Аударматану ғылымының басты ұғым-түсініктері туралы
Қазақ тілтанымында аударманы лингвистика ғылымының аспектісінде зерделеу ісі қазақ тілін теориялық тұрғыдан танып-білудің негізін салған белгілі ғалым Құдайберген Жұбановтың еңбектерінен басталады. Ол өзге тілден қазақ тілін тәржімалау ісіндегі синтаксистік құрылымдардың қандай ерекшеліктері болатындығын, стильдік айырмашылықтарды талдады [8, 531-б.]. Өткен ғасырдың орта тұсында атақты тұлға Мұхтар Әуезовтің пікірлері осы саладағы басты мәселелерді айқындап берді. Жазушы тәржіма ісі саласындағы нақты міндеттерді шешу үшін аудармадағы ұлттық дәстүр, ұлттық форма қалай берілуі керек, синонимдер, идиома, мақал-мәтел, афоризмдер қалай аударылған, аудармашы өз тарапынан қандай-қандай жаңа сөз туындыларын қосты, жаңадан қандай сөз байланыстарын жасады, төл сөздердің мағыналарын қаншалықты тереңдетіп, жаңартты, - міне, осы аталғандарды зерттеу қажет деп санап, аудармаға тілтанымдық тұрғыдан келудің маңыздылығына баса назар аудартты [9, 7 б.].
Содан бергі кезеңдерде, әсіресе соңғы ширек ғасыр көлемінде аударманың нысаны да, ауқымы да ұлғайды. Алдыңғы тұстарда орыс тілінен қазақ тіліне көркем әдебиетті тәржімалау ісі белсенді жүргізілсе, кейінгі жылдары мәдениетаралық коммуникация өрісінің кеңеюіне байланысты дүниежүзілік ақпараттар алмасуды барынша сапалы деңгейге көтеру мүддесінде еуропалық тілдерден, шығыс тілдерінен қазақ тіліне тікелей тәржімалау процесі қанат жая бастады. Ақпараттық-анықтамалық база құру үшін публицистикалық, қоғамдық-саяси мазмұндағы материалдар, нормативтік құжаттар аударма арқылы жасалуда. Қазақстан Республикасының алыс және жақын шетелдермен қазіргі әлеуметтік-мәдени байланыстарының жаңаша, қарқынды арнада дамып отырғандығына қарай маман-аудармашылар даярлау ісіне де баса көңіл бөлінуде. Ал болашақ мамандар, сондай-ақ тәржіма ісінде өз шығармашылығын байқап көріп, дамытып жүргендер үшін М.Әуезов айтқандай, «аударманың бірбеткей көлеңке жақтарын… байқастыру» жеткіліксіз; аудармашының кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейде қалыптасуында түпнұсқа тіл мен аударылатын тілдің типологиялық-құрылымдық ерекшеліктерін, мазмұны мен құрылымы дайын түпнұсқа мәтінді тәржімалау процесінде қазақ тілінің лексикалық-грамматикалық әлеуетінің қандайлық дәрежеде қозғалысқа түсетіндігін жетік меңгеру қажеттігі туады. Сонымен қатар аудармашы аударудың негізгі ұғымдары мен түсініктерін, аударудың жолдары мен тәсілдерін білуде де біліктілік танытуы жөн.
Әлемдік лингвистикадағы лингвистикалық аударматану ғылымының басты мәселелерінің бірі – осы салаға қатысты терминдер мен терминдік сөз тіркестері. Орыс тіл білімінде аудармаға қатысты екі мыңнан астам аталымдар бар екендігі көрсетіледі [10], ал қазақ тіл білімінде олардың көпшілігі құрылымдық тұрғысы жағынан орыс тілінен сөзбе-сөз аудару арқылы орныққан. Дегенмен, шынтуайтқа келгенде, білім беру ісінде, кейбір мәселелерді принципті түрде талқылауда аударма ісінің кейбір терминдері ұғымдық мәні, мазмұндық межесі жағынан нақты емес. Біздің мақсатымыз – аударматану ғылымының бірқатар өзек аталымдарына – терминдеріне орыс тілінен қазақ тіліне аударылған мәтіндердің заңдылықтарына сүйене отырып, мүмкіндігінше анығырақ түсініктеме жасау.
Жазбаша аударма – кәсіби (және әуесқойлық) аударманың кең тараған түрі; қағазға түсірілген жазбаша мәтінді екінші тілге жазбаша түрде аудару және бұдан алынған нәтиже. Түпнұсқа мәтін алдын ала танысу, көру, ойлау, пайымдау, талдау, зерттеу, сөздіктерді, басқа да лингвистикалық және лингвоелтанымдық, когнитивтік мағлұматтарды беретін анықтамалықтарға иек арту арқылы екінші тілге жазбаша түрде түсіріледі. Бұл процестің өтуі барысында аудармашының мүмкіндігі шексіз; ол екінші тілде жасалған мәтінді өңдеп, реттей алады. Жазбаша аударма мәтін тәржімашы шығармашылығының нәтижесі болып саналады. Жазбаша мәтінді ауызша аударып беруді жазбаша-ауызша аударма деп атауға болады. Қазақ мәдениетінде классикалық көркем әдебиеттің нұсқалары, ғылыми әдебиет және ресми, нормативтік құжат үлгілері жазбаша түрде аударылады.
Ауызша аударма – бұл тәржіманың жазбаша түріне қарағанда күрделірек құбылыс; ақпараттың мазмұн межесін (план содержания) және құрылым межесін (план выражения) жазбай, ауызша жеткізу түрі. Аударматану бойынша ғылыми еңбектерде ауызша аударманың екі түрі аталады:
- ілеспе (синхронный) аударма;
- жалғас (последовательный) аударма.
Ілеспе аударма – бастапқы мәтінді тыңдап қабылдай отырып, ілесе, қосарласа, бір мезгілде аудару. Бұл процес соңғы жылдары арнаулы жабдықтар арқылы жетілдірілген. Аударудың бұл түрі түпнұсқа мәтіннің айтылуымен қатар жүріп отырады. Арнаулы кабинеттерде ілеспе аударма түпнұсқаның мәтінін сөйлеушіге (мәтіннің авторына) ілесе отырып оқу арқылы, кей жағдайда сөйлеушінің ауызша баяндалған сөзін алдын ала дайындықсыз тікелей аудару арқылы жүзеге асырылады. Ауызша аударманың қай түрі болсын, аудармашыдан жоғары кәсіби біліктілікті, тәжірибенің болуын, екі тілден де лингвистикалық тұрғыдан құзыретті болуын талап етеді. Аударманы ауызша жасау кезінде уақыт тапшы, түпнұсқа мәтін бір-ақ рет айтылады немесе оқылады, сөйлеушінің (мәселен, баяндама жасаушының) өзіне тән дауыс ырғағы, сөйлеу мәнері, екпіні болады; демек, алынған ақпаратты тез қорытып, тыңдаушыға екінші тілде кедергісіз түсінетіндей (бұл ең бастысы десек те болар), әрі сауатты жеткізу міндеті бар. Ауызша аудармадағы тағы бір күрделі тұс – аудармашының санасы бір тілден екінші тілге шапшаң ауысып тұрады, тұпнұсқадағы бір сөйлемді аударып жатқан кезде түпнұсқаның екінші сөйлемі басталып жатады, сондықтан маман түпнұсқаның тыңдау арқылы қабылдануын бөлік-бөлшектерге бөле алатындай тәжірибе жинақтауы қажет. Ауызша аударма кезінде тұтас құрылымды сегменттер арқылы жеткізуге болады, бұл әсіресе әр басқа типологиялық ерекшеліктерге ие орыс тілі мен қазақ тілдеріне тән. Біздің байқауымызша, ілеспе аударма кезінде сөздің таңбалық құрылымы, абсолютті сәйкестіктер (сөздіктегі денотат баламалар) алынады, өйткені түпнұсқадағы тілдік бірліктің коннотатты мағыналарын, экспрессивті реңктерін игеруге уақыт жібермейді. Орыс тілінен қазақ тіліне ілеспе аударма жасау кезінде қазақ тілі сөздерінің мағыналық байлығын, тұрақты сөз тіркестерін еркін қолдана білсе, бұл аудармашының лингвомәдени құзыретінің жоғары деңгейде екенін айқындайды. Алайда ықшамдау, кейбір мәліметтерді түсіріп тастау – ілеспе аударма кезінде жиі кездесетін, бірақ барлық жағдайда да дұрыс деп бағаланбайтын тәсілдер.
Ілеспе аудармада қандай ерекшеліктер болатынын мысалдар арқылы байқастыралық:
1. Түпнұсқада:
– Днем подачи заявления считается день, когда документы будут собраны в полном объеме.
Ілеспе аудармада:
– Құжаттар толық көлемде жиналған күн өтінішті берген күн болып есептеледі.
2. Түпнұсқада:
–Как только пенсионер предоставляет документов, наши сотрудники формируют макет этого пенсионного дела, выносят проект решения и направляют его в Департамент труда и соцзащиты по городу Алматы, который непосредственно назначают пенсию.
Ілеспе аудармада:
Түпнұсқаны бірнеше вариантта айтуға болады, дегенмен құзыретті маман орыс тіліндегі күрделі сөйлемді қазақ тілінде төмендегіше түзеді:
Зейнеткер өз құжаттарын ұсынғаннан кейін ≥≥ біздің қызметкерлеріміз осы зейнетақы туралы істің макетін жасайды ≥≥ шешімнің жобасын дайындайды және жобаны ≥≥ Алматы қаласы Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментіне жібереді, ≥≥ департамент тікелей зейнетақы дайындайды.
3. Түпнұсқада:
Конечно, в налоговой у пенсионеров начинается хождения по мукам.
Ілеспе аудармада:
Әрине, салық полициясында зейнеткерлер үшін қиындықтар (синонимдері – кедергі, тауқымет, азап) басталады (күтіп тұрады).
Алынған үш сөйлемнің алғашқысы ілеспе аудармашыға жеңіл үлгі болып саналады; бұл ретте әр тілдің құрылымдық-семантикалық ерекшеліктерін білу жеткілікті. Екінші сөйлем де, бір қарағанда оңай тәрізді көрінгенімен, аудармашының төмендегілерге көңіл бөлуі қажет болады:
· номенклатуралық атаудың қазақ тіліндегі дәл, ресми баламасын білу (Алматы қаласы бойынша еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті);
· түпнұсқадағы буындық қысқартудың қазақ тілінде толық сөз тіркесі ретінде қолданылатындығын ескеру (соцзащита – әлеуметтік қорғау);
· нақтылау тәсілін игеру (мыс., түпнұсқада – документы; қазақ тілінде өз құжаттарын… деп нақтылау қажет болады).
Ал соңғы сөйлемде ілеспе аудармашы өзінің лингвомәдени құзыретін танытуы керек, өйткені ол түпнұсқадағы тілдік компрессияның – ұғым, құбылыс атауларының ықшамдалып, үнемделіп жұмсалуының ерекшеліктерін меңгеруі қажет, яғни ол түпнұсқадағы в налоговой деген ауызекі сөйлеу тілі элементтерінің орнына салық полициясы деген толыққанды тіркесті қолданған жағдайда және фразалық тіркесті (хождение по мукам) мағынасы сәйкес түсетін сөздермен, сөз тіркестерімен ауыстырғанда, әрі осылардың барлығын шапшаң пайымдап, шектеулі уақыттың ішінде игеріп үлгергенде ғана сауатты ілеспе аударма жасалады.
Жалғас аударма – түпнұсқада сөйлеушінің ақпаратын тыңдап алғаннан кейін жүргізілетін амал. Жалғас аударма, әдетте, мінберден сөйлеп тұрған шешеннің бір абзацты, бір фразаны немесе бір сөйлемді айтып болғаннан соң жүзеге асырылады. Бұл реттегі қиындық – түпнұсқада сөйлеуші өз ойын қай шамада тоқтатамын десе де өз еркінде. Тілдік құрылымы күрделі, ақпараты ауқымды бір абзацтан кейін пауза жасалған жағдайда жалғас аударманы жүргізуші айтылғандарды жадында сақтап, ақпаратты екінші тілде мүмкіндігінше толық қамтуға міндетті. Аударманың бұл түрінде ықшамдау, функционалдық қызметі бәсең ақпаратты түсіру, орнын ауыстыру тәсілдері игеріледі, өйткені айтылған ақпарат адам жадының оперативті мүмкіндігіне сыймауы мүмкін, әрі түпнұсқада сөйлеушінің келесі сөзі басталып та кетуі мүмкін.
Ілеспе аударма және жалғас аударма – баяндамаларды, қоғам қайраткерлерінің сөздерін, мәжілістер мен мәслихаттарда мінберден айтылған, оқылған сөздерді тез арада ауызша жеткізу үшін жүзеге асырылатын қызмет түрі.
Ескерте кетерлік жайт – қазіргі әдеби тілде ілеспе аударма және қосарлас аударма деген атаулар қолданылып жүр; олар синхронный перевод, последовательный перевод деп аталатындардың орнына әрқилы жұмсалады. Ілеспе және қосарласа деген сөздердің семантикасы қатар, ілесе жүретін процес дегенді білдіретіндіктен, ал орыс тіліндегі последовательный перевод атауы айқын түрде, түпнұсқа мәтіннен кейін жүзеге асырылатын, түпнұсқа мәтінге жалғастырыла орындалатын тәржіме қызметін нақты ұғындыратынына байланысты біз терминдер ұғымында екіұдайылық болмауын көздеп, соңғысына жалғас аударма деген аталымды ұсынып отырмыз.
Аударманың типтерін саралағанда, қазақ мәдениетіндегі аударма ісіне қатысты пікір-тұжырымдарда сөзбе-сөз аударма, дәл (дәлме-дәл), калька аударма, әріпқойлық дегенұғымдар жиі ұшырасады. Көрсетілгендер кейде нақты терминдік ұғымға ие аталымдар тәрізді болғанымен, ғылымның теориялық бағыттары тұрғысынан олардың анықтамаларын нақтылай түсуге тура келеді. Өйткені проблеманың осындай жақтарын барынша таратып айтқан орыс тілші ғалымдарының тұжырымдары да кейде біркелкі шықпай жатады. Оның да себептері жоқ емес: бір мәтіннің ішінде аударма бірліктерінің бірі сөзбе-cөз тәржімаланғанымен, сөйлемнің өзі тұтастай алғанда, еркін аударма түрінде көрінетін жайттар да болады.
Әріпқойлық – түпнұсқа тіл мен аударма тілдегі формалды немесе семантикалық құрылымды тұп-тура сәйкестендірудің нәтижесінен туатын құбылыс. Бұл – дәлдік емес, бұл – түпнұсқадағы ақпараттың мағынасын бұзатын, кері түсіндіретін және аударылатын тілдің нормасына елеулі нұқсан келтіретін жайт; аудармашының қатесі немесе аудармашының лингвомәдени құзыретінің төмендігін көрсететін белгі. Әріпқойлық жеке сөзден гөрі сөз тіркесінің, фразалық тұтастықтың, сөйлемнің аудармасында айқын көрініс береді. Оның себебі мынада: аудармашы жеке сөзді алғанда оның сөздіктегі сәйкес баламасын игереді немесе контекстуалды, функционалды баламаларын қолданады, бұл аудармадағы заңдылық болып саналады. Ал сөз тіркесінен бастап былай қарай күрделене беретін құрылымдар үшін сөздіктегі сәйкестіктердің алынуы немесе калька баламаның жасалуы әріпқойлыққа ұрындырады. Әріпқойлық әсіресе көркем мәтіннің аудармасына нұқсан келтіреді.
Мысалдарға назар аударалық:
Ракета …. Ол – соңғы бес жыл бойы зымыран құрылысы жүйесін басқаратын Мервин Уорреннің жеке көмекшісі («Із қалмасын» романының аудармасынан).
Бұнда түпнұсқадағы сөз үшін алынған сөздіктегі сәйкестік (зымыран) әріпқойлықтың белгісі емес. Аудармашы осындай баламаны алуға құқылы; ол, керісінше, қазақ әдеби тілінде жаңа қолданыс болып табылатын тілдік бірлікті көркем мәтіннің айналымына түсіріп, тың сөздің жұмсалу өрісіне жол ашқан.
Полуприкрытие глаза ... Оның жартылай жабық көзі көшеден түсіп тұрған жарықта Дузинский бетін бақылауда еді (Сонда).
Не позволим посадить себя в мешок … Өзімізді жаудың қапшық ішінде қалдыруынажол бермейміз («Біз ораламыз» романының аудармасынан).
Берілген мысалдардағы қарамен белгіленген сөз тіркестерін әріпқойлықтың көрінісі деп табамыз; өйткені: а) жартылай жабық көз, қапшық ішінде қалдыру – қазақ ұлтының концептілер жүйесінде жоқ ұғым-түсініктер; ә) олардың контекстуалды, функционалды баламаларын табуға қазақ тілінің әлеуеті толық жетеді; б) аудармашы жасаған баламалар қазақ тілінің стильдік нормаларына сәйкес емес; в) көркем әдебиеттің аударма нұсқасын эстетикалық деңгейде қабылдауға кедергі келтіреді.
Сөзбе-сөз аударманы қазақ ғылымында аударманың сапасын төмендететін, аударма теориясының әдістерін, техникасын меңгермеуден туатын құбылыс деп бағалаушылық бар. Бұл – негізінен көркем әдебиетті аудару практикасын зерттеуден туындыған қорытынды. Сөзбе-сөз аударма көркем мәтінді тәржімалаудағы әмбебап тәсіл емес. Бастапқы мәтіннің формалды немесе семантикалық компоненттерін (сөйлемнің орналасу тәртібін, қосымшалар мен түбір сөзді калька арқылы жасау) екінші тілде тура қайталау – сөзбе-cөз аударудың үлгісі. Көркем әдебиетті дәл осы жолмен тәржімалаған жағдайда ақпараттың мазмұнына, аударылатын тілдің әдеби нормаларына нұқсан келеді. Сонымен қатар сөзбе-сөз аударма – жанрлардың қайсыбір түрлерін аударуда қажетті амал. Айталық, нормативтік құжаттар аудармасының төмен болуы түпнұсқаның – орыс тілінде жасалған мәтіннің – қазақша сөзбе-сөз тәржімаланғанынан деген пікірлер жиі айтылып келеді. Шындығында нормативтік құжаттардың күрделі түрлері (жарғы, жарлық, қаулы, ереже және т.б.) сөзбе-сөз аударылады. Бұлай болуы – аудармашының лингвомәдени құзыретінің төмендігінен емес. Ресми құжаттарды сөзбе-сөз аударып беруге міндетті, мәтінді қазақы тілмен мазмұндап беруге, еркін аударуға, арасына сөз, сөз тіркестерін қосып нақтылап түсіндіруге, түсіріп тастау амалын қолдануға маманның құқығы жоқ. Өйткені бірнеше тілде жасалған заңнамалық құжаттардың барлығының да заң күші бірдей болуы керек. Аударылатын тілдің табиғи заңдылығына салып, «бейімдеп жіберу» ресми құжаттың заң күшін әлсіретеді, бір тілдегі мәтін бір мағынада, ал екінші тілдегі мәтін екінші мағынада ұғынылуы мүмкін. Сондықтан аудармашы нормативтік құжаттарды екінші тілге аударғанда, сөзбе-сөз аударуға амалсыз, әрі заңға сүйене отырып, әділетті, сауатты түрде барады.
Мысалдарға жүгінелік:
Көркем әдебиеттің сөзбе-сөз аударылуы:
Түпнұсқада:
Потом Тушкевич, - ты его видела, он был при Бетси.
Аудармада:
Одан кейінгі Тушкевич, - сен оны көргенсің, Бетси тұсында болған ол («Анна Каренина» романының аудармасынан).
Бұл арада түпнұсқа бойынша бір шығарма кейіпкерінің екінші шығарма кейіпкерінің қасынан қалмай, соның шылауында болғандығы айтылып тұр.
Ресми құжаттың аударылуы:
Түпнұсқада:
Настоящий Указ вступает в силу со дня опубликования, за исключением пункта 2, вступающего в силу с 1 мая 1996 года.
Аудармада:
Осы Жарлық 1996 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енетін 2 тармағын қоспағанда, жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Көрсетілген сөйлемдердің қай-қайсысы да құрылымдық-семантикалық тұрғыдан сөзбе-сөз аударылған. Сөз жоқ, кейінгі контекст қазақ әдеби тілінің синтаксистік нормаларына, стильдік табиғатына кереғар соғады. Онда сөз қайталаулары бар, сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібі бұзылған.
Сөзбе-сөз аударма калька ұғымымен ұштасады, кейде екеуі де бірдей ұғым-түсінік (яғни калька дегеніміз – сөзбе-сөз аудару) ретінде қарастырылады. Олардың мәндес, ұғымдас түсініктер екендігі рас. Дегенмен көптеген зерттеулердегі көзқарастарды жан-жақты ескере отырып, төмендегілерді нақтылай түсу қажет болады:
Калька – сөзді немесе сөз тіркесін сөзбе-сөз аударудың нәтижесі; басқа тілдегі лексикалық-синтаксистік модельдерге қазақ тілінің модельдерін сәйкес келтіре отырып, жаңа сөз немесе сөз тіркесін жасау. Өзге тілдегі сөз тіркесінің, сөздің бір бөлшегі үшін қазақ тіліндегі тура, сөздікте ұсынылатын, грамматикада көрсетілетін сәйкестік алынады. Мысалы, ағылшынша-орысша-қазақша сәйкестіктерді салыстырсақ, House of Culture – Дом культуры – Мәдениет үйі дегендер калька болып саналады. Калька арқылы жасалғандарға импорталмастыру (импортообмен), үштік одақ (союз трех), жасыл көше (зеленая улица), төртінші билік (четвертая власть), түзеткіш (выпрямитель), келтірілген ұзындық (приведенная длина) деген үлгілерді атауға болады. Алайда калька – формалды аударма; жиі қолданысқа түскен сөз және сөз тіркесі (терминдерден басқасы), калька үлгісінің «сериялы» түрде жұмсалуы тілдік стереотиптердің пайда болуына әкеледі (салыстырыңыз: ақ алтын – қара алтын – жұмсақ алтын). Сөйтіп, сөзбе-сөз аударма сөйлем, абзац деңгейінде, ал калька аударма сөз, сөз тіркесі деңгейінде болады.
Көптеген зерттеулерде дәлме-дәл аударма деген терминді кездестіреміз, бұның да калька, сөзбе-сөз аударма, әріпқойлық дегендермен синонимдес жұмсалатын реттері жоқ емес. Әр атауды нақтылай түсер болсақ, дәлме-дәл аударма – екінші тілде бар бірнеше сәйкестіктердің біреуінің түпнұсқа мәтіннің мазмұнына және ең бастысы – аударманы оқитын адамның ұлттық-танымдық қабылдауына, тілдік деңгейіне сәйкес келуі. Мәселен, «На улице идет снег» деген сөйлемнің бірнеше нұсқасын жасауға болады:
Көшеде қар келе жатыр ¦ Көшеде қар жауып ¦ Далада қар жауып
жатыр тұр
Алғашқысы – калька компоненттерге құрылған сөзбе-сөз аударма; екнішісінде ауызекі сөйлеу тіліне тән ерекшеліктер бар. Соңғы вариант –түпнұсқаға толық сәйкес келетін дәлме-дәл балама аударма болып табылады; бұлай деуімізге себеп – қазақ ұлтының концептілік ұғымына, сыртқы дүниені қабылдау, пайымдауынан қалыптасқан тәжірибесіне негізделген тілдік бірліктер алынған (шынайы қазақы ұғым үшін тұрғынжайдан тысқарының бәрі «дала», сондықтан әрдайым «далада» деп айтылады), іс-әрекеттің дәл осы сәтте жүріп жатқандығын көрсететін тұлға (жауып тұр) жұмсалған. Лингвомәдени құзыретке ие аудармашы нұсқалардың үшіншісін ғана таңдайды, соңғы вариант түпнұсқадағы ақпараттың мазмұнына сәйкес, қазақ әдеби тілінің нормалары сақталған, қабылдаушының ұғымына сәйкес келетін дәлме-дәл балама балып бағаланады. Қорыта айтқанда, дәлме-дәл аударма жазбаша тәржімаға көбірек тән; аудармашы бірнеше варианттардың қатарынан дәлме-дәл баламаны таңдай алады.
Бұл термин орыс тіліндегі «адекватты» дегенге балама ретінде ұсынылып отыр, осы аталымды кейбір еңбектерде «сайма-сай аударма» деп беру де ұшырасады.
Еркін аударма дегеніміз, атаудың өзінен көрініп тұрғанындай, түпнұсқаның екінші тілде барынша еркін жасалуы. Бұл – субъективті құбылыс, яғни бір мәтінді әр аудармашы өз бетінше еркін түрде жасаса, олардың туындылары мазмұны сақталғанымен, құрылымы жағынан әр бөлек болады. Еркін аудармада құрылым сақталмайды, жалпы мазмұн қысқартылып немесе ұлғайтылып ұсынылады, бұнда трансформацияның барлық тәсілдері игеріледі. Бұл сипаттар қазақ аударматануындағы алғашқы еңбектердің бірінде жан-жақты қарастырылды [10]. Көптеген ғалымдар еркін аударманы тәржіманың ең жоғарғы деңгейі деп есептейді [11]. Бұл – көркем әдебиет жанрларын, әсіресе поэзияны тәржімалауда жиі игерілетін тәсіл.
Аударматану ғылымының өзекті терминдерінің тағы бірі – сәйкестік.
Аударма қызметінің лингвистикалық теориясының қалыптасуының алғашқы кезеңдерінде зерттеушілер іргелі мәселелердің бірі ретінде сәйкестік, аудармадағы заңды сәйкестік ұғымдарын атаған болатын [12]. Бұл түсініктің енгізілуі аударма ісін процес ретінде танып, оған тілдік тұрғыдан талдау жасауға мүмкіндік берді. Ғалымдар аударма жасау барысында тіларалық сәйкестіктердің болатындығын және олардың белгілі бір заңдылықтарға бағынатындығын дәлелдеді. Алайда бұл терминге байланысты орыс тіл білімінде де, қазақ аударматану ғылымында да әлі де болса түйінді мәселелер баршылық. Біріншіден, әлемдік лингвистикадағы ғалымдардың сәйкестіктерді топтастыруға келгенде, тұжырымдары әртүрлі, ал қазақ мәдениетіндегі аудармаға арналған пікір-көзқарастарда нақтылық жоқ.
Зерттеуші Я. Рецкер сәйкестіктерді үш топқа ажыратады: а) балама (эквивалент); ә) ұқсастықтар (аналоги); б) баламалы ауыстырулар [12]. Ал Л.Бархударов әр тілдегі сөздердің семантикасында елеулі айырмашылықтар болатындықтан, семантикалық сәйкестіктерді атайды да, олардың негізгі түрлері толық сәйкестік, ішінара сәйкестік және сәйкестіктердің болмауы деп ұйғарады [1]. Басқа еңбектерден абсолютті сәйкестік, вариантты сәйкестіктер де болады деген ой ұшырасады.
Жалпы алғанда, бұл – қазақ аударматану ғылымы үшін орыс тілінен қазақ тіліне аударылған материалдардан алынған тілдік фактілердің негізінде өз алдына жеке зерделеуді күтіп тұрған мәселе; біз осы ұғымның нені қамтитындығына шолу түрінде ғана тоқталмақшымыз.
Сәйкестік – түпнұсқа мәтіннің тілдік бірліктеріне аударылатын тілден таңдалынатын вариант; варианттардың бірі. Ол толық сәйкестік болуы мүмкін, бұл, әдетте, түпнұсқадағы сөзге, сөз тіркесіне екінші тілдің арнаулы сөздіктерінде берілген бастапқы мағынадағы сөз дегенді білдіреді. Екі тілдегі тілдік бірліктер мағынасы, функционалды қолданысы жағынан толық дәрежеде тұспа-тұс келеді. Бұндай тілдік бірліктер контекске тәуелді болмайды, жеке, контекстен тыс тұрғанда да мағыналары тұспа-тұс келеді. Мәселен, орыс тіліндегі понедельник; қазақ тіліндегі дүйсенбі, ағылшын тіліндегі Monday толық, абсолютті сәйкестік, эквиваленттер болып саналады. Л.Бархударов жер-су атауларын (мыс., Москва – Мәскеу), ғылыми-техникалық терминдерді толық сәйкестікке жатқызады. Я.Рецкердің эквивалент деп отырғаны да осыған саяды.
Екі тілдің лексикалық единицаларын салыстыру кезінде түпнұсқадағы сөздің лексикалық мағынасына аударылатын тілдегі сөздің бірнеше семантикасы сәйкес келген жағдайда ішінара сәйкестік пайда болады. Қазақ тіліндегі жүрдек деген сөздің орыс тілінде бірнеше мағынасы бар: быстроходный, скорый, резвый. Тәржіма ісінде түпнұсқадағы тілдік бірліктің қандай сөзбен тіркесімге түсіп тұрғандығын ескере отырып, осылардың бірін таңдау – контекстуалды сәйкестікті, функционалды сәйкестікті іріктеп алу деген сөз.
Сәйкестіктердің болмауы деген терминнің аясына екі тілдегі баламасыз лексика (мысалы, Африка елдерінің тілдерінде қар – снег деген сөз жоқ), ұлттық реалий атаулары (мысалы, шаңырақ, сәукеле), кісі есімдері енгізіледі.
Аударматану ғылымындағы еңбектерде жиі қолданылатын аудармашының лингвомәдени құзыреті деп аталатын термин маманның төмендегідей қабілеті, деңгейі, жинақтаған тәжірибесінің көлемі болуы қажеттігін білдіреді:
· екі тілді бірдей меңгеруі;
· екі немесе бірнеше халықтардың мәдениетінен толық хабардар болуы;
· тілдерге қатысты аялық білімді (мәдени фондық ақпаратты) толық меңгеруі;
· тілдердегі идиомдық, образды құралдардың мағыналық реңктерін терең түйсінуі;
· түпнұсқа мәтіннің жанрлық сипатын ажырата білуі;
· аударылатын тілде оқитын адамның ұлттық-мәдени, танымдық қабылдауын ескеруі;
· аударманың стратегиясын айқындайтын аударма нормаларын, аударудың тәсілдерін, трансформациялау жолдарын жетік меңгеруі;
· көркем аударма жасау ісінде шығармашылық қабілетінің болуы.
Сөз соңында ескертеріміз – қазақ әдеби тілінің айналымында аударма – тәржіма – тәржіме; аудармашы – тәржімашы – тәржімеші; аударматану – тәржіматану деген терминдер жарыса қолданылады және олар әдеби норма болып танылады.
Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 8430;