Ілеспе аударманың ерекшеліктері
Біздің елімізде ілеспе аударманың енді-енді тәй-тәй басып келе жатқаны баршамызға мәлім. Оған себеп – өмірдің қазіргі күнгі қажеттіліктері, соның ішінде ең маңыздысы – еліміздің тәуелсіз мемлекет болып, қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне ие болуы. Кеңес дәуірінде жақсы дамыған қазақша-орысша қостілділіктен гөрі орысша-қазақша қостілділіктің әлеуметтік қажеттілігі артуда. Осыған сай қазіргі таңда елімізде ілеспе аударма көкейкесті мәселелерге айналып отырғаны анық. Біріншіден, қоғамымыз жаппай мемлекеттік, яғни қазақ тіліне, көшпейінше ресми кездесу, жиналыс, конференция, сайыс т.б. іс-шаралар қазақ тілінде жүргізіліп, ілеспе аудармамен қамтамасыздандырылады. Екіншіден, жаһандану процестері нығайып, ішкі істер мәселелеріне шетелдіктер белсенді қатысқан сайын ілеспе аударманың да қажеттілігі арта береді. Бірінші жағдай орысша-қазақша, қазақша-орысша қостілділіктің дамуына әсер етсе, екінші жағдай қазақша-ағылшынша, ағылшынша-қазақша, орысша-ағылшынша, ағылшынша-орысша қостілділікке әкеледі. Сонымен қатар ілеспе аударма техниканың жоғары деңгейде дамуына байланысты пайда болып, оны іске асыру үшін техникамен қамтамасыз етілуі шартты түрде екенін ескерген жөн. Бірақ ілеспе аударма тек қана техникалық қамтамасыз етілуімен шектелмейді. Техникалық жабдықтар – маңызды бір шарты болса, ілеспе аударманы орындайтын адам – соны іске асыратын негізі. Сондықтан ілеспе аударма аудармашының арнайы дайындығын, тәжірибелік дағдыларын талап етеді. Ілеспе аударманың соңғы жылдары ғана қоғамымызда орын алып келе жатқанын ескерсек, ілеспе аудармашылар елімізде жоқтың қасы деуге болады. Соның ішінде қазақша-орысша, орысша-қазақша ілеспе аудармашылар бүгінгі таңда тапшылық екені белгілі, оларды дайындау әсіресе қажет болуы сөзсіз.
Алдымен ілеспе аударманың жазбаша – мәліметті, реферативті аудармалар, оның ішінде техникалық және көркем аудармалардан айырмашылығы неде екенін анықтап алайық.
Ең бастысы: ілеспе аударманың ерекшеліктері жазбаша тіл мен ауызекі сөйлеу тілінің ұқсастығы мен айырмашылығынан туындайды. Олар:
1) жазбаша тіл – алдын ала дайындалуды, жазылған сөйлемдерді өзгертіп, мәтінді өңдеп отыруға мүмкіндік береді де соны талап етеді. Ілеспе аударма ауызекі сөйлеуге негізделіп, соның заңдылықтарына бағынады. Сондықтан ауыздан шығып кеткен сөздерді қайтарып алу мүмкін емес, яғни сөйлемді қайта жөндеуге болмайды.
2) Жазбаша аудармада берілген мәтінді қайта-қайта оқып, ұғынуға аудармашының өз еркі болса, ілеспеде ондай мүмкіндік тағы да жоқ. Көбінесе аударып отырған сөйлемді де аяғына дейін тыңдап алуға болмайды. Мысалы, орысшадан қазақшаға аударғанда сөйлемнің басынан бөлшектеп аудара береміз. Әрине, қазақшадан орысшаға аударғанда сөйлемді аяғына дейін тыңдап алмаса, ең маңызды мүшесі – баяндауыш – соңғы орын алатындығынан, оның алдындағы сөйлем мүшелерін аударғанда мағынасында олқылықтар тууы мүмкін.
3) Сонымен ілеспе аудармада мәтінмен алдын ала толық танысуға мүмкіндік болмайды, ал кейбір сөздердің астарлы мағынасы тек қана контексте анықталатынын ескерсек, ілеспе аударманың келесі қиындығына көзіміз жетеді.
4) Тыңдап алған сөйлемді аударып жатқанда баяндамашы сізді күтпейді: жаңа ойға, жаңа сөйлемге баса береді. Осыдан ілеспе аударманың келесі айырмашылығы туындайды: ілеспе аудармашы мәліметті жүйрік қағып алып, өте шұғыл шешім қабылдап, ұққан мәліметті барынша екінші тілде жеткізу керек. Сонымен ілеспе аудармашы көзді ашып жұмғанша бірден үш әрекет жасайды: 1) тыңдап, мәліметті қабылдау, түсіну; 2) екінші тілде сол мағынаны өзгертпей жеткізу үшін лайық сөздер, тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдерді есіне түсіру; 3) ойында құрылған сөйлемді дауыстап айтып отырып, жаңа сөйлемді тыңдап, ұғына білу. Сонымен, аударманың басқа түрлеріне қарағанда, ілеспенің жылдамдығы мен көпқырлылығын атап өту қажет. Мәтіннің түпнұсқасы мен аудармасының арасында тек минуттар өтеді.
Ілеспе аударма ойдағыдай шығу үшін оны орындаушы тек қана қостілді маман емес, екі халықтың мәдениетін, тарихын, менталитетін, ұлттық психологиясын жақсы білетін, дикциясы анық, дауысы тартымды, сөйлеу ырғағын мағынамен тікелей байланыстырып өзіне бағындыратын, сөзге шешен болуы міндетті. Сонымен қатар ілеспе аудармашының зор жауапкершілігі мен тапқырлығы, екі тілді бірдей меңгеріп, еркін қолдана білуі (көркем аудармада «подстрочник» деген ұғым бар да, көркем аудармашы нұсқаның тілін жете білмей-ақ, біреудің даярлап берген «подстрочник» арқылы өз міндетін атқара беруі мүмкін, ілеспеде ол мүлдем мүмкін емес), көзқарасының жан-жақты болуы, әңгімелеп отырған тақырыпты терең білуі осы салада қойылатын кәсіби талаптардың бір қатары. Бірақ осы қасиеттердің бәрі де бола тұрып, ойдың жүйріктігі ақсаңдаса, ілеспе аудармашы болу әлдеқалай. Себебі ілеспенің ең басыңқы ерекшелігі – осы жүйріктікте. Сөйлеу іс әрекеті көптеген басқа психофизикалық әрекеттермен байланысып, соларға негізделгендіктен, сөйлеп отырған адамға ілесіп, жаңа ғана дыбысталып сөйлем болып шыққан мәліметті дәл сол кезде екінші тілге аударып шығару да аудармашыдан қабілеттілікті талап етеді. Әрине, бұл – ілеспе аудармашыға қойылатын ерекше талаптар. Олар көптеген арнайы дайындық, жаттығулар арқылы пайда болып, дағдыға айналады. Қостілділік негізінде екі этносты, олардың мәдениетін ұштастыратын ілеспе аудармашы; қорыта келгенде, ол – білімді, мәдениетті, парасатты, қостілді кәсіби маман.
Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 5299;