World Wіde Web және HTML тілі
Интернеттің қазіргі дамуы 90-жылдар басында компьютерлер арасында мәлімет алмасудың жаңа хаттамасы (protocol) пайда болғаннан кейін басталды. Бұл хаттама HTTP (HyperText Transfer Protocol – гипермәтінді тасымалдау хаттамасы) деп аталған болатын. Осы хаттамамен қатар НТТР серверлерінің кеңейтілген желілері болып табылатын Интернет арқылы файлдар тасымалдай алатын World Wіde Web қызмет бабы(WWW немесетек Web) пайда болды.
Бұл файлдардың басым көпшілігі Web-парақтар түрінде – HTML (HyperText Markup Language – гипермәтінді белгілеу тілі) тілінде жазылған арнаулы файлдар түрінде болады. Осы файлдарды НТТР серверлерінде (Web-тораптарында) орналастыру жолымен Web-парақтар қалың көпшілік пайдаланатындай түрде Интернетте жарияланады. Web-парақтар мазмұны әр түрлі бола береді және олар көптеген тақырыптарды қамти алады, бірақ олардың бәрінің де негізгі жариялану, яғни жазылу тілі HTML болып табылады. Осындай HTML құжаттарының бәрінің де файл аттарының кеңейтілуі (тіркеуі) *.HTM немесе *.HTML болуы тиіс.
HTML тілі World Wіde Web қызмет бабымен бірге дами отырып, Web-парақтарының ең жақсы деген мүмкіндіктерін жүзеге асырып, оны кең пайдалану жолдарымен толықтырылып отырылды. Ол World Wіde Web жүйесінің негізі бола отырып, оның өте кең тарауына себепші болды. World Wіde Web сөзі қазақ тіліне кеңейтілген бүкіләлемдік өрмек болып аударылады. HTML тілінің мағынасы мен атқаратын қызметін оның атынан анықтауға болады.
Гипермәтін – қосымша элементтерді басқару мақсатында ішіне арнаулы код, яғни екпінді элемент (anchor) орналасқан мәтін. Ол – мәтін ішіне сурет, дыбыс енгізу, мәтінді безендіру, пішімдеу (форматтау) ісін орындайтын немесе осы құжаттың басқа бөлігіне сілтемесі бар алғашқы нүкте ретінде қарастырылатын белгіленген сөз. Сөзді ерекшелеп белгілеу дегеніміз – келесі көрсетілетін құжат бөлігі қалай бейнеленетінін анықтайтын айрықша кодты осы сөз ішіне енгізу. Гипермәтін экранда белгіленіп ерекшеленген қарапайым сөз ретінде тұрады, егер курсорды сол сөзге жеткізіп, тышқанды шертсек (ENTER пернесін бассақ), онда сонымен байланысты (ол сілтеп тұрған) басқа құжат ашылады. Ол құжаттар мәліметтер ішіндегі басқа парақтарда немесе Интернет жүйесіндегі басқа компьютерде орналасып, бейнежазба, сурет, жазылған дыбыс күйінде болуы мүмкін.
Гипермәтінді экранға шығарып бейнелеу үшін броузер (browsers) деп аталатын арнайы көрсету программалары қолданылады. Броузер арнайы командалармен – тәгтермен толықтырылған мәтіндік құжатты қабылдап алып, оның тақырыптарын экранға үлкен әріптермен, ал жай мәтіндерін кішірек таңбалармен жазады, оның ішіндегі суреттерді де адрестеріне сәйкес басқа немесе осы компьютерден оқып экранда көрсетеді. Ең кең тараған броузерлерге Windows операциялық жүйесімен бірге қойылатын Internet Eхplorer және жеке қолданылатын Netscape Navigator программасы жатады. Осы екеуі (олардың бұрынғы нұсқаларын қоса есептегенде) бүгінгі қолданылып жүрген броузерлердің 90 %-ын құрайды.
Сонымен, web-құжат дегеніміз тәгтермен толықтырылған мәтіндік файл болып табылады, оның мәтіндерін бір-бірімен байланыстыра отырып белгілеуге мүмкіндік беретін HTML тілі. Оның дұрыс нәтиже алуды қамтамасыз ететін өз заңдылықтары мен ережелері бар. Web-құжаттың алғашқы нұсқасын Блокнот сыяқты редакторлардың бірінде дайындап алып, броузер арқылы экранда көреміз. Егер оны түзету керек болса, броузер арқылы мәтін нұсқасын экранға шығарып түрлендіру қажет. Web-құжаттарды жасап, оны көрнекті түрге келтіріп безендіретін мамандарды web-шебер немесе web-дизайнерлер деп атайды. Шағын көлемді web-құжатты HTML тілінің негізін білетін кез келген студент жасай алады.
Негізінде гипермәтіндік web-құжаттар жасаудың екі тәсілі бар, олар: HTML тілін пайдалану және арнаулы HTML-редакторларды қолдану. Соңғы тәсіл “экранда не көрсең, соны аласың” деген WYSIWYG принципімен диалог режимінде істейтін Netscape Editor, Hot Dog, Front Page сыяқты программалар арқылы гипермәтін жасауды жүзеге асырады, олар құжаттың ішкі құрылымына араласпай, тек меню командалары немесе батырмалар арқылы керекті құжат бейнесін қалыптастырады. Дегенмен, ең қысқа, әрі жылдам істейтін тәсіл болып HTML тілі есептеледі және редакторлар арқылы жасалған Web-парақтың ең соңғы нұсқасына өзгертулер енгізу де HTML тілі арқылы орындалады.
Дата добавления: 2014-12-05; просмотров: 3956;