Аударма жайындағы қанатты сөздер

Біз сағаттың тілін аударамыз, пойызды бір жолдан екінші жолға аударамыз, пошта немесе телеграф арқылы ақша аударамыз. «Аударма» дегенде шығармашылық еңбектен гөрі техникалық тәсіл еске алдымен түсе беретіні бар.

(С. Маршак)

 

«Аударма» сөзі жалпыға мәлім және жалпыға түсінікті сөздердің қатарына қосылады, әйткенмен, оның өзі де адам іс-әрекетінің арнаулы түрі және оның қорытындысының анықтамасы ретінде анықтай түсуді және терминологиялық тұрғыдан айқындауды қажет етеді. Бұл сөз, біріншіден – психикалық акт пішінінде жүзеге асып, мәні бір тілде – түпкі тілде пайда болған сөз шығармасын (мәтін немесе ауызша айтылған пікір); екіншіден – аударылатын тілде қайта жасалатын процесті, үшіншіден, сол процестің нәтижесін, яғни аударылған тілде дүниеге келген жаңа сөз шығармасын (мәтін немесе ауызекі пікір) танытады.

(А.В.Федоров)

«Аударма деп ең алдымен түпнұсқаға қатысты сөз туындысын, оның екі тілдің ерекшелігіне және материалдың қандай да бір жанрлық категорияларға тиістілігіне байланыстылығын айтамыз».

(А.В.Федоров)

Аудару дегеніміз бір тілдің кұралдарымен мұнан бұрын өзге тілдің құралдары арқылы бейнеленген нәрсені дәл де толық бейнелеу.

(А.В.Федоров)

Аудармада өзіңнің түсініп қана қоюың жеткіліксіз, өзгелердің де түсінуі шарт. Аударма екі бөлікке бөлінеді: мағынаны түйсіну және оны жеткізу.

(М.Ледерер)

Аударма түпнұсқаның бейнелегенін ғана емес, оның қалай бейнеленгенін де дәл солай бейнелеуге тиіс.

(Я.И.Рецкер)

 

Аударма – тілдердің ұштасуы, билингвизм құбылысы.

(Ж.Мунен)

 

Аударма – сөз өнерінің дара, ерекше және дербес түрі деген оймен келісуге болар. Бұл «қайталама» өнер, түпнұсқаны өзге тілдің материалында «қайта бейнелеу» өнері. Бір қарағанда, аудармашы өнері музыканттың, актердің, мәнерлеп оқушының орындаушылық өнеріне ұқсас, өйткені ол да жаңадан әлдебір нәрсені жасамайды, қолда бар шығарманы қайта қалпына келтіреді, аудармашының шығармашылық еркіндігін түпнұсқа тұсап тұрады. Алайда бар ұқсастық осымен бітеді. Басқа жақтарынан қарағанда аударма кез келген орындаушылық өнерден атымен өзге, ол көркемдік-шығармашылық қызметтің өзгеше бір түріне, «қайталама» көркем шығармашылықтың дара формасына жатады.

(В.С.Виноградов)

 

Бір тілде айтылған не жазылған мәтіннің екінші тіл арқылы жеткізілуі, әдебиеттің кең арналы, мол саласының бірі.

(«Қазақстан» энциклопедиясы)

 

Әдеби шығармашылықтың түрі, оның нәтижесінде бір тілдегі туынды басқа тілде қайта жасалып шығады.

(«Әдебиеттің энциклопедиялық сөздігі»)

 

Әдеби шығарманың бір тілден екінші тілге көшіріліп қайта жасалуы, басқа тілдегі түпнұсқа негізінде жазылған көркем туынды.

(«Әдебиеттану» терминдер сөздігі)

 

Сәйкес аударманың мақсаты түпнұсқаның мағыналық мазмұнын, эмоциялық бейнелілігін, сөздік-құрылымдық ажарлануын жеткізу.

(А.Смирнов)

 

Біздің ойымызша, аударма әдебиет пен тілге тікелей қатысты. Егер мұны құсқа теңеп сөйлейтін болсақ, құстың қос қанатсыз ұша алмайтыны сияқты, аударма да әдебиет пен тіл қағидаларынсыз дами, өркендей алмақ емес.

(Ө.Айтбаев)

 

Абай сөзінің шымырлығы, қуаттылығы, бейнелілігі, көп мағыналылығы шынында да таңқаларлық. Абай өлеңдерінің орысшаға аударылғанда өзінің көркемдік деңгейінде шықпай жатуының бір себебі де осы қасиеті болса керек. Абайдың кез-келген бір жолын орысшаға аударып көріңізші. Аудара алмайсыз!», дей келіп, мынандай мысал айтады: «Немесе, екі ғана сөз – «бойы бұлғаң» дегенді орысша қайтіп бересіз? Бір академик «хвастун» депті. Ал, шынында, бір «бойы бұлғаңды» орыс тіліндегі «гуляка», «праздно шатающийся», «воображуля», «нарядно одетый», «выхваляющийся», «бездельник», «спесивый», «пустопляс» сықылды сөздердің бәрі қосылып, мағынасын бере алмайды.

(Г.Бельгер)

 

Аударма мәдениеті үздіксіз өсіп келеді. Сонымен бірге, қазіргі бар аудармалардың өзінің де маңызын елемей, оны «мәртебелі ғылымның» назар аударуына арзымайтын нәрсе деп кемсітуге болмайды. Ондай пікірден қауіпті қорытынды шығып кетуі мүмкін. Аудару арқылы, тұтас алғанда, түпнұсқаның бар қасиетін беруге болмайды деу – түпнұсқаның тілін екінші тілде бейнелеуге келмейтін әлдеқандай бір құпия жазу деп бағалағандық болар еді.

(М.О. Әуезов)

Тілі басқа шығармаларды ана тілімізде сөйлету асқан білімдарлықты, даңғайыр диапазонды, дархан да дара дарын иесі болуды, сондай-ақ, туған тілдің қисапсыз қыры мен сырын кең меңгерген виртуоз болуды талап етері хақ.

(Қ.Жұмағалиев)

Текстің дәмін алудың төте жолы – талмай оқу.

(А.Сүлейменов)

Әрі түпнұсқаның бүкіл қадір-қасиетін сақтау, әрі оны қазақ тілінде тігісін білдірмей жатық сөйлету – барынша қиын шаруа. Мәселе аударманы белгілі бір тілде оқитын адамдардың ұғымына жақындатуда ғана емес, мәселе белгілі бір тілде жазылған шығарманың табиғатына жақындай білуде де.

(Қадыр Мырза Әли)

 

Сұлулық деген қауымға

Аударма деген – келін ғой.

Келіндер Түскен ауылға

Сүйкімсіз болса, Өлім ғой!

(Қадыр Мырза Әли)

 

Аударма дегеніміз – бір тілдің сөйлеу (тілдік емес!) шығармашылығын, мазмұн межесін (план выражения), яғни мағынасын өзгеріссіз (!) екінші тілдің сөйлеу шығармашылығына айналдыру процесі».

(Л.С.Бархударов)

 

...Аударатын тіл (шығыс тіл) мен аударылатын тілдегі (кіріс тіл) мәтін «бір ғана мағынаны білдіреді» немесе аударма процесінде «мағына ауысуы» болады деген пікірдің негізі жоқ. Мағына, біздің ойымызша, белгілі бір тілдің өзіндік «қасиеті».

(Дж. Кэтфорд)

 

Әрине, аударма – кілемнің астарлы беті болып қала береді.

(Л.Н.Толстой)

 

... көркем аудармада бір тілден екінші тілге сөз қотару, тасымалдау міндет емес. Мақсат – өлеңді өлеңмен, талантты талантпен өрнектеп жеткізе білуде емес пе?

(Г.Бельгер)

Аударма саласы – мәдениет пен әдебиеттің көне мүлкі, үлкен дүниесі.

(Р.Хайруллин)

 

Аударма – әдебиеттің көне мұрасы, белгілі өнер саласы.

(Р.Хайруллин)

 

Жазушының суреткер болып тууы сияқты, аудармашының да «суреткер болып жаралуы керек.

(Р.Хайруллин)

Аудару үстінде екінші тілмен бәсекеге түсуге болмайды.

(И.Гете)

 

Аударма өнерінің табысы дегеніміз – аударылған шығарманың көркемдік тұрғысынан да, мазмұн дәлдігі жағынан да, стильдік орайында да түпнұсқадағыдай болып шығуын айтамыз.

(Р.Хайруллин)

 

Сөзбе-сөз аударудың қырсығынан құтқаратын дұрыс жолдың бірі ― аудармашының тіл байлығы, сөз қоры.

(Р.Хайруллин)

 

Аударма тіл өнерінің барлық қасиеттерінің өлшем-таразысы емес. Сол сықылды, бүкіл тіл мәдениетінің негізі аударма бола алмайды және болмайды да.

(Р.Хайруллин)

 

Сөзбе-сөз аудару, көбінесе түпнұсқаның тілін түсінгендерде болады, соның әуенінен еріп, құл болудан шығады.

(С.Талжанов)

... Аударма әр елдің өз тіліндегі әдебиеті, өз мүлкі болсын. Алайда өткен дәуірдегі жазушылардың бетіне осы заманның бояуы жағылмасын. Сонда да әлгі аударушының кім екенін, қай дәуірдің адамы екенін оқушы да, сыншы да тани алады, өйткені аударушы көшірмеші емес, ол өз заманының тілін, мұң-мүддесін ұғына алатын адам ...

(С.Маршак)

 

Аударма екі түрлі болады, бірі – шетелде, шет тілде жазылған шығарманың мазмұнымен өз оқушысын таныстыру, екіншісі сол шет тілдегі шығарманы өз тілінде бұлжытпай беру, қайта жасап шығару.

(И.С.Тургенев)

 

Уақыт озған сайын тіл де, талғам да өзгеріп, өсіп отырады. Ендеше олар да аударма сол өскен заманның өз тіліне, өз талғамына сай болсын.

(С.Талжанов)

 

Көркем аударманың негізгі қиындығы – екі тілдегі ұғымның шалғайлығында.

(С.Талжанов)

 

Көркем шығарманы аударғанда әдебиеттік-көркемдік жағын ұмытуға болмайды.

(С.Талжанов)

 

Аударғанда сол түпнұсқадағы тек қана ойдың дұрыстығын, тілдің тазалығын сақтау кем соғады, сондағы көрсетілген өмір шындығын дәл беру керек.

(Н. Добролюбов)

 

Аударманың түпнұсқаға таянуы шығарманың әрпін түгендеуге емес, оның рухын жеткізе беруде.

(В.Г.Белинский)

 

Кейінгі аударма – алдыңғы аудармадан үздік шығатын болса, түпнұсқаның бұрынғы аударушы аша алмаған кейбір сырын ашып бере алса – оның көмескі қалған бір жаңалығын тауып, сол арқылы біздің ой-сезімімізді оятып, байыта алса – онда аудармаларды қымсынбай-ақ қайталап басып шығара беру керек.

(И.Кашкин)

 

Аударма жұмысының дәл өзі – адамның творчествалық ісі, рухани өнері.

(З.Тұрарбеков)

 

Аударманы аударма ететін, қоғамға қажет ететін қасиеті де түпнұсқаның дәл өзіндей болып шықпайтынында. Түпнұсқаның өзінен түк аумаған тәржіме тек түпнұсқа тілін білмейтін адамдарға ғана керек.

(С.Абдрахманов)

 

Аударма ең алдымен әдебиет пен әдебиетті аралас-құралас етеді. Содан кейін ғана ықпал тууы мүмкін. Осының өзінде күнілгері ықпал тудырады деу астамшылық.

(Т.Әлімқұлов)

 

Негізінде аударма белгілі бір дәрежеде ұлы өлеңдердің өзіне өлмес өмірге қол жеткізуіне көмектесе алады.

(В.Левин)

 

Кейбір шығармалардың мазмұндылығы мен жан-жақтылығы сондай, оларды елу рет қайталай аударғанда да тереңдігі мен шеберлігінің ұшығына шығу қиын.

(И.Кашкин)

 

Қайталама аударма – қай әдебиеттің де толысқандығының, кемеліне келгенінің бір белгісі.

(С.Абдрахманов)

 

Аударма әдебиетінің бір ерекшелігі – ешқашанда кері кетпейтіндігі.

(С.Абдрахманов)

 

... аударма деген асығыстықты, үстірттікті көтермейтін өнер, онда түпнұсқаның орысша мағынасын түсінумен қатар, оның ырғағын да бойға сіңіріп, көкейге қондырып алу керек.

(М.О.Әуезов)

 

Аударма саласындағы көптеген міндеттер нақтылы түрде, түпнұсқаның түрлі қасиеттерін толық беру үшін аудармашы қолданған құрал-тәсілдерді зерттеумен анықталады, ол қасиеттерге: интонация, ырғақ, образдылық (синонимдердің, идиомалардың, мақал-мәтелдердің, афоризмдердің түрліше астарларымен бірге) секілді элементтер жатады және бұған ұлттық форманың әрқилы өзгешеліктері, тарихы сипаттары да келіп қосылады.

(М.О. Әуезов)

Аударма бізге неғұрлым аударма болып көрінбей, өзінде төлтума шығарма болып көрінсе, онда оның тамаша болғандығы.

(И.С. Тургенев)

 

Аударма автордың өзі орысша жазған секілді болып көрінсін, көркем шығарманы ондай етіп аудару үшін художник болып туу керек.

(В.Г. Белинский)

 

Өте-мөте сөзбе-сөздік аударма түбегейлі шығарманың стиль өзгешелігін және тіл көркемдігін жойып жібереді.

(Ф.Энгельс)

 

Өркениет пен өркениеттің, халық пен халықтың танысуы, табысуы сияқты. Олар бір-бірімен танысуы үшін бір-бірінен орта белгілер табуы керек. Танысудың осындай жолы – көркем аударма.

(С.Аверинцев)

 

Әр аударма, шынтуайтында, өзінше эксперимент.

(С.Абрахманов)

 

Бір тілде туған өнер гүлін басқа топыраққа алып келіп қондыра салуға болмайды. Жалпы, оны сол топырақтан судыруға болмайды. Аударманы сол гүлдің дәнін алғандай абайлықпен жаңа топырақта жаңа гүл өсіріп шығаруы керек. Жаңа топырақ дегеніміз – жаңа тіл. Көбіне – атымен жаңа тіл. Аударма жасау өнер.

(С.Абрахманов)

 

Жаңа аударма қалай шыққанда да аударма өнері ұтпаса да ұтылмайтыны анық.

(С.Абрахманов)

 

Аударма еркін болуы керек, бірақ еркін болуға құқық алу керек.

(И.Гете)

 

Аударма мәдениетті бір елден екінші елге тасымалдап жеткізетін пошта күреңдері.

(А.С.Пушкин)

 

Аударма – шығармашылық іс әрі өнер, ол бәсекелестіктің жоғары түрі, орындаушылықтың бір түрі.

(В. Россельс)

 

Аударма бір бағыттағы тіларалық әрі мәдениетаралық коммуникацияның екі желілі процесі.

(А.Д. Швейцер)

 

Аударма бұл тілдердің дәнекерлестігі, билингвизм (қос тілділік) құбылысы.

(Ж. Мунен)

 

Аударма – сөз өнерінің ерекше, өзіндік үлгідегі әрі өз бетінше жасалатын түрі.

(В. И. Виноградов)

 

Аударма дегеніміз – түпнұсқаны оның түрі, мазмұны бірлігінде жаңа тілдік құралдармен жасап шығу әрі төлтуындыдағы көркем шындықты бейнелеп жеткізу.

(Ә.Тарақ).

 

Аударма әркез – құпия. Иә, аударма – жұмбақ, бұдан гөрі біреуге “еліктеп” жыр жазған жеңіл.

(Арви Сийг)

 

Біз бір-бірімізге іс жүзінде қандай екенімізді сол шамада көрсетуіміз керек... ең бастысы аудармада жандүниені жеткізу. Біз оқырманға жұмыс істейміз, бізге дәл осы жандүниені жеткізе білу қажет.

(Мұстай Кәрім)

 

Аударма – түпнұсқа портреті.

(Валериан Гаприандишвили)

 

Өнер – табиғат аудармасы.

(Валериан Гаприандишвили)

 

Аудару екі түрлі. Бір түрі – жеңіл сөйлемдерді аударғанда негізіне жақынырақ аудару. Екінші – көркемшілік жағын көздеу.

(К. Кемеңгерұлы)

 

Көркем аударма өнеріне, үлкен жан күші, ыстық жүрек керек.

(Т.Ахтанов)

 

Көркем аударма – бұл жан берер жекпе-жек, нәтижесінде кім оны аударатын болса немесе кімнен ол аударма жасайтын болса түпкілікті жеңіліске ұшырайды.

(Август Шлегель)

 

Көркем аударма – түпнұсқа өмірі.

(В. Леонович)

 

Көркем аударма – бұл сұлулыққа саяхат шегудің бір түрі.

(А. Кашкин)

 

Аудармада бәрінен көбірек ойға жүгіну керек те, бәрінен шамалы сөзге зер салу керек.

(В. Гоголь)

 

Түпнұсқадағымен салыстырғанда сөз санының кем соғуынан ой ойсырамайды, бояуының нәрі кетпейді.

(М. Әлімбаев)

 

Тіпті соншама дәл аударманың сөзі барлық қырынан түпнұсқамен үйлесе бермеуі, «шексіз дәл» болып шықпауы мүмкін. Аударма толығымен түпнұсқаны қайталауы да қажет емес, қайталау – өнерге кереғар.

(В. Левик)

 

Шығармада образды, көрсетілген жағдайды, өмірді ойға тоқи білу керек. Әйтпесе аударма тілі ойлардың тікелей шынайылығына жете алмайды, тіл де бола алмайды, тек қана аталған сөйлем, жағдай, образды түсіну негізін міндетті түрде қажет етпейтін сөздердің механикалық тізілімінің нәтижесі болады да шығады.

(О. Кундзич)

 

Әдебиетті өзара байытудың шынайы факторы тек қана көркемдік жаңалықтағы аударма ғана құбылыс бола алады. Бір күндік аудармалар – әдебиеттің қисық айнасы.

(М. Новиков)

 

Сөзбе-сөз аударма соншалықты әдемі емес, ол оқырманға мәтіннің архитектоникасын көрсетуге мүмкіндік береді.

(И.С. Лисевич)

 

Аударма тілі түпнұсқадағы тіл мәдениетін барынша дөп басуы қажет, автордың сөз мәдениетін, оның кейіпкерлерін аудармада айқын бейнелеу ғана оқырмандардың шығарма тілі туралы дұрыс түсінігін қалыптастырады және оны шығарманың идеялық-көркемдік құндылығы туралы талдауымен толықтырады.

(Қ. Мұсаев)

 

Негізінен алғанда, түпнұсқаға қарағанда басқа көркемдік құралдармен берілген күйде де, төлтуынды оқырманға қандай ықпал еткен болса, аударма да сондай ықпал етуі тиіс.

(В. Матязус)

 

Әрбір дәуірде дәл аударма дегеніміз қалай дегенде өзінің түсінігін туғызады.

(К. Чуковский)

 

Аударма дегеніміз – басқа тілдік материалдармен түпнұсқаны қайта бейнелеу өнері.

(В.С. Виноградов)

 

Аударма – ана тіліміздің алыс жылдар қойнында қалған қазыналарын қалың қабаттар астынан қайта қопарады, әдеби тілді жаңғыртады.

(М.Әлімбаев)

 

Аударма дегеніміз отандық әдебиеттің керемет шығармасы болып қабылдануы тиіс.

(Илэр Бэлекк)

 

Бір елдің мәдениет дәрежесін өз ұлтының жазушыларын шығарма мөлшері қандай көрсетсе, қай тілден қандай әдебиет аударғаны да көрсетеді. Өз тіліне басқа тілден шығарма аударылмаған ел «мен мәдениетті елмін» деп мақтана алмайды.

(С.Мұқанов)

 

Аударма әр кез қалай айтса да басқа әлемге, басқа халық әлеміне, кейде басқа дәуірге ашылған терезе.

(А.Федоров)

 

Аудару үстінде жазушы автордың творчествалық сырына қанады, оның көргенін көріп, білгенін біледі, сол арқылы өзінің ой-өрісін ұлғайтумен қатар, авторша машықтанып үйренеді. Бұл жағдай шын талант иесінің бойынан творчествалық қайнардың жаңа көздерін ашуға себепші болады.

(Ә.Сатыбалдиев)

 

Көркем аударма – бұл түпнұсқаны басқа тілде, түпнұсқаны қызықтыратын тілде қайта жасап шығу, бұл жаңа мазмұн мен түр бірлігінде жасалады.

(Л. Мкртчян)

 

Көркем аударма қай кезде ұлттық қызығушылық жалпы адамзаттық қызығушылыққа қайшы келмеген жерде құрметті.

(Ә. Кекілбаев)

 

...аударылатын мәтін «аударушының мәдениетіне көшірілуі» тиіс болғанына қарамастан, аударылған мәтінде шығыс тілді қолданушының мәдени колоритін сақтауы керек».

(Л.К.Латышев)

 

Аударма – лингвистика мен әдебиеттанудың тоғысында тұрған жанды өнер. Ол этнографиямен, тарихпен, адам мәдениетінің бар болмысымен өте тығыз байланыста болатын өнердің нақ өзі.

(Г.Бельгер)

 








Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 5501;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.072 сек.