Азіргі қазақ ресми ісқағаздары туралы

 

Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алған кезеңнен бастап [49] қазақ әдеби тілінің әсіресе лексикалық жүйесіндегі өзгерістер мен процестер, тұтастай алғанда, қазақ тілінің актуалды, синхронды жай-күйі ғылыми және мәдени жұртшылықтың айрықша назарын аударды. Қазақ әдеби тілі функционалдық стильдерінің зерттелуге тиіс проблемалары [50; 51], терминжасамның ғылыми теориясын қалыптастыру [52], [53], [54] жекелеген стильдердің ерекшеліктері [55], [56] лингвостилистиканың жалпы проблемалары [57] туралы еңбектер жарық көрді. Қазақ тілінің қоғамдық қызметінің артуы функционалдық стильдердің сапалық үлес-салмағын да өзгертті; атап айтқанда, ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін жеке стильдік тармақ ретінде формалды түрде аталып келген қазақ ресми-іскери стилінің функционалдық стильдер қатарындағы орны мен рөлі жоғарылады.

Ресми-іскери стильдің қарапайым үлгілерінен (өтініш, арыз, мінездеме және т.б.) бастап күрделі түрлеріне (жарғы, жарлық, ереже, келісім және т.б.) дейін қазақ тілінде көрініс тапты және олар түгелдей дерлік аударма процесі арқылы жүзеге асырылады. «Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығының дерегіне сүйенсек, әр жыл сайын бір мыңға жуық нормативтік-құқықтық актілер қабылданады екен. Қазірдің өзінде мыңға жуық заң, жиырма мыңға жуық нормативтік заң актілері бар. Осының бәрі орыс тілінде жазылып, содан соң барып мемлекеттік тілге аударылады…» (Ана тілі, 2003 жылғы 4 желтоқсан). Бұл мәселенің қазіргі жай-күйі және болашағы Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» нақтыланған: «Құжат мәтіндерін мемлекеттік тілде даярлаудың орнына оларды ресми қолданылатын тілден аударудың кең тараған тәжірибесінің мемлекеттік органдар жұмысында одан әрі беки түскен процесі белең алып барады. Соған қарамай, ол тек уақытша шара ретінде қарастырылуға тиіс. Сондықтан мемлекеттік тілде жасауға кезең-кезеңімен көшуді жүзеге асыру керек» [58, 89 б.]. Бұл ретте назар аударатын жайт: аударма – тілдің дамуына игілікті әсер етіп отыратын құбылыс. Тәржімаланған ресми құжаттардың барлық түрлері экстралингвистикалық факторлардың ықпалымен тілде жүріп жатқан қарқынды процестердің барлығын да қамтыды: жалпы қолданыстағы лексиканың термин ретінде актуалдануы, әдеби тілден шеткері орналасқан лексикалық единицалардың терминдік мағынаны иеленуі, синонимдік қатарлардың контекстуалдық, стильдік қызметінің артуы, сөзжасам жүйесіндегі сапалық-сандық өзгерістер тәрізді лексикалық парадигмалардың жаңалықтары ресми-іскери тілде белсенді түрде байқалады. Демек, бастапқы мәтін мен тәржіма мәтіндегі лексикалық единицалардың өзара қарым-қатысын анықтау арқылы негізінен орыс тілінен қазақ тіліне аударылған ресми құжаттардың әдеби тіл лексикасының динамикасындағы үлес-салмағын көрсету зерттеу жұмысының өзектілігінің қатарынан танылады.

Қазақ әдеби тілінің лексикалық-грамматикалық құрылымындағы қарқынды қозғалыстар функционалдық стильдердің дәстүрлі орналасуына, олардың ішкі тармақтарына, стильдік айырым белгілеріне де ықпал етті. Қазақ тілтанымында, әсіресе көркем әдебиет стилі мен публицистика стилі (оның ішінде мерзімді басылымдар тілі), ауызекі сөйлеу тілі стилі диахронды-синхронды тұрғыдан терең зерттеледі (Е.Жанпейісов, Р.Сыздықова, Ш.Сарыбаев, Б.Әбілқасымов, Р.Әміров, Б.Шалабай, А.Алдашева, Б.Момынова). Ғылыми стиль қарастырылған зерттеулер де бар (Ж.Әмірова). Ал ресми-іскери стильдің диахронды аспектілері әдеби тіл тарихына қатысты еңбектерде талданды. Белгілі бір кезеңдегі ресми ісқағаздарының тілдік ерекшеліктері анықталған еңбек бар (Н.Ерғазиева). Алайда отызыншы жылдардан бері қарайғы кезеңдегі ресми-іскери стиль зерттеулер назарынан тыс қалып қойды. Бұған соңғы онжылдықтарға дейін ресми-іскери стильдің қазақ тілінде бәсең көрінуі себеп болды. Ал соңғы кезеңдерде ресми-іскери стиль мазмұндық-жанрлық, подстильдік-түрлік жағынан анағұрлым кеңейді. Қазақ тілі функционалдық стильдеріне қатысты еңбектерде ресми-іскери стильдің өзіндік атауы да тұрақтала қоймады; ол «ресми стиль», «ресми ісқағаздары стилі», «ісқағаздары стилі» деген бірнеше атаулармен ғылыми әдебиеттерде орнықты. Олардың түрлері ретінде қарапайым құжаттар (өтініш, өмірбаян, анықтама, хаттама) талданды. Ресми-іскери стильдің қоғамдық қызметі мен қабылдаушы адресаты артқан қазіргі кезеңде 100-ден астам ішкі жанрлық-түрлік тармақтары бар екендігі анықталып отыр. Олардың әрқайсысы – нысан түріндегі ресми құжаттар (бланкілер), ақпараттық-анықтамалық құжаттар (ұсыныс, баяндама, есеп, акт), нормативтік-жарлықшы құжаттар (қаулы, өкім, бұйрық, жарғы, ереже, үндеу) – дербес зерттеулер жүргізуді қажет етеді.

Орыс тіл білімінің өзінде де ресми тіл (официальный-деловой стиль) деп аталатын тармақтың кейбір проблемалары әлі де анықталмаған. Ал, қазақ тіл білімінде бұл мәселені енді қолға алынып жатқан өзекті проблемалардың қатарына қосуға болады. Бұл мәселенің өзекті болып отырғандығының басты себебі, экстралингвистикалық факторлардың стильдік жүйеге ықпалы болып, олардың үлес-салмағын өзгертуіне байланысты. Басқа функционалдық стильдердің жанрлық құрылымында, тілдік-стильдік белгілерінде бірқатар өзгерістердің бар екенін айта отырып, қоғамдық өзгерістердің әсіресе ресми-іскери стильге әсері болғандығын атап өтеміз.

Сыртқы әсерлердің ықпалынан қазақ ресми-іскери стилінің қолданылатын аясы да өзгерді, мазмұны мен көлемі ұлғайды, тілдік-стильдік сипаты күрделенді. Ең басты ерекшелік – нормативтік-жарлықшы құжаттардың орыс тілінен қазақ тіліне аударылатындығы. Нормативтік-жарлықшы құжаттар «аударылмауы керек», «орыс тілінен аударылғанда сүреңсіз мәтін қалыптасады», «аударма мәтін қазақ тілінің әдеби нормасына зиянын тигізеді», «ресми құжаттар қазақ тілінде жасалуы тиіс» деген әртүрлі көзқарастар да бар. Бұл арадағы айтпағымыз – нормативтік құжаттарды қазақ тілінде жасау – келешектің ісі. Мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайында аударма мәтінді жасау нормасы стандартты сипатта. Орыс тілінде және қазақ тілінде жасалатын нормативтік құжаттардың басты ортақ белгісі – заң күшінің бірдей болуы. Бұл – нормативтік талап.

Нормативтік құжаттарда сөзбе-сөз аударылған клише тұлғалармен қатар қазіргі қазақ тілінің дамуына тән лексикалық-семантикалық өзгерістердің барлығы да қарқынды түрде байқалады. Осы аталғандарды дәлелдеу үшін зерттеу жұмысында функционалды стилистика мен аударматану ғылымының негізгі тұжырымдамалары басшылыққа алына отырып, ресми-іскери стильдің мазмұндық-жанрлық тармақтары, олардың стильдік, тілдік, құрылымдық белгілері айқындалады, соның ішінде ресми құжаттың күрделі түрі – нормативтік-жарлықшы құжаттардың стильдік ерекшеліктерін жинақтау үшін бастапқы мәтін мен тәржіма мәтіннің лексикалық құрылымына кешенді талдау жүргізіледі. Әлемдік лингвистика мен қазақ тілтанымындағы ресми-іскери стильге қатысты ғылыми зерттеу еңбектерінен алынған басты қағидаларды өзара салыстыру, қорыту және тілдік фактілерді іріктеу, жүйелеу, модельдеу оларға семантикалық, стильдік талдау жасау барысында төмендегідей тұжырымдар жасалады:

1) Ресми-іскери стиль – құқықтық, саяси, өндірістік, әкімшілік, қоғамдық және халықаралық қарым-қатынастарда қолданылатын, қоғамда қалыптасқан тілдік ахуалға сәйкес қазіргі кезеңде ішкі тармақтарға ұлғайған және күрделенген, стильдік белгілері барынша айқындалған қазақ әдеби тілі функционалдық стильдерінің бірі.

2) Ресми-іскери стиль функционалдық-стильдік шоғырлану шеңберінде және коммуникативтік мақсатқа сәйкес ішкі тармақтарға бөлінеді, олар:

- азаматтармен жұмыс істеуге бағытталған құжаттар;

- іскери хаттар;

- ақпараттық-анықтамалық құжаттар;

- нормативтік-жарлықшы құжаттар.

3) Ресми-іскери стильде тілдік құралдардың айқын тұтастықта қолданылуын талап ететін, барлық ішкі тармақтарға тән белгілер:

- стильдік ортақ белгілер: стандарттылық, дәлдік, ықшамдылық, ресмилік;

- тілдік белгілер: терминдік жүйенің жоғары жиілікпен қолданылуы; клише тұлғалардың болуы; ойды дәнекерлеуші тұлғалардың стандарт тұлғалар ретінде орнығуы; номенклатуралық атаулардың толық және қысқарған тұлғаларының сипатты болуы;

- құрылымдық белгілер: міндетті нысандардың белгілі бір тәртіппен орналасуы.

4) Ресми-іскери стильдің нормативтік-жарлықшы құжаттар түрі құқықтық қарым-қатынастарды және қоғам мүшелерін басқару ісін реттеу мақсатында жасалатын тілдік құралдардың логикалық аяқталған жиынтық мәтіні. Мемлекеттік қызметті, халықаралық қарым-қатынастарды, заң қызметінің салаларын, ресми мекемелердің өзара қарым-қатынасын, заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың қарым-қатынастарын қамтитын нормативтік-жарлықшы құжаттардың басты фукнциялары:

- әлеуметтік-міндеттілік жүктеу (функционалды) қызметі;

- ресмилік (стильдік) функциясы;

5) Нормативтік-жарлықшы құжаттардың ресми-іскери стильдің басқа ішкі тармақтарымен салыстырғандағы өзіндік ерекшеліктері:

- жеке адамға арналмайтындығы. Өтініш, шағым, өмірбаян, анықтама сияқты анықтамалық-ақпараттық құжаттар қоғам мен жеке адам арасындағы қарым-қатынасты ресімдесе (персонификация), нормативтік-жарлықшы құжаттарға депресонификация тән;

- Нормативтік-жарлықшы құжаттар көлем ауқымдылығымен де ерекшеленеді. Нормативтік-жарлықшы құжаттардың ішкі формасындағы реттіліктер: әрбір тұжырымның абзацтарға бөлініп берілуімен; әрбір тұжырымның бөлімдерге, тарауларға бөлінуімен сипатталады.

6) Нормативтік-жарлықшы құжат мәтіндерінің тақырыбы, мазмұны және формасы біртектес болғандықтан, оларда клишелердің болуы – функционалды заңдылықтардан туындайтын заңды құбылыс. Ресми мәтіндерде жоғары жиілікпен жұмсалатындар – а) тиянақтаушы етістік тұлғалар: қамтамасыз ету, жүзеге асыру, анықтау және т.б.; ә) мәтіндегі ойды дәнекерлеуші тілдік тұлғалар: туралы, және, немесе, … бойынша, бұдан әрі, бұдан әрі қарай, сондай-ақ, осыған сәйкес, осыған байланысты, тиіс, қоса есептегенде және т.б.; б) көмектес септігі арқылы жасалатын тіркестер; заңмен белгіленген, нормативтік актілермен реттеледі, ережелермен анықталады және т.б.

7) Қоғам мүшелеріне, заңды тұлғалар мен жеке тұлғаларға орындалуы міндетті мазмұндағы мәтін түзетін, түпнұсқасы орыс тілінде жасалатын, содан соң мемлекеттік тілге аударылатын нормативтік-жарлықшы құжаттардың құрылымы үшін тұрақтылық, жоғары дәрежедегі стереотипизация тән. Сондықтан да нормативтік-жарлықшы құжаттардың аудармасында құрылымдық калька жоғары дәрежеде орын алады.

8) Қоғамдағы тілдік ахуалға сәйкес жаңа лексикалық бірліктерді бірыңғайлау, нормаландыру процесіндегі ресми іскери стильдің үлесті орны бар. Ресми құжаттарда: сөзжасам амалдарын қолдану, сондай-ақ көп тілдік лексемалардың семантикалық мүмкіндіктерін пайдалану бағыты; бір мәртелік қолданыстар; согипонимдердің мағыналық кеңею өрісі айқын байқалады.

9) Бағалаушы немесе экспрессиялық-эмоциялық бояулы мағынадағы сөздер аударма барысында, яғни терминдер жүйесіне енгеннен кейін өздерінің бағалауыштық қызметі мен экспрессиялық-эмоционалды реңкі арқылы көрінетін семантикасын өзгертіп, потенциалды семалары арқылы белгілі бір арнайы ұғымның атауы ретінде қолданылады, соның нәтижесінде, олардың парадигматикалық және синтагматикалық қарым-қатынастардағы сипаты өзгереді. Мысалы: бақталас, бәсекелес, егес, тоқырау, артта қалушылық сөздерінің сөйлемде «ресурстарын, уақыты мен күш-куатын орынсыз шығындау» деген ақпаратты толық жеткізу үшін, қоғамдық-әлеуметтік сипаттағы ұғым атаулары ретінде пайдаланылуы.

10) Қазақ тілінің төл тілдік нұсқаларының (жалпы қолданыстағы сөздер мен сирек қолданылатын сөздердің) нормативтік-жарлықшы құжаттар тілінде игерілу дәрежесінің жоғарылығы ұйымдастырушы-қадағалаушы заң құжаттары мазмұнында баяндалатын субъектілік-объектілік қарым-қатынастардың шынайы өмірмен тығыз байланыстылығымен түсіндіріледі. Жалпы қолданыстағы сөздердің терминделуінде сөз семантикасынан түбірлі өзгерістер байқалмайды, мұнда терминделген лексикалық единицаның мағыналық құрылымында кейбір микрокомпоненттердің доминанттық ауысуы/жылысуы ғана байқалады; мысалы: қыдырымпаздық – прогул; сынамшылдық – критиканство; мадақтау – наградить; оңтайландыру – оптимизация; қаскөй – злостный; алаяқтық – афера; әккілік – изощренность; екіжүзді – фарисей; құлшыныс – порыв; құндылық – ценность және т.б.

11) Нормативтік-жарлықшы құжаттардағы ақпарат мазмұнын толық жеткізуде, мәтінде кездесетін жаңа ұғым-түсініктердің атауын қазақ тіліне аударуда қолданылатын терминжасам тәсілдері заңнамалық-құқықтық (басқарушылық-қадағалаушылық) терминология жүйесіндегі семантикалық категориялар мазмұнына сәйкес, қазақ тілінің сөзжасам амалдары негізінде жүзеге асады.

12) Терминжасамның морфологиялық тәсілін қолдану барысында байқалған жайттар:

- бір сөзге жұрнақ варианттарының жалғануы арқылы әртүрлі ұғым атауларының қолданысқа енуі: сауалдама (анкета) – сауалнама (опрос) – сұраунама (вопросник);

- синонимдес жұрнақтардың (-шы/-ші, -кер/-гер) қатар игерілуі: әкімші (администратор) – зияткер (интеллектуал);

- омоним жұрнақтардың (-лық/-лік (сын есім), -лық/-лік (зат есім)); активтенуі: ақпараттық (информационный) – өкілдік (представительство);

- нормативтік-жарлықшы құжаттар тілінде қимыл есім тұлғасының термин жасаушы формант ретінде активтенуі: қаржыландыру (финансирование); жекешелендіру (приватизация); сақтандыру (страхование).

13) Нормативтік-жарлықшы құжаттар тілінде сөз тіркестерінің жиі пайдаланылу себебі тектік қатынастағы ұғымдардың түрлік сипаттаушы элемент ретінде қолданылуымен сипатталады. Мысалы: құқық (право) – азаматтық құқық, қылмыстық құқық, отбасы құқығы, еңбек құқығы, экологиялық құқық, мүліктік құқық, халықаралық құқық.

14) Нормативтік-жарлықшы құжаттар тілінде кездесетін (жинақталған тілдік материалдар негізінде) сөз тіркестерінің мағыналық құрылымына талдау жасау барысында төмендегідей 3 негізгі модельді бөліп көрсетуге болады:

- сын есім + зат есім – С + З;

- зат есім + зат есім – З + З;

- зат есім + етістік – З + Е.

15) Нормативтік-жарлықшы құжаттар – төл тілдік әлеуеттің қозғалысқа түсуі арқылы қоғамдық-саяси қарым-қатынастарға, ғылыми-техникалық процестерге қатысты тың лексикалық бірліктердің жасалуында, қолданысқа түсуінде және нормалануында басты тармақтардың бірі ретінде саналады.

 








Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 4072;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.016 сек.