Көркем аударма шығармашылығы
Көркем аударма – үлкен шығармашылық іс, оның нәтижесі – басқа тілде жаңа көркемдік құндылықты жасаумен бағаланады және сол арқылы аудармашының шығармашылық белсенділігін танытады.
Аудармашы шығармадағы жай ғана тілдік элементтерді жеткізуден басқа, ең бастысы, көркемдік элементтерді жеткізуімен шеберлік танытады. Көркем аударма – көркем шығармашылықтың түрі. Мұнда түпнұсқа негізгі қызметті атқарады. Түпнұсқалық шығармашылықты шынайы түрде жеткізе білу – аудармашының басты ерекшелігі. Аудармашының шығармашылық тәсілі негізінен оның дүниетанымына байланысты. Өзінің дүниетанымына сәйкес аудармашы өзі таңдап алған шығармалардағы көркем шындықты мазмұн мен түр бірлігінде, жекеден жалпыға дейінгі тұтастықтың байланысында бейнелейді.
Аудармашының дүниетанымын жеке сөздер мен тіркестерден және де көбінесе тұтастай әдеби элементтен, яғни мәтіннің аяқталған үзінділерінен іздеуге болмайды. Көп жағдайда осынау дүниетанымның мәні де аудармашының түпнұсқаға деген жалпы қатынасынан аңғарылады. Ол аударатын шығарманы таңдап алуынан басталып, оның стилін қабылдап, түсінумен аяқталады. Аудармашының дүниетанымы түпнұсқа аудармасы түрі мен мазмұнының бірлігін қарастырып қана қоймай, аудармадағы ұлттық түрді сәйкестіру туралы мәселені де осы бірлікте шешеді.
Көркем аударма тұтастай кешенді: ақпараттық, эстетикалық және қоғамдық-саяси міндеттерді атқарады. Аударма оқырманды шығармалармен, зерттеушілермен, автормен, басқа халықтар әдебиеті, мәдениеті, өмірімен таныстырады. Аударма сондай-ақ отандық түпнұсқалық туынды жасауымен, эстетикалық құндылықтарымен оқырман талабын қанағаттандырады, ол түпнұсқалық көркем шығарманың дамуына ықпал етеді, әдебиеттің, тілдің, мәдениеттің интернационалдық қатынасының құралына айналады. Аударма оқырманды түпнұсқаға жақындатады, соның нәтижесінде басқа ұлт тілін оқып, үйренуге көмектеседі, бағыт береді.
Көркем аударма – көркем шығармашылықтың түрі ретінде онда аудармашының дүниетанымы мен тәсілі, шығармашылық дербестігі әрі аудармадағы, әрі түпнұсқадағы ұлттық ерекшелігі айқындалады. Аудармашы неғұрлым талантты болған сайын, оның дербестігі де нақтылана түседі. Аудармашы міндеті автордың дүниетанымына, мәнеріне, стилистикалық сипатына бойлау, сонымен қатар шама-шарқынша бұл дүниетанымды, мәнерді, стильді туған тілінің құралдарымен барынша мәнерлі, әдемі жеткізе білу. Теориядан нақты іс-тәжірибеге сүйенсек, әрбір аударма аудармашының дербестігін танытуы керек, басқаша болуы мүмкін емес. Әрине аудармашының дербес сипаттағы қасиеттерімен қатар, жоғарыда аталған жайлар ескерілуі тиіс. Дербестік аудармашы талантының қайталанбастығы деген ұғым береді. Аудармашыға қажет қасиеттер – терең, жан-жақты білім, ақындық-жазушылық қабілет, үлкен шеберлік, талант, мол тәжірибе, екі немесе көптеген тілдерді жетік меңгеру, кәсіби мамандану және үздіксіз іздену, шығармашылық машықтану, шабыттану, елестету кеңдігі, түйсіну тереңдігі, сезімталдық даралығы, тіл байлығы. Аудармаға құштарлық, қызығушылық, ұлт әдебиеті мен автор шығармасының жауапкершілігін жете түсіну және т.б.
Аудармашы көркемдік таланты бойынша, автормен тең дәрежеде болуы тиіс, аудармашы ақын-жазушымен бірдей дәрежеде елестетуге, сөз саптау мәнеріне ие болу тиіс. Ой қабілеті мен сезімі жағынан да тең дәрежеде болуын, түпнұсқадағы сұлулықты сондай сезіне білуін, керек болса онымен теңдесетін немесе асып түсетін өзіндік сөз байлығын, ой тереңділігін талап етеді. Қысқасы, аударманы бар қырынан жарқырата, көрсете алатын талантты шебер болу қажеттілігін ұсынады. Аудармашылық талант биік болған сайын шығарма аудармасының көркемдік мазмұны, әдемі тілі сол биіктен көрінеді. Аудармашы талантымен, тәжірибесімен, шеберлігімен ақынның жүрегінен, ой-түйсігінен шыққан өлеңдегі көркемділік пен рухты, бейнелеулер мен әсерлілікті жоғалтуға құқылы емес. Көркемдік елестету, шығармашылық сезімталдық, терең түйсік көркем аударманың қай түріне де тән.
Кез келген жақсы аударма сүйіспеншілікпен, ынта-ықыласпен жасалады. Бұл сүйіспеншілік шығармаға, авторға деген құрмет сезімінен туындайды. Аударманы оқып, үлкен әсер алған оқырман, біріншіден, шығарма авторына деген ризашылығын байқатса, екіншіден, аудармашыға да сүйсінеді. Автор мен аудармашы бірін-бірі көрмеуі де, білмеуі де мүмкін. Алайда шығарма иесіне деген сүйіспеншілікті аудармада құштарлық сезіммен көрсеткен аудармашы өзге ұлт әдебиеті алдында қоғамдық, адамгершілік, рухани парызын өтейді.
Көркем аударма – көркем әдебиет жанрын басқа тілде баяндайтын аударма түрі. Әлемді мәдени түрде меңгерудің көркемдік құралы. Адамзаттың ой-санасының, білім-танымының дамуындағы мәдениеттер байланысының өркендеуіндегі қызметі өлшеусіз. Оның теориялық негізі тарихи, әдеби міндеттерді шешуге бағытталған аударматану мен әдебиеттану теориясына негізделген. Көркем шығарма аудармасы дегеніміз түпнұсқалық шығарманың көркемдік рухын басқа тілде дәл, сәйкес, шынайы, сапалы жасап шығу. Оны аударылатын ұлт тілінде жазылған туындыдай, соның көркемдік-ой дәрежесіндей жеткізе білу керек.
Әрбір аударма оқырмандарына төлнұсқаның құндылығына сай әсер дарытуы тиіс. Көркем аудармада, мүмкіндігінше, сөздерді, тіркестерді, сөйлемдерді қалдырып кету немесе қосу, аудармашы тарапынан өзгертуге болмайды. Егер шығармада кемшілік, түрлендіру кездессе, оларды дәл сол қалпында аударып көрсеткен дұрыс. Көркем шығарма аудармашысының тәжірибесі, еңбексүйгіштігі, қабілеттілігі мейлінше төмен деңгейде болса аудармада соншалықты қарабайыр, жалған түрде жасалады да, толық көркемдік құндылыққа, жоғары сапалылық дәрежесіне жете алмайды. Тәжірибелі аудармашы өзінің шығармашылық таланты мен шеберлігін, алғырлығы мен адалдығын түпнұсқаның дәлдігін, шынайылығын сақтап жеткізу мүмкіндігін де көрсете алады. Қабілетсіз, тәжірибесіз аудармашы өзінің ыңғайына бейімдейді, өйткені ол аударманың қадір-қасиетін, мән-мағынасын түсінбейді. Жақсы аудармашы автор шығармасының бар құндылығын жеткізуді көздейді. Көркем әдебиет шығармаларының аудармасында түпнұсқаның дербес өзіндік бітім-болмысын, ерекшелігін жасау кезінде оны эстетикалық қабылдау мәні ерекше. Аудармашы шығарманың көркем мазмұнының бар ерекшелігін сақтаумен бірге, образдық жүйесін, семантикалық, стилистикалық баяндау мәнері және бейнелеу сипаттары мен мүмкіндіктерін ана тілдегідей аударма тілінде де жеткізуге ұмтылады.
Көркем аударма – коммуникативтік қызметтің айрықша түрі. Көркем мәтін аудармасын жүзеге асыру кезінде аудармашы тек бір жақты аударма ауқымында қалып қоймауы тиіс. Ұлттық рухани мұра аясында мәдениетаралық, мәдени-этникалық және көркемдік коммуникациясының айрықша түрі ретінде қарастырылуы жөн.
Көркем аударманың мақсаты – шет тілін білмейтін оқырманды сол халықтың шығармаларымен әлем әдебиетінің озық үлгілерімен, классикалық туындылармен таныстыру. Шығарманың көркемдік ерекшелігін, дербес құрылымдық сипатын, ұлттық колоритін сақтау – аудармашының табысқа жетуінің басты кепілі. Мұндай жетістікке жету үшін аудармашы бірінші кезекте түпнұсқаның көркемдік мазмұнымен бірге, философиялық рухын, әлемін терең сезінуі тиіс, бұл үшін талантты аудармашы болу аз, нағыз әдебиетші, энциклопедист, ғалым болуы қажет. Мысалы, грузин аударма теоретигі, аударма ғылымының докторы, профессор Г.Р. Гачечиладзе – үлкен әдебиетші ғалым әрі талантты аудармашы да. Классик суреткер М. Әуезов –сөз өнерінің асқан шебері, фольклор, публицистика, поэзия, драматургия, әдеби жанрлардың барлық түріне терең талдаулар, зерттеулер жасай отырып, ұлттық аударма өнерін дамытуға, шет елдер әдебиетімен байытуға баға жетпес үлес қосқан сан қырлы талант. М. Әуезовтың аударма туралы пайымдаулары әлемдік аударма ғылымында лайықты орын алады.
Тәжірибелі, талантты проза аудармашылары әркез түпнұсқаның рухын, идеялық-көркемдік ерекшелігін, образдық жүйесін, стильдік даралығын сақтауды басты парыз деп біледі. Аударма шығармашылығында ең қиыны – түпнұсқаның барлық ерекшеліктерін, бейнелеу элементтерін, көркемдік-эстетикалық құндылықтарын, стилін сақтап, дәл де айқын жеткізу.
Кейде аударма мәтінін көркем, әсерлі, шынайы жеткізу қажеттілігінен кейбір сөздер пайдаланылмай қалады. Сондықтан көркем аудармада сөздің саны түгелденбейді, көркемдік, сезімдік, экспрессиялық қуаты алға шығады. Көркемділіктің сақталуы үшін түпнұсқалық мәтіндегі сөздер түгел қолданылмайды. Бірақ мағына, ой қуаты түпнұсқадағыдан еш кемімеуі тиіс.
Көркемділігі жоғары аударма – үлгілі аударма. Түпнұсқаның көркемділігін аударма арқылы жеткізу – маңызы зор мәселе. Түпнұсқа тұтастай бар көркемділік құндылығымен аудармада қайталанғанда ғана биігіне жеткен. Түпнұсқаның композициясы, сюжеттері, бейнелеу элементтері, стилі, интонациясы, әуезділігі, ырғағы, эстетикалық-көркемдік құндылықтары тұтастай аударылған жағдайда ол нағыз шығармашылық рухын сақтай алады. Түпнұсқаның тынық-мазмұндық ағынына бойлай жүзу, үйірілген ой иіріміне тереңдей ену, әуездік-ырғақтық нәзік толқындық тербелісін аңғара білу – аудармашылық алғырлық, көрегендік. Шынайы, сапалы, биік көркем аударма – көркем әдебиеттің жарқын жетістігі.
Көркем аудармада да туыс тілдер аудармасында да қателіктер жиі орын алуы, кейде мағыналас сөздердің әр тілде өзіндік дербес ұғымы барын аңғармаудан туындайды. Кеңестік кезеңде Орта Азия халықтарының көркем шығармалары қазақшаға көбінесе сол ұлттың тілінен емес, орыс тілінен аударылды. Мұның өзі де сатылы аударма жүйесінде болғандықтан да, небір таңдаулы туындыларды биік көркемдік дәрежесінде жеткізуге мүмкіндік бермеді.
Тіпті соншама дәл аударманың сөзі барлық қырынан түпнұсқамен үйлесе бермеуі, «шексіз дәл» болып шықпауы мүмкін. Аударма толығымен түпнұсқаны қайталауы да қажет емес, қайталау – өнерге кереғар. Аударма түпнұсқадан әлдебір жағынан кем түскенімен, бәрібір іс-жүзінде түпнұсқаны ауыстыратынын, керек болса түпнұсқа өміріне ықпал ететіндігін ерекшелейді. Сондықтан аудармашы автор шығармасын көшіруші емес, оны қайта жасап шығушы екенін естен шығармауы керек. Аудармашы өзін автор санатында сезінуі тиіс. Автор талантын бағалап, қадірлеу, оның шығармасына сүйіспеншілік танытумен ұштасады. Сонда ғана аударма сәтті, көркем, көрнекті, көңілдегідей шығады.
Шығармалардағы кейіпкерлердің әралуан болмысынан жазушылардың көзқарасындағы, психологиясындағы бейнеленіп отырған дүниеге ұлттық қатынасын айқындап алу – аудармашының айрықша бір қасиеті. Кейіпкер бойындағы ұлттық мінез-қылықты жеткізудегі жазушының көркемдік ізденісін, сөз саптауын, стилін, бейнелеу, сипаттау элементтерін қолдану тәсілін жете білуден аудармашы ұтылмайды.
Өнер туындысын орындаушы оны шабыттана, жандүниесімен сезіне орындайды, оған бар болмысын, ақыл-ой, білім, ізденісін аянбай арнайды. Соның рухына беріледі, бағынады. Аудармашы да тура сондай. Басқа автор туындысын өз туындысындай сезініп, түсінгенде ғана аударма сүйіспеншілікпен, шынайылықпен жасалады. Мұндай аударма басқа тілдің байлығымен, таланттың қуатымен жасалған көркемдік кереметі!
Аударма шығармасына аудармашы бар өмірін, талантын, жандүниесін, шығармашылық құштарлық пен қызығушылығын арнағанда ғана, ол бар табиғатымен, тұтастылығымен, құрылымдық элементтерімен тегіс танылады. Автордың ой-сезімін, дүниетанымын, стильдік дербестігін, көркемдік әлемін терең түсіну, айқын сезіну – аударма сәттілігінің негізі.
Көркем әдебиет аудармасын жасаудың қажеттілігі әдебиеттің рөлін, қоғамдағы орнын, мәдени ықпалын сезінуден туындайды. Сондықтан аудармашы – ақын-жазушы мен өз ұлтының оқырманы арасындағы шығармашылық қатынасты қалыптастырушы, мәдениетті жалғастырушы ықпалды тұлға. Кітаптың тағдыры ғана емес, бүкіл көркемдік-идеялық мазмұны мен стильдік жүйесінің, тілінің, бейнелеу құралдарының барлық элементін сәтті жеткізу аса маңызды. Көркем әдебиет шығармаларының оқырман талғамынан табылып, жақсы оқылуы, тез таралуы, сұранысқа ие болуы да аударманың жоғары деңгейде жасалу нәтижесі.
Аудармада автордың шығармада нені мазмұндағанын, қандай мақсат көздегенін, нені басты мәселе етіп көтергенін немесе неге басым көңіл аударғанын білу – сыншыға, әдебиетшіге, аудармашыға тікелей қатысты болса, мәтіндегі автор ойын, сөз астарындағы құпия сырды дәл аңғарып, ұғыну аудармашылық сезімталдық пен түйсіктілікті талап етеді. Шығармалардағы автор ұстанымы, мұраты, ой-танымы неге бағытталғанын білу маңызды. Сондықтан көркем туындыны қайталап, асықпай, жайлап түйсініп оқу аудармаға пайдасын тигізеді.
Аудармаға да талғам, таңдау қажет. Оқырманның талап-тілегімен санасу, қандай әдеби туындыға қызығатынын білу өз алдына, аударылатын көркем шығарманың ұлт өміріне, мәдениетіне тигізер ықпалын, рухани жақындығын, әдебиетке енгізер жаңалығының маңыздылығын, тигізер пайдасын, тәрбиелік-тағылымдық сипатын, эстетикалық құндылығын ажыратып алу қалайда қажет. Осы мәселелерді жете біліп, дәл таразылап, салмақтап барып аударма жасауға кіріскен дұрыс.
Аудармашы түпнұсқа көлеңкесінде қалып қоймай, оны шабыт шуағымен, жандүниесінің жылуымен жарқыратуы қажет. Аудармашы түпнұсқаға бағдарлана отырып, оны соншалықты дәл жасаудың жолдарын үнемі ізденуі керек. Бірақ сөзбе-сөздікке соқтықпауы абзал.
Туыстас тілдер туындысын тәржімалау оңай болып көрінгенімен, кездесер қиындықтар да жеткілікті. Яғни белгілі бір ұқсас сөздердің әр басқа мағынаны білдіруі аудармашыға опық жегізуі мүмкін. Көркем аудармадағы екі кедергінің бірі – сөзбе-сөздік, екіншісі – ойдан қосу, өз бетінше түрлендіру. Түпнұсқадағы сөздерді санамалап, саудыратып тізіп шыққанмен, аударма өз деңгейіне жете алмайды. Ондағы сөзді емес, ойлар мен сезімдерді аудару, мәтін мағынасын шығарма жазылған тілдегі көркемдік деңгейінде жеткізу қажеттілігі зор. Аударма шығармашылығының кілті – тілді жетік меңгеруде. Аудармада көркемдік мазмұн мен түрді, түр болғанда ұлттық түрді сақтап жеткізу – үлкен іс.
Халықтың әдебиеті бай болған сайын, оның әдеби тілі де – бай, алуан бояулы, бейнелі, әдемі де әрлі, нақышты на нәрлі. Тіл байлығы шебер жасалған аудармадан айқындалады. Көркем туындыны аудармада шынайы түрде, ұлттық сөздік қордың бар мүмкіндігімен және мол байлығымен қайта жасап шығу нәтижесінде ол екінші бір халықтың әдебиетіне тәржімалық шығарма болып қосылып қана қоймайды, нағыз түпнұсқаның қызметін атқарады.
Көптеген аудармаларда әдеби тіл нормасы шеңберінен шығып кетушілік, грамматикалық, лексикалық, стилистикалық, орфографиялық, орфоэпиялық ережелерге жеткілікті көңіл бөлмеушілік жиі кездеседі. Аударма тілі түпнұсқаның рухын, стильдік сипатын толық сақтауы тиіс. Түпнұсқада жоқ көркемдікті, мәнерлілікті, бейнелілікті аудармада жасау қажет емес. Бірақ аударма тілі жұтаң, қарабайыр, солғын болмауын ескерген жөн.
Әрбір көркем шығарма – белгілі бір дәуірдің жемісі. Мысалы ХІІ немесе XV ғасыр туындыларының тілі өзгеше, оны сол уақыттың тілімен бүгінгі күнге түсінікті әрі көркем, сапалы жеткізу – өте ауыр іс. Сондықтан оны сол үлгіде немесе біздің сөйлеу тілімізге салып аударып жеткізуге болмайды.
Тілдік материалды грамматикалық, лексикалық, стилистикалық және басқа құралдарды шығармашылық түрде аудармада дұрыс пайдалану түпнұсқаның идеялық-көркемдік мазмұнын дәл жеткізуге мүмкіндік береді.
Жоғарғы дәрежедегі жақсы аударма жасау аударма тілінің тазалығымен, биік мәдениеттілігімен тығыз байланысты. Бірінші кезекте ол түпнұсқа деңгейінде аудармада пайдаланылатын барлық лексика-фразеологиялық және стилистикалық құралдардың табиғи түрде қажеттілігіне қатысты. Аудармада әдеби тіл нормалары сақталып, барлық грамматикалық түрлері талапқа сай тиімді қолданылуы тиіс. Әрбір тілдің өзіндік заңдылығы, қолданылу ерекшелігі бар. Мұны аудармашы мұқият ескеруі керек.
Аудармашының басқа да ерекшеліктерімен бірге, терең теориялық білімі, әрі филолог маман, зерттеуші, сыншы ғалым болу міндеттілігі де аударылатын әдеби шығарманың көркемдік құндылығына жету талабынан туады. Аудармашы аудармадағы әрбір сөздің, тіркестің тілдің логикасы мен эстетикасына бағынуына көңіл бөліп, оқырманның түпнұсқаны ана тілінде жазылған төл туындыдай әсерде қабылдайтындай дәрежеге жеткізуі керек.
Басқаша айтқанда, аударма түпнұсқа тәрізді оқырманға көркемдік-идеялық мазмұнымен ғана емес, эстетикалық тұрғыдан ықпал етуі тиіс. Аударма тәжірибесінде түпнұсқа тілі және аударма тілінің жалпы және қызметтік өзгешелігін білу маңызды. Бұл аудармашыға аталған тілдерде анағұрлым сәйкес, баламалы сөз, тіркес түрлерін дұрыс сұрыптауға мүмкіндік береді. Ол бір тілдің механикалық тасымалын екінші тілге апарудан, аударма тілінің нормасын бұзудан сақтандырады. Сөйтіп, түпнұсқаны аударуда соның көркемдік құндылығына сәйкес сөз мәдениетінің деңгейіне жетуге ықпал жасайды.
Тіл мәдениеті әрбір ұлттық тіл заңдылығында оны орынды пайдалануды талап етеді. Аударма мәтіні әдеби тілдің нормасына лайық үйлесімділікке жетуі тиіс. Түпнұсқадағы автор ойын жеткізу үшін соған сәйкес сөздер мен тіркестер, балама табу, тілдік құралдарды дұрыс сұрыптап, қолдана білу маңызды. Аударма тәжірибесінде ойды жеткізуде бейтарап тілдік құралдарды пайдалану кездеседі. Бұл авторлық мазмұндауға өзге тілді араластыру болып шығады. Мұның өзі түпнұсқаны аударуда сәйкессіздік және түсініксіздік туғызады.
Сөз мәдениеті аудармадағы орфографиялық ережелер мен тілдің орфографиялық бірлігіндегі нормаларды сақтауды талап етеді. Оны бұзу сөздің мағынасын бұрмалауға әкеп соғады. Бір сөз атауы әртүрлі тілде әрқалай бейнеленеді, айтылады. Сөз – адам жандүниесінің кілті, ол адам мінез-құлқын, жаратылыс бітімін, мәдениетінің деңгейін, ұлттық ерекшелігін, сондай-ақ болмыс даралығын танытады.
Эмоционалды-экспрессивті және бейнелеу құралдары – көркемдік шығарма түрлерінің қажетті бөліктері. Олар шығарманың эстетикалық құндылығын арттырумен бірге, көркемдік ықпалын күшейтеді, сондай-ақ автор алдына қойған негізгі стилистикалық мақсаттың жүзеге асырылуына қызмет етеді.
Сөз мәдениеті – бұл тілдік құралдарды орынды, шебер, мақсатты түрде пайдалану, қажеттілігінше дәл қолдана білу. Аударма жасау барысында немесе аударма шығармаларын редакциялау кезінде мұның өзіндік ерешелігі мен мән-маңызы айқындала түседі. «Қалауын тапса қар жанар» демекші, аударма шығармашылығында әр сөздің өзіндік ерекшелігін біліп, оны түпнұсқа мәтініне сәйкес таңдау, дәл де ұтымды қолдану мәні айрықша.
Сөз мәдениеті эстетикалық ықпалды күшімен адамның ғылыми және көркемдік ойларын жетілдіру ісінде маңызды рөл атқарады. Ол ойлардың өзара жалғастығы жағдайында, логикалық ережелер мен әдеби тілдің нормаларына сәйкестік негізінде тілдік бейнелеу құралдарын шебер, орынды пайдалануды талап етеді. Сөз мәдениеті – адамның жалпы жоғары мәдениеттілігін, оның туған тіліне деген сүйіспеншілігін айқындайды. Сөз мәдениетін құрметтеу арқылы аудармашы өз тілінің бұрмаланбауына, аудармада қалай болса солай, орынсыз, қарабайыр түрде қолданылып кетпеуіне зор көңіл бөледі. Аудармадағы тіл байлығы, сөздік қордың молдығы сөз мәдениетінің жоғарғы дәрежесін көрсетеді.
Көркем аудармада да жалпыхалықтық әдеби тілдің қолданыс ауқымы кең. Көркем аударма тілі мен төл әдеби тілдің арасында айқын айырмашылық бар. Жекелеген жазушылардың сөз қолданысын әдеби тілдің мүмкіндігін көрсетудің үлгісі деп санауға болмайды.
Көркем аударманың міндеті көркем тілдің барлық байлығын пайдалана білу және сол арқылы түпнұсқаның көркемдік құндылығына жету болып табылады. Аудару процесінде негізінен бірінші түпнұсқа мәтіні, екінші аударма мәтіні жүзеге асырылады. Аударманы іске асыратын тіл – аударма тілі. Ал көркем аударма шығармасында аударма тілінің мәнерлі, жүйелі қолданылуы, баламалардың сәтті таңдалуы аударылатын шығарманың мазмұндылығын, көркемдігін, эстетикалық әсерін арттырады. Түпнұсқа мәтіні мен аударма мәтінінің мағыналық түр жағынан сәйкестігі балама саналады. Жақсы аудармашы шығарманы халық тілінің бар байлығымен әдемі, мәнерлі жеткізуді көздейді.
Аударма тілінің нормасын сақтау Европа ғалымдарының үнемі назарында болды. Мәтін аударылатын тілдің нормасына сәйкес келуі керек деп есептелді. Шекспир трагедияларының классицистикалық аудармаларында поэзия мен проза араласты, комикалық жағдайлар трагедиялыққа ұласты, шығарманың көркем, бай тілі орнына қатал да қарапайым сөйлеу лексикалары қолданылды. Сөйтіп трагедиялардағы уақыт, орын және іс әрекет бірлігі бұзылып кетті.
Кез келген аударма түрлері, мейлі әскери, ақпараттық, ғылыми, саяси, тарихи немесе көркем аударма болсын екі тілдің өзара байланыс заңдылықтарына сүйенеді, аударма мәселесі әркез тіл білімі саласында шешіледі. Аударма теориясы кей жағдайда әдебиеттануға, әдебиет тарихы мен теориясына да жақындайды, осы байланыс бойынша ол лингвистикалық пән ретінде оның қызметін ауыстырмайды. Аударманың да лингвистикасы бар. Жалпы, аударманың жақсы жасалуы – екі тілді оның лексикологиясын, синтаксисін, грамматикасын, стилистикасын терең меңгеруде.
Аударма ісінде ең үздік тілдік құралдарды таңдау түпнұсқаның көркемдік элементтерін қайта жасап шығуға негізделген. Аудармашы ең алдымен түпнұсқаның тілдік ерекшелігін емес, автор тәрізді шығарманың көркемдік-идеялық негізін беруге тырысады. Сондықтан да мұнда екі тілді терең меңгерудің маңызы зор. Түпнұсқа тілі мен аударма шығармасы жасалатын тілді барлық лингвистикалық заңдылықтарымен, стилистикалық, лексикалық, синтаксистік, грамматикалық құрылымдарымен жақсы білетін аудармашы жақсы аударма жасай алады. Бұлар аударманың сапалы орындалуына мүмкіндік туғызады. Аудармашы сөз, тіркес қиындығына тәуелденіп қалмайды. Аударма процесінде мәтін мағынасын толық жеткізудің жолын таба біледі. Оған түпнұсқа мәтініне сәйкестіктегі тілдік құралдар іздестіру жеңіл. Мұндай жағдайда аударма сәтті, шынайы, құнды жасалары айқын. Аудармада түпнұсқаның көркемдік элементін барынша дәл, айқын жеткізу үшін анағұрлым мол тілдік құралдарды дұрыс таңдап алудың мәні терең.
Көркем аударма – көркем шығармашылықтың бір саласы, ол тілдің заңдылықтарына сүйенеді. Сөйлем – шағын мәтін. Ол алуан, күрделі ойлардан құралады. Аудармашы да, аударма шығармаларын өңдейтін әдеби өңдеуші де мәтіннің 4 өлшемін білуі керек: 1) мәтіннің атауы (аталған мәтінде сөз не жайында болып жатқаны); 2) мәтіннің қызметі (мәтіндегі автор көздеген мақсат); 3) мәтіннің прагматикасы; 4) мәтіннің жоғарғы құрылымы (яғни бір-біріне өзара ықпал ететін лексика мен синтаксистің біріктірілуі) (А.Д. Щвейцер). Прагматика тіл білімінде кең ұғымға ие. Екі тілдің бірлігі мен сөз өнері шығармаларында коммуникативтік процес, олардың әралуан трактовкасы. Аударманың прагматикалық нормасы оның құндылығын қамтамасыз етеді. Мәтіннің прагматикалық мәні оның эмоцианалдығында, экспрессивтілігінде стилистикалық сипатында.
Тіл нормасы, адамдардың өзара қарым-қатынасы нәтижесінде қалыптасып, жүйеленген, халыққа ортақ, кең қолданыстағы тілдік құбылыс. Тіл нормасы – тарихи құбылыс. Өйткені, халықтың өсіп өркендеу, тіршілік кезеңдерімен байланысты. «Тіл нормасына» қоса «Әдеби норма», «Әдеби тіл» терминдері айтылады. Әдеби тіл нормасы жазу мәдениеті арқылы жаңарады, жетіледі. Әдеби тіл – сөйлеу және жазба тілде әбден қалыптасып жиі қолданылатын тілдік құралдар жүйесі.
Көркем аударма түпнұсқа мен аудармашылық шығарма саласындағы сөз мәдениетін жетілдіруге атсалысады. Аударманың биік көркемдік дәрежеде орындалуына аудармашының салыстырмалы стилистиканы жете меңгеруі тиімді. Ол – аудармашыға көмектесетін басты құрал. Жазушыға – қалам, суретшіге – қылқалам, мүсіншіге – қашау қандай қажет болса, аудармашыға да ол сондай қажет. Салыстырмалы стилистика негізінде түпнұсқа тілі мен аударма тілінің барлық лингвистикалық заңдылықтарын, тіл білімінің салаларын жетік білу көзделеді. Ең бастысы, аудармашы ұлттық тілдің бар байлығын жеткілікті қолданған жағдайда, бірде-бір орашолақ орамдар, түсініксіз тіркестер, мағынасы бұлдыр сөздер туындамайды. Мінсіз аударма жеңіл оқылады. Мүдіріп, кідірмейсіз. Авторы бейне сол ұлттың тілінде жазғандай әсер қалдырады, сүйсініп, мейірленіп оқисыз.
Аудармада сөз нормасын, мәдениетін дұрыс сақтамаудан көркем бейненің эстетикалық, рухани болмысы әлсіреп, шығарма мазмұнының солғындауына әкеп соғады. Сондықтан аудармашы екі тілді де жан-жақты, терең білуі тиіс.
Тіл байлығы – ой байлығы. Аударманың бай сөздік қорымен, стилистикалық-семантикалық, лексикалық сипатымен көрінуі – тілді шебер меңгерудің ықпалы. Тілдік норма әдеби тілдің тұтастылығымен ортақ түсініктілігін сақтауға ықпалдасады. Бұл әдеби тілді диалектілерден, әлеуметтік және кәсіби жаргондардан, қарапайым ауызекі сөйлеу тілінен қорғайды. Бұл жағынан келгенде мәдени қызмет атқарады. Әдеби тіл нормасы орфоэпиялық, грамматикалық және лексикалық нормаларды үйрену арқылы меңгеріледі.
Аудармада тіл мәдениетін сақтауда стилистиканың орны ерекше. Сөйлеу мәдениеті ұғымында да тіл нормасы өзекті мәнге ие. Демек, жазбаша аудармада, әсіресе көркем аудармада тіл нормасын сақтаудың өзіндік рөлі болса, ауызша аудармада да тілдің нормасын қалайда сақтауға ұмтылу жөн. Әдеби тілдің нормасын сақтаудың басты негізі – сөйлемдерді грамматикалық және стилистикалық жағынан дұрыс құрай білу. Сондай-ақ өзара қарым-қатынас барысында сөздегі этикалық норманы сақтау да маңызды. Яғни, сөз сөйлеу этикасы (әдебі) адамгершілікке, ұлттық-мәдени дәстүрге, сыпайы, сыйластық қарым-қатынасқа негізделеді. Сондықтан ауызша аудармада қандай жағдайда да сөйлеуші адамның атақ-дәрежесі, жас ерекшелігін ескеру қажеттілігі байқалады. Көркем аудармада да осыған көңіл бөлу қажет.
Түпнұсқадағы көркемдікті сақтаудың маңыздылығы да – тіл байлығын орынды, сәтті таңдап қолдана білуге байланысты. Мұның өзі ұлттық тіл нормасын сақтауға келіп тіреледі. Көркем аудармашы үшін әдеби тілді барлық заңдылықтарымен, ережелерімен білу міндет. Тілді терең білу аудармаға әдеби қатынас жасау ретінде оның айрықша әдеби қызметіне негізделген мағыналық стильдік және бейнелеу сипатындағы құралдарын жеткізу саналады. Алайда көркем ойдың әдемі, мәнерлі жеткізілуі ұлттық тіл байлығын шебер қолдана білумен маңызды. Түпнұсқаға жақындық оның негізгі әуезділігін қайта жасау деген ұғым. Бұл мәтін дәлдігі, көркемдігі, интонация, әуез, бар стилдік сипаттарының түпнұсқаға сәйкес берілуі. Әр жанрдың табиғатына сай тілі де сол деңгейден табылуы тиіс. Көркем шығарма тілі өзінің сұлулық, бейнелілігін, әуезділік, әсерлілік сипатын жоғалтпаса керек. Ал ғылыми тіл дәл де айқын, түсінікті де ықшамды болуымен ерекшеленеді. Публицистикалық тілдің ақпараттық, коммуникативтік әрі мәнерлі де нақты, жинақы жүйесі сақталуы қажет.
Басқа тілдегі фразеологияның көшірмесін дәл беру мүмкін емес. Әрбір тілдің өзіндік синтаксисі бар. Аудармашы түпнұсқамен, яғни шет тіліндегі мәтінмен мұқият таныса келіп, оны өз тілінде барынша дәл жеткізуге күш салады. Ұлттық тіл логикасы мен эстетикасына бағына келе, аудармашы әрбір тіркестің өз тілінде мағыналық реңк табуына ұмтылады.
Қазіргі аудармашылардың айтуынша, түпнұсқаның синтаксисін аудармашы меңгеруге тиіс емес, керісінше аудармашы өзінің ұлттық тілінің синтаксисін еркін меңгеруі тиіс. Бұған айтар ойымыз түпнұсқа синтаксисін білу керек. Бұл стильді дұрыс жеткізу жолы.
Аудармада сөз мәдениетін сақтау сөзді дұрыс айту, ойды дәл жеткізу, бәрінен бұрын, тілдің грамматикалық нормасын мұқият меңгеру болып табылады.
Аударма шығармаларының күрделенуі соған сәйкес грамматикалық категорияның болмауы салдарынан туындайды. Аударманың грамматикалық нормасының бұзылуына бастайтын бір себеп сөз қолданылудағы грамматикалық ережелерге мән берілмеуі, ескерілмеуі. Аудармашының ой-мақсатының дұрыс жүзеге асуы – сөздің түрін таңдаудан, баламалық мағынаны ұтымды үйлестіре білуінен, оның грамматикалық категорияларын сұрыптап, саралап қолданудан.
Аудармашы үшін тіл білімінің заңдылықтарын филологтан кем білмеуі қажет. Жақсы аудармашы болғанымен, аударма тілі нашар, қарабайыр, солғын жасалса, бұл – үлкен қателік. Сондықтан лигвистиканың бар заңдылықтарын жетік білу маңызды.
Аударма ұлт пен ұлтты, мәдениет пен мәдениетті жақындастырудың басты рухани құралы ретінде барған сайын маңызын арттыруда. Аударманың айрықша қажеттілігін егемен еліміздің қоғамдық, мәдени өмірі, ғылымы барған сайын айқын сезінуде. Осы тұрғыдан келгенде көркем әдебиет аудармасына да уақыт процесіне сай жаңаруға, толығуға, оқырманның рухани, эстетикалық талғам-талабын өтеудің жаңа биігіне көтерілуге бетбұрыс жасау қажеттілігі зор.
Аударма бір ғана көркем әдебиеттің даму деңгейімен өлшенбейді, басқа түрлі ғылым салалары жетістіктерінен де көрінеді. Адам бойында адамгершілік қасиеттер мен рухани құндылықтардың да берік қалыптасуын көркем әдеби шығармаларымен қатар басқа халықтардың мәртебесін, көтерген жекелеген тағылымдық, тәрбиелік еңбектер, атап айтқанда философия, тарих, этика, эстетика, мәдениеттану, логика, психология, өнертану т.б. тың еңбектердің, маңызды жаңа ғылыми зерттеулердің аударылуы да зор ықпал жасайды.
Аударма – әртүрлі әдеби жанрларды байытады, олардың жаңа қырын ашады. Көркем аударма стильдік, тілдік байлығы композициялық, мазмұндық, эстетикалық сипаты тұрғысынан, жоғары деңгейде жасалуы тиіс. Аударма теориясы тұжырымдағандай, көркемдік дәлдікте, сәйкестілікте әрі уақытымен үндес жасалғанда, ол әдебиеттің жетістігіне айналады. Аударма түпнұсқаның бар көркемдік, эстетикалық сұлулығын, тіпті әуездік-ырғақтық кереметтілігіне дейін жеткізуі керек.
Аудармашы аударма өнерінде ақынның бейнелеу әлеміне, тіл байлығына, сипаттау сұлулығына, көркемдік кеңістігіне еркін бойлай отырып, көп нәрсе үйренеді, шығармашылық ізденісін жетілдіреді. Суреткер талантының құпия сырларына қанығады. Тәжірибе толыстырады. Көркем шығарманың аудармадағы тәржімалық тағдыры кейде сәтті, кейде сәтсіз де болады. Сәтті, табысты болуы – аудармашының шеберлігі мен тәжірибесін аянбай жұмсап, түпнұсқаны биік көркемдік деңгейінде құрылымдық элементтерімен тұтастай оқырмандарға жеткізуі болса, сәтсіздігі – жақсы шығарманың нашар аудармашы қолынан шалағай, жарамсыз дүние болып шығуы. Кейбір түпнұсқалық туындылар жақсы аударылуымен тұтастай немесе кейбір сюжет, эпизодтарымен басқа шығарманың композициясына жаңаша мазмұндық, көркемдік сипатта енеді. Әлем аударма тәжірибесінен бұған көптеген дәлелдер бар.
Жоғары көркемдік сападағы аударма – ұлт мәдениетін өркендетумен бірге, әдебиеттің дамуына өлшеусіз ықпал етеді, ұлттық тілді байытады, өзге халық туралы таным-түсінікті кеңейтеді. Көркем аударма бұл – автор талантымен бәсеке түсу, көркем шығармашылықты меңгерудің, қабылдап танудың, бағалаудың жарқын үлгісі, ой мен ойдың, сөз бен сөздің сезімталдық сипатындағы сайысы. Бұл үлкен шығармашылық өнер ғана емес, ұлт әдебиеті мен автор шығармашылығы алдындағы маңызды сын.
Аудармаға да қатаң талап талғаммен қараған дұрыс. Оқырманды тартатын, қызықтыратын туынды кезек күттірмеуі керек. Аударма жетілдірілген сайын ол соншалықты күшті әрі маңызды, ал көбейген сайын соншалықты бір ұлттың дәстүрі екіншісімен терең ұштасады, әдебиеттердің өзара ықпалдастық процесі пәрменді жүреді. Аударма – халықтар арасындағы мәдени қарым-қатынастың рухани қоғамдық, тарихи байланыстың ежелгі түрі. Әдеби ортада аударма жеке авторға ықпал ету, жаңа шығармашылық процес қатынасында жалғасады.
Ұлт талантына құрмет, ұлтқа қызмет ету, бір халықтың ұлттық мұрасын өз елінің игілігіне айналдыру жолында аянбай, талмай еңбек еткен аудармашылық шығармашылық қай кезеңде биік бағаланады. Бүгінде М.Әуезов арқылы Абайды таныса, Ш. Айтматов туындылары арқылы әлем оқырмандары қазақ, қырғыз халқының өмірінен, тұрмысынан хабардар болуда.
Аударма қай кезде де идеологияның маңызды бөлігі саналған. Бірінші дүниежүзілік соғыс Батыста аударманың кең таралуына ықпал етті. Мұндай бағыт – жауды «көркем шығарма» арқылы «танып, білу». Кейбір аудармалар нысаналы түрде орындалды, кейбіреуі үгіт-насихат мақсатында әдейі жасалды.
Әрбір елде аударма және де қуатты идеологиялық қару ретінде қандайда бір оның маңыздылығы жаңа мәдени кезеңнің басталуында ерекше үлкен рөл атқарады. Аударма әр дәуірдің идеялық-эстетикалық талаптарына сәйкес орындалады. Мұндай жағдайда аударма өткенді қазіргі уақыттың қызығушылығы үшін қайта жаңғырту негізінде пәрменді мәнге ие болады. Аударма мәңгілік қатып қалған дүние емес. Қоғам дамуына, өркениеттің өзгерістеріне орай үздіксіз жаңарып-жетіліп отырады. Өйткені уақыт, заман өзгереді, соған орай адамдардың дүниетанымы, көзқарасы да өзгеріп отыратыны заңдылық. Осыған орай аудармашының да тұжырымдары, сипаттары үздіксіз өзгеріп, жаңарып отырады. Осылайша бір шығарманың бірнеше аудармасы жасалады. Бұл әдебиетте жиі қайталанатын жайт. Бірақ әр аударма өз уақытының талабына сай болуы керек, басқасын қайталамауы тиіс. Өз уақытына сәйкес аударма оқырманынан лайықты бағаланады.
Жалпы аударма қашанда өз уақытының ғана емес, келер кезеңдердің де қажетіне жарап, рухани игілікке ұласады. Дәуір-заман өзгергенмен, жақсы аударманың маңыздылығы көркем шығарманың рухымен бірге тыныстайды. Олар белгілі бір әлеуметтік дәуірде жасалады, әрі сол дәуірдің идеялық қаруы саналады. Сондықтан да, ол – өміршең, жасампаз. Өйткені түпнұсқаның шығармашылық ұзақ өмір сүруі оның идеялық және көркемдік құндылығында. Аударма шығармасының осы құндылығы сақталғанда ғана ол өзге халықтың рухани жемісіне айналады.
Ұлттар арасында дәстүрлі түрде аударма жасау кеңестік идеологияның негізгі бағыттарының бірі болды. Қазір бұл үрдіс ТМД елдеріндегі экономикалық-әлеуметтік жағдайдың ықпалынан әдеби дамудың тежелуіне байланысты бәсеңсіп қалды. Алайда, орыс аударма өнері көркем шығармалар болсын, басқа ғылым, өнер салалары аудармасы болсын жан-жақты жандану үстінде. Әлем көркем әдебиетінің үздік үлгілері мен аударматануға қатысты зерттеу еңбектерін сол халықтың тілінен ана тілімізге тікелей аудару ісін жеделдету маңызды. Еліміздің экономикалық дамуының алдыңғы қатарында мәдениет, ұлттық әдебиет жүруі тиіс. Осы мақсатта аударманың барлық саласын жетілдіру – білім мен ғылымды, мәдениетті жаңа деңгейге көтеру мүмкіндігіне жол ашады.
Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 12033;