Калька тәсілімен аударуға мысалдар

Біздің қазіргі аударманың ең бір ақсап жатқан жері – сөзбе-сөз аудару – калька тәсілі.

Жаңа бастаған аудармашылардың көпшілігіне тән болып келетін ортақ кемшілік – түпнұсқаның аясынан шыға алмай осынау калька тәсілімен, яғни сөзбе-сөз аудару.

Калька дегеніміз – белгілі бір сөз тіркесінің, сөйлемнің, түрлі фразеологизмдердің, ғылыми формулалар мен анықтамалардың бір тілден екінші тілге аударылған дәл көшірмесі, басқаша айтқанда түпнұсқа нысанының екінші тілде сөзбе-сөз қайталануы.

Академик жазушымыз, қазақ тілінің білгірі Ғабит Мүсірепов пен тіл білімі саласындағы академик ғалымымыз Ісмет Кеңесбаевтың осы калька жөнінде айтқан мынадай бір пікірі бар.

«Сөзді дәлме дәл аударуды нысана тұтып, калька тәсіліне шамадан тыс әуестенуден тілдің ғасырлар бойғы қалыптасқан заңды жүйесіне қиянат келтіретін де жайы жоқ емес. Кальканың аудармашыға көмекке келер, шылбыр ұшын берер жерін іздеуіміз ұтымды: ана тілі қорынан аудармақ болған сөзімізге сай келетін балама таба алмаған жерде ғана калька қажеті келіп шығады. Зәру болған кезде асығыстық жасамай, байыппен іздестіре, қармана білсек, ана тіліміздің қалтарыс-қатпарында елеусіз жатқан талай сөздерді әлі де табарымыз анық. Ізденудің қиындығынан қашып, жалаң калька қуу салдарынан кейде жасандылыққа ұрынып қалатынымыз да жасырын емес» («Сөз талғамы – өрелі ой кепілі», «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған мақаладан).

Үлкен жазушымыз бен ірі ғалымымыздың бұл пікірі әрбір аудармашыға ой саларлық ортақ нәрсе.

Осы орайда бірер мысал келтіре кеткен жөн болар.

1. «Волков бояться – в лес не ходить». Осыны калька тәсілімен аударсақ: «Қасқырдан қорқу – орманға бармау» болар еді. Ал мұның тілімізде сәтті баламасы бар: «Қасқырдан қорыққан тоғай араламас» дейді халық.

«Не приметить слона»«Пілді байқамау» дер едік. Мұның дұрысы: «Көрмес түйені де көрмес».

Калька жасау жолымен орыс тілінен қазақ тіліне ауысып, жарасымды, қонымды болғандықтан тілімізге сіңіп кеткен фразеологиялық тіркестер де бар. Мысалы:

«Кулик кулика видит издалека»«Балықшы балықшыны алыстан таниды».

«Лучше поздно, чем никогда» «Ештен кеш жақсы»

«Беречь как зеницу ока»«Көздің қарашығындай сақтау»

«Ловить рыбу в мутной воде» – «Лай судан балық аулау»

Осы сияқты бірен-саран болмаса, жалпы калькадан туған нұсқалар қазақ тілінің нормаларына қайшы келеді. Бір мысал:

«Много воды утекло» – Осыны «Көп су ағып кетті» деп аударар болсақ, мәні де, мағынасы да жоқ бірдеңе болып шығатынын көріп отырмыз. Бұл жерде әңгіме сөз болып отырған кезеңнен бері біраз уақыттың, мерзімнің өтіп кеткені жайында ғой. Мысалы, «одан бері бірталай уақыт өтіп те кетті» немесе «одан бері не заман» деген сияқты етіп, оқиғаның мән-жайына қарай үйлестіріп айту керек.

Енді құрмалас сөйлемдерде кездесетін калька тәсілінен бірер мысал келтірейік:

1. «Прежде пребывание без работы было, как правило, временным состоянием, которое прерывалась трудоустройством на более или менее длительный срок. Теперь пребывание вне производственного процесса продолжается долго и грозит превратиться для многих в постоянное времяпрепровождение».

Осы сөйлемді бір аудармашы былай тәржімалаған:

«Бұрын жұмыссыз жүру, әдетте, уақытша жағдай болатын, оны азды-көпті ұзақ мерзімге жұмысқа орналасу бөліп отыратын. Енді өндіріс процесінен тыс қалу ұзаққа созылады және көптеген адамдар үшін тұрақты уақыт өткізуге айналу қаупін туғызуда».

Осындағы біз астын сызған тіркестер нағыз кальканың өзі. Бір қарағанда барлық сөз орнында тұрған сияқты көрінеді, бірақ қазақша емес, сондықтан да ұғыну қиын.

Бұл үзінді «Международные отношения» баспасынан 1986 жылы шыққан «Пути и перепутья «потерянного поколения»» деген кітаптың аудармасынан алынған. Өйткені кітаптың тілі өте күрделі және саяси, экономикалық, философиялық терминдер мен сөз тіркестері жиі кездеседі. Сондықтан да мұны аударудың оңай шаруа болмағаны көрініп тұр.

2. Военные не на шутку струхнули - әскерилер қалжыңы жоқ шошып кетті.

Бұл сөйлемнің дұрыс аудармасы былай болуы керек: Әскери адамдар кәдімгідей-ақ шошып қалды.

3. Он чувствовал себя прескверно – ол өзін жаман сезінді (оның көңілінің хошы жоқ еді).

4. Смотри за собой и береги детей – өзіңе қара және балаларды сақта (өзіңді күт және балаларға бас-көз бол).








Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 8758;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.005 сек.