Жазбаша және ауызша аударманың ерекшеліктері

Аударма ауызша аударма және жазбаша аударма болып екі түрде жүзеге асады. Ағылшын және көптеген басқа еуропалық тілдерде мұндай аударма түрлері екі түрлі сөзбен беріледі. Ағылшынша жазбаша аударатын аудармашыны – «translator», ауызша аударатын тәржімешіні – «interpreter» дейді. Алайда ауызша және жазбаша аударманың түпнегізі ортақ, өйткені бұл аударма түрлерін бір-бірімен байланыстыратын қарым-қатынастық мақсат бар.

Іс жүзінде ауызша және жазбаша аударманы бірдей меңгерген немесе аударманың бір түрімен ғана айналысатын аудармашылар да кездеседі. Ол жазбаша аударма (көркем, техникалық және т.б.) немесе ауызша (ілеспе, ізбе-із) аударма болуы мүмкін.

Төменде ауызша аудармамен шуғылданушы Брайан Харрис [13, 23-24-бб.] ұсынған ауызша және жазбаша аудармалардың айырмашылықтарын беріп отырмыз:

 

Жазбаша аударма Ауызша аударма  
1. Жазбаша аударманың нысаны болып табылатын мәтін сәл де болса ерте құрастырылады. 1. Ауызша аударылатын мәтін әдетте сол уақытта пайда болады (жазылған мәтіннен ауызша аударған жағдайлардан басқа кездерде).
2. Мәтін түпнұсқасы аяқталған шығарма ретінде ешбір өзгеріске ұшырамайды. 2. Айтылатын ой үнемі дамып жетіліп отыратындықтан, оның жалғасын болжау көп жағдайда мүмкін емес.  
3. Аудармашы түпнұсқаны бірнеше рет қарай алады, бұл жағдайда есте сақтау қабілетінің қажеті шамалы. 3. Ауызша айтылған ой тыңдаушыға аудармашының есте сақтау қабілеті арқылы ғана жеткізіледі.  
4. Мәтін толығымен жазылған сөздерден тұрады. Аудармашы оның қалай құрылғанын білмейді.     4. Айтылған ой сөзден, сонымен қатар, қол қимылдарын, мимиканы, басқа да әрекеттерді қамтиды. Аудармашы оның қалыптасуының куәгері болады.
5. Аудармашы түпнұсқа автор заманы кеңістігінен тыс болғандықтан, мәтінге эмоциялық сезімсіз объективті түрде қарауы мүмкін. 5. Аудармашы сөйлеушімен тікелей қарым-қатынаста болатындықтан, оның эмоциялық әсерінің ықпалында болады.  
6. Аударманы бірнеше рет өңдеуге, түзетулер енгізуге болады. Сөздіктерді, анықтағыштарды қолдану мүмкіндіктері шектелмеген.   6. Ауызша аударатын аудармашы бірден барабар (адекватты) аударма беруі тиіс. Сөздіктерді, анықтағыштарды қолдану мүмкіндіктері шектелген.  
7. Аудармашы көп жағдайда түпнұсқа авторымен де, оқырманмен де кездесе алмайды.   7. Айтушы, тыңдаушы және аудармашы тікелей қарым-қатынаста болады (әңгіме, мәжіліс кезінде).  

Аударманың (жанрлық-стилистикалық және т.б.) түрлеріне байланысты классификациялар өте көп. Психолингвистикалық классификацияға сәйкес, аударманың екі түрін бөліп көрсетуге болады. Олар: ауызша және жазбаша аударма. Ауызша және жазбаша аударманың да бірнеше түрі бар. Олардың барлығын жинақтап, төмендегі сызба арқылы беруге болады.

Аударма түрлері (1-сызба)

Аударма

 

Ауызша аударма – ілеспе (синхронды), ізбе-із аударма сияқты ауызша рәсімдеуді қажет ететін ауызша аударма түрлерінің басын біріктіретін ұғым. Аударма процесінде түпнұсқа мен оның аудармасы ауызша жасалатындықтан, аударманың бұл түрінде аудармашы түпнұсқа бөліктерін бір-ақ рет қабылдап, оны кейіннен салыстыруға немесе жасалған аударманы түзетуге болмайтынын ескертеді.

Ілеспе (синхронды) аударма– бастапқы мәтінді қабылдай отырып қатар жүзеге асырылатын ауызша аударма. Кәсіби аудармалардың бір түрі.

Көркем аударма мәселесімен айналысушы ғалым Ә.Тарақов ілеспе аударманың күрделілігін танытатын төмендегідей белгілерді атап өтеді:

а) бір мезгілде тыңдап әрі сөйлеу қажеттілігіне байланысты туындаған психофизиологиялық дискомфорт;

ә) баяндамашы не жарыс сөзге шығушының микрофондағы сөзінің қайталанбауына қатысты психикалық кедергі. Өйткені баяндамашыны тоқтатуға, болмаса түсінбеген, не қалып қалған сөзін қайталап сұрауға болмайтындығы;

б) аударманың қайталанбауына және үлкен аудитория тыңдаушыларына байланысты психикалық кедергі. Аудармада қателескенді қайта түзеуге болмайтындығы әрі кешірім сұрауға келмейтіндігі;

в) сөз сөйлеудің жылдамдығына байланысты психофизиологиялық кедергі [14, 36-б.].

Ғалым ілеспе аудармамен шұғылданатын аудармашыда қажетті төмендегідей қасиеттер болу керек дейді:

а) аудармаға өзін-өзі бейімдей білу;

ә) ынта-зейінді сөйленген сөзге барынша бағыттау қабілеттілігі;

б) тосыннан туған кедергілерден шығуға қажетті қабілеттілік;

в) бірнеше тапсырмаларға бір мезгілде зейін аудара білу қабілеттілігі:

- іс-әрекет жылдамдығы;

- сөз сөйлеу шапшаңдығы;

- психикалық және ден күш-қуатының төзімділігі [14, 36-37-бб.].

Ізбе-із аударма – мәтін тыңдалып болғаннан кейін жасалатын ауызша аударманың түрі. Ізбе-із аударманы шартты түрде екіге бөлуге болады. Олар: парақтан аудару және абзацты-фразалы аударма. Көбінесе ізбе-із аударма деп жазбалары бар аудармашылық әрекеттің кәсіби түрін атайды.

Ізбе-із аударманың жүзеге асуын былайша сипаттап беруге болады: шешен біраз сөз сөйлейді (25-30 минут немесе одан да көп). Аудармашы шешен сөзінен кейін айтылған ойды аудара алу үшін жазба түсіре отырып, мәтінді ойша аударады. Қойылған мақсатқа сәйкес, аударма толық немесе қысқаша формада жүзеге асырылуы мүмкін. Алайда қазіргі уақытта ауызша аударманың стандарты біршама өзгерген және түпнұсқа мәтінінің үзіндісін аудару ұзақтығы кей кездерде 15 минуттан асып кетеді.

Ауызша аударманың бұл түрі жауапты келіссөздер, саяси, экономикалық-қаржылық, құқықтық және басқа да мәселелер төңірегіндегі ресми кездесулер кезінде, пресс-конференцияларда, семинарлар мен дөңгелек үстелдер кезінде жүзеге асады.

Дыбыстық құрылғылардың күн санап дамуына байланысты ауызша ізбе-із аударманың қолданылу аясы тарылып барады. Дегенмен жеке кездесулер, келіссөздер кезінде толық түсінісу үшін, әрі ілеспе аударманы қолдану мүмкін болмаған жағдайда ізбе-із аударма бірден-бір тиімді аударма болып табылады. Сондықтан аударманың бұл түрін әрбір кәсіби аудармашы білуі қажет.

Ізбе-із аударманың ілеспе аудармадан басты айырмашылығы мынада: ілеспе аударма мәтін тыңдалып жатқанда жасалса, ізбе-із аударма мәтін тыңдалып болғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Ізбе-із аудармада аудармашы аудармашылық жедел жазуды қолданады.

Ізбе-із аудармашыға қажетті қасиеттерді ғалым Ә.Тарақов былай бөліп көрсетеді:

1) энциклопедиялық білімнің молдығы, ой-өрісінің кеңдігі;

2) өз ұлттық тілін еркін меңгеруі және бай сөздік қоры;

3) жұмыс істейтін шет тіліндегі кез келген сөзді іштей еркін қабылдау қабілеттілігі;

4) жұмыс істейтін шет тілін еркін меңгеру, әсіресе оның сөйлеу тілін, идиомалық оралымдарын білу [14, 37-б.].

Ізбе-із аударманың бір түрі – парақтан аудару кезінде жазылған мәтін алдын ала оқылмай, оны қабылдау барысында ауызша аударылады.

Ал, абзацты-фразалы аудармада мәтін тыңдалып немесе оқылып болғаннан кейін толығымен емес, әдетте абзацтарға немесе фразаларға бөліп-бөліп тәржімеленеді. Аударманың бұл түрі бірден-бір қарапайым аударма болып есептеледі, сондықтан да аталмыш аударма мәтіннің көлемді үзінділерін есте сақтауды қажет етпейді. Абзацты-фразалы аударма монологті, сондай-ақ диалогті аудару кезінде қолданылады.

Біз тоқталатын аударманың келесі бір әмбебап түрі – жазбаша аударма. Жазбаша аударма – аудару кезінде мәтін көзбен оқылып, жазбаша жүргізілетін кәсіби аударманың ең көп тараған түрі. Жазбаша аударманың көркем аударма және ақпараттық аударма деген түрлері бар.

Көркем әдебиет – ерекше күрделі жанр. Бұл жанрдың жазушы шеберлігі, әр жазушының өзіндік стилі, даралығы, дарыны, мазмұн мен форманы берудегі жазушының қабілеті сияқты алуан түрлі мәселелері бар. Көркем әдебиет тілінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Біріншіден, көркем шығармаларда қолданылмайтын сөздер мен сөз тіркестері, фразелогизмдер некен-саяқ. Екіншіден, қай жанрда жазылған шығарма болса да, онда тіл арқылы қарым-қатынас құралдарының барлық түрінің қолданылуында, яғни ауызекі сөйлеу тіліне қоса, публицистикалық, ғылыми және ресми стильдердің элементтері осы стильде әртүрлі формада ұшырасып отырады. Үшіншіден, көркем шығармалардың басты міндеті – эстетикалық тәрбие беретіндігінде, яғни көркем шығармада сөздің эстетикалық қуаты, сөздің бейнелілігі маңызды мәнге ие.

Жоғарыда сараланып берілген көркем әдебиет стилінің белгілері аударма әдебиетке де тән.

Көркем аударма – көркем шығармашылықтың түрі. Аудармашы өзінің дүниетанымына, көркемдік-эстетикалық талғамына сай аударуға таңдап алған шығармадағы көркемдік шындықты форма мен мазмұн бірлігін сақтау арқылы жеткізеді. Көркем аудармада түпнұсқаның эстетикалық құндылығы зор. Көркем аударма – психологиялық процеспен жүзеге асатын шығармашылық өнер. Мұнда психологиялық процес шығармашылық процеспен тікелей ұштастырыла жүргізіледі.

Көркем аударма –көркем әдебиет шығармаларын, яғни негізгі қызметі оқырманға көркемдік-эстетикалық әсер ету болып табылатын мәтіндерді аудару.

Көркем әдебиет аудармашысының алдында екіжақты міндет тұрады:

1) түпнұсқа мазмұнын, сюжетін, түпнұсқа авторының негізгі идеясын барынша толық сақтау;

2) аударылатын тілдің табиғи заңдылықтарын, нормаларын қадағалау.

Ғалым А.Алдашева көркем аударманың төмендегідей айырым-белгілерін ұсынады:

а) көркем аударма – ойлаудың образдылық типінің жемісі; демек, мұнда индивидуалдық даралық, шығармашылық ізденіс бар; бірақ

ә) ізденістің шеңберіне шек қойылады, өйткені аудармашының алдында жатқан мазмұны-құрылымы дайын мәтін шығармашылық еркіндікке жібермейді;

б) көркем аударма да төл әдебиет сияқты эстетикалық қызмет атқаруы керек;

в) көркем аударма да төл әдебиет сияқты тұшымды, кедір-бұдырсыз оқылуы қажет;

г) сондықтан аудармада қазақ тілінің табиғи күйі, сөз қолдану, емлелік нормалары сақталуы тиіс [10, 26-б.].

Көркем аударма мен басқа да аударма түрлерінің арасында айырмашылықтар бар. Мысалы, көркем аударма мен ғылыми-техникалық әдебиет аудармасының айырмашылығы мынада: техникалық әдебиеттерді аударушының басты міндеті, фактілерді, қажетті мәліметтерді дәл жеткізу болса, көркем әдебиет аудармашысының міндеті – шығарма идеясы мен композициясын, көркемдік-эстетикалық элементтерін дәл, бейнелі бере білуі.

Жазбаша аударманың келесі бір түрі – ақпараттық аударма. Ақпараттық аударманың негізгі қызметі әдеби-эстетикалық әсер ету емес, қандай да болмасын, ақпаратты мәліметтерді беру болып табылады. Түпнұсқаның белгілі бір қызметтік стильге, тілдік ерекшеліктерге және оның жанрлық жүзеге асуына қатысты болуына байланысты ақпараттық аударма мынадай түрлерге бөлінеді: ғылыми-техникалық, ресми-іскерлік, саяси-публицистикалық материалдарды, газеттік-ақпараттық материалдарды, патенттік әдебиеттерді, экономика және коммерциялық қызмет бойынша материалдарды, сонымен қатар өндірістік-сауда фирмалар қызметінің материалдарын аудару.

Жазбаша аударма процесіндегі ең басты құрал – сөздік. Қазіргі «ақпараттар легі» ғасырында аудармашының жұмысын сөздіктерсіз елестету мүмкін емес.

Аудармашы арнайы терминдерді жылдам табуы үшін, алдымен, ақпараттың қандай дереккөздері бар екенін және оларды қандай ретпен, әрі қалай пайдалану керектігін білуі қажет.

Ақпараттың барлық дереккөздерін жалпы және арнайы деп бөлуге болады.

Ақпараттың жалпы дереккөздері –бұл жалпы қолданысқа арналған сөздіктер мен энциклопедиялар.

Ақпараттың арнайы дереккөздеріне –арнайы сөздіктер, арнайы энциклопедиялар, анықтамалықтар және ғылым мен техниканың әртүрлі салаларына арналған арнайы әдебиеттер жатады.








Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 20590;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.013 сек.