Салалық терминологияны қалыптастыруда ескерілетін қазіргі қазақ терминологиясының өзекті мәселелері
Қысқарған сөздер немесе терминдер–қазақ тілінің табиғатына тән емес ерекшеліктердің бірі. Бір дауысты, бір дауыссыз болып қысқартылып, айтуға, жазуға оңтайлы болған жағдайда ғана қысқарған терминдерді қалыптастыруға болады. Басқа жағдайда қазақ тілінде сөз, термин қысқартудың қажеттілігі жоқ.
Аудармашылар мен мамандар үшін білуге маңызды мәселелердің бірі: термин сөздердің, кәсіби сөздердің және жаңа атаулардың табиғатын ажырата білу. Негізгі жасалу жолдары, қалыптасу сатылары бірдей болып келеді. Бірақ терминнің басты айырмашылығы – ғылыми мәтіндерде термин ретінде қолданылатындығында. Сондықтан құжаттарда аудармасы қажет етілетін жаңа сөздер мен ұғымдардың барлығы бірдей термин сөздер емес.
Терминологиядағы негізгі қиындықтар.Терминдерді аударудағы негізгі қиындықтар реті сала мәтіндерін аударумен байланысты туындап отыр. Мәтін аудару барысында мәтін ішінде қолданылатын жекелеген сөздер де аударуды қажет етеді. Осыған байланысты кейбір сөздердің аударылуындағы қиындықтар, кейбір сөздерді қазақ тіліндегі сөйлемдерге сай қолданудағы қиындықтар, әр түрлі мәтіндерде терминді әр түрлі аударудағы өзекті мәселелер күнделікті тәжірибеде жиі қолданылып жатады.
Аудару.Қазір терминдерді қалыптастыруда аудару немесе аудармау деген өзекті мәселе, екі бағытқа негізделген пікірлер қалыптасып отыр. Негізі тілдегі терминдерді біржақты аудару немесе біржақты аудармау деген көзқарастардың болуы дұрыс емес. Әрине, аударуға, қазақ тілінде қалыптастыруға ұмтылыс жасалуы керек. Бірақ кез келген терминді бірден аударуға мүмкіндік туындай бермейді. Өйткені тіл бүгін жасап, ертең алып тастай салатын ойыншық құбылыс емес немесе термин жасау, оны енгізу ісі өнертапқыштық қабілетпен шектелмейді. Екіншіден, термин – сөз. Сөз – тілдің маңызды бірлігі. Олар атайды, тілде негізінен, терминдер де атауыштық қызмет атқарады. Ал ұғымды бір сөзбен атау, ойлап табылған сөздің барлығымен, аударылған әйтеуір бір нұсқасының табылуымен шешіле салмайды. Ұғымның атауы дұрыс берілсе немесе атау ұғымды ашып тұра алса ғана сөздің қолданыста қалыптасу мүмкіндіктері туындайды. Ол мүмкіндіктердің жүзеге асып, тілді қолданушы халықтың тілінде қалыптасып, қолданылып кетуі бір күндік жұмыс емес. Жасалған сөз-термин қолданыста сұрыпталып, мақұлданудан өтуі, халық тілінде сіңіп, үйреншікті құбылысқа айналып кетуі тиісті.
Десек те, ұлт тілінде жасалып жатқан терминдердің қалыптасып кетуіне, жалпы көптеген терминдердің қазақ тіліндегі нұсқасының жасалуына, қалыптасып кетуіне кері әсерін тигізіп отырған бірнеше тілдік және тілден тыс факторлардың бар екендігін де жоққа шығаруға болмайды.
Солардың бірі – басқа тілдік сана немесе аралас тілдік сана. Аралас тілдік сана үшін жаңа сөздің жасалуы – «құбыжық». Өйткені оның тілі мен санасының үйреншікті қолданатын сөздері – өзге тілдің сөзі, өзге тілдік сана болып табылады. Бұл – өте маңызды фактор. Әйтпесе, қаншалықты сәтсіз жасалған немесе ұғымды ашпай тұр деген сөздің өзін қалыптастырып, қолданып кетуге болады. Өйткені сөзге де, терминге тән қасиеттердің бірі – шарттылық. Шарттылық – жалпы сөз атаулыға, тіл атаулыға тән құбылыс.
Келесі фактор – ұлт тілінде термин жасалғанымен, сол термин жасалған тілді қолдануға, қолданысын талап етуге деген талаптың болмай отыруы. Яғни, бұл факторды қазақ тілінің мемлекетттік тіл ретінде шынайы қызметін атқара алмай отырғандығымен де түсіндірген жөн.
Үшінші фактор – сөздіктердің сапасы. Ол арнайы тоқталып өтуді қажет етеді. Нақтырақ айтқанда, сөздіктерді қолдануға деген сенімнің жоғалуы және қоғамда сөздікті жасаудағы дұрыс тетіктердің болмауы құрамында қамтылатын терминдердің қолданылмауына, қажеттілікке ие болмауына алып келуде.
Халықаралық термин сөздердің қабылдануындағы өзекті мәселелер. Халықаралық терминдердің қабылдануы қазіргі терминологиядағы өзекті мәселелер. Сең қозғалды, бірқатар терминдер ұлт тіліне аудару арқылы қалыптасты деп жүргенімізбен, кірме сөздер және терминдер күннен күнге ұлт терминологиясының, тілінің қорын толтыра түсуде. Өйткені ұйымдардың келуі, жүйелер мен жобалардың енгізілуі кірме сөздердің енуіне ықпал етпей отырған жоқ. Бұл жағынан тіл өз мүмкіндіктерін толық қосып, жаңа сөздер жасап, оларды аударып үлгермеу үстінде. Ұлт тілінде терминдердің жасалуына бұл ықпал етіп отырған маңызды факторлардың бірі болып саналады. Қоғам салаларының халықаралық стандарттар мен талаптарға ұмтылуы тілге, тілде термин жасауға кері ықпал етуде. Сонымен бірге қазіргі терминологиядағы өзекті мәселелерге термин жөніндегі дұрыс түсініктің болмауы, терминологиялық сөздіктер және олардың қолданылуындағы кемшіліктер, термин жасау тәсілдері мен әдістерінен сала мамандарының хабарының болмауысияқты өзекті мәселелерді жатқызуға болады.
Сөздіктер. Ғылыми қауым үшін қазіргі шығып жатқан және осы уақытқа дейін шығып келген қазақ тілімен байланысты терминологиялық сөздіктердің төңірегіндегі өзекті мәселелердің жинақталып, ресми және ресми емес сипаттағы сын-пікірлерге ұшырауы, олардың ғылыми қауым мен көпшіліктің терминдер туралы ақпараттарға деген қазіргі кезеңдегі мәселелері мен талаптарын қанағаттандыра алмай отыруы айтылмай, жазылмай жүрген мәселе емес. Өзекті болып есептеліп жүрген осындай сұрақтардың қатарына терминологиялық сөздіктердің қолданыс таппай жүргендігі, терминологиялық сөздіктердің қолданыс таппау себептерінің айқындалып, түсіндірілмеуі, терминологиялық сөздік құрылымындағы жүйесіздік, терминдердің сөздік құрылымдарында дұрыс берілмеуі, терминдердің дұрыс аударылмай берілуі, қолданыста қалыптаса қоймаған экспериментті сипаттағы терминдердің аударма нұсқаларының берілуі, кірме терминдердің сөздіктерде берілуіндегі қиындықтар, екі бағанында да кірме термин берілген жағдайда термин мағынасы – дефинициясының ашылмай, түсініксіз болып қалуы, кірме терминнің қай тілден еніп, сол тілден тікелей аударғанда қандай мағына білдіретіндігінің көрсетілмей жатуы сияқты т.б. толып жатқан өзекті мәселелерді жатқызуға болады.
Бұл мәселелер жиынтығы, ең алдымен, қазақ тіл білімінің тарихында терминдерді жүйелеу ісін, сонымен байланысты терминологиялық сөздіктерді шығару ісін соңғы кезеңде ғана жаппай қолға алуымызбен байланысты түсіндіріліп, бірден қолға алынған мұндай істердегі кемшіліктердің болатындығы заңдылық екендігі ескерілгені де жөн.
Дегенмен, аталған мәселелер төңірегінде қазақ ғылымы ғылыми негізделген зерттеу, талдау жұмыстарын қажет ететіндігі де түсіндіріп жатуды қажет етпейді. Өзге тіл білімдеріндегі терминологиялық сөздіктерді шығару, терминдерді реттеу, бірізге түсіру, үйлестіру жұмыстарының теориясы мен тарихына зер салсақ, бұл мәселелер терминография саласының ауқымында қарастырылып, терминологиялық сөздіктердің құрылымы мен жүйесіне қатысты теориялық, тәжірибелік мәселелер түрлі дәрежеде өз шешімін тауып жатады. Терминография – терминологиялық сөздіктер шығару ісіне қатысты теориялық, әдістемелік, тәжірибелік мәселелермен айналысатын, өзге тіл білімдерінде жеке сала ретінде қалыптасып келе жатқан ғылыми салалардың бірі. Ал қазақ ғылымының тарихында терминологиялық сөздіктер шығару ісі лексикографиялық сөздіктерге қойылатын талаптар деңгейінде шығарылып, терминдерді сөздіктің түрлерінде беру барысында термин табиғатының өзіндік ерекшеліктері ескерілмей, қазақ терминографиясы теориясының тарихында анықталмай, тиісті дәрежеде зерттелмей келгендігі де дау туғыза қоймайтын шындық.
Ақылдың аңдауына жүгінсек, қазақ терминографиясының тарихы жоқ емес, бар. Қазақ ғылымында терминография тек лексикография қағидаттарын негізге алған тәжірибелік терминография сипатында ғана дамыды. Терминдердің сөздігін шығару арнайы мәселе ретінде теориялық терминография тұрғысынан қарастырылмай келді. Оның әсері кейінгі жылдары көптеп шығарылған терминологиялық сөздіктер сапасына өз әсерін тигізбей қойған жоқ.
Терминография– терминологиялық сөздіктер табиғатын, оның құрылымдық, жүйелік мәселелерін қарастыратын, жаңа терминологиялық сөздіктердің құрылымы, сөздік түрлері, терминдерді реттеудің, бірізге түсірудің, терминдер туралы ақпараттарды әртүрлі әлеуметтік ортаға жеткізудің әдіс-тәсілдерін зерттейтін терминология мен лексикографияның арасынан пайда болған, бірте-бірте лексикографиядан өзекті мәселелері мен зерттеу нысанының молаюы арқылы іргесін ажыратып қалыптасып келе жатқан терминологиялық сөздіктер туралы сала.
Қазіргі қазақ терминографиясының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – жарық көріп жатқан, идеялық негіздерден туындап жатқан терминологиялық сөздік түрлерін ғылыми тұрғыдан топтастырып, оларға қойылатын өлшемдер мен критерийлерді айқындап беру. Бұл ғылым ішінен ғылым жасау мақсатында емес, терминологиялық сөздік түрлерін жасауға қойылатын әдістемелік талаптар мен құрылымдық мәселелерді, терминдерді сөздіктерде тиімді берудің тәсілдерін анықтау үшін қажет.
Терминологиялық сөздіктерді жасауда басшылыққа алынатын маңызды мәселелерге мыналар жатады:
- терминологиялық сөздіктердің мақсаты мен қызметінің оның құрылымымен үйлесімділігі;
- терминологиялық сөздіктерде қолданылған тәсілдердің тиімділігі;
- терминологиялық сөздіктердің жүйені біртұтас бейнесін бере алу, ғылым саласының ұғымдары туралы толық түсінікті бере алу мүмкіндігінің қамтылуы және т.б.
Терминтануда терминологиялық сөздіктердің лексикографиялық сөздік түрлерінен ажыратылатын айырмашылықтары мен өзіндік ерекшеліктерінің пайда болуына байланысты лексикография-терминография антитезасы байқалады. Бұл антитеза терминологиялық сөздіктердің сапалық мәселесін қолданбалы тіл білімінің, терминологияның, терминжасамның, когнитивтік терминографияның аясында қарастырып, терминдерді жүйелеу ісіндегі тиімді тәсілдерді айқындай түсуді қамтамасыз етеді.
Терминографияның метатілдік жүйесіндегі маңызды терминологиялық ұғымдардың бірі – терминограф. Терминограф – терминологиялық сөздікті шығару ісін басынан аяғына дейін жүзеге асыратын маман. Теориялық терминографиясы тұрғысынан терминографқа немесе терминграфтар тобына қойылатын талаптар арнайы мәселе ретінде қарастырылады. Қазіргі терминографтың терминологиялық бағытта мақсатты түрде дайындығы болып, терминологиялық жүйе, филологиялық қабілеттен басқа, салалық терминдердің терминологиялық сөздігін шығару үшін қазақ терминографиясын теориялық қазақ терминографиясы және тәжірибелік қазақ терминографиясы деп екі топқа бөліп қарастыруға болады.
Қарастыратын маңызды мәселелердің бірі – «сөздік» ұғымы, оның мәртебесі туралы. Сөздік – сөз заңын беретін еңбек. Оны екі-үш автордың бірігіп шығара салуы, әр қаладан бір салаға қатысты терминологиялық сөздіктердің түрлі нұсқаларының шығарылуы сөздік ұғымын, оны қолдануға деген сенімді төмендетеді, сөздіктің сөздік ретіндегі қызметін атқаруына мүмкіндік бермейді.
Терминографияның лексикографиядан немесе лексикографияның терминографиядан айырмашылығы сөздік түрлерінен, сөздіктерге терминдік (тілдік) бірліктерді сұрыптап алудан, терминдерді беру тәсілдерінен, сөздіктердің макро және микроқұрылымдық элементтерінен, сөздікте қолданылатын шартты және стильдік белгілерінен, сөздіктерді зерттеу тарихынан, қамтитын лексикалық бірліктерінің айырмашылықтарынан, терминдік (тілдік) бірліктерді берудегі анықтама түрлерінен, сөздіктерді басып шығаруға қойылатын талаптар тұрғысынан көрініс табады.
Терминологиялық сөздіктің макроқұрылымына жататын элементтерге сөздіктің алғы сөзі немесе кіріспесі, кіріспедегі сөздікті жасау, сөздіктің жасалып келу тарихы, сөздіктің қолдану әдістемесі, сөздік мақалаларды орналастыру тәсілдері, атаулық көрсеткіштер, анықтама түрлері, сөзтізбелер түріндегі терминдердің индексі, тіркесті терминдер мен салааралық омонимдес терминдерді беру, бір түбірден тараған терминдерді беру сияқты бірқатар өзекті мәселелер жиынтығынан тұратын элементтер жатады.
Макроқұрылым жүйесінде сөздіктің көлемі мен пішінінің, басылатын қағаз түрінің, пайдаланылатын қаріп түрлері мен көлемінің жоспарланып, жасалу барысында түзету арқылы реттелуі де маңызды.
Микроқұрылым – сөздік мақалалардың қажет деңгейде толтырылуын айқындап беретін элементтер жиынтығы. Сөздік мақалалар – сөздіктің негізгі бөлігін құрайтын кішігірім мәтіндердің жиынтығы, бір терминнің (сөздің) сөздігі десек, осы сөздік мақаланың біртұтас жиынтығы микроқұрылым элементтерінің қолданылуы арқылы толтырылып, жасалады.
Сондай-ақ электрондық құралдар арқылы қолданылатын сөздіктерді электрондық сөздіктер деп атау және барлық салалар бойынша терминологиялық сөздіктерді және терминологиялық сөздіктердің түрлерінің барлығын бір электрондық нұсқаға жинақтап, олардың жиынтығын жасау негізінде әлемдік тәжірибе бойынша терминдердің жиынтық мәліметтерін қалыптастыруға болады. Терминдердің жиынтық мәліметі арнайы сөздіктердің, яғни терминографиялық еңбектердің бір түрі ретінде қаралады.
Терминологиялық сөздіктерді тіліне, мақсаты мен міндеттеріне, көлеміне, қамтитын терминдерінің қорына, пайдаланушыларының жоспарлануына, яғни адресатына, компьютерлік техника тіліне икемделген-икемделмегендігіне байланысты біртілді, екітілді, көптілді, аударма, түсіндірме, қысқаша, сериялық, толық, жүйелік, тақырыптық, тақырыптық-ұялық, оқулық, тезаурус, кең салалық, тар салалық ғылыми терминологиялық сөздіктер және т.б. көптеген түрлерге бөліп, жіктеп көрсетуге болады. Терминографияда терминологиялық сөздік түрлерінің барлығының айқындалуы және олардың әр түріне қатысты мемлекет деңгейінде терминологиялық сөздіктердің бірдей таразыда шығарылып отырғаны қоғамдық сұранысты барынша терминологиялық ақпараттармен қамтамасыз етіп отыру тұрғысынан маңызды болып табылады.
Жинақтай келгенде, талданған кемшіліктер мен теориялық мәселелердің ескеріліп, терминологиялық сөздіктер сапасының жақсаруы – қазіргі қазақ терминографиясының дамуы үшін маңызды міндет деп білу керек.
Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 5399;