Ылыми-техникалық аударма мәтініне қойылатын талаптар мен аудармашының міндеттері

Ғылыми-техникалық мәтіндерді аударуда мына критерийлер бірдей негізге алынуы тиіс.

1. Линвистикалық (балама аударма тіл заңдылықтарына сай болады);

2. Қолданбалы-практикалық (түсініктілік, уәжділік, айырымдық мәнінің жеткіліктігі, ықшамдык-икемділігі ескеріледі).

Ғылыми-техникалық мәтіндердің өзегі – терминдер, сондықтан ықшамдылық, қолдануға қолайлылық, жүйелілік талаптарына да сай келіп, ұғым мазмұнын дәлірек беретін болуы тиіс. Сонымен:

1) Аударма сөзбе-сөз аударма болуы тиіс емес, мәтін мазмұны оқырманға түсінікті тілмен жеткізілуі шарт.

2) Әрбір аудармашының дербес компьютерде өз алдына жұмыс жасау
қабілеті мен икемділігі болуы шарт.

3) Аудармашының фондық білімінің (техникалық материалдарды аударса, техникадан жақсы хабардар болуы, ұлттық әдебиеттерді аударса, ұлтгтық болмыстан жақсы хабардар болуы т.с.с.) қажетті деңгейде болуы.

4) Аудармашы аударма барысында орфографиялық, пунктуациялық, грамматикалық және стилистикалық нормаларды қатаң басшылыққа алуы қажет.

5) Аудармашы өзіне тапсырылған материалдардың мазмұнын бөгде
адамдарға жарияламауы керек.

6) Аудармашы термин сөздердің баламасын табуда өз еркіне салмай, ғылыми салалардағы сөздіктерді басшылыққа алғаны жөн.

7) Аудармашы өз бетімен түпнұсқа мәтінін өзгертуге: қысқартуға немесе толықтыруға құқылы емес (өзгерістерді тапсырыс берушінің өзі ескерткен жағдайлардан басқа кездерде).

8) Аудармашы аударма мәтінінің мазмұнын ғана емес, сыртқы пішінін де (шрифт өлшемі, тақырып атауларының орналасуы, абзац, бет нөмірлері, кестелердің орналасуы) түпнұсқа мәтініне сай рәсімделуін қадағалауы қажет.

9) Аударма мәтінді қолданушы адамдардың (оқушының, жұмысшы маманның) дайындығын ескере отырып, қысқарған атауларды қажет жерінде тарқатып аудару қажет.

10) Терминдегі мағына екіұштылығын жою үшін контекст қызметін пайдалану қажет.

11) Мәтіндерде ой нақтылығы, дәлдігі, дұрыстығы, түсінікті дәйектілігі болғанын қадағалау қажет.

12) Калькамен аударуға рұқсат беріледі. Бірақ мағыналық калька басты назарда болуы керек, кей сөзді калькамен аударуға болса да, аударма тілдегі сөз әлеуетіне қарап, қолданбалы практикалық факторға сүйеніп басқа балама алуға болады.

13) Аударма өнімдері компьютерде сауатты теріліп, орындалған жұмыс актісімен ресімделіп, тапсырысшыға өткізілуі шарт.

Ғылыми стильде зерттеу нысаны болған зат пен құбылыс ғылыми негізде сипатталып, белгілі теориялық негіздермен дәлелденіп, логикалық жағынан негізгі ой мен құбылыстың байланысы нақтыланып, белгілі жүйеге құрылған хабарлы, өзекті, дәлелді, ой қисыны қорытындыланған ғылыми тұжырым жасалынады. Сондықтан ғылыми-техникалық мәтіндерде ой нақтылығы, дәлдігі, дұрыстығы, түсінікті дәйектілігі болғанын қадағалау қажет.

Ғылыми-техникалық мәтіндерді аударуда 3 критерий бірдей негізге алынады: 1) лингвистикалық; 2) қолданбалы-практикалық және 3) әлеуметтік-психологиялық факторлар. 1-фактор бойынша балама аударма тіл заңдылықтарына сай болады. 2-фактор бойынша түсініктілік, уәжділік, айырымдық мәнінің жеткіліктілігі, ықшамдық-икемділігі ескеріледі. 3-фактор бойынша аударма мәтінді қолданушы адамдардың дайындығы есте болған жөн (Мысалы қысқарған атауларды қазіргі кезде тарқатып аударған тиімді).

Ғылыми-техникалық мәтіндер, негізінен, әдеби тіл нормасына сәйкес келеді. Сондықтан аудармашы нормадан ауытқудың шамасын межелеп алып, сонан соң нормамен салғастыруы керек.

Ғылыми-техникалық мәтіндерде стереотип көп қолданылатынын есте ұстаған жөн.

Ғылыми-техникалық мәтінде ауыспалы мағына тек қана бейнелілігі көмескіленген концептуалдық метафора күйінде ғана қолданыла алады.

Ғылыми-техникалық мәтіндердің өзегі – терминдер. Мұндай мәтіндерде ғылымның басқа салаларына да ортақ атаулар мен тіркестер қолданыла береді.

Ғылыми-техникалық мәтіндерді аудару тәжірибесіне қарағанда, оларды екі топқа бөлуге болады: бұрын белгілі ұғымдар қолданылатын мәтіндер және жаңа ұғымдар енгізілген мәтіндер. Бірінші жағдайда балама қостілді тезаурустан (сөздік, анықтама т.с.с.), екінші жағдайда жаңа термин енгізу қажеттігі туады. Термин жағдайы абсольютті жағдай емес. Өйткені бір тілдегі жаңа сөз екінші сөзде жаңа болып есептелмеуі мүмкін. Осыған орай, екі бағытты ескеру қажет: 1) тілде бар дайын сөзді қолдану; 2) жаңа балама жасау. Мұндайда мынадай берік шартты ұстанған жөн: прагматикалық талапты ескеріп, атаудың терминологиялық емес өлшемдермен алғанда баламалылығы мен дұрыстығына сүйену. Шарттылық пен дәстүрдің арасалмағы таразыланып отырады.

Терминдегі мағына екіұштылығын жою үшін контекст қызметін пайдаланған жөн.

Калькамен аударуға рұқсат беріледі. Бірақ мағыналық калька басты назарда болуы керек. Сөз санын сақтау міндет емес.

Кей сөзді калькамен аударуға болса да, аударма тілдегі сөз әлеуетіне қарап, қолданбалы практикалық факторға сүйеніп басқа балама алуға болады (сварка – пісіру емес, дәнекерлеу, шов – тігіс емес, жік т.с.с.).

Халықаралық деңгейде кең қолданылатын, көп халыққа сіңісті терминдерді аударуға транскрипция әдісі қолданылады.

1.3.1 Ілеспе аударма оның Қазақстанда пайда болуы және дамуы[1]

Ілеспе аударма туралы зерттеу еңбектер қолданбалы лингвистикада біздің еліміз түгіл, кешегі кеңестік кеңістікте де тым аз жазылған. Оның бір себебі бұл саланы зерттеу үшін кемінде екі тілді біліп қана қоймай, іс жүзінде ілеспе аударма жасап, тәжірибе жинақтау керектігі болса, екінші себеп салыстыра зерттелетін тілдердің әдіснамалық проблемаларына, сондай-ақ ілеспе аудармашылардың жеке тәжірибелерінің өзара сәйкессіздігіне байланысты болса керек. Оның үстіне, зерттеу нәтижелерін, қолданбалы лингвистиканың тілдерді оқытудың тың әдістерін және сөйлеу тілінің жаңа дағдыларын үйренуді қажет етіп отырған орасан зор аудиториямен салыстырғанда, санаулы ғана пайдаланушылар қолданатыны да зерттеу жүргізуде тежеуші фактор болғандай.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көптеген халықаралық ұйымдардың пайда болуы барлық елдерде, соның ішінде көршілес Ресейде ілеспе аударма жасауға қажеттілікті күрт арттырды. Алғашқы қолданылуынан бастап артықшылықтарына көптің көзі жеткен бұл аударма түрін дамыту жедел қолға алынып, тұңғыш ілеспе аудармашылар оның кәсіптік өлшемдерін жасады. Ілеспе аударма жасаудың алғашқы кезеңінде жарияланған жекелеген құралдар күні бүгінге дейін классикалық үлгі ретінде атап көрсетіледі.

Аударманың интерпретациялық теориясымен шұғылданушы мамандар, өздерінің тәжірибелеріне және байқауларына сүйене отырып, орыс тілінен ағылшын тіліне аударатын ілеспе аудармашыларды дайындаудың теориялық негіздерін жасап шыққан. Олардың пікірінше, ілеспе аударма ең алдымен тыңдау барысында сөйлеу дағдысын жетілдіруге негізделеді. Бұл ретте аудармашы аудару тілін де сөйлеу тілін де таза білуі керек.

Бүгінде ілеспе аударма бүкіл дүниежүзінде тілдік қатынасты жүзеге асыруда пайда болған бірегей құбылыс ретінде танылып отырғанымен оны зерттеуде практик-ғалымдар көптеген қиыншылықтарға тап болып, бірнеше теориялық болжамдар жасалды. Алғашқы зерттеулерде ілеспе аударма жасау кезінде тыңдау процесі мен сөйлеу процесін ұштастырудың мүмкіндігі мол деген байламдар жасалғанымен тілдердің арасындағы семантикалық және құрылымдық ерекшеліктер бұл тұжырымды жоққа шығарды. Оның үстіне қазіргі кезде заман талабына сай қарқынмен дамыған ілеспе аударма ауызша аударманың жазбаша аудармадан айырмашылығының көптігіне және ол жеке зерттеу объектісіне айналуы керектігіне көз жеткізді.

Ілеспе аударма – біздің тілімізде орыс тіліндегі «синхронный перевод» деген сөз тіркесі беретін мағынаны беру үшін қолданылатын, аударманың жаңа түрінің атауы. Орыс тіліндегі «синхронный перевод» тіркесі гректің «sуn» (бірге) + «сhrоnоз» (уақыт) деген сөздерінің біріктірілуінен алынған, екі немесе бірнеше құбылысты немесе процесті олар өтіп жатқан кезде бір-біріне дәл сәйкестікте орындау дегенді білдіреді.

Ілеспе аударма – ірі жиындар, съездер мен халықаралық саммит, конференцияларда уақытты үнемдеу үшін қолданылатын ауызша аударманың аса күрделі, сонымен бірге бекзат түрі. Мұндай аударма жасауды, әдетте, өзінің ұйымдастыратын іс-шарасына терең мән беріп, оның қоғам өміріндегі белгілі бір проблемаларды шешудегі маңызын түсінетін, сонымен бірге, жиынға қатысушыларға құрметпен қарап, олардың уақытын тиімді пайдалануды, жиында көтерілген мәселелердің, айтылған әңгімелердің көпшілікке түсінікті болуын, ол мәселелер бойынша барынша мол, жан-жақты ақпарат жинақталуын, сөйтіп келешекте бұлар бойынша қабылданар шешімнің ортақ тұжырымдамасы түзілуін көздейтін ұйымдар, мекемелер жүзеге асырады.

Оқырманды ілеспе аударманың қай жерде, қашан пайда болғаны және қазақ жеріне қалай келгені қызықтырары анық. Бұл мәселе ілеспе аударманы зерттеушілердің де назарын аударып, бірнеше қызықты фактілердің анықталуына себепші болды. Солардың ішінде ілеспе аударма тарихын зерттеушілердің көбі ұстанатын нұсқа мынадай:

1926 жылы (кейбіреулер 1927 жыл дейді) бостондық радиоинженер Гордон Финли мен «ІВМ» («Іnіеrnаtіоnаl Вusіnes Масһіnеs») фирмасының президенті Томас Уотсонның атына ілеспе аударма жасауға арналған патент берілген. Сол патент негізінде олар Бостон қаласындағы дүкен иесі Эдуард Филеннің көптен іске асыра алмай жүрген идеясы: сөз сөйлеуші мен оның аудармасын бір мезгілде тыңдарманға жеткізу туралы ойын жүзеге асырады.

Бұл жаңалық тез тарап, басқа елдерде де бірден танымал болғанға ұқсайды, себебі 1928 жылы-ақ Кеңес Одағында Коминтерннің VI конгресінде аудармашылар көпшілікке бұған дейін белгісіз әдіспен аударма жасайды. Ол жөнінде Кеңес Одағындағы ілеспе аударманың алғашқы қарлығаштарының бірі саналатын Е.А.Гофман «Красная нива» журналына сілтеме жасай отырып, былай деп жазады: «Красная нива» журналының осы жылғы санынан мінбердің алдында отырған аудармашылардың суретін көруге болады. Олардың мойнына микрофон бекітілген ауыр құрал ілінген. Телефондар (құлақшалар) жоқ. Дыбыс мінберден тікелей қабылданады» [17, 48-б.].

Қарапайым оқырман аталған журналда жарияланған суреттерді көргенде аудармашылардың қалай жұмыс істегенін түсінуі екіталай. Ал қазіргі аппаратурамен жұмыс істейтін кәсіби ілеспе аудармашының биігінен қарағанда ол жиындағы ілеспе аударманың ұйымдастырылуы, оның сапасы соншалықты жоғары болды дей қою да қиын. Себебі баяндамашыны, сөз сөйлеушіні арнайы тыңдау аспабы – құлақшасыз (наушниксіз) тыңдап, сол бойда микрофонға аудару қиынның қиыны. Мұндайда сөйленген сөзді тұтастай аудару мүмкін емес, тек сөйлем аралатып қана аударуға болады. Ал ондайда ой тұтастығы бұзылып, тыңдарманға қарата айтылған сөздің шала мазмұны ғана баяндалады.

Біздің де аудармашылық тәжірибемізде, республикалық деңгейде өткізілген үлкен жиында техникалық ақау орын алуына байланысты мінбердегі микрофон мен аудармашы құралы түйіспей қалып, осыған ұқсас жай басымыздан өткен, сондықтан ондай кездегі аудармашының хал-күйі жақсы таныс.

Бұдан шығарылатын қорытынды: ілеспе аудармашы өзі аударма жасайтын залда орнатылған құралдардың дұрыс құрылғанына, жұмыс істейтініне көз жеткізуі керек. Жиналыс басталардан бұрын аударма жасайтын құралдарды құратын инженерлермен бірге жүріп, әр микрофонға айтылған сөздің аудармашы кабинасына (құлақша-наушникке) жетіп тұрғанын тексеріп алған жөн. Бұл – басты ережелердің бірі.

1933 жылы өткен Коминтерннің атқару комитетінің XIII пленумында жоғарыдағы кемшіліктер жойылып, ілеспе аудармашылар жеке кабиналарға отырғызылады және тыңдау құралымен қамтамасыз етіледі.

Осындай мысалдарға сүйеніп, Ресей зерттеушілері аударма жасаудың бұл түрі бұрынғы Кеңестер Одағында алғаш рет 1928 жылы, Коминтерннің VI конгресінде жүзеге асырылды деген пікірге тоқтағандай. Ілеспе аударма жасауға тікелей қатысқан мамандардың, мұндай оқиғаға куә болғандардың еңбектерінде де осы жиналыс кеңестік кеңістікте микрофон мен құлаққа ілгіш кұралды (құлақша-наушникті) пайдаланып, жиналғандарды қайран қалдырған ерекше аударманың алғашқы мысалы ретінде аталып жүр. Содан кейін ілеспе аударма жасау қарқынды түрде дамып, 1935 жылы Ленинград қаласында өткен XV Халықаралық физиологиялық конгресте академик И.П.Павловтың баяндамасын делегаттар бірден ағылшын, неміс, француз тілдерінде тыңдайды. Осы жиналыстан кейін Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін ілеспе аударма Коминтерннің сессияларында ара-тұра қолданылып отырғаны, сондай-ақ СОКП-ның ХХ съезінде алты тілге ілеспе аударма жасалғаны тарихтан белгілі [18].

Бұл кезде шет елдерде де ілеспе аударма жасау талпыныстары болған, айталық, 1927 жылы Женева қаласында өткен халықаралық конференцияда, 1938 жылы Схевенинген қаласында (Голландия) өткен халықаралық конференцияда колданылған. Ал 1936 жылы қос тілді Бельгия парламентінің отырыстарында ілеспе аударма жасау тәжірибесі жүргізіледі.

Алайда аударма жасаудың мұндай тәсілі өте сирек, аса ірі, сол уақыт тұрғысынан алғанда тарихи маңызы зор деп есептелген жиындарда ғана пайдаланылғандықтан, аударма саласындағы жаңалық туралы қалың жұртшылықтың біле қоймағанын атап өту керек. Зерттеушілер ілеспе аударманың халықаралық деңгейде пайдаланылып, жұртшылықтың назарын аударған кезі – нацистік әскери қылмыскерлерді жауапқа тартқан Нюрнберг процесі екенін атап көрсетеді. Мұнда тұңғыш рет ілеспе аударма жасауға арналған америкалық құралдар орнатылып, Кеңес Одағы жағынан және негізінен америкалықтардан тұратын одақтастар жағынан даярланған әскери аудармашылар тобы жұмыс істеген. Процесті ілеспе аудармамен қамтамасыз ету жұмысын америкалық әскердің полковнигі Леон Достерт басқарған.

Ал Кеңес Одағында ілеспе аударманың дамып, тарауының мынадай белестерін атап өтуге болады: Кеңестік аудармашылар әскери қылмыскерлерді соттаған Нюрнберг және Токио процестеріне қатысқаннан кейін біраз үзіліс болады. 1952 жылы Мәскеуде Одақтар Үйінде халықаралык экономикалық кеңес өтеді. Үш залда өткізілген жұмыс ілеспе аудармамен қамтамасыз етіліп, оған 50-ге жуық аудармашы қатысады. Олардың ішінде Нюрнберг процесіне қатысқандар жұмыстың ең ауырын өздеріне алып, орыс, ағылшын, неміс, испан және қытай тілдеріне аударма жасайды. Тап осы жиында диспетчерлік пультта отыратын жетекші аудармашы жүйесі алғаш рет қолданылады.

Ілеспе аударманың дамуына зор ықпал еткен тағы бір ірі оқиға ретінде 1957 жылы өткізілген жастар мен студенттердің Мәскеу фестивалін айтуға болады. Фестивальдің басқа бағдарламаларына қатысқан аудармашылардың үлкен тобын айтпағанның өзінде, студенттік бағдарламасында ғана бір мезгілде 80 ілеспе аудармашы қызмет көрсетеді. Бұл фестивальда ілеспе аударманың ізбе-із аудармамен араласқан оңайлатылған түрі де қолданылды: мінберде айтылған сөз күшейткіш микрофонмен орыс тіліне ізбе-із аударылып, ал одан әрі барлық жұмыс тілдеріне ілеспе аударма жасалады. Кеңестік кеңістіктегі бірқатар ілеспе аудармашылар өз естеліктерінде кәсіби ілеспе аудармашы ретінде тұсауы осы фестивальда кесілгенін атап көрсетеді.

СОКП XIX съезінен бастап, осындай ауқымды жиындарда шетелдік қонақтар үшін шет тілдеріне ілеспе аударма жасала бастады. Ал шетелдік қонақтардың мінберден сөйленген сөздері ізбе-із аударылып тұрды. XX съезде ілеспе аударма орыс тілінен шет тіліне де, керісінше де жасалды. Бұл съезде 7 жұмыс тілі болса, келесі съезде 18 жұмыс тіліне аударма жасалған. Қазіргі кезде Кремльдің Съездер сарайы конгресс жұмысын замана талабына сай жүргізіп, 30 жұмыс тіліне ілеспе аударма жасау мүмкіндігін беретін құрал-жабдықпен жабдықталған.

1961 жылдан бастап кеңестік ілеспе аудармашылар біріккен Ұлттар Ұйымында әуелі Нью-Йоркте, содан қейін Женевада – БҰҰ Еуропадағы бөлімшесінде де орыс тіліне ілеспе аударма жасауды жүзеге асыра бастады.

Қазақстанда ілеспе аударманың пайда болуы туралы айтқанда ойға ең алдымен театрлардағы (ұлттық театрлардағы) қойылымдарда орыс тіліне жасалатын аударма оралады. Әрине, қазіргі өлшеммен алғанда ол аудармалардың сапалық деңгейі туралы пікір әртүрлі болғанымен, қайткен күнде де бұл – біздің еліміздегі ілеспе жасаудың алғашқы мысалы ретінде тарихта қалады. Сондай-ақ өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғы, тоқсаныншы жылдарының басындағы жиналыстарда сөйленген кейбір сөздерді ілеспе аудармамен қамтамасыз етудің бірді-екілі талпыныстары республиканың жоғары билік органдарында (Президент әкімшілігінде, Жоғарғы Кеңесте, Үкіметте) жасалған.

Ал жиналысты тұтастай (оның өзінде де орыс тілінен қазақ тіліне ғана) ілеспе аударма жасау талпынысы, Парламент ардагерлерінің еске алуы бойынша, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XI сайланымынан басталған көрінеді. Алғашқы кезде барлық баяндамалар, сөйленетін сөздер алдын ала орыс тілінен қазақ тіліне аударылып қойып, сессия барысында оларды микрофон алдында оқып шығу жекелеген адамдарға ғана сеніп тапсырылыпты. Аға буындағы әріптестеріміз олардың қатарында еліміздегі үлкен лауазымды қызметкерлер, журналистер болғанын, кей кездері сол мәтіндерді жазбаша аударған аудармашылардың өздері шақырылып тұрғанын айтады. Бұлардың ішінде бұл күнде марқұм болып кеткен М.Жантикин, К.Қазыбаев, С.Байжанов, Ж.Әбішұлы сияқты белгілі журналистердің есімдері аталады.

XI сайланымның соңына қарай, ел ішіне демократия лебі тарай бастаған кезде, Жоғарғы Кеңестің сессиясы өтетін залда бірнеше жерден микрофондар орнатылып (олар «свободный микрофон – еркін микрофон» деп аталатын), пікірін білдіргісі келген адамдар сол микрофондарға шығып сөйлейтін болған. Бірақ ол кезде де (ілуде бір кездесетін жағдай екендігін есептемегенде) сөздің бәрі орысша сөйленіп, соған сәйкес ілеспе аударма да орысшадан қазақшаға жасалатын.

XII сайланымда (1990 жылы) Жоғарғы Кеңестің депутаттары екі тілде сөйлей бастады. Олардың қазақша сөйлеген сөздерін орыс тіліне аудару үшін сессиялардың өткізілуін техникалық, аударма жағынан қамтамасыз ету міндетіне кіретін Жоғарғы Кеңестің Инженерлік орталығы сырттан ақылы негізде тәжірибелі аудармашыларды тартады. Олардың ішінде Ақас Тәжуітов, Кеңес Юсупов, Ғалымжан Мұқанов сияқты бүгінде аты танымал аудармашылар болып, сәл кейінірек арнайы штат бөлініп, қазақ тілінен орыс тіліне аударма жасайтын қызметкер алынды. Міне, осы кезден бастап, ілеспе аударма қазақ тілінің саясат тіліне, үлкен жиындар тіліне айналуына қызмет ете бастады деп тұжырым жасауға болады. Содан бергі уақытта жиындар ілеспе аудармамен қамтамасыз етілетін болғандықтан, Парламент сессияларда, үлкен халықаралық жиындарда көрнекті саяси қайраткерлер де, ғұлама ғалымдар да, қарапайым еңбеккерлер де қазақша сөйлеп, өз пікірлерін ана тілімізде айта алатын дәрежеге жетті.

 








Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 6684;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.016 сек.