Ісқағаздар мәтіндерінде қолданылатын стандарт тілдік бірліктерді жүйелеу
Ісқағаздар мәтіндерінде қайталанып отыратын біртектес, стандарт жағдайлар мен ұғымдар экстралингвистикалық фактор ретінде стандарт тілдік бірліктер мен ісқағаздар тіліндегі терминдер мен терминдік құрылымдарды тудырады. Бұл – ресми-іс қағаздар стилінің маңызды белгілерінің бірі. Ісқағаздар тіліндегі стандартталу процесі тілдің барлық деңгейін – лексикасын, морфологиясын, синтаксисін қамтиды. Осының нәтижесінде тұрақты тілдік стеоротип қалыптасып, тілдің нормаға түскен мәтіндерден тұратын ерекше типін жасайды. Стандарт тілдік бірліктердің негізгі қасиеті олардың құрылымы мен семантикасының тұрақтылығы, өзгермеген, дайын күйінде қолданылуы болып табылады.
Құжат мәтіндерінде берілетін ақпараттың ортақ мазмұны ісқағаздар тіліндегі кейбір формалардың стандартталуына ықпал етеді. Ісқағаздар тіліндегі стандарттылық кездейсоқ пайда болған құбылыс емес, ұзақ уақытқа созылған тіл тәжірибесінің, типтік іріктеудің нәтижесі. Әдеби тілдің басқа стильдік тармақтарымен салыстырғанда ресми-ісқағаздар стилінде стандарт тілдік бірліктердің кеңінен қолданылуы бұл стильдердің ойдыанық жеткізу, мазмұнды дәл беру, барынша қысқа, барынша нақты тұжырымды талап ететін негізгі ерекшеліктерінен туындайды.
Қазіргі қазақ ісқағаздар тілі дамуының сипаттамалық ерекшелігі құжаттарды және құжаттарда қолданылатын стандарт тілдік бірліктерді жүйелеу болып табылады. Құжаттарды жүйелеу мен онда қолданылатын стандарт тілдік бірліктерді жүйелеу – бір-бірімен тығыз байланысты, күрделі процесс. Қазіргі кезде басқару ісін, оның ішінде ісқағаздарын жүргізуді де жеңілдету, жеделдету, заман талабына сай қалыптастыру, жүргізу, еңбек шығынын қысқарту, құжаттардың орындалуына бақылауды күшейту, құжаттарды дайындауды, толтыруды, дайындалған құжаттармен жұмыс істеуді автоматтандыру – ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Қазір құжат дайындауда, оларды дайын формаларды қолдана отырып құрастыруда, көшірмесін жасауда, жедел көбейтуде, басқа мекемеге жіберуде т.б. жағдайда қолданылатын қазіргі заманғы техникалық құралдардың түр-түрі бар. Ол құралдарды ұтымды қолдану үшін, құжаттау ісін қазіргі заманға сай қалыптастыру үшін лингвистердің алдына қойылып отырған маңызды міндеттер өте көп. Солардың бірі – құжаттар мен онда қолданылатын стандарт тілдік бірліктерді ұқсас формаларды таба отырып жүйелеу ісі. Ұйымдар мен мекемелердің іс жүргізу барысында негізгі орын алатын құжаттар ұйымдық-өкілеттік деп аталып, олар іштей: ұйымдық, өкілеттік және анықтамалық-ақпараттықболып үшке бөлінеді. Ұйымдық құжаттар, аты айтып тұрғандай, мекемелердің ұйымдастырылуына, құрылуына, құқықтық әрекеттеріне қатысты іс қағаздарын топтастырады. Оған негізінен басқару аппаратының құрылымы, құрамы, штат кестесі, құрылымдық бөлімшелер туралы ереже, нұсқау, жарғы, қызметтік нұсқау, құрылтайшылар келісімі т.б. құжаттар жатады. Өкілеттік құжаттарға мекеменің іс-әрекетіне және қызметкерлеріне байланысты жазылатын бұйрықтар мен өкілеттік, нұсқаулық мағынада жазылатын басқа да құжаттар жатады. Анықтамалық-ақпараттық құжаттарға ақпарат беру мақсатында, белгілі бір оқиғаны, фактіні, іс-әрекетті анықтайтын, баяндайтын құжаттар жатады. Олар: анықтама, акт, мәлімдеме т.б. Құжаттардың осындай мағына, мақсатына қарай топтастырылуына байланысты әр топқа жататын құжат мәтіндерінде қолданылатын стандарт тілдік бірліктердің де құрылымдық, мағыналық ерекшелігі болады. Яғни, қалыпқа түскен стандарт тілдік бірліктерді де жоғарыда аталған құжаттардың мағыналық топтарына қарай жүйелеп көрсетуге болады. Мәселен, өкілеттік құжат мәтіндерінде міндетті түрде бұйрық, нұсқау беру мағынасындағы стандарт тілдік бірліктер қолданылады. Өкілеттік құжаттың негізгі мақсатын көрсетіп, мән-мағынасын ашатын да осындай тілдік бірліктер. Олар ісқағаздарында етістіктің бұйрық рай формасында қолданылады. Мысалы: сайлансын, бекітілсін, алғыс жариялансын, сөгіс жариялансын, қатаң сөгіс жариялансын, жарамсыз деп табылсын, жауапкершілік жүктелсін, шара қолданылсын, жолға қойылсын, жүзеге асырылсын, бақылауға алынсын, өзгеріс енгізілсін, ұсыныс енгізілсін, жол берілмесін, бақылау қойылсын, көмек көрсетілсін, қамтамасыз етілсін, тексерілсін, тексеріс жүргізілсін, іске қосылсын, орындауға жіберілсін, қарауға жіберілсін, қорғауға жіберілсін, рұқсат етілсінт.б.
тағайындалсын:
болып тағайындалсын
жауапты адам тағайындалсын
айлық жалақысы штаттық кесте бойынша тағайындалсын
Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 4627;