Терминдерді аудару мәселесіне

 

Аударма ісіндегі маңызды мәселе – терминдердің аудармасына байланысты. Жоғарыдағы аудармасы жиі қолданылатын сөздердің қатарына қоса келгенде, термин деп қабылдап жүрген тілдік бірліктердің өзін іштей топтап алған да орынды. Оны шамамен терминдер, құжат лексикасы, кәсіби сөздер сияқты топтарға бөлуге болады. Осы орайда, терминдердің аудармасына, оған қатысты қалыптасқан түсінік пен жағдайға жан-жақты тоқталған орынды.

Терминологиядағы аударма мәселесiнiң өзектi болып отырғандығы мәлiм. Бұл бағытта қазiргi таңда екi түрлi көзқарастың қалыптасып, терминдерді аудару-аудармауға байланысты түрлі түсініктер мен ойлар барлығы жасырын емес. Сондықтан терминдерге қатысты ойлар жеке тоқталуды қажет етеді. Терминдердің аударылуына қатысты көзқарастағылардың бiр тобы терминдердiң аударылуын қолдаса, екiншi тобы терминдердi аударуға қарсылық бiлдiруде. Бұл – жеке адамдардың емес, дұрыс аударылмаған терминдердiң салдарынан туындаған қоғамдық көзқарас. Расын айтқанда, соңғы бағытты қолдаушылардың пiкiрi мен аударма теориясын байланыста қарастырып көрейiк.

Аударма – тiл-тiлдiң барлығында да кездесетін тiлдiк тәсiл. Кез келген тiл қажеттiлiгiне қарай аударма жасауға баратындығы даусыз. Ал аударма мазмұнды не мағынаны дәл берудi қажет етедi. Бұл – ең бiрiншi кезекте аудармаға қойылатын тiлдiк талап. Аударма мәселелерiн қарастыру барысында өз еңбегiнде Ш.Бiләлов мағынаның дұрыс берiлуiне баса назар аударады. Ол бұл мәселеге: «… Мағынаны ұғыну – оның адам санасында бейнеленуi немесе оның тиiстi ой тетiктерiн дөп басып, қоздыруы. Сондықтан да, мағынаның дұрыс бейнеленуi ой тетiктерiнiң, сезiм талшықтарының сезiмтал, нәзiктiгiнде. Екiншiден, мағына – бүтiн де тұтас бейзаттық дүние. Бейзаттық шамасы абстракция болуы керек», - деп көрсетедi [94, 161-б.].

Расында, мағынаның, оның белгiлерiнiң дәл берiлуi – тiлдегi ең басты мәселелердiң бiрi. Бұған қатысты ғалым өз ойын қорыта келiп, аударма дәлдiгiне қажеттi сатыларды жаттау ® пайымдау (тарқату ® мәністеу ® ширату) ® жорамалмен мағынаны қабылдау ® тиянақтау түрiнде көрсетедi [94, 161-162-бб.].

Ал аударманың терминологияға қатысты ерекшелiктерiн қарастыра келiп, ғалым А.Алдашева өз еңбегiнде аударма мен кальканы бiрiн-бiрi толықтыратын тәсiлдер ретiнде қарайды [10, 94-бб.]. Бұл негiздi деп санаған дұрыс. Өйткенi терминдердi аудару барысында осы екi тәсiлдiң де қолданылатыны белгiлi. Қалай болғанда да, аударманың терминологиядағы тиiмдiлiгi теориялық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да дәлелденiп жүр.

Ал терминдердi аударуға қатысты ең басты мәселе – терминдердi аудару-аудармау жөнiнде екенi белгiлi.

Терминдердi аударуға қарсы болушылар тiлдердiң арасындағы мәдени, ғылыми-техникалық байланыстың болуы үшiн ортақ ғылыми ұғымдардың, атаулардың тiлдерде өмiр сүруi қажет болып табылады екен. Яғни ғылыми түсiнiстiк үшiн де осы бағыттағы терминдердiң болғаны жөн сияқты.

Сондай-ақ, терминдердi аударуға қарсы болушылар қазақ тiлiндегi термин сөздердiң, әсiресе, соңғы уақыттарда аударылып жатқан терминдердiң қолайсыз, қолдануға ыңғайсыз екендiгiн және оны ешкiмнiң түсiне бермейтiндiгiн алға тартады. Бұның да арғы жағында шындық бар шығар.

Терминдердiң аударылмауын көздейтiн көзқарастағылар бұдан басқа қазақ тiл бiлiмiндегi терминология саласының алдына «халықаралық» термин ұғымын алға тартады. Ал бұл көзқарастың орыс, еуропа тiлшiлерiнiң еңбектерiнде айтылып келе жатқаны мәлiм. Алайда бiз олардың пiкiрлерiне қосыла алмайтындығымыз анық. Ол тек бiздiң ғана пiкiрiмiз емес екендiгi жасырын емес. Халықаралық терминдердiң осы сапаға жауап бере алмайтындығы жөнiнде қазақ тiлшiлерi (Б.Қалиұлы, Ш.Бiләлов, Ш.Құрманбайұлы) де жан-жақты өз пiкiрлерiн бiлдiрiп жүр. Бұл жөнiнде орыс тiлшiлерiнiң де еңбектерiнен қарсы дәлелдi пiкiрдi байқауға болады.

Терминдердiң аударылуына қарсы болушылар, сонымен қатар аударма сөздер арқылы жаңа сөздер қалыптастыру, жаңа терминдер жасау тiлдi шұбарлайды, тiлдi бүлдiрудiң нағыз өнiмдi тәсiлi деп атайды. Яғни, олардың пiкiрiнше, тiлде жаңа сөз жасау тiл заңдылықтарын бұза отырып, тiлдегi бейберекет сөздердiң қолданысын қалыптастырады деп көрсетедi.

Дегенмен өз ойымыз тұрғысынан осы пiкiрлердiң негiздi-негiзсiздiгiн қарсы пiкiрлер тұрғысынан саралап көрейiк.

Ең алдымен терминдердiң арасындағы байланыстың болуы керектiгiн, барлық тiлдердегi ғылыми атаулардың ортақтығы жөнiндегi пiкiрлердi сараптай келсек, ғылым саласында түсiнiстiктiң болуы мiндеттi, ортақ атаулар болу керек деген тiл заңдылығы еш жерде жоқ. Онымен бiрге «ортақ» деп айдар тағып, термин деп қалыптастырып жүрген сөздердiң барлығын дерлiк термин жасаушы тiлдер өз тiлiнiң негiзiнде немесе өз тiлдерiне жақын тiлдердiң сөзi негiзiнде жасайды. Бiздiңше, ғылыми ұғымды ойлап тапқаннан кейiн сол сөздi өз тiлiнiң негiзiнде атау сол тiлдiң құқығы. Бiрақ сол ұғым мiндеттi түрде барлық тiлдерде қалыптасқан түрде, сол тұлғада қалсын деген заң жоқ. Олай болса, ол сөздердi аударып не басқа тұлғада атап термин жасауға болады деген сөз. Оған дәлел ретiнде арыға бармай-ақ, қытай, жапон тiлдерiн мысалға келтiруге болады. Бұл тiлдерге тән термин жасау саласындағы ерекшелiктi бiзге дейiн де талай еңбектерде мысал ретiнде айтып та жүр.

Ал осы процеске қоса, қытай тiлiмен тығыз байланысты тағы бiр тартымды да, дәлелдi мәселеге тоқтала кеткен орынды. Ол қытай елiндегi қандас қазақ бауырларымыздың қазақ тiлiндегi сөзжасам жүйесi жөнiнде. Яғни бiзбен салыстырғандағы қытайдағы қазақтардың сөздiк қолданысы туралы. Олармен ауызекi тiлдесу барысында кейбiр бiзге тосындау болса да, байыппен қараған адамға ұғынықты, кәдiмгi қазақтың тiлi арқылы, оның сөздiк қоры арқылы жасалған орынды да сәттi қолданыстары бар екендiгiн байқадық.

Мысалы, бiздегi ұялы телефон деген жаңа сөз қолданысы бар. Бұл сөзсiз шартты аударманың нәтижесiнде пайда болған жасанды сөз. Аталған жаңа сөздi әрқайсымыз түрлiше сынап жүрiп, қазiргi кезде үлкен қиындықпен, уақыттың «емшiлiк» етуiмен қалыптастырғанымыз, соның өзiнде сирек қолданып жүргендiгiмiз жасырын емес. Ал қандас қытайлық қазақтар осы сөздi қол телефон деп қолданады екен. Әрине, қол телефон деген қолданыс сотовый телефон деген ұғымның толық мағынасын ашып көрсете алмайды. Тiптi тура аудармаға да жатпайды. Бiрақ, тура аударма болмаса да, көпшiлiкке түсiнiктi, мағынасын жеткiзе алатын ұғынықты аударма. Қол телефон деп айта салғанға да жеңiл, қалыптастыруға да қиындық туғызбайды, әрi термин сөздi қолданушылар үшiн сөздiң мағынасы мен ұғымы да түсiнiктi болған болар едi [95, 127-б.]. Мұнда қытайдағы қазақтар тiлiнде кездесетiн базар заңы, (нарық заңы), жарна (акция), жарнагер (акционер), бәсеке сауда (аукцион), танысқы (визитка), төрешілдік (бюрократия), үкіметсіздік (анархизм), өзімшілдік (эгоизм) сияқты көптеген қисынды терминдердi қазақ тiлiндегi баламаларымен салыстыра көрсетіледi.

Бұл терминдi Түркиялықтар түрiк тiлiнде cep telefonқалта телефон деп қолданады екен. Бұл да ыңғайлы қолданыстардың бiрi деуге болады.

Бұл орайда, сотовый телефонды қолға ұстауға болады да, үйде, кеңседе тұратын телефонды қолға ұстауға келмейдi ме? - деген сияқты сұрақтар туындауы мүмкiн. Бiрақ, егер әр сөздiң тура баламасын беруге ұмтыла берсек, ешқашан өз тiлiмiзде сөз немесе термин жасамайтындығымызды ұмытпағанымыз дұрыс. Оның үстiне, аталған сөздердiң жасалуына үйде тұратын телефонға қарағанда ұялы телефонның жиiрек, көбiрек қолға ұсталатындығы, үнемi дерлiк қолда жүретiндiгi негiз, басты мағыналық тiрек болып тұр.

Ал түрiк тiлiнде бұл заттың қалтаға салып жүруге ыңғайлылығы негiзгi мағыналық белгi ретiнде қалыптасқан. Сондықтан осындай ыңғайлы қолданыстарды қалыптастыруға болар едi.

Терминдердiң осындай ұқсас белгiлер, тiрек белгiлер арқылы басқа сөздерден де жасала беретiн шарттылығы жөнiнде орыс терминологтары тарапынан болсын, қазақ терминологтары тарапынан болсын айтылып жүр. Мұндай пiкiрдi, әсiресе оған тән шарттылықтың бар екендiгiн Б.Н.Головин, Р.Ю.Кобрин сияқты ғалымдар да келтiре отырып, шарттылықтың терминдердi жай сөздерден ажырататын негiзгi белгiлерiнiң бiрi ретiнде көрсетедi [96, 33-б.]. Ал терминдер үшiн шарттылықтың болуы тiптi, заңды ерекшелiк.

Осы сияқты балкон деген сөздi де бiздiң ауызекi тiлiмiзде сол қалпында қолданып жүр. Ал қытай қазақтарының тiлiнде бұл ұғымды самалдық деп аударыпты. Жүйелi сөзжасам тәсiлiне негiзделiп жасалған сәттi қолданыс деп қабылдаған жөн болар. Бұл қазақ тiлiнiң икемсiз тiл еместiгiне тағы бiр дәлел болып табылады.

Бұл тұрғыда тағы бiр жайға тоқтала кетуге тура келедi. Мысалға келтiрiп отырған қол телефон, қалта телефон, самалдық сияқты сөздерiмiзтермин сөздер емес. Бұл орайда қоғамдық қатынас тiлiнде, тұрмыстық лексикамыздағы жаңа пайда болатын, жасалатын сөздердiң де табиғаты, олардың да жасалу тәсiлi терминге ұқсас. Айырмашылығы – олардың қолданылу аясында, қалыптасқан өрiсiнде. Сондықтан аталған сөздердi қазақ тiлiнiң сөзжасам жүйесiндегi мүмкiндiкке мысал ретiнде, дәлел ретiнде келтiрiп отырмыз.

Ең бастысы – қабылданған сөздiң тiлдi қолданушылардың барлығына да түсiнiктiлiгiнде. Мiне, осы сияқты сәттi аударманың үлгiсiн жасауға қытайлық қазақтарға бәлкiм, қытай мәдениетi мен психологиясының әсерi, олардың тiлдiк механизмiнiң үлгiсi болды ма деген де ойға келуге болады. Себебi мұндай сәттi аударманың үлгiсiн өз елiмiзде кейде көрсете алғанымызбен, көп жағдайда көрсете алмай жатамыз. Соның салдарынан аударма нәтижесiнде туындаған терминдердiң немесе жаңа сөздердiң бiрқатары сынға ұшырап қалып жатады.

Осыған байланысты ойымызды нақтылай түсу үшiн аударманың теориясын зерттеушi ғалым А.Алдашеваның мына пiкiрiне жүгiнуге тура келедi: «Ұлттық ұғымға бiрдейлестiру, ұлттық бiтiмге сәйкес келтiру бағытынан, тенденциясынан туындайтын тағы бiр ерекшелiк – белгiлi бiр заттың, ұғымның, құбылыстың, қасиет-сапаның атауын беретiн сөздiң, лексеманың осы тiлдi иеленушi халыққа қатыстылығын, осы халықтың меншiгi екендiгiн, сонымен қатар номинациялық атаудың ұлттық калоритiн көрсету. Бұл тек қана терминдер жүйесiнде, номинациялау деңгейiнде қалып отырған құбылыс» [10, 96-б.].

Жалпы аудармаға тән ерекшелiк болса да, бұл ойдың негiзiнде жатқан аудармаға қойылатын талап терминдердi аудару мәселесiне де қатысты деп бiлген дұрыс. Тiптi терминге қатысты бұл талаптың жүгi ауырлай түседi. Өйткенi әрi ұлттың табиғатына сәйкестендiрiп, әрi ғылым саласының iшкi жүйесiне сәйкестендiрiп аудару екiжақты талапты орындауды қажет етедi. Бiрақ ең бастысы, оны тiлдiң мүмкiндiктерi арқылы жүзеге асыруға болатындығында.

Ендiгi бiр уәж терминдердiң қолдануға ыңғайсыздығы жөнiнде. Бiздiңше, кейбiр терминдердiң аудармасы сәтсiз жасалып жатқандығы жасырын емес. Расында да, қолайсыздау терминдердiң қолданыс тауып жататындығы шындық. Алайда тiл заңдылығы бойынша кез келген жаңадан жасалған сөз не термин қалыптасу процесiнен өтуi керек. Екiншi жағынан, сұрыпталуы қажет. Бұл сатыларға терминжасам шығармашылығының механизмiне тоқталған тұста да айтып кеттiк. Сондықтан тiлдердегi мұндай қолайсыздықтың бастапқы сатыда болатыны анық. Бiрақ сондай кемшiлiктерi мен қалыптасуды қажет ететiн уақыт өлшемiн күтпестен, тiлдi бiрден термин жасауға қолайсыз тiл деп айыптауға болмайтындығын ескеру қажет. Математика терминдерi негiзiнде жазылған жұмысында ғалым Ш.Бiләлов терминдердi аударуға байланысты қойылатын бiрнеше талаптарды атап көрсетедi. Олар:

«1. Тiлдер арасында бiр мәндi (сөзбе-сөз) сәйкестiк;

2. Аудармада үндестiк заңының сақталуы;

3. Мағынаның дәл бейнеленуi;

4. Жүйелi сөз құрылысы;

5. Қисынды сөздiк байланыстар;

6. Ұлттық нақышта өрiлген сөз өрнектерi» [94, 122-б.]. Бұл талаптардың негiзгi түйiнi де А.Алдашеваның ойымен тығыз байланысты.

Тiл тек табиғи түрде дамып отыратын, икемге көнсе көндi, көнбесе болмайды дегендей тiрi организм емес. Тiлдiк теорияда да бұл пiкiрдiң негiздiлiгi дәлелденген. Тiлдегi жаңа жасалған сөздердiң, сол сияқты терминдердiң уақыт ағымымен, қолданыс дағдысымен қалыптасатындығы –терминологиялық дағдарысты басынан кешiрiп отырған қазақ тiлi үшiн ғана емес, барлық тiл атаулыға тән құбылыс.

Тiл жүйелi құбылыс ретiнде реттеудi, тiптi оның дамуын жоспарлауды қажет ететiн құбылыс. Сондықтан термин қалыптастыру iсi де бiр күнде бола салмайтын, бiр күнде аударыла салмайтын iс. Ол жоспарлы, саналы түрде жүзеге асатын құбылыс. Бiр кезде тiл-тiлдердi (соның iшiнде ТМД елдерiнiң тiлдерiн айтуға болады) жаулап алған кiрме терминдер де жоспарлы түрде енгiзiлгенi белгiлi. Олай болса, қазақ тiлiнде де термин жасап, оны қалыптастыруға, аударуға, жоспарлы түрде ретке келтiруге болады.

Аударма тәсiлi арқылы термин жасауға қарсы уәждердiң бiрi – халықаралық термин жөнiндегi пiкiрлерге келiп тiреледi. Соңғы кезеңде тiптi бұл бағыттағы пiкiрлер тасқынының не туралы екендiгi тiптi түсiндiрудi де қажет етпейдi. Бұл пікірлер жалпыға ортақ халықаралық терминдер қалыптастыру жөнiнде. Соған сәйкес тiлiмiзде осыған дейiн қалыптасқан өзге тiлден енген терминдердiң мүмкiндiгiнше аударылмауын құптайды. Бiздiңше, ғылыми интеграция, әлемдiк қауымдастыққа мүше ел ретiнде бұл пiкiрде де негiз жоқ емес шығар. Бiрақ бұл өз тiлiмiздi, әсiресе ана тiлдiң мәселесi көбiрек көтерiлiп, азырақ iстер iстелiп, тiл тағдыры қыл ұшында тұрған сәтте өгейсiтумен, тiлдi қолдап шеттетумен бiрдей деп түсiнген жөн. Осы бағытта қорғалған докторлық диссертациясында және соған қатысты монографиясында Ш.Құрманбайұлы да мұның механизмiн, терминологиялық қор мен тiлiмiздiң сөздiк қорының арасындағы байланысын, олардың өзара сөз алмаса отырып, сөздiк қорды, әрi тiлiмiздiң мүмкiндiгiн байытудағы, әрi тiлдi нормаға түсiрудегi қызметiн жан-жақты ашып көрсеткен болатын [54].

Оның үстiне, халықаралық деп жүрген терминдерiмiздiң осы талапқа жауап бере алмайтындығы да дәлелдi түрде айтылып жүр. Ғалымдардың пiкiрiнше, кез келген тiлдiң сөзiн арнайы халықаралық сөз не термин ретiнде қолдану үшiн алдымен оларды жаппай барлық тiлдердiң келiсiмi нәтижесiнде тiлдерге енгiзу керек, содан соң ғана барып барлық тiлдер жаппай бiрдей сол терминдi қолдануы керек. Әйтпесе, тiлдердiң барлығының заңды тұрғыдан құқықтары бiрдей, бiр тiлге екiншi тiлдiң өз сөзiн күштеп енгiзуге құқы жоқ. Ал бiз соны ескере бермейтiн, өзiмiздiң ұлттық мүддемiздi былай қойғанда тiл құқығын, оның мүмкiндiгiн бұзуға жол берiп жүрген сыңайлымыз. Нәтижесiнде халықаралық терминдер деп жүргенiмiз «үстемдiк етушi» тiлдердiң «кiшi» тiлдерге жасаған ықпалы болады да шығады. Өкiнiшке орай, оны саналы тоқтатуға шамамыз жетпей отырғандығы да ақиқат. Саналы түрде бұған барар жолдың бiрi – осы аударма тәсiлi болып табылады. Яғни осы уақытқа дейiн сол қалпында кiрiгiп келген терминдерiмiздi бiрте-бiрте болса да аудару, ана тiлiнде термин қалыптастыру. Бұл ұлтқа да, көпшiлiк қарапайым халыққа – оқушыға да, жасқа да, оқытушыға да тиiмдi болған болар едi.

Ал терминдердiң, тiптi тiлiмiздегi термин емес сөздердiң аударылу-аударылмауы жөнiндегi пiкiрлерге мынандай ерекшелiктi де айта кеткен жөн. Бұл ерекшелiктi өзiндiк ерекшелiк деп көрсетуге де болады. Себебi бiздiңше, аударуды қолдаушы көзқарастағы қоғамдық пiкiрлер өздерiнiң тiлдегi сөздердi бiрден науқанды түрде аудара салмайтындарын, тек алдағы уақытта ұлттық терминдер жасау бағытына көбiрек көңiл бөлу қажеттiгiн, тiптi болмаған жағдайда бiрқатар терминдердi терминологиялық айналымда немесе тiлдiк айналымда қалдыруға болатындығын, ең қажетi – ұлттық тiлдiк бiрлiктердiң өзге тiлдiң тiлдiк бiрлiктерiне қарағанда тiлде басым болуын көздейтiндiктерiн жеткiзе алмай жататын сияқты. Бастысы – бұл әрекеттiң тiлдi бүлдiретiн науқанды әрекет болмайтындығы, терминологияның алдағы уақыттағы дамуында ұстанатын ұстаным болуы тиiс екендiгi назардан тыс қалып жатады. Сондықтан аударылатындарын, аударуға икемдiлерiн аударып, аударуға икемсiз терминдердi аударып, шала тiл жасамаудың қажеттiлiгiн де ескерген орынды сияқты.

Ал керiсiнше, аударуға қарсы көзқарастағылар өздерiнiң батыл қадам жасауға, ұлт тiлiнiң, ұлт терминологиясының болашағы үшiн саналы әрекетке бара алмайтындықтарын, батылдарының жетпейтiндiктерiн, өздерiнiң санасындағы ұлттық түсiнiктiң жетпей жататындығын түсiндiре алмайтын, түсiндiруге қорқақтайтын тәрiздi. Олар өзге тiлдi терминдерден немесе сөздерден айырылса, құдды қатынас жасаудан қалатын, өзге тiлдiк бiрлiктi қолдана алмайтындай сезiнедi. Өз психологиялары мен таным-түсiнiктерiндегi өзгерiстердi, өз бойларындағы кемшiлiктердi аңғармайтын, аңғарса да мойындамау бағытын ұстанған сияқты.

Мiне, осы сияқты мәселеге деген бiржақты көзқарастардың салдарынан терминология, оны қалыптастыру мәселесi төңiрегiнде екi жақты айтыс туындап отыр. Ол өз шарықтау шегiне жетсе де, осындай қайшы пiкiрлер, айтыс-тартыстар терминжасам жүйесi, оның ұстанатын бағыты төңiрегiнде бiрқатар маңызды мәселелердiң басын ашып көрсетсе де бұл мәселенiң шешуiн табуы қиындау болып отыр. Нақты әрекетке көшудiң уақыты жетсе де қазiргi қазақ терминологиясы әлi екi көзқарас деңгейiнен шыға алмай отырғандығы шындық.

Ал өз мақаласында академик Ә.Қайдаров ғылым тiлiнiң халыққа қызмет iстеуi керектiгiн алға тартып, мынандай пiкiр бiлдiредi: «Егер бiз ғылымның барша жаңалықтары мен табыстарын ең алдымен адамның, халықтың игiлiгiне қажет дүние деп танысақ, бұл арадағы тiлдiң атқаратын орасан зор қызметiн де ұмытпағанымыз жөн» [97, 14-15-бб.]. Демек, ғылым халыққа қызмет етуi үшiн тiл де халыққа қызмет ете алуы керек деген сөз.

Келесi мәселе – тiлдi шұбарлау жөнiнде. Өйткенi, жаңа аудармалардың пайда болуы тiлдi шұбарлайтын құбылыс ретiнде түсiндiрiледi. Бiрақ тiлдiң даму механизмi бойынша тiлдердiң қайсысы болса да уақыт ағымында жаңа ұғымдарға сай жаңа сөздер, атаулар қалыптастырып отыруға икемдi. Сондықтан өзге тiлден дайын күйiнде сөз алып қоя салмай, өз тiлiмiздiң негiзiнде сөз жасау әрi тiлдiң мүмкiндiгiн кеңейтедi, әрi сөздiк қордың молаюына әсер етедi. Сондықтан мұндай пiкiрлердi тiлдiң даму механизмiн түсiне алмаудан, не санаға сiңген өзге тiлдiң ықпалынан шыға алмаудың нәтижесi деп түсiнуге тура келедi. Әйтпесе, аталған ойларға дәлел ретiнде соңғы кезеңде қалыптасқан тістелгіш, ине сауыт, оқырман, әсірелеу, кішірейту, қаржы, құқық, заңгер, қорғаушы, айыптаушы, үнем, үнемшілдік, ем, емхана, мағыналас сөздер, несие, қор, сазгер сияқты әр салаға қатысты толып жатқан терминдердi, олардың терминологиялық өрiстердегi қолданысын мысалға келтiруге болады.

Жинақтай келгенде, аударма – терминжасам шығармашылығында қазақ тiлiнiң мүмкiндiктерiнiң, термин жасаушы тәсiлдерiнiң бiрi. Бұл терминжасам тәсiлi осы уақытқа дейiн де тiлдiң сөзжасам жүйесiнде белсендi түрде болмаса да қолданыс тауып, көптеген терминдердiң жасалуына ұйтқы болып келдi. Тәуелсiздiк алып, ел еңсесiн түзеген соңғы онжылдықтың өзiнде де бiршама терминдер мен жаңа сөздер қалыптасып, аударманың нәтижесiнде қолданысқа түсiп, мағынасы көпшiлiкке түсiнiктi тiлдiк бiрлiктерге айналды. Олардың iшiнде сәтсiздерi де болғандығын жоққа шығара алмаймыз. Бiрақ, тiл – ұзақ уақыт қалыптасуды қажет ететiн құбылыс. Оның тiлдiк бiрлiктерiнiң де қалыптасып, тiлдiк айналымға енуi де сол заңдылыққа бағынады. Осы заңдылық тұрғысынан аударма тәсiлi арқылы пайда болған терминдер мен жаңа сөздер бiрден орнығып кете алмайтындығы да заңды. Сол тұрғыдан келгенде, сәтсiз аудармалар үшiн аударма тәсiлiнiң мүмкiндiгiн жоққа шығаруға болмайды. Оның үстiне, бiршама ұғымдардың аударма арқылы орныққанын ескерсек, тiлдiк қордың аз да болса байығандығына көз жеткiземiз. Екiншi жағынан, тiл атаулының барлығында тiршiлiктегi жаңа немесе ескi ұғымдар түгелiмен көрiнiс таба салмайды. Демек, бiр тiлдегi ұғымды екiншi тiлде сөйлету үшiн аударма қажет.

Қорыта айтқанда, аударма терминжасам iсiндегi өнiмдi тәсiлдердiң бiрi екендiгiне көз жеткiзуге және осы бағытта көптеген iстердi қолға алу керектiгiн айтып өтуге болады. Жоғарыда аталып өткен соңғы кезеңдерде қалыптасқан терминдердiң аударма тәсiлi арқылы жасалуы да осыны дәлелдей алады.

 








Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 7655;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.017 сек.