. Автор бұл жайында Ілиястың «Чаадаевқаны» аударғандағы шалыс ұйқас түрін қолданған әдісін мысалға келтіреді. «Бұл Пушкиннің, көбінесе, өзі қолданған ұйқас. Аудармада соның сақталуы мін емес, қасиет болып көрінеді», – дейді ол.
Бұл мақалада М.Әуезовтің ерекше назар аударып, баса көрсеткен мәселесі — Пушкиннің өзіне тән сөз ерекшеліктерін сақтау. Ақын бір жағынан Муза, Апполлон, Лира деген сияқты ескі қадым заманғы әдебиет ескерткіштеріне тән атауларды көп қолданса, екіншіден, орыс тілінің ескірген сөз түрлерін, дін сөздерін мол келтіріп отырады. Мұндай жерлерін бүгінгі ұғымның тілімен аударсақ болар ма еді? Жоқ, болмайды. Арада жүз жылдық тарих жатыр. Оны ұмытудың жөні жоқ. Пушкиннің ондай сөздері қазіргі орыс тілінің көлемінде қаншалық ескі сияқты сезілсе, оның аудармасында да, мүмкін болғанша, сондайлық көне боп сезіліп тұруын ескерген жақсы.
Автордың бұл қозғағаны – көркем аударманың теориясы – аса бір күрделі мәселесі. Мұның бір жағы жоғарыда айтылған түпнұсқаның стиль ерекшеліктерін жеткізу міндетімен де ұштасады. Ал бөліп қарағанда, мұнда дәуір айырмашылықтарын, ұлттық түрді, яғни мазмұны мен түр сәйкестігін сақтау мәселелерінің кейбір шешімдері айтылып жатыр. Ол кездердегі аудармаларда, қазақша түсінікті болсын деген желеумен, түпнұсқаның мұндай жерлерін қазақтың қарапайым ұғымындағы бірдеңелермен айта салу әдеті басым болатын. Автор аудармада осындай қарабайырлықтан мәдениеттілікке көтерілуді, қазақ оқырмандарын жалпы дүниежүзілік білім өрісіне бастауды насихаттаған.
М.Әуезов бұл мақаласында кейбір аудармашылардың Пушкин бойлаған тереңдікке шома алмай, ол толғаған сезімдерді қозғай алмай, үстірт соғып, Пушкинді жанап қана жүргенін айтады. Осыған байланысты ол: «түпнұсқадағы көңіл-күйі мен суретті көріністердің, жалындай маздап, шарқ ұрып тұрған сөз келісімнің аудармада солғын тартып жүдеп кететіні бар. Соны сезген кей аудармашылар қазақша құр шешен сөзге өктейді. Бірақ бұл сөздер, сырты сұлу сияқты көрінгенмен, Пушкин жолдарының сезім сырын шерте алмай, бос шығын сияқты болып тұрады деп қынжылады. Қорытып айтқанда, автор бұл кемшіліктердің бәрі Пушкин жолдарын шала ұғудың салдары, – деп түйеді, және де: «...аударма деген асығыстықты, үстірттікті көтермейтін өнер, онда түпнұсқаның орысша мағынасын түсінумен қатар, оның ырғағын да бойға сіңіріп, көкейге қондырып алу керек», - деп ескертеді.
Тегі сол жылдары, әсіресе Пушкиннің қайтыс болуының жүз жылдығын атап өту жайындағы ой-пікір де біраз өсіп қалды. Баспасөз орындары бұл мәселеге үнемі көңіл бөліп, жаңадан жасалған аударма еңбектердің таңдаулыларын жариялап отырды.
Солардың ішінде М.Әуезовтін 1937 жылы «Социалды Қазақстан» газетінің 8 қаңтардағы 6-санында жарияланған «Евгений Онегиннің» қазақшасы туралы» дейтін, «Қазақ әдебиеті» газетінің 10 ақпанындағы 7-санында жарияланған «Пушкин аудармасы казақ әдебиетіне не берді» дейтін мақалаларын оқимыз. Бұлардың бәрінде де автор жоғарыда айтылған аудармашыларға қатал талап қоя отырып, көркем аударманың тіліміз бен әдебиетімізге тигізіп жатқан ықпалын талдап сөз етеді, жұртшылыққа оның маңызын түсіндіреді.
М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына зер салған адам оның 1936-1937 жылдары көркем аударма мәселесімен едәуір шұғылданғанын аңғарады. Бұған бір жағынан, жоғарыда айтылғандай, Пушкин күнін өткізу себеп болса, екінші жағынан, қазақтың театр өнері өркендеп, қазақ сахнасына аударма пьесалардың шыға бастағандығы себеп болды. Қазақтың мемлекеттік драма театры отызыншы жылдардың алдыңғы жартысында «Сүңгуір қайық», «Астық», «Досым», «Жойқын князь Митислав» дейтін аударма пьесаларды қойған болатын. Соңынан «Ақсүйектер» пьесасы койылды. Ал бұдан кейін, 1936 жылы «Ревизордың» қойылуы қазақтың жас сахна өнерінің тарихындағы үлкен оқиға, биік белес еді.
Бұл оқиғадан, яғни аударма пьесалардың қазақ сахнасында қойыла бастауынан М.Әуезов терең сыр ұқты, мәдени дамуымыздың жаңа бағытын, кең өрісін көрді. Сондықтан да ол 1937 жылы «Қазақ сахнасындағы аударма пьесалар» («Қазақ әдебиеті», 1937 ж.) деген мақала жазып, көркем аударманың ұлттық театр өнерін өркендетуге тигізіп отырған және бұдан былай да тигізе беретін игілікті әсерін сөз етті.
М.Әуезов өзінің бұл еңбегінде аударма пьесаларды қазақ сахнасында қоюдың ең бірінші пайдасы — халықаралық мәдениетті игеру деп білді. «Кеңес драматургиясының таңдаулы пьесаларын қою арқылы көпшілікке кеңес мәдениетінің табыстарын танытып, сол мәдениетті сүюге, оның әрбір сәтті шыққан туындысын «өз мүлкім, өз табысым» деп қарауға баулимыз. Қазақтың жас әдебиетінде жаңа тарихтың кейіпкерлері әлі аз және толық дәрежесінде бейнеленіп болмай жатыр. Ал жалпы кеңес драматургиясында олар көбірек те әртүрлі жақтарынан суреттеледі. Сондықтан аударма пьесалар қазақ жұртшылығына мәдениет жағынан өне бойы жаңа нәр әкеліп отырады. Мұндай пьесалардың театрларымызда мәдениетті түрде қойылуы және қазақ артистерінің оларды ойнап шығуы, бір жағынан, сахна өнерінің өскенін көрсетсе, екінші жағынан, көпшілікке революцияшыл реалист театрдың бергенін береді. Бұл пьесалардың зор қасиеті – қазақ актерлерін жалғыз қазақ пьесаларының көлемінде қалдырмай, сол актер типінің өзін де өзгерте өсіреді. Қазақ актерін, кеңестің интернационалдық мәдениетінің майданындағы, интернационалдық мүсіні бар актер етеді», - дейді ол. Бұл мақалада және бұдан сәл бұрынырақ жарияланған «Ревизор қазақ сахнасында» («Социалды Қазақстан», 1936 ж., 228-бет) деген мақаласында да М.Әуезов драмалық шығармаларды аударудың және оларды қазақ театрының сахнасында қоюдың жалпы маңызы туралы айтқан. Оның өзінде, көбінесе, театр өнерін өркендетуге, актерлердің шеберлігін арттыруға аударма пьесаларды қоюдың тигізетін пайдасын баса көрсеткен. Ал драмалық шығармаларды аударудың техникасы мен қағидалары жөнінде, яғни басқа жанрларға карағанда, оның өзіне тән өзгешеліктері бұл мақалада сөз бола қоймайды.
Аударманың шығармашылық қағидалары туралы М.Әуезовтің сол жылғы «Мәңгі жасайтын Шота Руставели» деген мақаласында біраз ойлар бар. Грузин халқының ұлы ақынын насихаттауға арналған бұл мақаласында М.Әуезов оның «Жолбарыс тонды жортуылшы» деген атақты поэмасын аударуға қазақтың ең ірі ақындары кірісіп отырғандарын хабарлайды да, соған байланысты аударма жайында біраз ойларын ортаға салады.
Ең алдымен, мұндағы көңіл бөлерлік бір нәрсе: автор аудармашылықтың үлкен өнер екенін, оған аса зор жауапкершілікпен, үлкен дайындықпен кірісу керек екенін сездіреді. Ол «Жолбарыс тонды жортуылшыны» аудармақшы болып отырған ақындар бұл поэманың орысша аудармасының бірнеше нұсқасын – Бальмонт, Петренко, Цагарели аудармаларын және олар жайындағы сын-рецензияларды, Руставелидің мұрасын жақсы білетін грузин оқымыстыларының еңбектерін, грузин әдебиеті мен фольклоры жайындағы орысша деректерді оқып танысуы керек екенін ескертеді. Оның үстіне, фузин тарихшылары мен ақын-жазушыларынан көмек-консультация алып отыруды ұсынады. Бұдан біз М. Әуезовтің әрбір аудармаға осындай жан-жақты әзірлікпен, ғалымдық мағлұматпен, сол тақырып жайында шын терең біліммен кірісуді талап еткенін көреміз.
Екіншіден, ол грузин поэзиясы туралы орыс тіліндегі деректерге сүйене отырып, грузин поэзиясының біздің поэзияға ұқсайтын біраз ерекшеліктерін ашады. Мұны ол жеке, не топ дыбыстардың қайталап келіп отыратын үндестіктерінен, яғни аллитерация, ассонанс үлгісінен табады. Бұл ерекшелік бірқыдыру басқа тілдерге аударғанда дәл өзіндей етіп шығаруға қиыншылық тудырса да, қазақ тілінен лайықты үйлесімін табатынын, біздің ескі және жаңа әдебиет үлгілерімізде ондай ерекшеліктердің бар екенін айтады. Мұнда да аудармада түпнұсқаның көркемдік, стильдік ерекшелігін, ой тереңдігін жеткізуді бірінші кезекке қойған.
Руставелидің өз жанынан мақал шығарғыштығын, аз сөзге көп мағына сиғызып, терең метафора үлгісімен салыстыра сипаттайтын кестесі мол ақын екенін ескерте отырып, М.Әуезов автордың «сол ерекшеліктері мен асылдарына аса ұқыпты боп отырса міндеттің зоры да, кәдірлісі де сонда. Біздің ақындар мәдениеттердің бір-бірімен интерационалдық жолда қабысып табысуына жәрдем етеді. Тарихтың маңызы зор, мәдениеттік міндетті ада қылады», (М.Әуезов, «Уақыт және әдебиет», Алматы, ҚКӘБ 1962 ж., 292-бет) – деп түйеді. Сонымен М.Әуезов қазақ жазушыларын бұл сияқты ұлы шығарманы аудару үстінде оның авторының өз тәжірибесінен үлгі алуға шақырады. Одан халықтың шын жақсы, шын асыл қазынасын қалайша көрікті етіп пайдаланудың әдіс-тәсілдерін үйренуді ұсынады. Бұдан оның көркем аударманы жазушылар үшін шеберліктің мектебі деп бағалағанын ұғамыз.
Кейін, елуінші жылдары М.Әуезов өзінің осы пікірлерін онан сайын дамыта түсті. Енді ол көркем аударманың өнер екенін танытуға, оның ұстанымдары мен қағидаларын анықтауға белсене ат салысады, олардың теориялық шешімдерін табу үстінде толғанады.
Нақ осы тұста ол Абайдың аудармашылық өнеріне тағы бір мықтап зер салады. Абайды тану, оның ұлы мұрасын жан-жақты терең зерттеу жұмыстарын ғылыми тұрғыдан жолға қоюды мақсат еткен М.Әуезов оның күллі әдеби-шығармашылығында көркем аударманың қандай орын алатынын, бұл саладағы оның шеберлігінің мәні қандай екенін анықтау ісімен шұғылданған.
Автор Абайдың Пушкиннен, Крыловтан, Лермонтовтан, Буниннен жасаған аударма еңбектерін топ-топқа бөліп саралап қарайды да, Лермонтов арқылы Батыс ақындарының шығармаларын да қазақ жұртшылығына жеткізгенін өз алдына сөз етеді.
Ең алдымен, ол Абайдың аударма еңбекке деген ықыласына тоқтайды. Абайдың орыс классиктерінен жасаған аудармалары кейде дәл, кейде еркін болып келсе де, өлеңдік тұрғысынан алғанда, әрқашан көркем боп шығып отырған. Демек, ол аудармаға да, өз өлеңдерін жазғандағы сияқты, ақындық зор шабытпен, әр сөзді саралап қолданатын асқан ұқыптылықпен кіріскен. Сондықтан оның өз өлеңдеріне тән керкемдік, биязылық, нәзік те, терең сыршылдық аудармаларында да ылғи табиғи түрде құйылып келіп отырады. Тек Абайдың аудармашылық шеберлігінің арқасында ғана Пушкин мен Лермонтов поэзияларының көркемдігі, терең сыр, үлкен ойлары, Крыловтың халықтық өткір мысқылы мен ащы сатирасы қазақ қауымының санасына еркін жол тапты.
Осыдан келіп, М.Әуезов аударма жұмысы Абайдың өзі үшін де шеберліктің мектебі болғанын, оның ой-санасын ұлғайтып, өмірге көзқарастарын қалыптастыруға себепші болғанын түсіндіреді. Мұны ол Абайдың өз шығармаларының даму құбылыстарынан көреді.
1887 жылдан бастап Абай творчествосынан көркем аударма үлкен орын алған. Сол жылдардан бастап Абайдың өзі жазған өлеңдерінен де жаңа түр, жаңа көріністер, сөз саптаудың жаңа үлгілері анғарылады. Оның өз күйін толғауы, табиғат көркін, махаббат жайын жырлауы басқаша бір сырмен, жаңаша құлпырған бояумен жайнай түскен. Оның теңеулерінен де, саз-сарынынан да автор жаңа нұсқаларды байқайды. Әрине, мұның бәрін М.Әуезов Абайдың Пушкин мен Лермонтовқа жай ғана еліктеуі емес, олармен терең ұғынысып, табыса туысып бара жатқандығы мен аударманы шеберліктің шын мектебі етіп, өз халқына дәстүр боларлық жаңа үлгі-өнеге ашқаны еді деп бағалайды. Сондықтан да «Абайдан соңғы қазақ әдебиетін алсақ, ұлы ақын жасаған аударманың мәдениеттік, тәрбиелік, көркемдік әсері ұшан-теңіз. Өзге өнегесінен бұрын, Абай аудармалық еңбегімен және де өз тұсындағы қауымын көп тәрбиеледі. Қазақ сахнасына орыстың мәдениетінің жарығын әкеп төккендей болды», – дейді автор. (М.Әуезов, «Әр жылдар ойлары», 158-159-беттер).
Абай аудармаларының осындай тарихи маңызын анықтаған автор енді бұл еңбегінде оның аудармашылық өнерінің ерекшеліктерін ашып, шеберлігінің мәнін айыра көрсетумен шұғылданады. Ол үшін Абай жасаған аудармаларға жеке-жеке ғылыми талдау жасайды.
Бұл тұрғыдан оның ең алдымен, зер салғаны – Абайдың «Евгений Онегиннен» жасаған аудармалары. Татьяна мен Онегин арасындағы хат алысу ретінде беріліп, романның махаббат жайындағы толғауын түгелге жуық қамтыған бұл аудармада, әрине, Пушкиннің көп айтқандары қалып кеткен. Оның үстіне, Абай өз жанынан «Онегиннің ақырғы сөзі» деп тағы бір жайды баяндайды. Бұл Пушкинде жоқ. Мұны автор көркем аудармадағы еркін өзгерістің Абайша жасалған ерекше бір түрі деп бағалайды. (Сонда, 155-165-беттер). Содан соң Пушкиннің жалпы сарынын сақтай отырып, хаттар ретінде жеті бөлек боп берілген аударма еңбектің қайсысы қай жерде түпнұсқаға жақын келетінін, қай жерде алыстап кететінін ашып көрсетеді.
Абайдың көркем аудармадағы еркіндігін автор, негізінен, екі түрлі себеппен түсіндірген. «Оның біріншісі және ең үлкен себебі, – дейді ол, – Абай орыс жастарының сезім-сырларынан, өмір түйін тағдырынан, өзінің жас оқушысына үлгі боларлық тәлім-тәрбие бермекші болады. Екінші себебі бұл уақытта Абайдың ақындық аударма турасындағы түсінігі, көзқарасы өзінше, өзгерек болған тәрізді. «Ескендір» поэмасының тақырып желісін Низамиден алып, көп өзгертіп жырлағаны сияқты, Абай бұрын өзі білген жақын шығыс классик поэзиясында қолданылып жүрген «нәзира» жолын қолдана түскен тәрізді». Бұл жолдың мәнісі – аударылатын шығарманың өзінде бар «шындық пен сырлардың, халдер мен қасиеттердің кебін арқау етіп ала отырады да», аудармашы өз жанынан тағы да тың арман, мақсаттар қосады.
Абайды бұл әдіске итермелеген, жоғарыда айтылғандай, казақ жастарына орыс жастарын үлгі етіп ұсынғысы келгендік еді. «Сондықтан Абай үшін опасыз жігіттің қайғылы, күлкілі халінен гөрі оның шынымен қателесіп, бар жанымен шын қамығып, өкінгені қымбатырақ болды. Себебі: ол кезде қазақ жағдайында жақсы қыздың әзіз жанын ұқпай, мейірімсіз жарақаттап кете беретін опасыз жігіт былай да аз болмайтын. Ондайлардың өкінішінен де үлгі шықпас еді. Одан да, қаншалық арман қалдырса да, опалы шыншыл, қиянатсыз жігіттің өкінішін көрсету абзал болды» Абай үшін.
Осыдан келіп, автор Абайдың Онегин кейпін өзгертіп аударуы оның мәніне жетпей ұшқары түсінгендігі емес, өзінің алдына қойған шығармашылық мақсатына бейімдегендік деп түйеді. Онегиннің ішкі дүниесін ұғуда Абайдың Белинский тұрғысынан келгенін автор нақтылы мысалдармен дәлелдейді.
Абайдың Татьяна мен Онегин сырларын шертудегі ақындық, шеберлік, ізденушілік өнерін Әуезов ерекше жоғары бағалаған. «Бұл екеуінің хаттарындағыдай соншалық көркем шыққан туындыны 1889 жылға дейінгі, яғни бұл аудармалардың жасалуына дейінгі Абайдың өзі жазған өлендерінен де кездестіре алмайсың», - дейді ол. Авторды ақынның бұл аудармаларда жаңа түр, жаңа ырғақтар тапқандығы, ішкі сезім дүниесін толғауға келгенде небір соны теңеулер мен әсем сөздер қолданғаны, сөйтіп, әр қазақ ұғымына соншалық шебер үйлестіру арқылы «Татьянаның тілімен қазақ қызының жүрегіне қоса тіл бітіргені» масаттандырады.
«Абай өзінің шебер аудармаларымен Пушкиннің бұл шығармаларындағы орыс топырағынан өрбіген жалпы адам баласының қасиеттерін ашты, Татьяна мен Онегиннің қай жерде, қай ортада болса да, сырлас, үндес жандарын табатынын көрсетті» дейді автор және ол бұл мәселеге де үлкен мән берді. Сөйтеді де, «Пушкинді дәл аударушылар бола берер, бірақ жаңағы айтылғандай, оның романының ішіндегі үлкен ой, сирек сезімдерді Абайша жеткізіп, көріктеп беру, көп табыла бермес» деп қорытады (Сонда,157-бет).
Жеке теңеулерге келгенде М.Әуезов Абайдың кейде Татьяна мен Онегин шындықтарына үйлеспейтін сөздерді де қолданып жіберетінін көреді. Мәселен, «Мехрабымсың бас ұрамын»... деп келетін өлеңдегі «мехраб» деген мұсылман дінінің ұғымындағы сөзді тең етіп алуына тоқталады да, бұл аудармашы тарапынан өз оқушыларына екі жастың сезімін жеткізу үшін өз білген сөз асылын аянбай жұмсағысы келгендік еді», – дейді. Бірақ «әрине, мұнда діндік ұғым-сөздікті алмай, осындай күшті жайды білдіретін халықтық ұғым-сөздікті алу әлдеқайда орынды болар еді» – дегенді айтады. Сондай-ақ
«Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем», -
дейтін теңеу жайында да бұрынғы пікірін қайталап, дворян қызы Татьянаға «қазан қырғызып қоюдың» жарасымды емес екенін тағы ескертеді.
Бұдан кейін автор Абайдың Лермонтовтан жасаған аудармаларын талдауға көшеді. Абай Лермонтовтан не бәрі жиырма жеті өлең, үзінділер аударды дегенді айтады.
Бұл аудармалардың ерекшелігі сол – мұнда Абай «анық шебер аудармашының өзі болып еңбек етеді». (Сонда, 159-бет). Сонымен бір айта кететін нәрсе – Лермонтовты аудару арқылы Абай Батыс классиктерінің де ой әлеміне енуге мүмкіндік тапты.
М.Әуезов Абайдың бұл еңбектерін талдауда шынайы ғалымдық тереңдік көрсеткен. Ең алдымен ол Абай аудармаларының түпнұсқалық негіздерін анықтайды, оған қай аудармасының қаншалық дәл келетінін, қай жерде қаншалық ойысып кететінін көрсетеді. Сондай-ақ, автор Абайдың Лермонтов сарынымен жазған кейбір өз өлеңдерінің ішінде орыс ақынының бірен-саран өлең жолдары еніп кеткен жерлерін де тапқан. (Мысалы: «Көлеңке басын ұзартып».., «Ауру жүрек ақырын соғады жәй»..., «Әм жалықтым, әм жабықтым...» деген сияқты өлеңдері).
Нақ осы жерде Мұқаңның аса бір құнды пікіріне айырықша тоқталмасқа болмайды. Бізде соңғы жылдары Абай аудармашылығын зерттеген кейбір жолдастар тым асыра сілтеп жүр. Олар аудармадағы Абай өрісінің кеңдігін көрсетеміз деп, оның ұлы ақындармен үндесіп жатқан кейбір өз өлеңдерін де оп-оңай аударма қатарына қоса салады. Әрине, онымен Абайдың нағыз кемеңгер ұлт ақыны ретіндегі ұлылығына нұқсан келе қоймас. Қайта оның аудармаға көбірек барғанын, орыс және дүниежүзі классиктерін казақжұртшылығына неғұрлым кеңінен таныстыруға күш салғанын көрсету – мәртебесін онан сайын көтере түсетін нәрсе.
Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 3089;