Термин және оның аударылуы

«Термин» сөзінің шығу тегі терең. Ежелгі Римде термин сөзі «шекараның тәңірлік иесі, территориялар мен учаскелерді бөліп тұратын шекаралық бағаналар мен тастардың қорғаушысы, күзетушісі» ұғымында қолданылған. Бұл тастар қасиетті саналған. Егер кімде-кім бұл тастарға қол тигізсе және тиіссе онда ол қарғысқа ұшырайды деп саналды.

Кәсіби аудармаларда техникалық көп баламалар термин ретінде көрінеді (ғылыми, экономикалық т.б.). Термин ойды дәл жеткізуге, мағыналық дәлдікке, ең бастысы, сол саладағы дәл білімге негізделеді. Ана тілі негізінде жасалған терминдерді әріптік және терминологиялық мәнде ажыратуға болады. Терминнің әріптік мәні термин жасау үшін пайдаланылатын тілдік элементтердің мәні арқылы құралады. Терминологиялық мән терминді жеткізудегі ұғым мазмұнында айқындалады. Терминдер әріптік және терминологиялық мәнде сәйкеспесе, бөгде семантикалық мағынаға жатқызылады. Екеуі бір-бірімен сәйкескен жағдайда ұғымдар арқылы нысаналы негіздегі байланысты дұрыс бағдарлайды. Дұрыс аударылған термин ұғынуға, қабылдауға жеңіл, мағынасы жағынан айқын келеді. Сөйлеммен сәтті қабысады.

Зерттеушілердің ортақ тұжырымына тоқталсақ, термин – арнайы (ғылыми, техникалық, әскери, медициналық, географиялық т.б) мамандық саласына қатысты туындаған сөздер мен сөз тіркестері. Ғылыми техника, өнер, қоғамдық өмір саласындағы белгілі түсінікті дәл белгілейтін сөздер мен сөз тіркесі. Ешқандай түсіндіруге келмейтін қалыпты, мағыналық қолданысы шектеулі сөздер. Аудармаға арналған мәтінде термин әрқашан аудармада жеке шешімді талап етеді, сондай-ақ аударма бірлігі болып табылады. Терминология – өндіріс қызмет саласындағы терминдер туралы білім жиынтығы. Терминдерді аудару – аударманың ең қиын түрі. Оған балама табу да үлкен білімділікті талап етеді. Әдетте терминдер арнайы ғылыми, техникалық, өндірістік т.б. салалар түрлерінде қолданылады. Арнайы заттарды белгілеуге және арнайы ұғымдарды дәл жеткізуге қолданылатын немесе басқа тілден кіріккен сөздер. Олар негізінен ақпаратты барынша дәл және мейілінше нақты жеткізудегі тілдегі ізденіс нәтижесі. Терминология аудармашыдан тек қана шетел терминологиясын жақсы білумен бірге, соған баламалы ұлттық ұғымдарды іздестіріп, оны тілде орынды, дұрыс пайдалануға дағдыландырады. Ұлттық тілдің бай сөздік қорын жете меңгеру термин аудармасының сапалы дәрежеде жасалуына жәрдемдеседі. Термин аудармасының қиындығы сан-салалы ғылым мен техниканың арнайы материалдарынан тұрады. Негізгі аудармашылық мақсат терминге дәл, дұрыс балама табу немесе қалыптасқан халықаралық термин болса, сол күйінде қарастыра отырып, оның мағыналық сипатын түсіндіру. Термин ереже бойынша, басқа тілде де соған сәйкес терминмен аударылады. Сондықтан да ұқсастық, синонимдік ауыстыру, сипаттамалы аударма тек қана аудармаға арналған сәйкес терминдер тілде жоқ жағдайда жасалады. Дәл және анық семантикалық сипаттағы бір мағыналы терминдермен бірге көпмағыналы терминдер де болады. Бір сыңарлы терминдердің көпмағыналылығы оларды түсіну және аудару қиындығын тудырады, ал оған балама табу толығымен алғанда контекст жағдайына байланысты.

Мысалы,штоф – шелектің10/1 бөлігіне тең келетін арақтың мөлшері, ежелгі орыс өлшемі;

Штоф² – жиһазды қаптауға арналған қалың жібек мата.

Танк – шынжыр табанды брондалған соғыс техникасы;

Танк² – сұйықтарды тасуға және құюға арналған арнайы жабдықталған қуатты резервуар.

Терминдерді түсіну және аудару қиындығына байланысты көзқарас тұрғысынан оларды 3 топқа бөлуге болады:

1. Шетелдік өмірдегі реалиді белгілейтін терминдер. Бұл топтағы терминдерді түсіну қиындық тудырмайды, дегенмен мынадай жағдайлар болуы мүмкін: а) ағылшын терминіне (интернационалдық термин) байланысты қазақша балама түр табу оңай емес.

2. Шетелдік тұрмыс-тіршілік реалийін белгілейтін қазақ өміріне қатыссыз немесе жалпыға бірдей қазақ (орыс) терминологиясында баламасы бар терминдер.

3. Шетелдік болмыс реалийін белгілейтін қазақ болмысында қолданылмайтын, жалпыға бірдей қазақ тілінде терминологиялық баламасы жоқ терминдер. Мұндай терминдерді аудару мынадай жолдармен жүргізіледі.

а) ағылшын терминін сипаттау; б) сөзбе-сөз аудару; в) жекелеген немесе толық түрдегі транслитерациясын беру (транслитерация – шетелдік сөздің графикалық үлгіде, яғни әріптік қабылдау түрінде жеткізуге арналған аударма тәсілі); г) бір әліпби жүйесінде (негізгі тілде) жазылған мәтінде басқа әліпби жүйесіндегі (аударма тіліндегі) құралдармен беру; д) шетел сөзінің әріптерін қазақ әліпбиі негізінде беру (транслитерациясы және сөзбе-сөз аудармасы); е) мәтінді жеткізу тәсілінде дыбысталуын анағұрлым дәл жеткізуге ұмтылу үшін аударма тілі әліпбиінің көмегіне сүйену.

Шетел сөзінің дыбысталуын (жекелеген есімдерді, географиялық атауларды, ғылыми терминдерді) орыс алфавитінің көмегімен беру. ж) транскрибиробания және аударма. Осындай терминдерді аудару кезіндегі негізгі қателік мынада: аудармашылар кейде шетел терминдеріне орыс материалдарынан әріптік сәйкестік табуға ұмтылады. Мұндай тәсіл мүлдем дұрыс емес, бірішіден, шетелдік болмыс реалийінің қызметі жойылып кетеді, екіншіден қателерінің орын алу себебі, бұл терминдер тек қана шетелдік болмысты сипаттайтын ұғымды беруі мүмкін, сондықтан орыстың арнайы қабылданған реалийлерімен сәйкестендіруге болмайды. Тағы бір қателік: аудармаға сәйкес емес тәсіл таңдаудан, жоғарыда аталған топтардың біріне терминді қате күйінде енгізу.

Аудармашының тағы бір қатесі – сөзбе-сөздік, яғни шетелдік термин немесе оның орыс терминіне ұқсас сыңарлары басқа мағынаны білдірген жағдайда сөзбе-сөз аударма жасау.

Аударма кезіндегі тағы бір жайт – аталған контексте терминнің шынайы мағынасын үнемі ескеріп отыру қажеттілігі. Сондықтан терминді дұрыс түсіну мен аудару тілді жақсы білумен бірге, шетелдік және орыс, қазақ болмысының реалийлерін жақсы білуге қатысты.

Терминдерді қазақшалау жөні осы екен деп, оның бәрін аудару қажеттілігі де шамалы. Филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Құрманбайұлы «тіл термин сөздер арқылы көбірек жаңарады», [98, 48-б.] - деген ой айтады. Термин баламалары – ғылыми тілдің дамып, жетілуін айқындап отырады. Терминді қажетті жерінде ғана қолдану пайдалы. Бұл жөнінде А.Байтұрсынұлының тұжырымы – бұлжымас қағида: «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа ауызы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында қайда кеткенін білмей, айрылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пән сөздердің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек» [99, 118-б.]. Сондықтан да ағылшын, орыс тіліндегі терминдерге ғылыми сипаттама жасап, оның мағынасын ашып, айқындап, ұлттық ұғымға сай қолдану – мұқият ізденіспен шешілетін мәселе. Термин – жалпыға бірдей баршаға ортақ, түсінікті сипатта жасалуы тиіс. Өкінішке орай, бәрімізге түсінікті, дағдылы қолданысқа енген орыс терминдерін жаңалау желеуімен жасалған, бір-біріне ұқсаған, мағыналық жағынан жақындап кеткен, қарапайым халықты шатыстыратын баламалар да жоқ емес. Бұл жөнінде әркез белгілі тіл мамандары Ә.Қайдар, Р.Сыздықова, Ө.Айтбаев, Ш.Құрманбайұлы т.б. белсене ат салысып жүр. Терминді аударуда да дәлдік, қысқалық, жүйелілік сақталуы шарт. Ең бастысы баламасы түсініксіз, ұғымға ауыр болмауы тиіс.








Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 7591;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.006 сек.