Бекітілген терминдер қатарындағы төл сөздердің әлеуеті туралы
Соңғы жылдары ұлттық ойсана мен ұлт тілі туралы көзқарас, оларға деген қарым-қатынас түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Осыған байланысты тіл біліміндегі зерттеу бағыттары да тың арналарға қарай ойысты: әсіресе қолданбалы тіл білімі саласында қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесін барынша биік сатыға көтеру мүддесінде қазақ тілінің терминжасам жүйесіне қатысты маңызды жұмыстар қолға алына бастады. Бұл ретте республикада тіл саясаты мен стратегиясына арналған нормативтік құжаттарда көрсетілетін ізгі талаптарды атап өтпеуге болмайды. Қазақстан Респуликасы Президентінің 2001 жылғы 21 ақпандағы № 550 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекетттік бағдарламасында» қазақ тілінің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту мақсатында жүзеге асырылатын міндеттер қатарында «қазіргі қазақ әдеби тілінің сөзжасам процестерін, оның ішінде терминжасам принциптерін ғылыми негізде жүйеге келтіру, қазақ тілінің толыққанды терминологиялық жүйесін енгізу» [58, 85-б.], бұл үшін тілдің лексикалық және семантикалық тынысының мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігі баса көрсетілді. Сөйтіп, қазіргі тіл стратегиясы мен тілдің корпусты жоспарлануына сәйкес терминологиялық сөздіктерді шығару, оларда ғылыми және мәдени болмысқа қатысты терминдерді қамту қарқынды сипатқа ие болды. Соңғы онжылдық көлемінде әралуан салаларға қатысты жекелеген авторлар тарапынан жасалған шағын екітілді, түсіндірме сөздіктерді атамағанның өзінде, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен 31 томдық салалық терминологиялық сөздіктер (еңбектің алғы сөзінде «ғылым, мәдениет және экономика салаларының негізгі терминдерін қамтитын сөздіктер сериалы» деп аталады) жарық көрді [88], Мемтерминкомде сарапталып, бекітілген терминдер де жарияланды [89].
Жалпы алғанда, қазақ әдеби тілінің терминдік жүйесін қалыптастыру жұмыстары қолға алынған кезден бастап-ақ айқын байқалған бір жайт – түп негізі роман-герман, латын, грек және т.б. тілдері болып саналатын, қазақ тілтанымында дәстүрлі түрде «орыс тілінен енген сөздер» деп аталатын өзгетілдік элементтер үшін қазіргі қазақ әдеби тілінің айналымында сирек қолданылатын, көнерген сөздер, жергілікті тіл ерекшеліктері қатарынан алынған саналуан сөздердің ұсынылуы. Бұл, әрине, бүгінгі таңда да жалғасын тауып келе жатқан оң құбылыстардың бірі. Тіл қорында бар, алайда белгілі бір кезеңдерде қолданыстан сыртқары қалған, мағынасы терең, төл қазақ сөздерінің терминдік айналымға сәтті түсуі – қазақ тілінің ұлт тілі ретіндегі бекемдігін, өміршеңдігін, тамыры тереңде екендігін дәлелдейтін фактор. Төл тілдік әлеуеттің осындай мүмкіндіктеріне иек арту жоғарыда аталған, Мемтерминком бекіткен терминдер тізбесінде де байқалады. Әдетте, осындай алқалы орган бекіткен сөздер мен сөз орамдары заң күшіне ие, олардың қолданылуы (бұрын бірнеше вариантта жұмсалып келгендерді, екіұдай мағына болғандарды ығыстырып ) міндетті болып саналады. Алайда тілдің қолданымға түсу тәжірибесіне зер салсақ, бекітіліп ұсынылған аталымдардың бір тобының коммуникативтік актіге түспейтіндігін байқауға болады. Оның сырттай бақылағанда аңғарылатын бірнеше себептері бар: қазақ тілін ресми-іскери қарым-қатынаста пайдаланушылар лексикографиялық еңбектердің мәліметтерін басшылыққа алуға назар салмайды; өзінің терминдерге қатысты бар білімімен шектеледі және, ең бастысы – екітілді терминологиялық сөздіктермен таныс болғанның өзінде де оларда берілген төл тілдік сөздердің (көнерген сөздер, белгілі бір аймаққа тән сөздер және т.б.) мағынасын түсінбегендіктен, өзінің коммуникативтік сөйлеу актісінде жоқ болғандықтан, бұған дейінгі жинақтаған білім- ақпаратының қорында бұндай типтес сөздер мүлдем кездеспейтіндіктен, пайдаланудан қашқақтайды (тіпті бас тартады), олардың орнына орыс тіліндегі баламаларын немесе калька арқылы жасалған (бұлар құрылымы мен формалды мазмұны жағынан ұғынықтырақ) нұсқаларды жұмсауға бейім тұрады. Демек, қазақ әдеби тілінің терминдік жүйесін қалыптастыру процесінде тілдің сөздік қорының күллі мүмкіндіктерін толық игеру ізгі бағыт дегенді қайталап айта отырып, біз терминдердің толыққанды айналымға түсуі үшін ұсынылатын терминнің семантикасының қандайлық екендігін (термин ретінде ұсынбастан бұрын) барынша ескеру қажет деп есептейміз.
Бұл ретте алдымен лексикографиялық еңбектерде берілетін семантикалық анықтамаға (семантикалық анықтама – сөздің лексикалық мағынасын түсіндіру дегенді білдіреді) тоқталу қажет болады. Сөздің лексикалық мағынасы – тілдік бірліктің мағыналық құрылымын ашады, оның барлық семантикалық компоненттерін көрсетеді, тілді пайдаланатын ұлттың, халықтың ұзақ тарих бойында жинақтаған тәжірибесінен мағлұмат береді, сөздің мағынасынан терең ақпаратты жеткізеді, сөйтіп, оны дұрыс қолдануға жол ашады. Қазақ тілтанымындағы лексикографиялық еңбектерде лексикалық мағынаны түсіндірудің бірнеше функционалдық типтері қалыптасқан; олар, біздің байқауымызша, төмендегілер:
сөзді тіркеу (яғни сөзді қолдану мен түсінудің констатациясы), нормативтік түсіндіру, формалды және мазмұны жағынан түсіндіру, аударма арқылы түсіндіру.
Ал сөздің семантикалық анықтамасын жеткізудің тәсілдеріне келсек, онда мыналарды көрсетуге болады: синонимдік қатарлары арқылы; санамалау арқылы; сипаттау арқылы; түрлік атаулардың тектік атауларын немесе, керісінше, тектік атаулардың түрлік топтарын нақтылау арқылы; антонимдеріне нұсқау арқылы.
Бұл жайттар екітілді нормативтік терминологиялық сөздіктер жасау барысында аса маңызды болып саналады.
Жоғарыда аталған 31 томдық екітілді терминологиялық сөздіктер кешенінің арасынан біз «Әскери іс» саласы бойынша (12-том) сөздіктің материалдарын мұқият қарап шықтық. Құрастырушылардың көрсетуі бойынша 5000-нан астам термин қамтылған еңбекте төл тілде байырғыдан бар сөздерге терминдік мағына үстеу жолымен жасалғандардың саны біршама; олар біздің санамалауымыз бойынша шамамен 1000-нан асады.
Әрине, терминологиялық екітілді сөздіктің міндеті мен ұстанымдары түсіндірме сөздіктен өзгеше; бұнда егжей-тегжейлі түсіндіру, стильдік немесе басқадай да бір сипаттама беру мүддесі жоқ. Бұл сөздікте көнерген сөздер, сирек қолданылатын сөздер, жергілікті тіл ерекшеліктері қатарынан алынып, термин ретінде ұсынылғандардың бірқатарының мағынасын аудармасы арқылы, сондай-ақ синонимдік сыңарлары арқылы қабылдап түсінуге болады.
Алдымен «Әскери іс» саласы бойынша терминдер жиынтығына назар аударғанымыздың себептерін түсіндіре кетелік:
Біріншіден, бұл саладағы күнделікті ресми-іскери қарым-қатынас ұзақ жылдар бойы орыс тілінде жүргізілгені белгілі. Сондықтан, екіншіден, «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» елдің Қарулы Күштеріндегі қазақ тілінің қолданылу жағдайының бәсеңдігі аталып, оны жолға қоюдың бағыттары ұсынылады. Үшіншіден, қазақ тілінің тарихы тіл қорында әскери іске қатысты саналуан сөздер болғандығын дәлелдейді. Мысалы, ғалым Р.Сыздық сақетер (қылыш деген мағынада), салар, аға, адырна, азамат, айбалта, дулыға, ереуіл, жебе, барымта типтес басқа да көптеген сөздердің ежелгі жырларда, ХV-ХІХ ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың шығармаларында кездесетіндігін нақты мысалдармен дәлелдеген [71].
Міне, осы себептерге байланысты сөздікті құрастырушылар әскери-жауынгерлік салаға қатысты байырғы сөздердің бір тобын қамтуға ұмтылыс жасаған.
Алдымен «Әскери іс» саласы бойынша сөздіктегі калька жолымен жасалған аталымдарға тоқталалық. Еңбекте саптық жарғыға қатысты терминдердің қазақша баламасын беруде түпнұсқа тілдегі формалды-мағыналық құрылым толық сақталған: Алға (орыс тілінде – Вперед); Артқа бұрыл (Кру-гом); Артқа бұрыл да-Бас (Кругом-Марш); Ретпен-Санал (По порядку-Рассчитайся); Сапқа тұр (Становись); Ту астына, Тік тұр (Под знамя, смирно); Иық-қа (На пле-чо); Оң-ға Түзел (Равнение На-право) және т.б. дегендердің ұсынылуында орыс тіліндегі сөздің абсолютті сәйкестігін таңдап алумен қатар, олардың сыртқы формалды құрылымы да (тыныс белгісі, бас әріптермен таңбалануы) тұтастай «көшірілген». Терминдердің құрамдас бөліктерін өзгертпей алуға әсер еткен экстралингвистикалық факторлардың бастысы – әскери-жауынгерлік саланың қызметін реттейтін саптық жарғы атаулары ықшам, айтылуында екпін түсетіндей, дауыс көтеріңкілігі, императив анық байқалатындай болуы қажет.
Жалпы алғанда, сөздікте аударма тәсілдері арқылы сәтті жасалған терминдер легі бір алуан. Бұнда лексикалық, семантикалық, сөзжасамдық және синтаксистік калька амалын сүйеніш еткен жайттар жиі ұшырасады (ауытқушылық – аномалия; атаулы тізім – именной список; атыс кезегі). Сонымен қатар, жоғарыда айтқанымыздай, қазақ тілінің өз сөздік қорында бұрыннан бар, әскери іс саласына топтасатын аталымдар да Сөздіктен көрініс тапқан; олардың бір легі ретінде төмендегілерді атауға болады: айдауыл (конвой), алғыншы (авангард), алтыатар, берен; дулыға; нысана; жортуыл; әскери әлеует; әскери нөкер (эскорт); қарауыл; ершік (седловина); жедел ақпар (депеша); оқшантай; кіреуке (кольчуга); сауыт (кольчуга); зеңбірек; шүріппе; торуыл (засада); құндақ (цевье); сарбаз; қолбасшы; тапанша (пистолет); ұңғы (дуло,ствол); қалқан; сап; лек; семсер; зеңбірек; шеп; шолғын (дозор) және т.б.
Сөздікке енгізілген терминдердің тағы бір тобы үшін төл сөздердің мағыналарындағы қандайда бір семантикалық компоненттердің реңктерін пайдалану арқылы терминдік мағына үстеу тән. Бұндай жағдайда еңбекте терминдік мағына үстемеленген сөздің тағы бір синонимі немесе орыс тіліндегі нақты ұғымдық мәнге ие баламасы қоса көрсетіледі: бұл – сөздің анықтамасын нақтылау үшін қолданылатын санамалау, сондай-ақ синонимдерін тіркеу тәсілі. Айталық, бақылау, байқау (надзор); белдік, бау; дәреже, ранг (ранг); жарақ, жабдық (принадлежность); жол көрсетуші, өткізгіш (проводник); кеудеалқа, аксельбант (аксельбант); қарауыл, күзет (караул); нобай, макет (макет); қолдау, сүйемелдеу (поддержка); пәрмен, команда (команда); рұқсатнама, виза (виза); сауыттау, сақтау (забронировать); тұрақтану, негізделу, орналасу (базирование); түр, пішін, нысан (форма); түйін, торап (узел); траектория, оқ ізі (траектория); шынжыр, тізбек (цепь); ілгек, жағабелгі (петлица); ілгек бақан, багор (багор). Терминдердің бұлайша берілуінің бірнеше объективті себептері бар деп есептейміз. Біріншіден, Сөздікте кейбір жағдайда синонимдерінің қатар берілуі және олардың сандармен ресімделуі түсінікті; мыс., 1. белдік, 2. бау ретінде ұсынылу амалын осы екі сөз ұғымдық көлемі әр басқа екі терминдік ұғым ретінде жұмсалады деп қабылданады. Бір ұғым үшін бірі қазақ тіліндегі, екіншісі орыс тіліндегі баламасының ілестірілуі (мыс., нобай, макет; рұқсатнама, виза), сондай-ақ бірнеше синонимдердің көрініс табуы (мыс., тұрақтану, негізделу, орналасу – дислокация деген мағынада) олардың қай-қайсысын да жанр түрлерінде, мәтіндерде қолдануға болады дегенді білдіреді. Дегенмен біз бұл арада терминді қалыптастырудың негізгі қағидаларына, терминдік жүйенің нормалық ұстанымдарына сүйене отырып, нақты бір ұғым үшін терминнің ұғымдық көлеміне толық сәйкес келетін, оны аша алатын бір ғана баламаның ұсынылуы қазақ терминжасамының қалыптасуы мен жетілуіне игі ықпал жасайтындығын, сонда ғана бекітілген терминнің қолданысқа түсу мүмкіндігі артатындығын атап өтеміз.
Өзгетілдік ұғымдардың қазақша баламасының қолданысқа ену мүмкіндігіне барынша ықпал жасайтын жайттардың тағы бірі және ең маңыздысы – термин үшін іріктеліп алынған қазақ тілі сөзінің семантикасын терең ескеру. Нақты бір тілдік бірліктің негізгі және қосалқы мағыналары, стильдік реңктері, басқа сөздермен тіркесім жасай алатын қабілеттері толық назарға алынған жағдайда терминдік мағына иеленген сөз тіл айналымына қосыла алады, ол алдымен жазба мәтіндерде жұмсалып, қолданыс жиілігі арта түскен сайын узуал нормалық тұлғаға айналып, кейінірек ресми-іскери тілдік қарым-қатынастың ауызша түрінде де игеріле бастайды. Қазақ әдеби тілінің лексикалық қорына соңғы жылдары қосылған жаңа қолданыстардың қалыптасу тарихына осындай сипат тән.
Әскери іс саласына қатысты аталымдардың қайсыбіріне лексикографиялық еңбектерде нұсқалатын семантикалық анықтамасы арқылы талдау жасап көрелік.
Семантикалық анықтаманың мақсаты – жаңа ұғым үшін игерілетін сөздің ұғымдық көлемі мен мазмұнын жалпыға таныс, түсінікті сөздер арқылы жеткізу. Бұл тұрғыдан қарағанда, әрине, семантикалық анықтама кез келген сөздің, терминнің лексикалық мағынасына, оның ішкі семантикалық құрылымына тұспа-тұс келеді. Дей тұрсақ та сөз мағыналарының семантикалық анықтамасында адам, ұжым танып-білген ақиқат дүниенің құбылыстары жинақталады. Семантикалық анықтама шоғырландыратын объективті мағыналық ақпарат алдымен адам санасында ұғым, түсінік, идея, белгілі бір заттың, құбылыстың ойда жасалған сызбасы, суреті түрінде қалыптасады. Айталық, Сөздікте кеудебелгі (нагрудный знак) деген термин бар; осы аталыммен танысқан адам (бұл арада, сөз жоқ, нағыз тіл иесі (носитель языка дегенге балама ретінде алып отырмыз. Орыс тілінде бұл термин өз ана тілін жетік білетін, ана тілін кезкелген жағдаятта, ауызша және жазбаша түрде, әдеби нормаларға сәйкес, еркін жұмсай алатын Адам деген сөз – А.А.)) кеуде және белгі деген сөздерге қатысты сананың ақпараттық қорындағы мәліметтерді дереу еске түсіре алады, одан әрі нормативтік, энциклопедиялық лексикографиялық еңбектерде берілген анықтамаларға сүйеніп, өз білімін нақтылай түседі. Осы қатарға әмір (команда), әміртыйым (вето), бомбапана (бомбоубежище) деген сөздерді жатқызуға болады. Алдыңғы екі термин мағынасының нақты екендігін, терминдік мағынаға сәйкес келе алатындығын, мәселен, Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде берілген анықтама бекіте түседі: әміртыйым. Әмір-бұйрық, жарлық, үкім [90, II, 452-б.]; тыйым-тежеу, тоқтам [90, IX, 359-б.].
Сөздіктен бұлғақ деген терминді кездестіреміз. Ол орыс тіліндегі шатун дегеннің қазақша баламасы ретінде Мемтерминком тарапынан бекітілген (орыс тіліндегі референциалды мағынасы – деталь машины, механизма, соединяющая поршень с валом двигателя и служащая для передачи движения во время работы) [91, СРЯ, ІV, С.704]. Қазақ тілі бойынша лексикографиялық еңбектер жоғарыда аталған мағынаны көрсетпейді, бір ғана санамалау, констатациялау тәсілімен берілген түсініктемемен шектеледі: Бұлғақ. Бұлғақ – бұлғаң – бұлғаң етушілік, теңселушілік [90, II, 519-б.]. Бұл ретте нағыз тіл иесі берілген сөздің мағынасын түсінуде, оны термин ретінде шапшаң қабылдауда біршама кібіртіктейді (жазба мәтінде, сөйлеу актісінде орысша баламасын пайдалануға бейім болатындығының бір себебі осы). Нағыз тіл иесінің санасында көркем мәтіндегі коннотацияға ие қолданыстар (мыс., бойы бұлғаң…), сондай-ақ осы сөздің орыс тіліндегі ауыс мағынасы (тот, кто любит шататься) туралы ақпараты болғанда ғана қазақша баламаның ұғымдық көлемі жағынан сәйкестігі//сәйкессіздігі туралы пікір қалыптастыра алады (орыс тіліндегі затты атау үшін (машинаның тетігін) де шатун деген сөздің қосымша коннотациясы алынған).
Сөз тудырушы қосымшалар арқылы жасалған қазақ тілі терминдері де назар аудартады. Бір қарағанда, бұл топтағы терминдердің ұғымдық көлемі айқын, анық деп есептеуге болады. Дегенмен бұл арада да сөздер мен қосымшалардың мағыналары мен анықтамаларын нақтылай түсудің қажеттігі туады.
Берілген терминдердің бірі – шолғын; екіншісі – шолғыншы. Түбірі мен қосымшаларының нақтылығы арқылы (шолу – байқау, байқастау; - ғын және -шы – зат есім тудырушы жұрнақтар) терминдік мағынаны қабылдауға болады, алайда өзге тілдегі терминдік ұғымның семантикалық анықтамасын талдау арқылы мыналарды аңғарамыз:
Сөздіктің көрсетуі бойынша, шолғын – дозор, шолғыншы – дозорный. Ал орыс тілінде дозор екі түрлі семантикалық анықтамамен түсіндіріледі : 1. устар. обход для осмотра. 2. небольшой отряд, высылаемый для охранения и разведки [91, СРЯ, ІV, С.418].
Көріп отырғанымыздай, шолғын – дозор дегендердің негізгі терминдік ұғымдық көлемі субъектіге қатысты; ал шолғыншы – дозорный – предназначенный для дозора; сторожевой (Сонда). Түпнұсқа тілдегі терминнің анықтамасын егжей-тегжейлі келтіріп отырғанымыздың себебі – түбір сөз бен туынды сөздің терминдік ұғымының нақты еместігі.
Сөз тудырушы қосымша арқылы жасалған, ал түбіріне терминдік мағына үстемеленген әскери терминдердің тағы бір тобының да семантикалық анықтамасын айтуға тура келеді. Сөздікте -уыш қосымшасы арқылы жасалған бірнеше аталым бар. Бұл қосымша құрал-сайман атауын жасайтын жұрнақтар қатарына енеді [92, 129-б.]. Дәлел ретінде төмендегідей мысалдарды келтіруге болады: есептеуіш, санауыш, қырнауыш, су себелеуіш және т.б.
Осыған байланысты Сөздікте берілген айдауыш – досылатель терминінің ұғымдық көлемі сәйкес келмейді деп танимыз; өйткені түпнұсқа тілдегі досылатель термині субъектіге қатысты (дослать – выслать, послать дополнительно; продвинуть до определенного места (снаряд; патрон) [91, СРЯ, ІV, С.435]. Осыдан барып адамның мамандығын белгілейтін атау жасалған (досылатель). Ал қазақ тіліндегі балама жабдық атауларының мағынасын беретін қосымша арқылы жасалғандықтан, ұғымдық көлемі жағынан сәйкессіздік танытып, тіл қолданысында орын тебу қабілеті төмендейді.
Семантикалық анықтамасын бірден түсіну қиындық тудыратын аталғандар типтес терминдердің қолданысқа түсіп, термин ретінде қалыптасуының бірнеше мүмкіндіктері бар: біріншіден, бұндай сөздер мағынасы ұғынықты болмаса да, формалды құрылым ретінде танылып, жазу практикасында қолданыс жиілігі артып, формалды таңба ретінде қалыптасуы, сөйтіп, терминдік жүйеде орныға алады (салыстырыңыз: қазақ тілінің лексикалық құрамына бұдан оншақты жыл бұрын енген, араб-парсы тілдеріндегі басты түсініктемесі мәтәна – жазу болып саналатын мәтін деген сөз тіл иелеріне алғашында түсініксіз болып, әрі осы сөздің тіркесімділік, сөзжасамдық қабілеті төмен деген көп уәж айтылғанына қарамастан тіл практикасында орнықты). Екіншіден, бұндай сөздер заң құжаттары арқылы бекітілуі де мүмкін. Біздің ойларымызға тағы бір мысал өзек бола алады. Сөз тудырушы қосымша арқылы жасалған терминдердің тағы бірі – сазген – фанфарист. Қазақ тіліндегі сөз лексикографиялық еңбектерде ұшыраспайды, өйткені сазген – бұдан жарты ғасырдай уақыт бұрын жетіген сөзінің үлгісімен жасалған жаңа сөздердің бірі болды; бұл аспаптың, жабдықтың аты емес, абстрактілі ұғым (саз+ген ); ал фанфарист – трубач, играющий на фанфаре – на духовом музыкальном инструменте [91, СРЯ, ІV, С.553]. Ғылыми-көпшілік стильдің нормаларымен түсіндіргенде, сазген деген сөз естілгенде, оқылғанда, нағыз тіл иесінің санасында саз аспабының түрі немесе оны меңгерген адам емес, керісінше, ұлттық музыкаға қатысты абстрактілі ұғым елес береді.
Әскери іс саласына байланысты терминдер корпусының жасалу жолдары, нормаға қатысы, әсіресе олардың семантикалық анықтамаларының түпнұсқа тілдегі негізгі ұғымға тұспа-тұс келуі жөнінде талдау жасау арқылы төмендегілер тұжырымдалады:
- екітілді терминологиялық сөздіктерде балама ретінде ұсынылған сөздің түсіндірмесін, лексикалық сипаттамасын беру міндеті көзделмейді;
- дегенмен қазіргі қазақ әдеби тілінің терминдік жүйесін оңтайлы қалыптастыру және жетілдіру үшін тиімді тәсілдердің бірі – төл сөздің ішкі мағыналық мүмкіндіктерін игеру процесінде балама ретінде ұсынылатын тілдік бірліктің референциалды мағынасымен қатар басқа да күллі қосымша мағыналарын, кей жағдайда тіпті коннотацияға ие реңктерін ескеріп отыруға тура келеді. Өйткені типологиялық құрылымы әр басқа тілдердің арасында сөз, тұрақты тіркес, яки морфема сияқты тілдік бірліктердің референциалды мағыналары толық сәйкес келетін тілдер кездеспейді. Әрине, қазақ және орыс тілдерінің арасындағы ғасырлар бойғы, тіпті бірқатар онжылдықтарда барынша қарқынды болған байланыс, халықтар арасындағы тығыз тілдік контактіні айқындайтын тілдік жағдаяттың ықпалынан қазақ тілінде орыс тіліндегі единицаларға толық сәйкес бола алатын тілдік бірліктер қалыптасты (мыс., сөз тудырушы қосымшалардың өнімділігінің артуы; сөзбе-cөз аудару арқылы жасалған күрделі тұлғалар). Дегенмен бірқатар сөздердің екі тілдегі референциалды мағыналары сөздіктерде дәлме-дәл келгенімен, тіл қолданысқа түскенде, мазмұн межесімен (план выражения) салыстырғанда, сөздер семантикалық реңктері, топтасуы, басқа тілдік бірліктермен тіркесуі арқылы жаңа мағына тудыруы жағынан алшақтап кетеді. Осы себепті қандай да бір қазақ сөзін термин ретінде ұсыну ісінде оның семантикалық анықтамасының барлық қыры толық ескерілуі қажет деп саналады.
- Мемтерминком бекітіп, лексикографиялық басылымдар арқылы ұсынылған терминдердің – оның ішінде қазіргі тілдік қауымға бейтаныстау, көнерген сөздер, диалектизмдер, сирек қолданылатын сөздер, этимологиясы көмескіленген сөздер тобынан алынған терминдік атаулардың – барлығы да бірдей семантикалық анықтамасында алшақтықтар болғандықтан, мүлдем қолданысқа ене алмайды деуге де болмас. Әдеби тілдің активті қорында жоқ тілдік бірліктердің термин ретінде қалыптасуына ықпал жасайтын факторлар – олардың тілдік таңба ретінде қолданыс жиілігінің артуы, жазба тіл арқылы қолданылуы қарқындап, ауызша әдеби тілде жұмсала бастауы, эстетикалық ұстанымға сәйкестігі, басқа функционалдық стильдерде (әсіресе баспасөз тілінде) көрініс табуы, басқаша айтқанда, таралу кеңістігінің ұлғаюы және бұл ретте мерзім параметрін де атауға болады (яғни термин біршама мерзім бойында жұмсала келіп, дағдылы нормаға айнала алады).
Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 6606;