IV ТӘЖІРИБЕЛІ АУДАРМАШЫЛАР ЖАЗБАЛАРЫНАН 2 страница

Гетенің «Эрлкенигі» мен Жуковскийдің «Лесной царь» арасындағы көзге көрінер-көрінбес, сәл-пәл айырмашылықты, ырғақ-өлшеміндегі әлде қалай ауытқулықты белгілі орыс ақыны Аполлон Григорьев дәл байқаған да әйгілі ақын Жуковскийдің өзімен бәсекеге түскен. Сөйтіп түпнұсқада кездесетін дольник өлшемін орысша аударғанда айнытпай, мейлінше дәл жеткізбек болып, жанын салып, «Орман патшасын» өзінше аударып шыққан.

Енді сол Григорьевтің аудармасындағы алғашқы екі шумақты келтірейін:

 

Кто мчится так поздно под вихрем ночным?

Это – отец с малюткой своим

Мальчика он рукой охватил,

Крепко прижал, тепло приютил!

– Что все личиком жмешься, малютка, ко мне?

– Видишь тятя, лесного царя в стороне?

Лесного, царя в венке с бородой ?

– Дитятко — это туман седой.

Аударманы көркемдік қасиетіне зақым келтірмей түпнұсқаға одан сайын жақындату, тіпті, мүмкін емес сияқты. Аполлон Григорьев өз аудармасында жолына жолын, сөзіне сөзін, үніне үнін, ырғағына ырғағын, әуеніне әуенін, өлшеміне өлшемін келтіріп, әрі-берідесін, тіпті тыныс белгісіне дейін дәл сақтапты. Тіпті бұл аударма емес, түпнұсқаның басқа бір тілге бұлжытпай түсірген дәлме-дәл көшірмесі, калькасы іспеттес. Қайран қаласың!

Сүйдей тұрсақ та, неміс поэзиясында кездесетін дольник өлшемінің екінші бір тілде туғанда орыс оқушыларының құлағына сәл-пәл қатқылдау тиетіні кәміл. Оны Григорьев тәржімасынан көріп отырмыз. Әсіресе әрбір шумақтың екінші, төртінші жолын оқығанда, бірер буыны мүлт кетіп тұрғандай іштей кібіртіктеп қаласыз. Сондықтан да болу керек, салған жерден орыс оқырманының сезімін баурап алып, эстетикалық ықпал-әсері жағынан алып қарағанда, әрине, Жуковский аудармасы түпнұсқаға көп жақын. Бір есептен мұның себебі түсінікті де. Мәселен, он бір буынды қара өлең ұйқасына ғасырлар бойы әбден құлағы қанып, еті үйреніп, эстетикалық талғамы қалыптасқан алаш баласына, айталық, көне грек гекзаметрі, иә болмаса, ешкі құйрығындай шолтаңдаған орыс частушкасының өлшем-ырғағы бір түрлі жат, тұрпайылау естіліп тұруы хақ.

Әрине, Гетенің «Орман патшасы» Аполлон Григорьевке қатты әсер еткені сөзсіз. Оны ақынның өзі де жасырмай, 1850 жылы «Отечественные записки» журналында басылған бір мақаласында былай деп жазған болатын. «Орман патшасын» оқығанда адам бір түрлі тебіреніп, таңғажайып сезімге түседі. Сіз бірде жас баланың ыңырсып жылағанын естисіз, бірде құлағыңызға сәбиді азғырған орман патшасының әзәзіл үні келеді, енді бірде әкенің баласын алдарқатып жұбатқан сөзіне кәдімгідей иланып қаласыз, ал, орман патшасы сонадайдан бұлдырап, ақшыл тұман болып елестейді. Кішкентай балладаның бар болмысы, терең сыры мен құдірет-күші де осында».

Гетенің балладасы жер-дүниенің талай ақын-аудармашыларының назарын аударып, талай тілде сөйлеп, талай ұрпақпен сыр сүзіскен шығарма. Бұл баллада қазақ тілінде де өзіне сырластар тапқан.

Осы ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында «Орман патшасын» қазақ тілінде тұңғыш сөйлеткен Мағжан Жұмабаев болыпты. Ақиық ақынның шабытын оятқан Жуковскийдің әйгілі аудармасы-тұғын. Оны білу үшін екі аударманы қатар қойып салыстырсаңыз, егіз қозыдай ұқсастықтары көзге ұрып тұрады. Бұл тұстағы Мағжанда өлеңнің мағына-мазмұнын беру жағынан не бұрмалау, не өз бетінше көсіліп еркін кеткені байқалмайды. Жуковский аудармасын негізге алған ақын Гетенің балладасын қазақ тілінде мейлінше жеріне жеткізіп, ұтымды сырлы сөзбен сезімтал сұлу суреттер жасап, жарық дүниеге жаңа бір туынды әкелгендей. Лексикалық жағынан Жуковскийдің аудармасынан құттай да ауытқу байқалмаса, ал поэтикалық түр жағынан қазақ ақыны орыс классик әріптесі қолданған амфибрахий өлшем-ырғағын қазақ қауымының құлағына икемдеп, баршамызға үйреншікті, етене таныс жеті-сегіз буынды өлең шығарған да берген. Демек, түпнұсқа мен Жуковский аудармасындағы әрбір жол Мағжан тәржімасында екі тармақ түрінде туындалады. Тыңдап көріңіз:

 

Қараңғы салқын түнде кім

Аяңдамай, желеді?

Жанында жас ұлы бар

Жолаушы жортып келеді.

Әкесіне дірілдеп

Тығылды бір уақ нәресте.

Құшақтап қысып баласын

Жылытады қарт әке.

1989 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан Мағжан Жұмабаевтың бір томдық шығармалар жинағында «Орман патшасы» (Гетеден) дәл осы күйде берілген. Меніңше, бұл онша дұрыс емес. Жеті-сегіз буынды өлең жүйесіне салған да аударманың жолдары (сыртқы көрінісі мен саны) түпнұсқадан біраз алшақтайтын сияқты. Және баллада көлемі екі есе ұлғайып шығады. Оның үстіне Мағжан аудармасында шумақтардағы бірінші мен үшінші жолдар ұйқаспайды, тек екінші мен төртінші жолдар шалыс ұйқасқа құрылған. Меніңше, өлең жолдарын графикалық тұрғыдан дұрыс орналастыру мен топтастыруда да аз мән жатқан жоқ. Мағжанның аударуында «Орман патшасына» лайық өлең кестесі мынадай келбетте көрініс тапқаны дұрыстау секілді:

«Неге қорқып тығылдың,

айтшы, көзім қарасы?»

«Көз алдымда жарқ етті,

жан ата, орман патшасы.

Сақалы оның қоп-қою,

қара тәж киген Қарахан!»

«Жоқ, жаным, су үстінде

тұман ғой ол ағарған!»

Әрине, мұндай жағдайда бір есептен пәлендей ештеңе өзгермейтін де сияқты. Бірақ, өлең жолдарын осылай саралап тізбектегенде балладаның графикалық келбеті түпнұсқаға біртабан жақындай түсер ме еді, әлде қайтер еді... Амфибрахий өлшемін жеті-сегіз буынды өлең түрінде туындатқанда өлең жолдары амалсыздан көрер көзге көбейе түседі де, демек, аудармашы өз жанынан жаңа, тың сөздер (я зат есім, я анықтауыш) қосуға мәжбүр болады. Бұл, бір жағынан, түпнұсқаның көркемдігі мен ерекшелігін аша түсуге, қанатын жайыңқырап, жан-жақты тәптіштеп түсіндіруге, сөз жоқ, септігін тигізері де анық; алайда, екінші жағынан, аударма еріксіз көпсөзділікке ұшырайтыны тағы айқын.

Ойымды бірер нақты мысалмен дәлелдейін.

 

Жуковксий:

«Дитя, оглянися, младенец, ко мне.

 

Мағжан:

«Мойныңды бұр, балақай,

Маған, қара, нәресте:

 

Жуковский:

«Веселого много в моей стороне»

 

Мағжан:

«Не тілесең менде бар

Сансыз қызық көп нәсте».

 

Жуковский:

«Цветы бирюзовы, жемчужины струи;

Из золота слиты чертоги мой».

 

Мағжан:

«Хош иіске толтырар

Феруза гүлдер маңайын.

Бұлақтарым – меруерт,

Саф алтыннан сарайым!»

 

Міне, түпнұсқа мен аударма өлең өлшемінің сәйкессіздігінен Мағжан әрбір шумақ сайын екі-үш сөзді өз тарапынан амалсыз қосып, кейде «қыстырып» кейде «тықпалап», толықтырып жіберуге мәжбүр болған. Құйтырқысы көп аударма өнерінде мұндай тәсіл кездесе беретіні белгілі, өйткені қай тілде де поэзияның ырғақ-өлшемі, құлақ күйі мен тынысы әрдайым бір-біріне сәйкес, сайма-сай келе бермейтіні ежелден ақиқат. Аудармашы ақын «ә» дегеннен түпнұсқаның табиғатына сәйкес балама түр іздейді, айта берсе, аударма дегеніңіздің өзі осыдан басталады. Және де өлең өлшемі ұлттық поэтиканың табиғаты мен эстетикалық түйсік-талғамына мейлінше оралымды, оңтайлы келіп, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп» тұратындай мейлінше жатық, «айналасы теп-тегіс жұмыр» болуы шарт. Дәл осы талап тұрғысынан келгенде Мағжанның орыстың амфибрахиіне қазақ оқырманына етене жақын сол әлгі жеті-сегіз буынды өлең өлшемімен балама іздеуін білмегендіктен, кеткен кемшілік деп қарауға әсте болмайды.

Мағжан аудармасынан кейін арасына алпыс жыл салып, Гетенің «Орман патшасын» көрнекті ақын Қалижан Бекхожин қазақшалаған. Мағжанның аудармасына Қалекең сөзсіз қанық болғанға ұксайды. Сондықтан да ол ең алдымен өзіндік жол таңдап, түпнұсқаға балама есебінде жаңа түр, тың өлшем-ырғақ іздеген. Сайып келгенде, «жаңа дегеніміз бір кезде ұмыт болған өзімізге белгілі ескі соқпақ» дегендей, ол қазақтың атам заманғы он бір буынды қара өлең формасына тоқтаған. Бірақ оның дәстүрлі түрін емес, егіз ұйқасқа негізделген аабб (4-4-3) түрін таңдап алған. Менің түсінігімде, бұл шешім сәтті болып шыққан сияқты.

Енді «Орман патшасының» алғашқы екі шумағын Қалижан аудармасында тындап көріңіз.

 

Құйғытқан кім түнек түнде сұп-суық?

Балалы шал келе жатыр тым суыт.

Қалтырады балақайы, жабысты, –

Тоңды ма деп құшағына шал қысты.

«Мұнша неге қалтырадың, нәрестем?»

«Орман-патша жарқ етті бір елеспен,

Сақалы мол, тәжі қара, жайнаған», –

«Ол тұман ғой, су бетінде ойнаған».

 

Қалижанның аудармасы да түпнұсқаның астарлы сырын, тынысын, жүрек лүпілін, эстетикалық сипатын үлкен шабытпен жеткізген төл туындыдай әсер етеді. Мұнда да балладаның әрбір кейіпкерінің – ашып айтсақ, әкенің, жас баланың, орман патшасының – сөзі табиғи қаз-қалпында беріліп, сол арқылы адамның мінез-құлқы, сол сәттегі үрей, қорқыныш сезімі, жан құбылысы шынайы көрініс тапқан.

Аталмыш қазақ ақындарының екеуі де түпнұсқадан емес, Жуковскийдің аудармасынан тәржімалағаны көрініп-ақ тұр. Дәлдік, көркемдік жағынан келгенде екі ақын да Жуковскиймен еркін таласып, онымен иық тіресіп, балладаның сиқырға толы түр мен сырын бұлжытпай сақтайды.

Мысалы, Жуковский: «О нет, то белеет туман над водой» десе, Мағжан іліп әкетіп: «Жоқ, жаным, су үстінде тұман ғой ол ағарған», - деп өңін аудармай тәржімалайды. Немесе Жуковский: «Дитя, оглянися, младенец, ко мне» деп жазса, мына жақтан Қалекең тұрып: «Ей, балақай! Қара маған, кел бері», - деп қолға ұстатқандай дәл аударады. Сол сияқты, Жуковский: «То ветер, пронувшись, колыхнул листы» десе, Мағжан: «Жел ғой ол жаңа оянып, жапырақты тербеткен» деп жібектей желбіретіп жібереді. Өзіміз көп айтқан сол дәлдікке дәлел есебінде де балладаның мына бір соңғы жолын келтірейін:

 

Жуковский:

«В руках его мертвый младенец лежал».

 

Мағжан:

«Бірақ оның қолында

Нәресте жолда өліпті»

 

Қалижан:

«Бірақ бала өліп қапты қолында»

 

Жалпы, мен бірдеңе білсем, ұлы Гетенің аруағы «Орман патшасын» әр кезде аударған екі қазақ ақынына риза болу керек шығар.

Сонымен балладаның оқиға желісі негізінен диалогқа құрылған дедік. Түпнұсқадан баланың жас шамасын анықтау қиын. Автор баланың әкесі және орман патшасы түпнұсқада балаға байланысты біршама атауларға жүгінеді. Бұл атауларға балама есебінде Жуковский мынадай сөздерді қалаған: сын молодой, малютка, дитя, младенец. Григорьевтің таңдап алған сөздері: малютка, мальчик, дитятко. Мағжан аудармасында сәби атаулары молырақ: жас ұл, нәресте, бала, көзім қарасы, жаным, балақай, нәрестем, бөбегім, балақайым.

Сол сияқты, түпнұсқадан әкенің де жас шамасын мөлшерлей алмайсыз. Ал, Жуковский оны бірде «ездок», бірде «родимый» деп атап келіп, бірінші шумақтың өзінде «старик» деп жіберген. Содан келе қазақ аудармашылары да баллададағы әкенің жасын біраз ұлғайтып, «көтеріңкіреп» жіберіп, «қарт әке», «жан ата», «жолаушы» (Мағжан), «балалы шал», «шал», «әкетай-ау», «әкежан-ау» (Қалижан) деген сөздерді қолданған. Меніңше «жан ата», «әкетай», «әкежан», «бөбегім», «балақайым», «жаным» сөздерін рет-ретіне қарай құбылтып қолдану арқылы қазақ аудармашылары ұпайын жібермей, диалогқа жан бітіріп, баланың, әкенің тебірене толқып тұрған сәттегі жан сезімін, тыныс-дірілін мүлтіксіз жеткізген сияқты.

Ал, енді осы аудармаларда жекелеген әттеген-ай кездеспей ме екен? Кім біледі, кездессе кездесетін де шығар. Қазақ сөзінің құдіреті мен қадір-қасиетін терең түсініп, жан-тәнімен сезетін талғамы биік оқушылар аударма бойынан бірен-сараңдаған босбелбеу өлең оралымдары мен сөз тіркестерін кездестіріп қалуы да әбден ықтимал. Олар тұрсын, тіпті, тілі, діні басқа менің өзіме де бірерлеген дүдәмал-күдік туғызған жерлер бар. Мәселен, әлгінде өзіміз мақтаған Мағжан аудармасындағы «сансыз қызық көп нәсте», «ол – ақ шашты ағаштар», - деген жолдар мен «жетті ғой-бітті ғой», «ойнар да ұшар – ұйықтатар» сынды ұйқастар маған әлсіздеу болып көрінеді. Сол сияқты, Қалижан аудармасында да «балалы шал» деген тіркес онша көкейге қонып тұрмаған сияқты. Айттым ғой, мен табан тіреп таласқа түсем деп тұрған жоқпын, тек өзімнің күдігімді ғана айттым. Бірде болмаса бірде немістің де қателесуі әбден мүмкін ғой...

Шекспир мен Гетені жетік білген әйгілі ғалым марқұм Александр Аникст: «Орман патшасы – Гете балладаларының ішіндегі шоқтығы биік ең озығы және атақтысы», -деген еді. Сондықтан да, өзіміз сөз етіп отырған осынау әңгіменің байыбына тереңірек барып, ой толғар болсақ, сонау ежелгі дат жерінен осыдан бірнеше ғасыр бұрын сапар шеккен, сан қилы, шытырман тағдырды басынан кешкен, сонша ұзақ жолды артқа тастап, ақырында, енді міне, қазақ топырағына келіп, екі бірдей көрнекті қазақ ақынының шабытты қаламына ілігіп, қайта туындап, ұлттық төл шығармадай табиғи эстетикалық сипатқа ие болуын біз, сөз жоқ, елеулі мәдени оқиға деп қарағанымыз жөн. Және әңгімеге тиек болып отырған осы бір ғана мысал ай мен күн астында тірлік кешкен халықтардың тілінде әр кезде қызық та көркем шешімін тауып, төл перзентіндей бауырласып, біте қайнасып кеткен, сондықтан да ұлт пен ұлттар арасында үзілмей, өрбіп келе жатқан мәдени байланыс пен рухани үндестіктің жан диалектикасының бүкіл адам баласына тән ортақ құбылыс болып отырғанына әбден айғақ оқиға.

 

Автордың қатысуымен аударған Балғынбек ИМАШЕВ

 

4.1.2 М.Әуезов және көркем аударма теориясы[7]

М.Әуезовтің әдеби мұрасында көркем аударма үлкен орын алады. Оның баспасөз бетінде тұңғыш жарияланған көркем шығармалары да – аударма. 1918 жылы ол орыстың ұлы жазушысы Л.Н. Толстойдың «Будда» дейтін әңгімесін аударып, баспасөз бетінде жариялады. Содан бері өзінің күллі әдеби шығармашылық өмірінде М.Әуезов көркем аударманы қатар алып жүрді. Одан жазу шеберлігін үйренді, қазақтың тілі мен әдебиеті үшін жаңа дәстүр, жаңа үлгілер әкелудің жолдарын тапты.

М.Әуезов көркем аударманы тіл әдебиеттің негізгі бір саласы деп білген. Оны өз халқын дүниежүзілік озық мәдениетпен жалғастыратын кең арналы сарқылмас қазына деп таныған.

Қазақ тілі мен әдебиетінің даму жолдарын зерттеген адам, енді қай уақытта болса да Әуезовтің аудармашылық қайраткерлігіне соқпай өте алмайды. Көркем аудармада ол қалдырған мұра орасан зор. Және оның әрбір аудармасы ұлттық әдебиет пен өнердің дамуы жолындағы елеулі кезең. Олардың бәрін былай қойғанда, М.Әуезовтің қаламынан туған жәй мақала-очерктер мен ғылыми еңбектердің бәрінде де автордың өне бойы белгілі бір орыс сөзін немесе ғылыми терминдерді қазақша қалай деп алып, қалайша қалыптастыруға болар екен дегендей, әр алуан нұсқада қолданып көріп, тәжірибе жасап отырғаны байқалады. Оның бұл тәжірибелері, зерттеудің өзі де тіл мәдениетінің дамуындағы көп жайларды аңғартқан болар еді.

М.Әуезов – шебер аудармашы. Оның аударатын шығармаларды іріктеп алуында да сыр бар. Сонымен қатар ол әдебиетіміз бен тіліміздің даму кезеңдеріне қарай аударудың түрлі қағидаларын да өз тәжірибесінде әдейі қолданып отырған. Әдебиет және тіл зерттеу ғылымдары үшін сол қағидаларды анықтап талдаудың да, сөйтіп, көркем аудармадағы Әуезов шеберлігінің мән-жайын ашудың да ерекше маңызы бар.

Көркем аударманың теориялық мәселелерін талдауда М.Әуезовтің сіңірген еңбегі ерекше. Оның бұл саладан айтқан күрделі ойлары бүкіл Одақ көлемінде әдеби және ғылыми жұртшылықтың пікірін оятып қана қоймай, кейбір шетел қайраткерлерінің де назарын мықтап аударғандығы белгілі. Кеңес жазушыларының Бүкіл одақтық екінші съезінде оның П.Анто-кольский және М.Рыльскиймен бірігіп жасаған баяндамасы социалистік реализм әдебиетінің үлкен саласы болып табылатын көркем аударма жөніндегі аса маңызды тарихи құжат болып қалды.

Демек, М.Әуезов сынды үлкен қайраткердің бұл жайындағы әр мезгілде айтқан пікірлерін қорытып, оның алға қойған қағидаларын анықтаудың маңызы біз үшін де, болашақ ұрпақ үшін де өте зор.

Әуезовтің көркем аударма туралы ойларын жалпы қазақ әдебиетінің даму тарихымен байланыстыра қарау керек. Біздің әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына әрқашан орыс мәдениетінің ықпалы тиіп отырғандығы анық. Ал сол ықпал, көбінесе аударма арқылы жасалған. Осыны көре білген ғалым Әуезов қазақ әдебиеті мен әдеби тілінің дамуы жолындағы белгілі бір кезеңдерде көркем аударма туралы ой қозғамай қалған емес.

Қазақ әдебиетінде көркем аударма тәжірибесі өте арыдан басталады. Бізде тек орыс тілінен аударудың өзінің жүз жылға жуық тарихы бар. Сондықтан аудару қағидалары жайындағы кейбір пікірлерді біз өткен ғасырдың аяқ шеніндегі Қазақстанда шыққан ресми баспасөзден де кездестіреміз.

Бірақ аударманың әр алуан мәселелерін ғылыми тұрғыдан ойластыру, оның әдіс-тәсілдерін анықтап, шеберлігіне үңілу әрекеті тек отызыншы жылдардың екінші жартысынан бергі жердегі еңбектерден ғана ұшырайды.

1937 жылы бүкіл кеңес халқы орыстың ақыны А.С.Пушкиннің қайтыс болуының жүз жылдығын кең түрде атап өтті. Оған бізде де алдын ала үлкен әзірлік жасалып, ақынның мол мұрасын жаппай аудару ұйымдастырылды. Бұған сол кездегі қазақ әдебиетінің бар күші жұмылдырылды. Басы Ілияс Жансүгіров болып көрнекті қазақ ақындары Пушкинді аударумен шұғылданды.

Нақ осы уақытта, яғни кемеңгер ақынның мерекесін өткізу әзірлігінің енді қыза бастаған кезінде М.Әуезовтің «Пушкинді қазақшаға аудару тәжірибелері туралы» деген мақаласы жарияланды. Бұл өзі автордың қазақ әдебиеті үшін, атап айтқанда, қазақтың көркем аударма мәдениеті үшін үлкен бір белес болғалы тұрған тарихи кезеңнің мәнін ұға отырып, соған атсалысушыларға көмек болсын деген оймен әдейі жазған мақаласы еді.

Автор мұнда Пушкин шығармаларын казақшаға аударудың тарихын шолып, бұрынғы аудармаларға қысқаша баға беріп кетеді. Ол ең алдымен Абайды алады. Қазақта Пушкинді алғаш рет аударғысы келген ақын Абай екенін, оның қолға алғаны «Татьяна-Онегин» болғанын, бірақ Пушкиннің өз ізін қумай, тек қыз бен жігіт арасын баян етуді ғана көздегендіктен, аудармашының мазмұн жағынан да, түр жағынан да Пушкиннен алыстап кеткенін айтады. Автор Пушкиннің «Евгений Онегинін» Абай аудармасы тұрғысынан сөз еткенде, әдейі «Татьяна-Онегин» деп отырады. Өйткені Абайда бұл поэма қыз бен жігіттің хаттары ретінде ғана баяндалған. Осылай берілген төрт хаттың тек біріншісі, яғни Татьянаның алғашқы хаты ғана Пушкиннің ізімен шығады. Содан басқа үш кезеңнің үшеуін де Абай Пушкиннен аудармайды, соның сарынымен өзінше жазып шығады. Сондықтан Абайдың жігіті Пушкиндегідей опасыз, тұрақсыз жігіт емес, үлгілі жігіт, қызы биязы. Ол сүйсең осылардай сүй деп отыратын сияқты. Сөйтіп, Абай бұл аудармада Пушкин шығармасының қонысын да, кұбылысын да өзгертіп жіберген, − дейді автор. Сонан соң тілдегі теңеулерінде де:

«Қаймақ еді көңілімде,

Бізге қаспақ болды жем», –

 

деген сияқты «Татьянадай француз романын бойтұмар қып жүрген помещик қызына қаспақ қырғызып, қаспақ жегізіп қояды», – деп Абайдың аудармада тым еркін сілтеп кететін жерлеріне разы емес екенін білдіреді.

Қысқасы М.Әуезов аудармада Татьяна мен Онегин хаттарындағы Абай қолданған тәсілді біздің заманымыздағы аудармашылар үшін үлгі етіп ұсына алмайды. Сөйтіп, «Евгений Онегиндей» ұлы шығарманың жаңа аудармасын жасауға шақырады.

Бұл мақаладан біз М.Әуезовтің прозалық шығармаларды өлеңмен аудару әдісіне қалай қарағанын да байқаймыз. Ол Пушкин прозасынан «Дубровский» мен «Боранды» («Метель») өлеңмен аударған Шәкәрімнің тәжірибесіне тоқтайды. Мұнда Пушкин әңгімелерінің құр желісі ғана болмаса, көркемдігінен, тіл кестесі, үлгі-өрнегінен ешнәрсе сақталмағанын айта келіп, автор «қарасөзді әңгіме басқа тілге өлең боп құбылып түскен соң, онда, әрине, Пушкиннің тамтығы да қалмайды. Сондықтан бұл сияқты «аударманы» да лайықты әдіс, орынды үлгі деп айтуға келмейді» деп түйеді.








Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 3351;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.053 сек.