Нормативтік-жарлықшы құжаттар терминдерінің аударылуы
Қазақ әдеби тілінің сөзжасам амал-тәсілдері, олардың белсенді немесе пассивті нысандарының қай-қайсысы да болмасын, соңғы жылдары термин қалыптастыру ісінде барынша жандана түсті. Белгілі ғалым Ө.Айтбайұлы терминжасам амалдарының төмендегідей түрлерін көрсетеді:
- семантикалық (лексика-семантикалық тәсіл);
- морфологиялық (синтаксистік) тәсіл;
- сөз қабылдау;
- калька тәсілі [53, 206-207-бб.].
Аталған тәсілдердің термин түзу ісіне араласуына қатысты зерттеулер жеткілікті және оларда мәселе бүге-шігесіне дейін талданған деп есептеуге болады. Біз өз тарапымыздан терминжасамдағы бірқатар амал-тәсілдердің үлес-салмағының қаншалықты екендігін фактографиялық тұрғыдан дәлелдеу мақсатында мысалдарды топтап көрсетеміз және қажетті тұстарда өз пікірімізді тұжырымдаймыз.
Ең бірінші мәселе – тікелей сөз қабылдау (заимствование) процесіне қатысты.
Ғалымдар ресми ісқағаздарының негізгі құрамын орыс тілінен енген терминдер құрағанын көрсетеді: «Изменение и пополнение словарного состава», - деп жазады 20-30-ыншы жылдардағы ресми ісқағаздарының тілін зерттеген Н.Ерғазиева, – «в области ОДР произошло в основном за счет заимствований из русского языка» [93, 11-б.]. Бұндай сипат ұзақ уақытқа дейін жалғасты, қазіргі кезде де тікелей қабылданған сөздер ресми құжаттардың өз терминдік жүйесінде де, сондай-ақ әрбір құжаттың тақырыптық-мазмұндық ерекшеліктеріне қарай да көп қолданылады. Мыс., акцент, акция, акт, библография, бланк, ведомство, голограмма, грамота, дебет, дебитор, департамент, диаспора, дипломатия, имидж, идиограмма, импичмент, импорт, ипотека, кандидатура, кадр, карточка, комиссия, клиент, клиринг, код, паблисити, патент, пломба, плакат, ранг, рапорт, радиограмма, рейтинг, референдум, ротация, сертификат, смета, статистика, табуляграмма, тариф, телетайп, телефакс, файл, факсимиле, формуляр, филиал және т.б. Аталғандар ресми құжаттардың барлығында дерлік активті пайдаланылады.
Бұған байланысты атап өтетін жайттар мыналар: ең алдымен, ресми құжаттар тілінде интернационалдық терминдер қазақша баламасы болмаған жағдайда іріктеліп қолданылады. Бұл – екіншіден. Ресми құжаттар тілінде өзге тілден тікелей сөз қабылдау ісінде айтарлықтай қарқындылық байқалмайды. Дегенмен, 1990-94 жылдар аралығындағы нормативтік актілер тілінде өзге тілдік терминдер үшін бір мәртелік қолданыстарда, семантикалық сәйкестік принципіне үйлеспейтін қазақша баламаларды пайдалану, байқап көру процесі болса, соңғы жылдардағы ресми мәтіндерде саралаушылық бағыты басым; яғни ресми құжатты дайындаушылар белгілі бір интернационалдық терминнің баламасын беруге саналылықпен қарайды. Бұл «заимствования …свидетельствует об открытости лексической системы, что в свою очередь служит законом ее жизнеспособности. На дальнейших этапах эволюции язык отторгнет избыточные элементы», - [72, 261-б.] деген көзқарасқа толық сәйкес келеді.
Статистикалық тұрғыдан қарағанда, ресми-іскери мәтіннің шамамен 25-30 пайызын интернационалдық терминдер құрайды. Бірнеше мысалдар келтірелік.
1. Заң қызметі департаменті (Қ.Әбдіхалықов) және Мемлекеттік бюджет департаменті (Б.Сұлтанов) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
(Нормативтік-құқықтық актілер бюллетені, 20.2002, 5-б.)
Барлығы – 17 сөз, оның ішінде интернационалдық термин – 5 лексикалық единица.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Жарлығында, дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес Қазақстан Республикасының кеден шекарасынан өтетін тауарларға, валютаға және тұлғалардың заттарына кедендік бақылауды жүзеге асыру…
(Қазақстан Республикасы министрліктері мен ведомстволары нормативтік актілерінің бюллетені, 1-2, 1997, 55-б.).
Барлығы – 33 сөз; оның ішінде интернационалдық терминдер – 8 лексикалық единица.
Ресми құжаттар тіліндегі интернационалдық терминдер қолданысы бойынша түйінделетін тұжырым – біріншіден, көрсетілген құрам ресми құжаттардың тілінде қажетті элементтер болып саналады; өйткені олар экстралингвистикалық фактор үшін, яғни екі тілдегі мәтіннің заң күшінің бірдей екендігін жоғары дәрежеде сақтау үшін, ресми-іскери стильдің жіктемелік белгісі – дәлдікті сақтау үшін айрықша қажет.
Екіншіден, ресми құжаттардағы интернационалдық терминдердің көрінісі қазақ әдеби тілі лексикасының дамуында бұл мәселеге саналылық, сұрыптаушылық көзқарастың қалыптасып келе жатқандығын көрсетеді.
Айрықша қызығушылық туғызатын жағдай – қазақ тілінің өз потенциалдық ресурстарының термин ретінде қолданысқа түсуі.
Ресми мәтіндердің терминжасамдағы ықпалды рөлін көрсету мақсатында бірнеше құжаттардың тіліне толық талдау жасаймыз.
1. «Қазақстан Республикасы министрліктері мен ведомстволары нормативтік актілерінің бюллетенінде» (№3, 1994) қазақ тілі лексикасының терминделуі мынадай сипатта көрінді:
Әділет – Әділет министрлігі (Министерство Юстиции); мүдде – заңды мүдде (законный интерес); құзыр – ведомство құзыры (компетенция ведомства); зерделеу – қосымша зерделеу (дополнительное изучение); тізілім – реестр, сілтеме – ссылка; жекешелендіру – приватизация; бағдарлама – программа; меммүлікком – госкомимущество; өтінім – заявка; мемпакет – госпакет; мемменшік – госимущество; тапсырыс – заказ; мекенжай – адрес; нысан – форма; тізбе – перечень; есепшот – счет; төлем – оплата; хаттама – протокол; мәміле – сделка; айыппұл – штраф; ағымдағы субшот – текущий субсчет; дерек – сведение; төраға – председатель; бастапқы баға – первоначальная цена; соңғы құн – окончательная стоимость; мұралану – өмірлік мұраланатын иелік құқы (право пожизненно наследуемого владения); жерге орналастыру – землеустройство; сызылма – чертеж; иесіздендірілген құқық – отчуждаемое право; бап – статья; әрекет қабілеттілігі – дееспособность; жинақтаушы – накопительный; зейнетақы – пенсия; нұсқаулық – инструкция; торлы жабылма – вентиляционные короба; құндылық – ценность; тексеру пунктінің шоғырландырғышы – концентратор контрольно-пропускного пункта; әкімшілік – администрация; тетік – кнопка; тежегіш – педаль; ілмек – запоры; қатырғыш – пломбы; бақылау құлыптары – контрольные замки; көтерме тиеу – оптовая отгрузка; рұқсат қағаз – пропуск; қорғанша (биіктігі 1,8 м. кем емес қорғанша) – ограждение (ограждение высотой не менее 1,8 м.); тіке сым – прямые проводы; автокөлік – автотранспорт; сараптама бақылау – пробирный надзор, сынама – проба; сараптау бюросы – бюро экспертизы; растау – потверждение; тетік – механизм; дара есептік нөмірі – индивидуальный номер; сипаттама – описание; қайта жаңғыртылған – реставрированный; таразы және әртүрлі өлшеуіш құралдар – весы и разновесы; тізімдеу – инвентаризация; қатаң сәйкестілік – строгое соответствие; бағыныштылық – подчинение; ағаш көгі – древесная зелень; мәдени сауықтыру – культурное оздоровление; кешен – комплекс; заңды тұлға – юридическое лицо; зақымдану – повреждение; өкілетті орган – полномочный орган; негіздеме – обоснование; өтінім – заявка (ұзартуға өтінімнің болмауы) – (отсутствие заявки на продление); көркейту, аңшылықты көркейту – охотоустройство; құжаттама – документация; дара тұлға – физическое лицо; басымдық – приоритет; жағдаят – ситуация, өмірлік жағдаят – жизненные ситуации; кепілдендіру – гарантированный; кеңесші – советник;
2. «Қазақстан Республикасы министрліктері мен ведомстволары нормативтік актілері бюллетенінің» келесі нөмірінде (1-2, 1997) қазақ терминдерінің жай-күйі төмендегідей:
санат – категория; нұсқаулық – инструкция; Сыртқыісмин – Министерство иностранных дел; құжат – документ; қызметтік виза – служебная виза; пошта – почта; жеделхат – телеграмма; тағылымдама – стажировка; құжаттарды ресімдеу – оформление документов; деректеме – данные, паспорттық деректемелер – паспортные данные; өкілдік – представительство; қолданыс мерзімі – срок действия; көпмәртелік виза – многократные визы; атаулы тізім – именной список; тек – фамилия; жапсырма – наклейка; мәтін – текст; түпнұсқа – подлинник; иесіне тиесілігі – принадлежность хозяину; кеден – таможня; алым – сбор; акциздік алым – акцизный сбор; еркін айналыс – свободный оборот; кірістердің сыныптамасы – классификация доходов; нысан – форма; төлқұжат – паспорт; сенімхат – доверенность; түбіртек – квитанция; тапсырма – заказ; түбіршек – корешок (нөмірленген түбіршектер беріледі – выдаются пронумерованные корешки; есептеме бланкісі – забалансовый счет; зерделеу – изучение; шетел тұлғасы – иностранное лицо; жеткізілім – поставка; күнтізбелік ай – календарный месяц; мөртаңба – штамп; топтама – партия (товаров); жазбаша түсініктеме – объяснительная; өкілеттік – полномочие; сараптау бағалау – экспертная оценка; ұқсату – переработка; тауарларды ұқсату – переработка товаров; негіздеме – обоснование; кеден бажы – таможенная пошлина; тауарлардың масштабтық бейнеленуі – масштабное изображение товаров; мәлімдеуші – заявитель; тауарды жиыстыру – сборка товаров; тауарды қиюластыру – подгонка товаров; сараптама – экспертиза; жөнелтілім – отправление, құзырет – компетенция; сауалнама – анкетирование; консулдық сағдиян – консульская вализа; кедендік бақылаудың жеңілдетілген жолағы – линия упрощенного таможенного контроля; жарықтандыру – оснащение; пошта айналымы – почтовый оборот; тәркілеу – конфискация.
«Қазақстан Республикасы Орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілері бюллетеніндегі» (№20, 2002) терминдер мен терминдік тіркестер:
әкімші – администратор; шақыру бекеттері – призывные пункты; санат – категория; сынып – класс; өтемақы – компенсация; жинақтаушы зейнетақы қоры – накопительный пенсионный фонд; іссапар – командировка; көліктік қызмет көрсету – транспортное обслуживание; тапсырыс – заказ; сыйақы – вознаграждение; залал – убыток; тізбе – перечень; ұлттық сәйкестендіру нөмірі – национальный идентификационный номер; алым – сбор; пайыз – процент; күшейтілген сусындар – крепленные напитки; жарықтандыру заттары – освитительные приборы; ақырғы тұтынушы – конечный потребитель; үстеме пайда – сверхприбыль; рәміз – символ; жылжымайтын мүлік – недвижимость; кедендік рәсім – таможенная процедура; мембаж – госпошлина; биоайрықшалық – биоособенность; оңалту – оздоровление; оқшауланған құрылымдық бөлімшелер – обособленные структурные подразделения; торкөз – ячейка; баспа белгісі – заглавный печатный символ; заңнама – законодательство; есептемелік – отчетность; жеке теңгерім – отдельный баланс.
Бірнеше дереккөздерден алынған тілдік фактілердің нақты қолданысын дәлелдеу үшін ресми мәтіндерге тікелей нұсқау жасаймыз:
· Егер сатып алушы өтінімді белгілеген уақытта ұсынбаса немесе аванс төлемесе, онда ол аукционға жіберілмейді. (Бюллетень…, 1994, №3, 7-б.).
Түпнұсқада:
Покупателю может быть отказано в участии в аукционе, если он не представил в установленный срок или не заплатил аванс (с.49):
· Бақылау-тексеру пунктінің шоғырландырғышына дабылдатқыш жасауға жол беріледі (Бюллетень…, 1994, №3, 25-б.).
Түпнұсқада:
Допускается выведение сигнализации на концентратор контрольного–пропускного пункта базы… (с.68).
· Сату үшін шығарылған барлық бұйымдардың Қазақстан Республикасында белгіленген сынамаларды қанағаттандыруы және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мемлекеттік сараптама бақылау инспекциясы мен таңбалануы және бұйымның аты, сынамасы, …салмағы көрсетілген, қатырғыланған ярлығы болуы тиіс (Бюллетень…, 1994, №3, 28-б.).
Түпнұсқада:
Все выставленные для продажи изделия,…а также завезенные из-за пределов Республики юридическими и физическими лицами, имеющими лицензию государственной инспекции пробирного надзора…должны удовлетворять установленным в Республике Казахстан пробам… и иметь опломбированне ярлыки (с.71).
Ескерту: терминдердің екі тілдегі қарым-қатынасы талдауға алынған ресми басылымдардағы орфографиясымен, аудармасымен толық сәйкестендірілді.
· Акциздік маркалар мен нөмірленген түбіршектердің сақталуын қамтамасыз ету мақсаттарында… арнайы бөлме бөлу ұсынылады
(Бюллетень…, 1-2, 1997, 19-б.).
Түпнұсқада:
В целях обеспечения сохранности акцизных марок и нумерационных корешков …рекомендуется выделить специальные помещения (с.107).
· Әкетілетін ұқсату өнімдерін біртектестендіру үшін кеден органдары осы тауарларға қорғасын мөртаңбалары… түріндегі кедендік қамсыздандыруды қолдана алады (Бюллетень, 1-2, 1997, 40 б.).
Түпнұсқада:
Для идентификации… вывозимых продуктов переработки таможенные органы могут налагать на эти товары таможенные обеспечения в виде пломб… (127 б.).
· Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өтетін шетел мемлекеттерінің дипломатиялық поштасы мен консулдық сағдиянды ашуға, ұстап қалуға да жатпайды (Бюллетень, 1-2, 1997, 57 б.).
Түпнұсқада:
Дипломатическая почта и консульская вализа иностранных государств, перемещаемых через границу Республики Казахстан, не подлежат не вскрытию, ни задержанию (136 б.).
· Су ресурстарын басқаруды сейілдіру және жерлерді қалпына келтіру жобасын іске асыру берілген несиелер бойынша сыйақылар (мүдделер) (Бюллетень, 20, 2002, 33 б.).
Түпнұсқада:
Вознограждения (интересы) по кредитам, выданным для реализации проекта совершенствования управления водными ресурсами… (80 б.).
· Біз осы есепте келтірілген мәліметтердің растығы мен толықтығы үшін Қазақстан Республикасының заңнама кесімдеріне сәйкес жауап береміз (Бюллетень, 20, 2002, 44 б.).
Түпнұсқада:
Мы несем ответственность в соответствии с законодательными актами Республики Казахстан, за достоверность и полноту сведении, приведенных в данном расчете (97 б.).
Іс жүргізу және мұрағат ісінің «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздігінде» [88] аталған екі салаға қатысты 5000-ға жуық термин қамтылған. Сөздіктің басты ерекшеліктері: а) онда іс жүргізуге (яғни ресми-іскери стильге) қажетті терминдердің толықтай қамтылуы; ә) қазақ әдеби тілі терминжасам жүйесінің толықтай қамтылуы; б) ұсынылған аталымдар мен сөз тіркестерінің Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы мемлекеттік терминология комиссиясы тарапынан бекітілуі.
Ресми іскери мазмұндағы мәтіндердің қазақ әдеби тілі терминжасам жүйесіне қарқынды араласуын дәлелдей түсу үшін көрсетілген сөздіктен бірқатар тілдік фактілер келтіреміз:
- әдеби тілден шеткері орналасқан және экспрессивті-эмоционалды реңкті лексикалық единицалардың терминделуі:
пәтуа – консенсус; ғибара – транскрипция; тәмсіл – притча; мұрағат – архив; жауһар – шедевр; жаһан – вселенная; жебірлік – вздоимство; имарат – сооружение; көзқамандық – нигилизм; көрбілте – пропан; бәддұға – анафема; қасаңдық – догма; қаскөйлік – злодеяние; қысастық – злопыхательство; қысылтаяң – экстремальный; лебіз – отклик; қисын – логика; марапат – награда; бейін – профиль; тұрпат – тип; мүкәммал – инвентарь; рәуіш – нюанс; алпауыт – магнат; әккілік – изощренность; зияткер – интеллектуал; үлдір – пленка; ламинация; құсни жазу – каллиграфический почерк; қыдырымпаздық – прогул; ғақлия – назидание; жебеуші – меценат; жосық – наметка; өтіл – стаж, ізерлеу – досконально.
- қимыл есім тұлғаларының терминденуі:
абаттандыру – благоустройство; ақтау – оправдание; дабыралау – разглашение; кенттену – урбанизация; қайта бағдарлау – переориентировка; қорлану – накопление; құлақтандыру – оповещение; құпияландыру – зашифровка; құпиясыздандыру – дешифровка; мақұлдамау – неодобрение; оңтайландыру – оптимизация; орталықсыздандыру – децентрализация; қатерсіздендіру – дезактивизация; залалсыздандыру – дезинфекция.
- сөз біріктіру арқылы жасалған терминдер:
азатжол – абзац; авторлық баспатабақ – авторский лист; айлықақы – оклад; ақаутапқыш – дефектоскоп; басиесіздік – анархия; дыбысқұжат – фонодокумент; әріпсан – индекс; бағакөрсеткі – прейскурант; баяндаухат – докладная записка; бейнеүнхат – видеофонограмма; бірмәнді – однозначно; әралуандық – прюрализм; дереккөз – источник; екіқұрамды – двухсоставный; екіұдайлылық – двойственность; заңсыйлаушылық – законопослушность; кәдесый – сувенир; қалаулеп – кондиционер; қанатбелгі – галочка; қосаймақтық – двухзональный; ықпалшара – санкция; сәулебелгі – водяной знак; жолпарақ – путевой лист; мөрқалып – штемпель; мөртабан – штамп; мөртану – сфрагистика; жөнсілтер – путеводитель; телқұжат – дубликат; түпқұжат – подлинник; ультрашағынафиша – ультрамикроафиша; үлеспайда – дивиденд.
- сөз тіркестіру арқылы жасалған терминдер:
азаматтық қуыным – гражданский иск; айқарма титул бет – разговорный титульный лист; ақпарат жиымы – массив информации; аса құнды істер тізімдемесі – опись особо ценных дел; атаулы сыйлық – именная премия; біржолғы рұқсатнама – разовый пропуск; даяр сөз орамы – речевой штамп; ескертпе белгі – ремарка; жанаспа тәсіл – контактный способ; жаңа енгізім – нововведение; жиынтық төлқұжат – сводный паспорт; жөнелтпе құжат – накладная: құжаттардың үлгі тізбесі – примерный перечень документов; қызметтік хаттар – служебные письма; қысқа жазба – заметка; мақсатты тақырыптама – целевая тематика; тете автор – соавтор; тең төраға – сопредседатель.
- сөз тудырушы қосымшалар арқылы жасалған терминдер:
сауалдама – опрос; сауалнама – анкета; қуыным – иск; жиым – массив; тізімдеме – опись; рұқсаттама – пропуск; аңдатпа – аннотация; шығарылым – выпуск; көрсеткі – указатель; әдіскер – методист; әдіснама – методология; әзірлеме – разработка; ұсыным – рекомендация; әкелім – ввоз; белгіленім – котировка; парақша – листок; ымдаспа – жестикуляция; құжаттама – документация; дәлелдеме – довод; деректеме – реквизит; жарияланым – публикация; тізімдік – табель; сараптама – экспертиза; тізбе – перечень; тақырыптама – тематика; тұжырымдама – концепция; жөнелтілім – отправление; ұйғарым – вердикт; шегерім – вычет.
- сөз қосарлау амалы арқылы жасалған терминдер:
анықтама-негіздеме – справка-обоснование; ақпараттық-іздестіру тілі – информационно поисковый язык; ақыл-парасат – разум; алым-салық – дань; әкімшілік-басқару – административно-управленческий; сән-салтанат – роскошь.
Сонымен, ресми мәтіндердегі қазақ әдеби тілі терминжасам жүйесінің көрінісін талдау үшін көрсетілген мәліметтер мыналарды дәлелдейді:
- қазіргі кезеңдегі қазақ-ресми іскери стилі, әсіресе оның қатарындағы басты ішкі тармақ (подстиль) нормативтік-жарлықшы құжаттар мәтіні – әдеби тілдегі терминдену процесін толық қамтитын және терминжасамның динамикасын толық таныта алатын жанрлық-стильдік күрделі құрылым.
- интернационалдық терминдердің қолданысын атамағанның өзінде қазіргі қазақ ресми-іскери стилі қазақ тілінің төл әлеуеті арқылы жасалған терминдердің ену мерзімін нақтылауға мүмкіндік береді (мыс., санат, сынып, мәтін, төлқұжат, тек, рәміз); кей реттерде жарыса қолданылған аталымдардың нормалық, мағыналық тұрғыдан сұрыпталуын таныта алады (мыс., әкімгер – әкімші; түпнұсқа – телнұсқа; мөртаңба – мөртабан); сөзжасам тұлғаларының сөз тудыруының сөз тудыру процесіндегі дәрежесін айқындайды; өзге тілдегі лексикалық қозғалыстарды танып-білуге, әрі қарай зерделеуге толық мүмкіндік жасайды.
Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 3270;