Газеттік-публицистикалық аударма

Газет-журналдардың мәтіні кең ауқымды. Түрлі ақпараттарға, мәліметтерге бай. Оның негізгі мақсаты – жаңа мәліметтерді, тың деректерді, тосын оқиғаны оқырмандарға жеткізу. Мұндай мәтіндер әр алуан сипатта: қысқаша ақпараттық хабарлар, ресми хабарлар, мақалалар, шағын және кең көлемді сұхбаттар, тақырыптық әрі белгілі бір мәселеге қатысты мақалалар, хабарландыру, репортаж т.б. түрде беріледі. Алайда газет-журналдың қалыптасқан өзіндік бірыңғай, дербес стилі болады. Спорт газеттерінде спорттық стиль қалыптасқан сөз қолдану үлгісі болса, мәдениет баспасөзі эстетикалық, өнер ғылымы мәтіндеріне негізделеді. Әр саладағы баспасөздің өзіндік мақсат-мүддесі, идеологиялық нысаны, тақырыптық бағыт-бағдары қалыптасады.

Газет-журналдар мәтінінің тілдік мағынасының құралы белгілі бір дәрежеде дайын күйдегі, кең қолданыстағы тіркестер, сөздер саналады. Газет-журналдардың мәтіні – толығымен нысаналы түрдегі когнитивтік ақпарат. Бұл тілдік құралдарының контексіне еш тәуелсіз ұғымдар түрінде сипатталады: бұл сандық мәліметтер, кісі атаулары, лауазымдары, атақ, дәрежелері, фирма, мекеме, ұйым, кәсіпорын, шаруашылық, географиялық атаулар.

Газет-журнал мәтіндерінде негізінен стилистикалық-тілдік жазба әдеби тіл нормасы қолданылады. Кейде ауызша сөйлеу тілі де қолданылады. Бұл кейіпкер сөздерін шығармаға автордың композициялық-идеялық мақсатында пайдаланылады. Сұхбаттарда да ауызекі тіл араласады. Бұл қалыпты жағдай. Оны түзетіп, әдеби өңдегенмен, бірақ түрлендіріп, әсірелеп, әдеби үлгіде қайта жасау жасандылыққа апарады. Әрі кейіпкер тілін, ойын бұрмалау саналады. Аудармада осы жай ескерілуі тиіс. Сонымен бірге баспасөз материалдарында тұрақты сөз тіркестері, кәсіби сөздер, салалық терминдер, нақыл сөздер жиі кездесетіндіктен, аудармашының біліктілігі, білімділігі талап етіледі. Газет-журнал мәтіндерінде дерек, мәліметтерді бұрмалауға, тастап кетуге болмайды. Ресми ақпараттарды аудару негізінде ондағы мәтін тұтастай сақталуы дәл жеткізілуі міндеттелінеді. Шағын хабарға аудармашы аты-жөні қойылмайды. Ол ұжымдық еңбектің нәтижесі әрі баспасөзге ортақ ақпарат саналады.

Үлкен көлемдегі танымдық, ғылыми-көпшілік, мәдени, әдеби мақала, зерттеулерде ой қайталанған жағдайда әрі оқырман талғамын ескеру негізінде, мәтінге қысқартып, ықшамдау қажеттілігі туады. Тұрақты сөздердің мағыналық байланысын, астарлы ойын аңғарып барып аудару тиімді. Газет-журнал мәтіндерінің тағы бір ойландыратын мәселесі –астарлылығы. Кейде журналистер оқырманға таныс кітаптардан, кинофильмдерден, мультфильмдерден, белгілі әндерден, дыбыс және жазба жарнамалардан дайын мәтін алып пайдаланады. Кейде ойда сақтала бермейтіндіктен, бұрмалап, өзгертіп қолданатын да жағдай кездеседі. Бұқаралық ақпараттың барлық көздерінде кең ауқымды ауызекі, контекст мүмкіндігінше пайдаланылады. Аудармашы оны қайта аударуға әрекеттенгеннен гөрі, дайын аудармасы болса, толық мәтін сипатында енгізгені дұрыс. Кейде ондай мәтін түпнұсқада өзгертіліп, автордың ыңғайына негізделсе, аудармада дұрыстығын көрсете отырып, түсінік жасай кеткен де орынды.

Газеттік-ақпараттық мәтінде көзге үйреншікті, дағдылы сөздер қолданылады. Бұлар көбінесе шет тілінен енген сөздер. Мысалы офис, супермаркет, лизинг т.б. дағдылы сөздер ақпараттың өзектілігін әрі оқырманның мәтінге деген сенімділігін арттырады. Мұндай жағдайда аудармашы лексикалық компенсация жағын ойлап, дәл баламасын таба білуі қажет.

Сұхбаттағы, авторлық мақалалардағы жасырын комизм үлгісі – иронияның, әзіл-сықақтың, әжуаның астарын аңғарып, бұзбай жеткізу – публицистикалық аудармашы шеберлігі. Публицистикалық аударма бірлігі – сөз, сөз тіркесі, сөйлем. Аудармада барлық сәйкестік түрлерін табуға болады. Жалпы публицистикалық аударманы жақсы меңгеру – көркем аударма жасауға әзірліктің тиімді түрі.

Ғылыми-көпшілік материалдарының мәтіндерінде терминдер жиі болмаса да кездеседі. Ақпараттың тығыздығы ғылыми мәтінге қарағанда сирек, сондықтан қысқартылған сөздер мен түсіндірмелер, жақшаға алынып беріледі, сілтемелер аз болады. Бейтарап жазба әдебиет нормаларының аясы да көзге көркем болғанымен, өзі де үнемі сақтала бермейді, бір жағынан сөйлеу стиліне де бейім келеді. Ғылыми-көпшілік мәтінде ғылыми мәтінмен салыстырғанда оқырманды қызықтыру идеясы басым. Сондықтан мұнда арнайы тілдік құралдар үстемдік етеді. И.С.Алексеева жіктеуі бойынша олар мыналар:

1) оқырманды автормен байланыстыратын әсер, бірінші жақтан баяндау, әңгімелесу және қарапайым сөйлеу лексикасы, шешендік сауалдар оқырманға тікелей назар аудартады;

2) эмоционалдық-бағалау құралдары. Эмоционалдық-бағалау коннотациясымен бірге лексика; инверсия, сөйлемнің бағалау сыңарларын атап көрсету т.б.

3) басқа көздерден мәтінге қағида, дәйектеме енгізу. Бұл ғылыми-көпшілік мәтінге жіктемелік белгілері бойынша қарама-қайшылықтағы поэтикалық және прозалық көркем шығармалардан, ғылыми мақалалардан т.б. көптеген түрлерінен үзінділер енгізу.

4) фразеологизмдер мен БАҚ-тағы қызметіне қатысты орындалатын қызметтегі тұрақты сөз тіркестері мен образдық дайын үлгілер. Олар мұндағы шығармалар мазмұнын қабылдауды жеңілдетеді. Оған үйреншікті бейнелілік (образдылық) қатар енгізіледі. Тұрақты сөз тіркестерінің түрін өзгерту жолы жиі пайдаланылады.

5) тосын пәрменділігі, актуалдық бояу мен комизм тудыруға арналған сәйкеспейтін тілдік құралдардың «қақтығысы». Тосын пәрменділігі басты назарды белгілі бір ойға аударатындығында, әжуа мен комизм эмоционалдық аражіктің құрамды қызметін атқарады да, күрделі материалды қабылдау кезінде қолданылады (шағын әзіл әңгіме, күлдіргі жай, анекдот) [15].

Эстетикалық құралдарды жеткізудің де әралуан мүмкіндігін кіріктірген көркем әдебиеттегі шартты түрде ойластырылған кейіпкерлер енгізу, эпитеттер мен теңеулерді әсіресе метафораны пайдалану. Жоғарыда аталған түпнұсқадағы тілдік құралдар аудармада тұтастай сәйкестікте қайталануы тиіс. Соған жақындайтын баламалар іздестіру де қажет. Бірақ барлық тілдік құралдарды сақтау шарт емес. Аудармада оқырман түсінік-талғамына, ой-қабілетіне бейімділік жағын ойластырған жөн. Қатаң түпнұсқалық мәтін деңгейінде де қалуға болмайды. Қарапайым, жеңіл, еркін баяндау тәсілін қолдану аударманы жеңілдетеді. Жатық тілмен жасалған аударма көңілге қонымды, ойға оңай сақталады.

Газеттік-ақпараттық аударма–газеттік-ақпараттық мәтіндер аудармасы,арнайы аударма жанрларының бір түрі. Бұл газеттегі мәтіндерді аудару және публицистиканы аудару деп екіге бөлінеді.

Газет мәтіндерін аудару – түпнұсқаға деген дәлдік тұжырымын қатаң сабақтастыру негізінде жүргізіледі. Бұл көбінесе ресми ақпараттық хабарлар, саяси келісімдер, қаулы, жарғылар, қысқасы үкіметтік маңызды құжаттарда қатаң сақталынады. Газет мәтіндерін аудару мейлінше түпнұсқаға жақындықты қажет етеді. Сонымен бірге газеттік аударманың негізгі міндеті – түпнұсқаның мазмұнын беру. Сондықтан газеттік материалды аудару кезінде түрлі бейнелеу үлгілері (метафоралар т.б.) және басқа да әдеби тәсілдерін сақтау міндеттелінбейді. Газет-журналдардағы шағын қызықты хабарлар, материалдар, тосын оқиғалар мәтін аудару кезінде оны соған ұқсас басқа оқиғалармен немесе автор өзі жақсы білетін мәліметтермен, деректермен толықтыру арқылы тартымдылығын арттыруға да болады.

Мұндай аударма кезінде түпнұсқадағы тақырыпты қатаң түрде сақтап қалу қажеттілігі шамалы. Түпнұсқалық мазмұн деңгейінде қалмай, оқырманды бірден қызықтыратындай жасауға да болады. Газет-журналдық шағын танымдық материалдарды аударуда түпнұсқаға деген дәлдікке сүйену шарт емес. Дәлдік ресми ақпарат, саяси хабар, шолу, мақалалар аудармасында сақталады.

Егерде публицистикалық мәтін мазмұндаудың ықшамдылығымен, қысқалығымен ерекшеленіп, артық сөз қолданудан сақтандырса, онда аудармашы да баяндаудың сондай қысқалылығына жетуге ұмтылуы қажет. Публицистика мәтінінде күнделікті қолданылып жүрген сөздерге жиі жақындайтын терминдердің мөлшерлі қолданылуы кездескен жағдайда аудармашы онымен санасуы керек. Бұл мәтіндер элементті баспасөзде туған тілде негізге алынған терминологиямен пайдаланылады. Шетелдік публицистикаға тән сипаттағы бейнелілікті, сөйлеу мәнерлілігін, эмоционалдық реңктерді аударуда оны өзгертіп не болмаса үстірт мазмұндауға болмайды.

Публицистикалық мәтіндегі күрделі сөйлемдерді аударуға синтаксистің айқындылығы айрықша маңызды. Сондықтан күрделі сөйлемді аудару кезінде түсініксіздікке ұрынудан сақ болған жөн. Қандай да бір бұрмалауға тап болмас үшін ұзақ, күрделі сөйлемді жеке қысқа сөйлемдерге бөліп аудару тиімді. Газет-журнал оқырманы неғұрлым қысқа, шағын, мағынасы айқын да дәл мәтін оқуды ұнататындығын ескеру қажет. Газет-журналдық аударма материалдарын редакциялау міндетті түрде түпнұсқамен салыстыру нәтижесінде жүргізіледі.

Публицистикалық ақпарат қоғамдық өмірдің өзекті мәселелері мен құбылыстарына арналады. Публицистикалық мәтіндер оқиғалық, ақпараттық, сыншылдық-талдамалық, саяси пікірталастық болып келеді. Ғылыми-ақпараттық мәтіні процесті, шындық құбылысын сипаттайды, түсіндіреді, талдайды, алдын ала пайымдайды, шындықты теориялық тұрғыдан дәлелдейді. Публицистикалық аударма таныстыру, ақпарат беру қызметін атқарады.

Газет-журналдардағы мәтіндер қысқа әрі кең, ауқымды түрде жаңа мәліметтерді жеткізуге негізделеді. Бұл мәліметтер әр алуан сипатты: қысқаша ақпараттық хабар (мақала), репортаж, тақырыптық мақалалар, хабарландырулар, сұхбаттар. Газеттік-журналдық мәтінді тарату түрінің біреуі эссе деп аталады. Мұнда ақпараттық мәтіннен гөрі сезімдік бағалау мәтіндерінің үлесі басым. Газеттік-ақпараттық мәтін – баспасөздің негізгі өзегі. Мұнда нысаналы когнитивті ақпарат басым. Ол тілдік құралдарының контексіне қатыссыз сандық деректерді, жекелеген атау, есімдерді, фирма, ұйым, мекеме аттарын жеткізеді. Аудармашы мәтін құрылымын сақтағанымен, қажетті дерек, мәліметтерді бұзбай, жүйелі жеткізуі тиіс. Газет-журналдық мәтінде негізгі стилистикалық аяда кейбір ауызекі сөйлеу нұсқаларын қамтыған тілдік жазбаша әдеби норма айқын сипат алады. Газет-журнал мәтіндерінде айрықша жайт – журналистердің белгілі бір кинофильмдерден, мультфильмдерден, белгілі әндер мен дыбыстық және жазбалық жарнамалардан оқырмандарға кеңінен таныс жасырын және айқын тұжырымдалған тіркестік дайын сөйлемдік бөліктерді қолдануы. Бұл контексті аудармашы жете сезінуі тиіс. Дағдылы (модные) сөздерді лексикалық компенсация көмегімен аударуы тиіс.

Ж.Аймауытов «Газет тілі қалай түзеледі?» мақаласында публицистикалық аудармаға байланысты бірқатар келелі кеңес ұсынған. «Газетте ел хабарлары жақсы түсінікті, өз басынан шығарып жазған әркімнің сөздері де ұғымды. Ал, орысшадан аударылған, орысшаға жалғасқан сөздерге қарасаң томармен жүрген қазақ арбадай, миыңды, жүйкеңді түйгіштеп, зырқылдата жөнеледі. Қай жерде мүдіріп, қай жерде сүрініп қалам деп, қып-қып еткендей боласың. Газет оқушы орысшадан аударылған екенін қайдан білсін?», - деп [16, 112-б.], оқырманның аударманы оқығанымен ұға алмай қиналатынын, сөйтіп газет оқуға ынтасы кемитінін өз заманының баспасөз аудармасының мысалымен айқын дәлелдеген. Публицистикалық аударманың кім көрінгенге тапсырылмайтынын, журналистің бәрі де аудармаға бейім еместігін де ескертеді. «Орысшадан аударуға төселмеген жігіттерге, әрине, салғаннан мырсыңдай қып жазу қиын тиеді. Бірақ олардың аудармасын білетіндер қарап түзетіп отыруы керек. Ұғымсыз сөйлемдер өз алдына, бір сөзді әркім әртүрлі аударып жүреді», - [16, 114-б.] деп аударманы редакциялаудың, мәтіннің стилистикалық-семантикалық сапасын жақсартып, оқырман оңай қабылдайтын дәрежеге жеткізетінін тағы да атап өтеді.

Ж.Аймауытовтың тағы бір құнды ұсынысы: «Сөзді аударарда қай газет қай сөзді қалай аударып, қолданып жүргені еске алынсын. Солардың ұнамды сөздері де алынсын» [16, 115-б.]. Бұл – бүгінгі таңда маңызын жоймайтын пайымдау. Газеттік-публицистикалық аударма үшін ғана емес, жалпы аударманың барлық түріне, барлық саладағы аудармаға қажет. Олай дейтініміз, кейбір журналистер орыс сөздерінің баламалары тілімізде болса да, сөздіктер жасалса да, ескермейді, өз білгенімен аудара салады. Аударылған сөз сапалы, мағыналық дәлдікте шықса бір жөн. Кейде түсініксіз, мағынасы солғын шығады. Міне, дәл осы мәселені Ж. Аймауытов жақсы қозғаған. Баспасөздің қадірін кемітетін, тілдің бұзылуына бірден-бір себепкер – аударманың дұрыс жасалмауы. Жалпы бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы аудармашылар немесе аударма бөлімі болуы тиіс.

Көсемсөз, публицистика – халықтың, әлеуметтің, қоғамның мұқтаждықтары мен қажеттіліктерін, күрделі мәселелерін қозғап, авторлық толғаныспен шынайы көрсететіндіктен де рөлі үлкен. Танымдық, қызықты, тағылымды публицистикалық аудармалардың да газет-журналдарда орын алуы оқырманды басқа әлемнің тыныс-тіршілігімен таныстырады. Әрі басқа ел баспасөзінің даму бағытын да көрсетеді. Публицистикалық аударма газеттің мазмұнын байытады, оқырманды тартады, баурайды. Аудармашылық құштарлықты ұштайды. Жаңа, тың дүние болып баспасөзге енеді.

 








Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 9658;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.007 сек.