Ілеспе аудармада қолданылатын тәсілдер

Ілеспе аударма, біріншіден, аудару іс-әрекетіне жататындықтан қолданылатын тәсілдері, әрине, аударманың барлық түріне ортақ болып келеді. Ілеспенің ерекшелігі сол тәсілдерді жылдам қолдануда, шешімді тез қабылдауда.

1) Аударма тілінің заңдылықтарын сақтап, аудармашы сөйлем көлемінде лексикалық бірліктерді жылжыту тәсілін (прием перемещения лексических единиц) қолдана береді. Қазақша-орысша, орысша-қазақша аудармаларда бұл жиі кездесетін тәсіл, себебі екі тілдің лексика-грамматикалық құрылымы, әлемнің тілдегі көрінісі, әрине, ерекше. Түбірі бір тілдердің, мысалы, славян тілдері немесе түркі тілдерінің арасындағы аудармада бұл тәсіл жиі кездесе қоймайды.

2) Аудару тілінде сәйкес сөз табылмағандықтан, аудармада көрсетілмей қалған түпнұсқаның мағыналары лексикалық қосымшалар тәсілі (прием лексических добавлений) арқылы толықтырылады. Олар көбінесе түпнұсқа тілін білетін қабылдаушы (Рецепторге) имплицитті (жасырын) түрде-ақ түсінікті болады, ал аударманы қабылдаушыға жасырын түрде пайда болған мағынаны әдейі суреттеу керек.

3) Сөзді қалдыру тәсілі (прием опущения)лексикалық қосымшалар тәсіліне қарама қарсы: контекстен мағынасы анықталатын, немесе мағынасы орынсыз қайталана беретін ұқсас сөздердің бірін аудармаға қоспай қалдыру аударма мәтініне нұқсан келтірмей, қайта қажетсіз қайталана беріп шұбатылудан сақтайды. Және осы тәсіл аударманың неше түрлі лексикалық қосымшалар пайдаланғаннан көлемін өсірмеу үшін қолданылады.

4) Әрбір сөзді жеке аудару тәсілі (прием пословного перевода) аударманың соңғы нұсқасында емес, аударма процесінің барысында, яғни аралық кезеңде, көбірек қолданылады. Оған себеп түпнұсқадағы мағынаны дәл жеткізу жолында аудармашы шешімге келу үшін неше түрлі варианттарды қарастырады. Әрине, әуелі сөзбе сөз аудару болады, кейін соның негізінде контекске сай тілдік бірліктер таңдалады.

5) Аударма тілінде лексикалық мағынасы өзгеше болғанымен түпнұсқаның контексіне сай сөзбен ауыстыру тәсілі (контекстуальная замена). Бұл тәсіл ауызекі сөйлеу тілінде, көркем әдебиетте, публицистикалық шығармаларда көбірек кездеседі. Мысалы, Н.В.Гогольдің «Ревизор» атты комедиясында Анна Андреевна (қызына ренжіп): Через два часа! Покорнейше благодарю. Вот одолжила ответом! – Екі сағаттан соң! Қатқаныңның басы! Уай, шіркіннің жауабын-ай! (Аударған – М.О.Әуезов).

Түпнұсқа мен аударма мәтіндерді салыстырсақ, аударма жоғары сапалы, себебі түпнұсқаның мазмұны да, кейіпкердің эмоциялары, ауызекі тілінің стильдік реңі – бәрі де қазақстандық аударматанудың іргетасын қалаған М.О.Әуезовтың шығармасында дәл келтірілген. Осы нәтижеге жетуде шебер аудармашы қандай тәсілдерді қолданған? Орыс тілінде наразылықты білдіретін «Покорнейше благодарю» аудармада сөйлеу барысында атқаратын қызметі тең «қатқаныңның басы!» деп келтірілген. Әрине, бұл тілдік бірліктер ешбір қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздікте эквивалент болып берілмеген, себебі контекстен тыс жағдайда мағыналары тең болмауы да мүмкін: мысалы, «Покорнейше благодарю» өзінің тура мағынасында қолданылып, «ризашылық білдірсе», орыстың «Вот» шылауы «Міне, мынау» деп аударылады, ал Әуезов бұл аударманы білмегендігінен «Уай!» дегенодағай сөзбен аударып отырған жоқ: лексикалық мағынаның теңдігінен гөрі контекске сүйеніп, жалпы стильдік реңінің ұқсастығы артық екенін осы ауыстырудың өте орынды екенін дәлелдейміз. Сол контекстің әсерімен кейіпкердің үшінші сөйлемі «Вот одолжила ответом!» қазақша аудармасында тек бір ғана сөзді сақтап қалған болса да «Уай, шіркіннің жауабын-ай!» (ответ – жауап), аударманың сапасын жоғары көтермесе, түсірмейді. Байқасақ, аудармада алғашқы түпнұсқаның тілдік бірліктердің жобамен 20-30%-ы ғана орын алған, қалған 80-70%-ы контекст тудырып отырған мағынаға сай аударылған.

6) Түпнұсқа тілі мен аударма тілінде мағынасы тең, эквивалентті болып келген сөздер болмаған кезде мағынасы кеңірек (жалпы) сөздерді мағынасы нақты сөзге ауыстыру тәсілі (прием конкретизации) және оған қарама-қарсы мағынасы нақты сөзді мағынасы кеңірек (жалпы) сөзге ауыстыру тәсілі қолданылады. Мысалы, мал шаруашылығы жете дамыған қазақ халқының тілінде мал атаулары соншалықты толық, жеткілікті жүйе болып қалыптасқаны қазақ лексикасының байлығы болып табылады. Ал сол атауларды басқа тілге, мысалы, орысшаға аударсақ, тана, тайынша, құнажын, дөнежін т.б. сол сияқты мал атауларының бір сөзден тұратын лексикалық сәйкестіктерін таба алмаймыз. Сондықтан ‘тана’ мен ‘тайынша’ деген сөздерді ‘бұзау’ сөзіне теңестіріп теленок’ деген сөзбен, ал ‘құнажын’, ‘дөнежін’ – сиыр’сөзіне теңестіріп корова’ деген мағынасы кеңірек, жалпы ұғымды білдіретін сөздермен аударамыз.

7) Ауызекі сөйлеу тілінің белгілі ерекшеліктерінің бірі эмоционалды-экспрессивті реңі екені сөзсіз. Сол сөйлеудің қанық бояуларын аудару, әрине, арнайы тәсілді қажет етеді. Оны ауызекі сөйлеу тіліне тән эмоционалды-экспрессивті құралдарды аудармада сәйкестендіру тәсілі деп атауды ұсынамыз, себебі арнайы зерттеулерде ілеспе аударманың ерекше аудару тәсілдері түгіл жалпы мәселелерінің өзі де қарастырылмағанын жоғарыда анықтағанбыз. Мысалы, М.О.Әуезов «Ревизор» кейіпкерлерінің сөздері түпнұсқаның оқырманы мен көрермені қандай әсер етсе, аударманың қабылдаушысына да сондай әсерге жету мақсатында эмоционалды-экспрессивті құралдарды аудармада сәйкестендіру тәсіліншебер қолданады. Ауызекі сөйлеу тілінің заңдылықтарын сақтай отырып, кейіпкерлердің репликаларын түпнұсқадағыдай қысқа және әсерлі береді. Мысалы:

Городничий: Две необыкновенные крысы снились... неестественной величины...Аудармасы: – Дуанбасы: Түрі жаман екі егеуқұйрық түсімнен кетсінші... добалдай ...

Дуанбасының репликасы түпнұсқада алты сөзден тұрады. Сөйлеушінің қобалжып, мазасы кетіп, өзін-өзі ұстай алмай тұрғанын сөйлеп тұрғанында ентігіп, демін алғаны білдірсе, жазбаша тілде көп нүкте білдіреді. Осындай эмоциялық халін түпнұсқа да, аударма да, біріншіден, арнайы лексика арқылы, екіншіден, сөйлемнің үзілуі мен сөздердің қалыптасқан белгілі ретті бұзу арқылы жеткізеді. Түпнұсқадағы ‘необыкновенные’, ‘неестественной величины’ деген сөздердің бағалық семаларынан гөрі көлем, өлшем семаларының басыңқы екені анық. Аудармадағы бұл сөздер эквиваленттерінің бағалық семаларының басыңқы екеніне көзіміз жетіп отыр: ‘необыкновенные’ – ‘түрі жаман’, ‘неестественной величины’ –‘добалдай’. Осы бағалық мағына эмоциялық семаларды тудырып, оқырманға (көрерменге) аударманың эмоциялық әсері түпнұсқаға қарағанда әлдеқайда зор. Осы тәсілді келесі сөздерді салыстырғанда да көреміз: түпнұсқада нейтралды ‘снились’ болса, аудармада ‘түсімнен кетсінші’ деп сөйлеушінің мазасызданып тұрғанын білдіреді. Сонымен, аударманың эмоционалды-экспрессивті реңінің күшеюінде күмән жоқ. Нейтралды ‘снились’ сөзіне аудармада ‘қайта-қайта’, ‘үнемі’ сияқты ұзақ мерзім мен қайталану семалар қосылған ‘түсімнен кетсінші’ деген перифраза сәйкестендірілген. Әрине, М.О.Әуезовтің аудармашы шеберлігін үңіліп зерттеу әлде де талай нәтижелерге әкеліп, толғандырады, үлгі болып ой салады.

Қорыта келгенде, ілеспе аударма – аударма түрлерінің ішінде ең күрделі екенін мойындай отырып, ол салада айтарлықтай жетістіктерге жету жолында аударма ісінде жиі қолданылатын тәсілдерді игеріп алудың қажет екені анық. Онсыз ілеспе аударма емес, аударманың қайсысы болса да ұстатпайтын тоты құстай болуы мәлім. Аударма дағдылары қалыптасып, екі тілдің сөз байлығы, идиома мен паремияларының сәйкестіктері жадында шұғыл пайда болып, екі тілде де шебер және жылдам шешім қабылдап сөйлейтін маман ілеспе аудармада жетістіктерге жететініне әбден сенеміз.








Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 4227;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.004 сек.