Ылыми-көпшілік және ғылыми техникалық аударма
Ғылыми-көпшілік және ғылыми техникалық аударма аса күрделі, қиын, арнайы маманданған, тәжірибелі аудармашының ғана қолынан келетін іс. Мұндай аударма мәтіндерін шет тілдерінен немесе орыс тілінен аударғанда қазақ тілінің мүмкіндіктеріне толық сәйкестікте әрі мейлінше дәл аудару қажет. Егер автор ежелгі кезеңдерде өмір сүрген болса, онда сол дәуір тілінің бар ерекшелігін, сипатын оқырман сезіне алатын дәрежеде жеткізу маңызды.
Ғылыми аударма және ғылыми-техникалық аударма түрі бар. Бұлардың аудармасын жасау үшін аудармашының алдымен ғылыми-техникалық ақпараттан хабардар болуы тиіс.
Ғылыми-техникалық ақпарат үш ағымға бөлінеді:
1) Патенттік әдебиет – ақпарат алмасудың негізгі түрі, қалай болғанда да ол ғылым мен техника саласындағы жаңа дүниенің бәрі патент сипатында және оның туындылық түрінде ресми құжатталынып тіркелінеді.
2) Ғылыми-техникалық ақпарат алмасу үшін арнайы тағайындалған мерзімдік кезең, мәселен, салалық бюллетендер, мазмұнды рефераттар, түйіндеме және атауы, салалық ғылыми-техникалық журналдар, арнайы сипаттағы пікірталастық өзекті мәселе көтерген және есептік мақалалар, тақырып атаулары тізімделген библиографиялық көрсеткіштер, өнертапқыштық және өндіріс өнімдерінің заттары, сондай-ақ аталған сала бойынша мазмұндағы түйіндеме мен тақырыптық шолу.
3) Әртүрлі мерзімдік және мерзімдік емес басылымдар және басқа да ғылыми-техникалық алмасу үшін арнайы бекітілмеген, алайда осы мақсатта пайдалана беруге болатын ақпарат көздері: мысалы арнайы кітаптар мен журналдар, жарнамалық материалдар, нұсқаулар және сол тектес арнайы ақпараттық көздер.
Ғылыми және техникалық материалдардың терминологиямен сәйкестік табуы аудармашыдан терминологияны өте жақсы білумен қатар, аударма процесінде өзара қызмет жасайтын екі тілдің лингвистикасын, тілдік құрылымын жақсы білуді талап етеді. Оларды орынды, дұрыс қолдана білу аудармашының қабілеттілігіне қатысты. Мұндағы айрықша маңызға ие болатын белгілі бір тілдегі сәйкесетін реалийлер мен терминологиялық баламалар болмаған жағдайда аудармашылық тәсілдер мен әдістемелерге сүйенудің орны бөлек.
Ғылыми-техникалық сипаттағы арнайы мәтіндер аудармасы арнайы қызметтік әдістемелер арқылы жүзеге асырылуымен бірге, көркем әдебиет аудармасынан дәлдігімен, ықшамдылығымен, қысқалылығымен, айқындылығымен, жинақылығымен ерекшеленеді. Ғылыми аударма термині жиі қолданыла отырып, өзінің мағынасы жағынан «ғылыми-техникалық аударма» терминімен сәйкеседі. Дәл сондай мағынаға техникалық мәтіндер аудармасы да ие болады.
Ғылыми және техникалық мәтін белгілі бір ғылым, техника саласына негізделеді. Кез келген ғылыми, техникалық мәтін зерттеу еңбекті ғылыми түрде мазмұндауға арналған қалыпты сөздер жиынтығымен, ережелермен, қосымша белгілер жүйесінің бай қорымен бір-бірінен ерекшеленеді (бұған техникалық мәтін, түрлі схемалар мен сызулар қосылады). Ғылыми мәтінді жазудың қатаң заңдылығы бар. Белгілі бір синтаксистік, морфологиялық құрылымдары, бірыңғай орамдағы сөздер, бірыңғай стиль қалыптасқан. Мұнда басы артық сөз болмайды. Әрқайсысы қаланған кірпіштей өз орнында тұрады. Әр сөз ғылыми, техникалық шығарманы сипаттау, талдап түсіндіруге бағытталады. Ғылыми мәтіннің когнитивтігі ақпаратты жеткізуге арналған. Мұндағы сөйлемдер құрылымы күрделі және олар сөз жасау моделі бойынша құрылады. Әр сөздің деректілігі, ақпараттық мағынасы бар. Ең бастысы терминдер жиі кездеседі. Терминдерді бар мағынасындағы сәйкесетін баламалармен аудару керек. Мағыналық жақындықтағы сөздер термин қызметін атқара алмайды. Мұнда терминологияның жалпы ғылыми қабатын құрайтын лексикалар қолданылады. Ол кейде жалпығылымдық сипаттау лексикасы деп те аталады. Зерттеуші И.Алекссеваның анықтауынша, ғылыми-техникалық мәтіндердің негізгі ерекшеліктері: 1) эмоциональдық бояудан айырылуы; 2) қазіргі заманғы жазба әдеби норманың бейтарап нұсқасына жатқызылатындығы; 3) стилистикалық тепе-теңдіктегі синонимдерге бай екендігі [15]. Мысалы, «маңызды рөл атқарады», «маңызды мәнге ие», «маңызды сипат алады» т.б. синонимдік орамдар. Мұнда когнитивтік ақпараттың деңгейін арттыратын құралдар ретінде қысқартулар қолданылады. ЭКГ – электрокардиограмма, ҒТБ – ғылыми-техникалық бағдарлама т.б. Мәтіндегі синтаксистің күрделілігі аудармада ұқыптылықты талап етеді. Ең бастысы аудармада олардың логикалық құрылымы жағынан тұтастығын, байланысын бұзбау. Сондықтан аударма логикалық жағынан қисынды, тұжырымды, дәлелді болуы тиіс. Ғылыми мәтін түсінікті, айқын, нақты сипатымен тез меңгеріледі. Ойға тез қонады.
Ғылыми мәтінді логикалық ұйымдастырудың қосымша құралы – безендіру, көрнекілеу құралдарын тиімді пайдалану, шрифтік жағынан айқындап көрсету. Тақырыптың үлкен әрі көлемді әріптермен теріліп берілуі, тақырыпшаларды даралап көрсету, ереже, анықтамалардың, негізгі ойлардың аражігін ажыратып, айқындау, кейде басқа түспен белгілеу.
Ғылыми аударма арнайы ғылыми мәтіндер аудармасынан тұрады. Ғылыми әдебиет аудармасында аударма аталған тіл нормасына сәйкес келуі тиіс. Дұрыс аудару үшін жалпы мәтінде не айтылғанын түсінуден бөлек, мәтін бірліктерінде, жекелеген сөз мағынасына талдау, сипаттама жасау маңызды. Шетелден жаңадан енген терминдер аталған сөзді және оның басқа да сөз бірліктерімен және тура бір мағыналық сәйкестігін логикалық-лингвистикалық талдау жолымен дәл анықтауды талап етеді. Дұрыс нұсқасын таңдау шет тілді жетік білумен байланысты тілдегі терминді ауыстыруда ана тілінде соған сай сөз табу қажеттілігі зор. Бұл жанр аудармасы негізгі мәтіндегі фактілік материалды қандай да бір өзгеріс жасауға жол бергізбейді. Аударма кезінде сөйлемді құрастыру барысында ойды айқын да дәл жеткізу мақсаты көзделеді. Сондықтан тұтас мағына бұзылмас үшін сөйлемдерді жеке бөліктерге бөліп жіберуден сақтану керек. Не болмаса жеке бөліктерді өзінше топтап тастауға, бөліктерді қайта құрастырып біртұтас жасауға келмейді. Мәтін жүйелі, мақсатты ойға құрылғандықтан, толық мағынасында жеткізілуі тиіс. Ғылыми-техникалық шығармалар стилі ықшамды, жинақы әрі нақты да дәл болуы шарт.
Техникалық әдебиетті аударуаударма түрінде алдыңғы орынға аударылатын мәтіннің сипатын, негізін, мәнін түсінуден келіп шығады. Сонымен бірге аталған техника саласында қабылданған қазақ терминологиясына сәйкес білім меңгерудің маңызы ерекше зор. Әсіресе, қай салада қабылданып, бекітілген стандартты терминологияны қолдануға айрықша нұсқау жасалады. Сипаттамалық аударма қазақ тілінде аталған термин сөздің баламасы жоқ жағдайда ғана қолданылады. Аударма ісіне кіріспес бұрын, аталған мамандық бойынша материалды түсіну үшін негізгі мәтіндерімен мұқият танысып алу қажет. Бұл үшін сондай бір салада қызмет істеп, біраз тәжірибе толыстырып алу да пайдалы. Немесе сол саладағы кәсіби, тәжірибелі маманмен ақылдасқан жөн. Аударманың өзіне қатысты талабына келсек, ол ойды жеткізу дәлдігімен және қабылданған терминологияны пайдаланумен ғана ерекшеленбейді, мәтін шұбалаңқылықтан әрі түсініксіздіктен аулақ болуы керек. Машина жабдықтары немесе құралдар, өндірістік технологиялар аудармада көрнекі сипат алуы тиіс. Барлық ағылшындық, американдық немесе орыс өлшемдері метрикалық баламамен есептеліп шығуы қажет.
Техникалық әдебиет аудармасын кез келген адам жасай алмайды. Ондай аударма жасау тапсырылған жағдайда, сол саланың мамандарының ақыл-кеңесіне сүйенуге тура келеді. Мұндағы терминдердің баламасын табу қиын. Өйткені, технологиялық жабдықтардың, ақпараттардың әрбір бөлігінің атауы бар. Мүмкіндігінше ол аудармада сақталынуы тиіс. Әрине кейбір жағдайда түсініктеме беру артық болмайды.
Техникалық әдебиет аудармасы үлкен техникалық білімді, ғылымның жетістіктерімен жете танысуды, сол салаға мамандануды болмаса терең хабардар болуды қажетсінеді. Сондай-ақ аудармашының сенімді көмекшісі ғылыми-техникалық сөздіктер болып табылады.
Ғылыми-техникалық мәтінге ғылыми мақалалар, монография, техникалық сипаттама жатады. Әр саланың өзіндік қолданылатын қалыпты стилі, термині, мәтіндік құрылымы болады. Бұл саладағы шығармаларды аударуға сөздік те аздық етеді, кәсіби маман біліміне, тәжірибесіне де сүйенген дұрыс. Ғылыми мәтіндер қатаң морфологиялық және синтаксистік құрылымға ие, сөздің бірыңғай орамдары, біркелкі стиль қалыптасқан. Ғылыми-техникалық еңбектерді аудару көп салалы білімді қажет ететіндіктен, бұған білікті кәсіби маман ретінде бейімделген жөн. Ең бастысы, ғылыми мәтін когнитивті ақпаратты жеткізу көзі саналатындықтан, терминдерді дұрыс жеткізудің мәні ерекше. Көбінесе термин сол күйінде алынады, егерде бір мағыналы, баламасы болса, соны қолдану қажет. Екі тілдік арнайы сөздіктерде баламалардың маңызды бөлігі сақталады. Терминге жаңа балама табу – ізденіс негізі. Арнайы үкімет терминкомы бекіткен баламалар қолданылады. Терминдерді мағынасы жағынан жақын сөздермен ауыстыруға жол берілмейді. Ғылыми-техникалық еңбектер аудармасында артық сөз қолдану қателікке әкеп соғады. Қысқарған сөздердің мағынасын бастапқы мәтіндерінде жақшаға алып, толық нұсқасын жазу артық болмайды. Ғылыми мәтіннің коммуникативтік міндеті – білімнің белгілі бір саласына сай жаңа мәліметтерді жинақтау. Аудармашының ғылыми жұмыс, зерттеу, монографияның жалпы мазмұнымен терең танысуы, оны жақсы меңгеруі істің нәтижелілігін береді. Ең бастысы аудармаға ұдайы ізденіс, психологиялық, кәсіби әзірлік керек.
Ғылыми-көпшілік мәтінді аудару ғылыми-техникалық аудармаларға қарағанда оңай. Алайда мүлде жеңіл деуге де болмайды. Кейде мұнда шұбалаңқы сөйлемдер, күрделі бірліктер, тіркестер, анағұрлым ұзақ ережелер, пайымдаулар, жаттығулар, түсіндірмелер басым болуы мүмкін.
Мұнда синтаксистік құрылымдар тұтастай қарапайым, алайда коммуникативтік тапсырма күрделі, өйткені оның құрылымы әралуан сипатты. Мұның міндеті – оқырманға танымдық ақпаратты жеткізу әрі бір мезгілде соған тарта білу.
Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 7937;